Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қостанай облыстық мәслихатының "Қостанай облысының Су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу туралы" 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 468 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6157 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Қостанай облысының Су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидаларында:
9-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"9. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үсті су объектілері, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе ішінара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берілген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.
Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу тәртібі және кеме қатынасы су жолдарының тізбесі Кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.";
11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
"11. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып:
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган тыйым салған жерлерде жер үсті және жер асты су объектілерінен ауыз су және шаруашылық қажеттіліктері үшін су алу;
су айдындарында тиісті тыйым салатын немесе ескертетін қауіпсіздік белгілері орнатылған жерлерде шағын кемелерде және басқа жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтыны айқындалсын.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 "Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10335 болып тіркелген) талаптарына (бұдан әрі - Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары) сәйкес су айдындарының қауіпті және демалу мен шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде жергілікті атқарушы органдар су айдындарында тыйым салатын және ескертетін қауіпсіздік белгілерін орнатады.";
келесі мазмұндағы 11-1, 11-2-тармақтарымен толықтырылсын:
"11-1. Су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде, су айдындарында тиісті қауіпсіздік белгілері орнатылған жерлерде шомылуға жол берілмейтіні айқындалсын.
11-2. Егер су айдынының учаскесі Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сәйкес жабдықталған болса, шомылуға рұқсат етіледі.";
келесі мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:
"17-1. Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзушылық Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 364-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.".
2. Осы шешiм алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қостанай облыстық мәслихаты сессиясының төрайымы | А. Мурзабекова |
Қостанай облыстық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы | Н. Утеулин |