Қостанай облысының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу туралы

Жаңартылған

Қостанай облысы мәслихатының 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 468 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 21 қаңтарда № 6157 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 38-бабы 1) тармақшасына сәйкес Қостанай облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Қостанай облысының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидалары белгіленсін.

      2. Қостанай облыстық мәслихатының 2013 жылғы 1 наурыздағы № 118 "Қостанай облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4090 тіркелген, 2013 жылғы 27 сәуірде "Костанайские новости" газетінде жарияланған) және Қостанай облыстық мәслихатының 2013 жылғы 28 маусымдағы № 162 "Қостанай облыстық мәслихатының 2013 жылғы 1 наурыздағы № 118 "Қостанай облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4171 тіркелген, 2013 жылғы 16 шілдеде "Костанайские новости" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Г. Ахметова
      Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы С. Ещанов

      КЕЛІСІЛДІ

      "Қазақстан Республикасы Ауыл

      шаруашылығы министрлігі Су

      ресурстары комитетінің Су

      ресурстарын пайдалануды реттеу

      және қорғау жөніндегі Тобыл-Торғай

      бассейндік инспекциясы" республикалық

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      __________________ Г. Оспанбекова

      2015 жылғы 11 желтоқсан

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық

      экономика министрлігі Тұтынушылардың

      құқықтарын қорғау комитетінің Қостанай

      облысы тұтынушылардың құқықтарын

      қорғау департаменті" республикалық

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      __________________ В. Нечитайло

      2015 жылғы 11 желтоқсан

      "Қазақстан Республикасы Энергетика

      министрлігі Мұнай-газ кешеніндегі

      экологиялық реттеу, бақылау және

      мемлекеттік инспекция комитетінің

      Қостанай облысы бойынша Экология

      департаменті" республикалық

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      ____________________ А. Әлімбаев

      2015 жылғы 11 желтоқсан

      Қостанай облысы әкімдігінің

      табиғи ресурстар және табиғат

      пайдалануды реттеу басқармасы"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      ___________________ Қ. Төлеубаев

      2015 жылғы 11 желтоқсан

  Қостанай облыстық мәслихатының
2015 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 468 шешіміне қосымша

Қостанай облысының су объектілерінде
ортақ су пайдалану қағидалары

      1. Осы Қостанай облысының су объектілерінде ортақ су пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 38-бабы 1) тармақшасына, 65-бабына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11434 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.

      2. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      4. Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.

      5. Экологиялық, техникалық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.

      6. Ортақ су пайдалануға:

      1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;

      2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттары үшін;

      3) кеме қатынасы және шағын көлемді кемелерді пайдалану үшін;

      4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.

      7. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.

      8. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша облыстың жергiлiктi атқарушы органымен белгiленеді.

      9. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үсті су объектілері, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе ішінара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берілген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.

      Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу тәртібі және кеме қатынасы су жолдарының тізбесі Кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы мәслихатының 21.06.2021 № 66 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

      10. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi.

      11. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып:

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган тыйым салған жерлерде жер үсті және жер асты су объектілерінен ауыз су және шаруашылық қажеттіліктері үшін су алу;

      су айдындарында тиісті тыйым салатын немесе ескертетін қауіпсіздік белгілері орнатылған жерлерде шағын кемелерде және басқа жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтыны айқындалсын.

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 "Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10335 болып тіркелген) талаптарына (бұдан әрі - Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары) сәйкес су айдындарының қауіпті және демалу мен шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде жергілікті атқарушы органдар су айдындарында тыйым салатын және ескертетін қауіпсіздік белгілерін орнатады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – Қостанай облысы мәслихатының 21.06.2021 № 66 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11-1. Су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде, су айдындарында тиісті қауіпсіздік белгілері орнатылған жерлерде шомылуға жол берілмейтіні айқындалсын.

      Ескерту. Шешім 11-1-тармақпен толықтырылды – Қостанай облысы мәслихатының 21.06.2021 № 66 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      11-2. Егер су айдынының учаскесі Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сәйкес жабдықталған болса, шомылуға рұқсат етіледі.

      Ескерту. Шешім 11-2-тармақпен толықтырылды – Қостанай облысы мәслихатының 21.06.2021 № 66 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12. Облыстың жергілікті атқарушы органы тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – Қостанай облысы мәслихатының 13.12.2016 № 101 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, егер облыстың жергiлiктi өкiлдi органның шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, Кодекстің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе тыйым салу туралы жариялайды.

      14. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы облыстың жергілікті өкілді органына ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.

      14-1. Облыстың жергілікті өкілді органы маслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясы барысында ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу бойынша тиісті шешім қабылдайды және оны үш жұмыс күні ішінде су пайдаланушыға жолдайды.

      Ескерту. Шешім 14-1-тармақпен толықтырылды – Қостанай облысы мәслихатының 13.12.2016 № 101 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15. Жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауызсу мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – Қостанай облысы мәслихатының 13.12.2016 № 101 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15-1. Су пайдаланушы облыстың жергілікті өкілді органынан оң шешім алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салынатыны және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.

      Ескерту. Шешім 15-1-тармақпен толықтырылды – Қостанай облысы мәслихатының 13.12.2016 № 101 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:

      1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;

      2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;

      3) су объектілерінде мәдени, спорттық және өзге де іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;

      4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитариялық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстамауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.

      17. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:

      1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;

      2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;

      3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;

      4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;

      5) аумақта жанар-жағар май материалдарын сақтауға;

      6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға;

      7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.

      17-1. Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзушылық Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 364-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

      Ескерту. Шешім 17-1-тармақпен толықтырылды – Қостанай облысы мәслихатының 21.06.2021 № 66 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады