Ұлттық туристік брендтер тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 қыркүйектегі № 291 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 28 қыркүйекте № 24545 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 20-25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық туристік брендтер тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2021 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 291 Бұйрықпен
бекітілген

Ұлттық туристік брендтер тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық туристік брендтер тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және ұлттық туристік брендтер тізілімін (бұдан әрі – тізілім) қалыптастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 шілдедегі № 428 қаулысымен құрылған ұйыммен (бұдан әрі – Ұйым) елдің туристік мүмкіндіктерін ішкі және халықаралық туристік нарықтарда ілгерілету үшін әзірленген және тізілімге енгізілген, сондай-ақ халықаралық деңгейде елдің танымал оң туристік имиджін қалыптастыратын туристік бренд ұлттық туристік бренд болып табылады.

      3. Туристік брендтерге туристер арасында танымал табиғи және тарихи-мәдени мұраның көрнекті орындары, жергілікті жер және (немесе) аумақ, сондай-ақ осы объектілерге баруды қамтитын туристік маршруттар, туристердің үлкен ағынын тартатын бірегей оқиғалар (іс-шаралар), қызметтер мен іс-әрекеттер жатады.

2-тарау. Ұлттық туристік брендтер тізілімін қалыптастыру тәртібі

      4. Тізілімді қалыптастыру мақсатында Ұйым Заңның 14-3-бабының 3) тармақшасына сәйкес туристік брендтерді әзірлеуді және ішкі және халықаралық туристік нарықтарда ілгерілетуді жүзеге асырады.

      5. Туристік брендті әзірлеу Қазақстан Республикасының туристік әлеуетін талдауға негізделе отырып жүзеге асырылады және туристік бренд тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) дайындауды білдіреді.

      6. Тұжырымдама Ұйыммен дайындалады және туристік брендтің миссиясын, мақсатты нарықты, туристік брендті қолдану әдістерін және күтілетін нәтижені анықтауды қамтиды.

      7. Дайындалған Тұжырымдама Ұйымның алқалы атқарушы органының (бұдан әрі – Басқарма) қарауына шығарылады.

      8. Басқарма ұсынылған Тұжырымдаманы ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қағидалардың 5 және 6-тармақтарына сәйкес келу тұрғысына қарайды.

      9. Тұжырымдаманы қарау қорытындылары бойынша Басқарма Тұжырымдаманы мақұлдау туралы не мақұлдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      10. Басқарма Тұжырымдаманы мақұлдаған жағдайда, Ұйым мақұлданған күнінен бастап алты ай ішінде туристік брендті ілгерілету бойынша жұмыс жүргізеді.

      Мақұлдаудан бас тартылған жағдайда Тұжырымдама пысықталады және Басқарманың қайта қарауына енгізіледі.

      11. Туристік брендті ілгеріту бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамалық науқандар өткізу, әлеуметтік желілер арқылы ілгерілету, мақсатты нарықтардың ішкі және халықаралық іс-шараларында презентациялар өткізу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

      12. Туристік брендті ілгерілету бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындылары бойынша Ұйым күнтізбелік отыз күн ішінде туристік брендті ілгерілету жөніндегі жұмыстардың талдамалық және бағалау деректерін дайындау мақсатында маркетингтік зерттеу жүргізеді.

      13. Маркетингтік зерттеу нәтижелері маркетингтік зерттеу аяқталған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде Басқарманың қарауына шығарылады.

      14. Басқарма он жұмыс күні ішінде маркетингтік зерттеу нәтижелерін қарайды және туристік брендті тізілімге енгізу туралы не тізілімге енгізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      15. Басқарма туристік брендті тізілімге енгізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, Ұйым шешім қабылданған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде туристік бренд туралы мәліметтерді тізілімге енгізеді.

      Туристік бренд тізілімге енгізілген күнінен бастап ұлттық туристік бренд болып саналады.

      16. Туристік брендті тізілімге енгізуден бас тарту үшін туристік брендті ілгерілету қорытындылары бойынша маркетингтік зерттеудің қанағаттанғысыз нәтижелері негіз болып табылады.

      17. Туристік брендті тізілімге енгізуден бас тартылған жағдайда, туристік брендті ілгерілету бойынша одан әрі жұмыс тоқтатылады.

3 тарау. Ұлттық туристік брендтер тізілімін жүргізу тәртібі

      18. Тізілімді осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық жеткізгіште қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Ұйым жүргізеді және Ұйымның интернет-ресурсында орналастырылады.

      19. Тізілім ұлттық туристік бренд туралы мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) атауы;

      2) сипаттамасы;

      3) орналасқан жері;

      4) JPEG немесе PNG форматтарындағы, саны он данадан кем емес, әртүрлі масштабтағы және ракурстағы ұлттық туристік бренд туралы толық түсінік беретін фотосуреттер;

      5) маркетингтік зерттеу нәтижелері.

      20. Тізілімді жүргізу:

      1) туристік бренд туралы мәліметтерді енгізу;

      2) ұлттық туристік бренд туралы мәліметтер өзгерген кезде тізілімді жаңарту, сондай-ақ ұлттық туристік брендті тізілімнен алып тастау жолымен жүзеге асырылады.

      21. Тізілімді өзектендіру мақсатында Ұйым ұлттық туристік бренд туралы мәліметтерді өзгерту және елдің халықаралық деңгейдегі имиджі үшін ұлттық туристік брендтің ерекше мәнін жоғалту тұрғысынан ұлттық туристік брендтердің жыл сайынғы мониторингін жүргізеді.

      22. Тізілімде ұлттық туристік бренд туралы мәліметтерді өзгерту және (немесе) алып тастау осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес жүргізілген мониторинг нәтижелерінің қорытындысы бойынша Басқарма шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

  Ұлттық туристік брендтер
тізілімін қалыптастыру
және жүргізу қағидаларына
қосымша

      Нысан

Ұлттық туристік брендтер тізілімі

р/с №

Туристік бренд атауы

Туристік брендтің сипаттамасы (қысқаша сипаттамасы, шығу тегі)

Туристік брендтің орналасқан жері

Фотосуреттер (Қағидалардың 19-тармағының 4) тармақшасына сәйкес)

Маркетингтік зерттеу нәтижелері туралы ақпарат

Тізілім нөмірі

Өзге де мәліметтер

1

2

3

4

5

6

7

8










Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады