Жер қойнауы ресурстары залалын экономикалық бағалау әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2021 жылғы 20 тамыздағы № 457 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылғы 23 тамыздағы № 274 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 28 тамызда № 24132 болып тіркелді

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 79-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Жер қойнауы ресурстары залалын экономикалық бағалау әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
      __________ Н. Ногаев
      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
__________ К. Ускенбаев
      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы Экология,
Геология және табиғи ресурстар
министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
міндетін атқарушының
2021 жылғы 20 тамыздағы
№ 457
және Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2021 жылғы 23 тамыздағы
№ 274 бірлескен бұйрығымен
бекітілген

Жер қойнауы ресурстары залалын экономикалық бағалау әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауы ресурстарына залалды экономикалық бағалау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 79-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының талаптарын немесе жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу (бұдан әрі-жер қойнауын заңсыз пайдалану) нәтижесінде келтірілген жер қойнауы ресурстарына залалды айқындау кезінде қолданылады.

      2. Жер қойнауын заңсыз пайдалану салдарынан табиғи ортаның құрамдастарына келтірілген экологиялық залал, оның ішінде туындаған экологиялық зардаптар Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес айқындалуға және жойылуға жатады.

      3. Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уранды өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшері Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 26 сәуірдегі № 141 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17030 болып тіркелген, 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану бойынша талаптардың бұзылуы салдарынан келтірілген залалдың мөлшерін айқындау қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес айқындалады.

      4. Жер қойнауын заңсыз пайдалану, оның ішінде пайдалы қазбаларды заңсыз алып қою (өндіру) нәтижесінде келтірілген залалды экономикалық бағалау залал мөлшері айқындалған айдың бірінші жұмыс күніндегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін ескере отырып, заңсыз өндірілген пайдалы қазбалардың (кеннің пайдалы қатты қазбаларындағы пайдалы құрамдастардың) көлемі мен құны негізге алына отырып айқындалады.

      5. Пайдалы қазбалардың бірнеше түрін өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдаланған жағдайда залалды экономикалық бағалау өндірілген пайдалы қазбаның әрбір түрі бойынша есептеледі және залалдың жалпы мөлшерін айқындау үшін жинақталады.

      6. Осы Әдістемені қолданатын лауазымды адамдар заңсыз өндірілген (жер қойнауынан алынған) пайдалы қазбалардың нақты көлемін немесе келтірілген зиянның өзге де сандық сипаттамасын айқындау үшін жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу (оның ішінде жер қойнауын өз бетінше пайдалану) баптары бойынша адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда тиісті мамандарды, сарапшыларды және ұйымдарды тартуға құқылы.

      Жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде келтірілген залалды өндіріп алу мақсатында мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар сол негіздер бойынша қозғалған тиісті қылмыстық істердің және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдарынан мәліметтерді ескереді.

      7. Заңсыз өндірілген пайдалы қазбалардың құнын айқындау үшін мәліметтердің болуына немесе болмауына қарай мынадай кезектіліктегі ақпарат көздері пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 наурыздағы № 292 қаулысымен бекітілген Нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздерінің тізбесі (бұдан әрі – Қаулы);

      2) биржалық баға белгіленімдері туралы ақпарат көздері;

      3) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жариялайтын ресми статистикалық ақпарат;

      4) жер қойнауын пайдаланушылар өткен есепті кезең үшін мемлекеттік органдарға ұсынған лицензиялық/келісімшарттық шарттар міндеттемелерінің және жұмыс бағдарламасының (пайдалы қазбаларды ақшалай мәндегі және заттай көрсеткіштердегі өткізу көлемі бөлігінде) орындалуы туралы есептер;

      5) ашық қолжетімділікке жататын нарықтық бағалар туралы басқа ұйымдардың деректері.

      8. Биржалық баға белгіленімдері туралы ақпарат көздерін пайдалану кезінде биржалық тауарларға (пайдалы қазбаларға), сондай-ақ биржалық тауарларға баға белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарларға (пайдалы қазбаларға) баға, пайдалы қазбаның нарықтық бағасы нақты күнгі биржа жұмысының қорытындылары бойынша баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәні бойынша ескеріледі.

      9. Мемлекеттік органдардың статистикалық ақпаратын немесе ресми танылған нарықтық бағалар туралы ақпарат көздерін ақпарат көзі ретінде пайдаланған кезде Қаулыға сәйкес пайдалы қазбаның нарықтық бағасы залал анықталған күнтізбелік айдағы бағаның мәні бойынша ескеріледі.

      10. Жер қойнауын пайдаланушылар өткен есепті кезең үшін мемлекеттік органдарға ұсынған лицензиялық/келісімшарттық шарттардың міндеттемелерін және жұмыс бағдарламасын орындау туралы есептердің көздері ретінде пайдаланған кезде пайдалы қазбаның нарықтық бағасы кемінде үш есептің деректері бойынша орташа арифметикалық мәні бойынша ескеріледі.

      11. Ашық қолжетімділіктегі нарықтық бағалар туралы басқа ұйымдардың деректерін ақпарат көзі ретінде пайдаланған кезде пайдалы қазбаның нарықтық бағасы келтірілген залал анықталған күнгі орташа арифметикалық мәні бойынша ескеріледі. Орташа арифметикалық мәні кемінде үш ұйымның деректері бойынша айқындалады.

      12. Кендік емес пайдалы қатты қазбалар бойынша нарықтық бағаны айқындау кезінде оның шегінде жер қойнауы ресурстарына тиісті залал анықталған облыс аумағындағы мәні ескеріледі.

      13. Осы Әдістеменің 7-тармағында көрсетілген ақпарат көздерінде кең таралған пайдалы қазбаларға, оларды қайта өңдеу өнімдеріне, жерасты суларына және емдік балшықтарға қалыптасқан бағалар туралы ақпарат болмаған жағдайда, олардың құны залал анықталған күнтізбелік айдың бірінші жұмыс күнінде шегінде жер қойнауы ресурстарына залал келтірілген әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында осындай қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда қалыптасқан нарықтық бағалар негізге алына отырып айқындалады. Көрсетілген мәліметтер жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органнан не жергілікті атқарушы органдардан сұратылады.

2-тарау. Пайдалы (кең таралғандарды қоспағанда) қатты қазбаларды заңсыз өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде жер қойнауы ресурстары залалын экономикалық бағалау

      14. Пайдалы қатты қазбаларды өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде келтірілген залалдың мөлшері мынадай формула бойынша айқындалады:

      З = (КөҚө) + (КөҚө Мбмм)

      мұнда:

      З – жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалдың мөлшері;

      Кө – заңсыз өндірілген пайдалы қатты қазбалардың көлемі;

      Қө – заңсыз өндірілген пайдалы қатты қазбалардың құны;

      Мбмм– залал мөлшері айқындалатын айдың бірінші жұмыс күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық мөлшерлемесінің мөлшері,%.

      15. Заңсыз өндірілген пайдалы қатты қазбалардағы пайдалы құрамдастың құрамын анықтау немесе нақтылау мақсатында заңсыз өндіру учаскесіндегі қорлар туралы мәліметтер болмаған кезде мемлекеттік орган алынған пайдалы қазбалардың үлгісін сынақ зертханаларына жіберуге құқылы.

      16. Зертхананың тасымалдау және қызмет көрсету шығыстары жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде келтірілген залал мөлшерін есептеуге енгізілуге жатады.

3-тарау. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде жер қойнауы ресурстары залалын экономикалық бағалау

      17. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану (бұдан әрі – КПҚ) нәтижесінде келтірілген залалдың мөлшері мынадай формула бойынша айқындалады::

      З = (КөҚө) + (КөҚө Мбмм)

      мұнда:

      З – жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалдың мөлшері;

      Кө – заңсыз өндірілген КПҚ көлемі;

      Қө – заңсыз өндірілген КПҚ құны;

      Мбмм– залал мөлшері айқындалатын айдың бірінші жұмыс күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық мөлшерлемесінің мөлшері,%.

      18. Заңсыз өндірілген кең таралған пайдалы қазбалардың түрін айқындау мақсатында заңсыз өндірілген кең таралған пайдалы қазбалардың түрі туралы мәліметтер болмаған кезде келтірілген залалды экономикалық бағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган алып қойылған пайдалы қазбалардың үлгісін және заңсыз өндірілген кең таралған пайдалы қазбалардың түрі туралы мәліметтер алу үшін тиісті сұрау салуды жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға не сынақ зертханаларына жібереді.

      Зертхананың тасымалдау және қызмет көрсету шығыстары КПҚ өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде келтірілген залал мөлшерін есептеуге енгізілуге жатады.

4-тарау. Көмірсутектерді өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде жер қойнауы ресурстары залалын экономикалық бағалау

      19. Көмірсутектерді өндіру кезінде жер қойнауын заңсыз пайдалану нәтижесінде келтірілген залал мөлшері мынадай формула бойынша айқындалады:

      З = (КөҚө) + (КөҚө Мбмм)

      мұнда:

      З – жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалдың мөлшері;

      Кө – заңсыз өндірілген көмірсутектердің көлемі;

      Қө – заңсыз өндірілген көмірсутектердің құны;

      Мбмм– залал мөлшері айқындалатын айдың бірінші жұмыс күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген базалық мөлшерлеменің мөлшері,%.

      20. Пайдалы қазбалардың мемлекеттік балансында қорлары бар шикі газды өндіру кезінде жер қойнауы заңсыз пайдаланылған жағдайда, көмірсутектерді барлау және өндіру кезінде жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залалдың мөлшері Қағидаларға қосымшаның 2-мысалына сәйкес есептеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады