"Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілетін операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 216 және "Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс iстеу қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 31 тамыздағы № 217 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2021 жылғы 22 қарашадағы № 98 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 25 қарашада № 25383 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 19) және 29) тармақшаларына және "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) және 7) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілетін операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 216 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14292 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 29) тармақшасына және "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілетін операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілетін операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 29) тармақшасына, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялар бойынша банкаралық төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14299 болып тіркелген "Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мына ұғымдар пайдаланылады:

      1) банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары (бұдан әрі – банкаралық төлемдер) – төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялар бойынша банкаралық төлемдердің және (немесе) ақша аударымдарының бір қатысушысының осы қатысушыға қызмет көрсету желісінде басқа қатысушының пайдасына жүзеге асыратын төлемдері және (немесе) ақша аударымдары;

      2) банкаралық төлемге және (немесе) ақша аударымына қатысушы (бұдан әрі – қатысушы) – төлем карточкасының эмитенті және (немесе) эквайер болып табылатын екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк);

      3) қаржылық хабар – төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операция бойынша банкаралық төлем жүргізу үшін қажетті ақпараттан тұратын және бір қатысушының басқа қатысушыға қатысты ақшалай міндеттемелерін (талаптарын) білдіретін төлем құжаты;

      4) қатысушының таза позициясы – басқа қатысушылардың осы қатысушыға қатысты ақшалай міндеттемелері бойынша қатысушы ұсынған қаржылық хабарлар сомасы мен басқа қатысушылар осы қатысушының басқа қатысушыларға қатысты ақшалай міндеттемелері бойынша ұсынған қаржылық хабарлар сомасы арасындағы айырма. Егер айырма – теріс сан болса, онда қатысушының дебеттік таза позициясы бар, егер оң сан болса, онда кредиттік таза позициясы бар болады;

      5) оператор – қатысушымен жасалған шартқа сәйкес банкаралық төлемдерді ұйымдастыру жөніндегі процессингтік ұйымның хабарларды маршруттауды, авторландыруды және банкаралық төлемдер клирингін (бұдан әрі – клиринг) жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға байланысты функцияларын қоса алғанда, төлем жүйесінің немесе төлем карточкалары жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) төлем карточкалары жүйелерінің арнасы – төлем карточкалары жүйелерімен жасалған шарттарға сәйкес қатысушылар арасында хабарларды маршруттау тәсілі;

      7) төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялар бойынша хабарларды маршруттау (бұдан әрі – хабарларды маршруттау) – банкаралық төлемдер жөніндегі хабарлардың қатысушылар арасында жүру және берілу маршрутын айқындау процесі;

      8) төлем карточкаларының банкаралық жүйесі – қатысушылар арасында хабарларды маршруттауға және клирингке арналған төлем жүйесі;

      9) төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің операциялық орталығы (бұдан әрі – операциялық орталық) – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      10) тікелей банкаралық өзара іс-қимыл арнасы – екі қатысушының немесе олардың процессингтік ұйымдарының арасында жасалған төлемдерге қызмет көрсету туралы шарттарға сәйкес олардың арасындағы ақпараттық-технологиялық қосылу;

      11) хабар – оператор не операциялық орталық және қатысушы арасында ақпарат алмасу үшін пайдаланылатын ақпараттық деректер тобы;

      12) халықаралық төлем карточкалары жүйесі – қатысушылары банктер, ал операторы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын үш және одан да көп елдің аумағында осы жүйе шеңберінде төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін төлем карточкаларының жүйесі.";

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің арнасы операциялық орталық пен қатысушы арасында жасалған шарт негізінде банктер шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын операциялар бойынша банкаралық төлемдерді жүргізу үшін пайдаланылады.

      Операциялық орталық халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттауды, авторландыруды және клирингті операциялық орталықтың халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторымен жасасқан шартының талаптарына және халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.

      11. Төлем карточкалары жүйелерінің арнасы:

      1) төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжаттарына және төлем карточкалары жүйесінің операторы немесе операциялық орталық пен қатысушы арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес банкаралық төлемдерді жүзеге асырған;

      2) авторландыруды алу үшін хабарларды маршруттау кезінде пайдаланылады.

      Халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің арнасы:

      1) төлем карточкаларын, оның ішінде халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің ішкі құжаттарына сәйкес банктер шығарған халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде;

      2) халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің ішкі құжаттарына сәйкес шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар шығарған халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында;

      3) операциялық орталықтың халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторымен жасасқан шартының талаптарына сәйкес жасалған операциялар бойынша банкаралық төлемдерді жүзеге асыру кезінде пайдаланылады.".

      2. "Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 217 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14306 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 19) тармақшасына және "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      3. Төлем жүйелері департаменті (Е.Т. Ашықбеков) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (А.С. Касенов) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.Ш. Шолпанқұловқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2021 жылғы 22 қарашадағы
№ 98 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 31 тамыздағы
№ 217 қаулысымен
бекітілген

Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 19) тармақшасына, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) 4-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және төлем карточкаларының банкаралық жүйесінің (бұдан әрі – жүйе) жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14299 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мына ұғымдар пайдаланылады:

      1) авторландыру – төлем карточкасы эмитентінің төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыруға беретін рұқсаты. Авторландыруды алу рәсімі жүйенің операциялық орталығы және (немесе) халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы мен жүйеге қатысушы арасында жасалған шартқа сәйкес белгіленеді;

      2) авторландырылған хабар – авторландыру жүргізу үшін қажетті ақпараттан тұратын және жүйеге қатысушылар арасында жүйенің операциялық орталығы арқылы берілетін сұрату (жауап);

      3) банкаралық комиссия – жүйенің басқа қатысушысына қызмет көрсету желісінде жүйеге қатысушы шығарған төлем карточкалары бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына төлейтін ақша сомасы;

      4) банкаралық төлемдер және (немесе) ақша аударымдары (бұдан әрі – банкаралық төлемдер) – төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялар бойынша жүйенің бір қатысушысының жүйенің осы қатысушысына қызмет көрсету желісінде басқа қатысушының пайдасына жүзеге асыратын төлемдері және (немесе) ақша аударымдары;

      5) жүйеге қатысушы – жүйенің операциялық орталығымен жасалған шарт негізінде жүйеде төлем карточкасы эмитентінің және (немесе) эквайердің функцияларын орындайтын екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк);

      6) жүйеге қатысушы шығаратын төлем карточкалары бойынша банктік сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – банктік сәйкестендіру нөмірі) - төлем карточкаларының тиісті жүйесі осы жүйеде өзі шығаратын төлем карточкасын сәйкестендіру үшін эмитентке берілген бірегей нөмір;

      7) жүйенің операциялық орталығы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

      8) жүйенің операциялық орталығының операциялық қағидалары (бұдан әрі – операциялық қағидалар) – жүйенің операциялық орталығы қызметінің тәртібін және оған бекітілген функцияларды жүзеге асыру талаптарын айқындайтын оның ішкі құжаты;

      9) қаржылық хабар – төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операция бойынша банкаралық төлем жүргізу үшін қажетті ақпараттан тұратын және жүйенің бір қатысушысының жүйенің басқа қатысушысына қатысты ақшалай міндеттемелерін (талаптарын) білдіретін төлем құжаты;

      10) "овердрафт" күндізгі қарызы – банкаралық төлемдер клирингінің (бұдан әрі – клиринг) нәтижелері бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін банкаралық ақша аудару жүйесінде олардың позицияларына ақша болмаған немесе жетіспеген жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жүйе қатысушыларына бір операциялық күнге беретін қысқа мерзімді қарызы;

      11) төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттау (бұдан әрі – хабарларды маршруттау) – банкаралық төлемдер жөніндегі хабарлардың жүйе қатысушылары арасында жүру және берілу маршрутын айқындау процесі;

      12) хабар – жүйенің операциялық орталығы және жүйеге қатысушылар арасында ақпарат алмасу үшін пайдаланылатын ақпараттық деректер тобы;

      13) халықаралық төлем карточкалары жүйесі – қатысушылары банктер, ал операторы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын үш және одан да көп елдің аумағында осы жүйе шеңберінде төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін төлем карточкаларының жүйесі.

      3. Жүйе банктер шығарған төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалатын операциялар бойынша банкаралық төлемдерді жүзеге асыруға арналған.

      Төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттауды, авторландыруды және клирингті жүйенің операциялық орталығы банкпен және (немесе) халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторымен жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Банктерге хабарларды маршруттау, авторландыру және клиринг бойынша қызметтер көрсету

      4. Хабарларды маршруттауды, авторландыруды және клирингті жүзеге асыру кезінде жүйенің операциялық орталығына мынадай функциялар жүктеледі:

      1) авторландырылған хабарларға байланысты хабарларды маршруттау;

      2) жүйеге қатысушылар арасында қаржылық хабарлармен алмасуды және беруді ұйымдастыру;

      3) клирингті жүзеге асыру;

      4) ақша аударымдарының банкаралық жүйесіндегі клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыруға арналған төлем құжаттарын қалыптастыру және беру;

      5) "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы", "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында және шарттарда белгіленген талаптарға сәйкес хабарларды маршруттауды, клирингті жүзеге асыру және клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару кезінде оларды қорғауды қамтамасыз ету;

      6) хабарларды маршруттау, клиринг және клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару жөніндегі есептерді қалыптастыру және ұсыну.

      5. Хабарларды маршруттау және жүйеде авторландыру тәулік бойы жұмыс істеу режимінде жүзеге асырылады.

      6. Жүйеге қатысушыны сәйкестендіру үшін жүйенің операциялық орталығы хабарларды маршруттау кезінде оларға ұсынылған банктік сәйкестендіру нөмірлерін пайдаланады.

      Банктік сәйкестендіру нөмірлері өзгерген немесе жаңартылған жағдайда, жүйеге қатысушы дереу, бірақ жаңартылған сәттен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бұл туралы қорғалған арналар бойынша жаңартылған деректемелерді жүйенің өзге қатысушыларына жіберетін жүйенің операциялық орталығына хабарлайды.

      7. Жүйенің басқа қатысушыларының төлем карточкаларын пайдалана отырып өздеріне қызмет көрсететін желіде жүргізілген операциялардың қорытындысы бойынша жүйеге қатысушылар банкаралық төлемдерді жүзеге асыру үшін жүйенің басқа қатысушыларына қатысты қаржылық хабарларды қалыптастырады және жүйеге жібереді.

      8. Жүйеге қатысушылар жіберген қаржылық хабарлар, сондай-ақ операциялық қағидаларға сәйкес жүргізілген банкаралық төлемдер бойынша есептелген банкаралық комиссиялар бойынша олардың қарсы талаптары мен міндеттемелерін есепке алу негізінде клиринг жүзеге асырылады.

      9. Жүйеге қатысушылар міндеттемелерінің қарсы талаптарының, сондай-ақ есептелген банкаралық комиссиялардың сомалары бойынша айырманы табу жолымен жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындау жүргізіледі. Жүйенің операциялық орталығы жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындауды жүйенің операциялық орталығы бекіткен операциялық күн кестесіне сәйкес жүзеге асырады.

      10. Жүйеге қатысушылардың таза позицияларын айқындау кезінде жүйенің барлық қатысушыларының дебеттік және кредиттік таза позициялары сомаларының айырмасы нөлге тең болады.

      11. Клиринг аяқталғаннан кейін жүйенің операциялық орталығы жүйеде өңделген қаржылық хабарлар, банкаралық комиссиялар туралы ақпаратты жүйенің операциялық орталығы мен жүйеге қатысушы арасындағы шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүйеге қатысушыларға береді.

      12. Жүйеге қатысушылардың қарсы талаптары мен міндеттемелерін есепке алу процесі аяқталғаннан кейін клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару жүзеге асырылады.

      13. Жүйеге қатысушылар арасындағы клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару жүйенің әрбір қатысушысының таза позициясына сәйкес ақша аударудың банкаралық жүйесінде жүзеге асырылады.

      14. Жүйенің операциялық орталығы клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымдарын мынадай ретпен жүзеге асыру үшін төлем құжаттарын жасайды және ақша аударымдарының банкаралық жүйесіне береді:

      1) бірінші кезекте клиринг нәтижелері бойынша дебеттік таза позициялары бар жүйеге қатысушылардың позицияларынан жүйенің позициясына ақша аудару жүзеге асырылады;

      2) екінші кезекте клиринг нәтижелері бойынша кредиттік таза позициялары бар жүйе позициясынан жүйеге қатысушылардың позицияларына ақша аудару жүзеге асырылады.

      15. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару аяқталғаннан кейін жүйенің операциялық орталығы жүйеге қатысушыға жүйенің осы қатысушысының таза позициясына сәйкес ақша аударымының аяқталғаны туралы хабарлама береді. Ақша аударымдарының банкаралық жүйесіндегі жүйенің позициясындағы ақша қалдығы нөлге тең.

      16. Жүйеге қатысушыда клиринг нәтижелері бойынша ақша аударуды жүзеге асыру үшін ақша жеткіліксіз болған немесе болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі "овердрафт" күндізгі қарызын беру тәртібі мен талаптары айқындалатын жүйеге қатысушы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалған шарт негізінде "овердрафт" күндізгі қарызын береді.

      17. Клиринг нәтижелері бойынша ақша аударымдарын уақтылы жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жүйенің операциялық орталығы мен жүйеге қатысушылары арасында жасалған шарттарға сәйкес жүйеге қатысушылардың резервтік қорын және тәуекелдерді басқарудың өзге де әдістерін құруға жол беріледі.

      18. Жүйеде қолданылатын электрондық хабарларды беру форматтарын, жүйенің ерекшеліктері мен стандарттарын жүйенің операциялық орталығы әзірлейді және бекітеді және жүйенің барлық қатысушылары сақтайды.

      19. Хабарларды маршруттау, авторландыру, жүйеге қатысушыларды сәйкестендіру, клиринг жүргізу, клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару бойынша жүйенің операциялық орталығының қызметтерін көрсету тәртібі операциялық қағидаларда белгіленеді.

      20. Жүйеде жүйенің операциялық орталығының ішкі құжаттарына сәйкес банкаралық комиссиялардың түрлері қолданылады.

      21. Осы тараудың талаптары жүйенің операциялық орталығы мен халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған операциялар бойынша хабарларды маршруттау, авторландыру және банкаралық төлемдер клирингі бойынша жүйенің операциялық орталығының халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторына қызметтер көрсетуіне байланысты қатынастарға қолданылмайды. 

3-тарау. Халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторына хабарларды маршруттау, авторландыру және клиринг бойынша қызметтер көрсету

      22. Қазақстан Республикасының аумағында төлем карточкалары бойынша хабарларды маршруттау, авторландыру және клиринг жөніндегі қызметтерді жүйенің операциялық орталығы халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторына олардың арасында жасалған шарттың талаптарына сәйкес ұсынады.

      23. Халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторымен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде жүйенің операциялық орталығына мынадай талаптарды орындау жүктеледі:

      1) халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушылардың барлығына оның қызметтеріне қолжеткізу мен пайдаланудың тең жағдайларын қамтамасыз ету;

      2) жүйені қауіпсіз орналастыру және пайдалану үшін техникалық және өзге де үй-жайлардың болуы;

      3) төтенше және күтпеген жағдайлар туындаған кезде ақпаратты сақтауға және ақпараттық жүйелерді, дерекқорларды қалпына келтіруге арналған резервтік орталықтың болуы;

      4) халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы айқындаған тәртіппен хабарларды маршруттауды, авторландыруды алуды, төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған операциялар бойынша клирингті жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

      5) жүйеге қатысушылардың операциялары бойынша ақпараттың конфиденциалдығын қамтамасыз ету.

      24. Хабарларды маршруттау, авторландыру, клиринг, клиринг нәтижелері бойынша ақша аудару, банкаралық комиссиялар мен қызмет көрсету тарифтерін белгілеу, жүйеде тәуекелдерді бағалау және басқару, сондай-ақ банкаралық төлемдер бойынша дауларды сотқа дейін қарау жүйенің операциялық орталығы және (немесе) операторы мен халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы арасында жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      25. Жүйенің операциялық орталығы мен халықаралық төлем карточкаларының жүйесі операторының арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі олардың арасында жасалған шартта және халықаралық төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжатында белгіленеді.

      26. Халықаралық төлем карточкалары жүйесіне қатысушының жүйеге қатысуы мынадай:

      1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган аударым операцияларын жүргізуге берген лицензиядан айырылған (кері қайтарып алынған) жағдайда;

      2) төлем карточкалары жүйесіне қатысушы мен халықаралық төлем карточкалары жүйесінің операторы арасындағы шартты бұзған жағдайда;

      3) халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушы қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда тоқтатылады.

      27. Халықаралық төлем карточкалары жүйесіне қатысушы операторының бастамасы бойынша оның қатысуы тоқтатыла тұрған және (немесе) тоқтатылған жағдайда, жүйеге қатысушы мен жүйенің операциялық орталығы арасындағы шарт негізінде жүйенің осы қатысушысына жүйенің операциялық орталығының қызмет көрсетуіне жол беріледі.

      28. Клиринг нәтижелері бойынша халықаралық төлем карточкалары жүйелерінің төлем карточкаларын пайдалана отырып ақша аудару Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен ақша аударудың банкаралық жүйесінде жүзеге асырылады.

      29. Жүйенің операциялық орталығы жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін:

      1) ақпаратты өңдеудің және берудің барлық кезеңдерінде оның тұтастығын, қолжетімділігін, түпнұсқалығын және құпиялылығын қамтамасыз етеді;

      2) жүйеге қатысушылар мен жүйенің операциялық орталығы арасында ақпаратты өңдеу және беру кезінде қолданылатын криптографиялық кілттерді қауіпсіз бөлу рәсімдерін орындайды;

      3) кіріс және шығыс электрондық хабарлары үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның қолданылуын қамтамасыз етеді.

      30. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету:

      1) жүйенің бағдарламалық-техникалық кешенін резервтеу (негізгі және резервтік орталықтар);

      2) деректердің резервтік көшірмесін жасауды және архивтеуді қамтамасыз ету;

      3) жүйеге қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін байланыс арналарын резервтеу (негізгі және резервтік);

      4) жүйенің, құрылғылардың, ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуінің бұзылу себептерін анықтау мақсатында жүйенің жұмыс істеуіне мониторинг пен талдау жүргізу, оларды жою жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;

      5) жүйенің операциялық орталығының жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық-техникалық шараларды қолдануы арқылы қол жеткізіледі.

      31. Жүйенің операциялық орталығы халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушылардың шартта және халықаралық төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжаттарында айқындалған ақпаратты қорғауға қойылатын талаптарды сақтауына мониторингті жүзеге асырады.

      Жүйенің операциялық орталығы халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушы Қағидаларда, шартта және халықаралық төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжаттарында белгіленген қауіпсіздікке қойылатын талаптарды бұзған жағдайда, жасалған шарттың талаптарында көзделген тәртіппен оны хабардар ету арқылы халықаралық төлем карточкаларының жүйесіне қатысушыны ажыратуды қоса алғанда, қажетті шұғыл шараларды қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады