БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Ғиният |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2022 жылғы 11 наурыздағы № ҚР ДСМ-23 бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін бұйрықтарының тізбесі
1. "Денсаулық сақтау субъектілерінің кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың, оның ішінде жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты жұмыскерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік ауруларға және (немесе) улануға күдіктенудің барлық оқиғаларын олардың анықталған жері бойынша тіркеу тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-284/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21841 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Денсаулық сақтау субъектілерінің кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың, оның ішінде жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты жұмыскерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік ауруларға және (немесе) улануға күдіктенудің барлық оқиғаларын олардың анықталған жері бойынша тіркеу тәртібінде:
3 және 4 тармақтар мынадай мазмұнда жазылсын:
"3. Жіті кәсіптік аурудың және (немесе) уланудың әрбір оқиғасына алдын ала диагнозды қоюда медициналық ұйым "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 21579 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша хабарлама толтырады, осы Тәртіпке қосымшаға сәйкес нысан бойынша нөмірленген, тігілген кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын есепке алу журналына тіркейді.
Жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты жұмыскерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты улануы кәсіптік улану болып табылады.
4. Жұмыскердің жіті кәсіптік ауруы және (немесе) улануы туралы хабарламаны медициналық ұйым диагноз қойылған сәттен бастап жиырма төрт сағаттың ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) және науқастың жұмыс орны бойынша ұйымның басшысына (жұмыс берушіге) жібереді.
Созылмалы кәсіптік ауруы және (немесе) улануы туралы алдын ала диагноз туралы хабарламаны медициналық ұйым диагноз қойылған сәттен бастап үш жұмыс күн ішінде аумақтық бөлімшеге және науқастың жұмыс орны бойынша ұйымның басшысына (жұмыс берушіге), сондай ақ кәсіптік патология және сараптама саласындағы мамандандырылған медициналық көмек көрсететін, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымына жібереді.
мынадай мазмұндағы 13-тармақпен толықтырылсын:
"13. Аумақтық бөлімшелер кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың барлық оқиғалары бойынша деректерді "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу мен есеп құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24082 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 20 тамыздағы № ҚР ДСМ-84 бұйрығымен бекітілген кәсiптік ауруларды (улануларды) есепке алу карталарына сәйкес есепке алады."
2. "Кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын анықтау сараптамасының қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21862 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-301/2020 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын анықтау сараптамасының қағидаларында:
8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Жіті кәсіптік ауру диагнозын немесе созылмалы кәсіптік аурудың алдын ала диагнозын меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасында тұратын кәсіпорындардың немесе ұйымдардың жұмыскерлеріне медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымдар (бұдан әрі – медициналық ұйымдар), созылмалы кәсіптік ауру диагнозын денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының құрамындағы кәсіптік патология және сараптама саласындағы мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары (бұдан әрі – кәсіптік денсаулық клиникасы) белгілейі.
9. Медициналық ұйымдар жұмыскердің денсаулық жағдайының клиникалық деректерінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 20 тамыздағы бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24082 болып тіркелген) (бұдан әрі – ҚР ДСМ-84 бұйрығы) бекітілген инфекциялық және паразитарлық ауру ошағын эпидемиологиялық тексеріп-қарау картасының және (немесе) "Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарын ресімдеу бойынша нысандарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1055 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12655 болып тіркелген) бекітілген еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға туралы актінің негізінде жіті кәсіптік аурудың түпкілікті диагнозын қояды және "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ -175/2020 бұйрығы) бекітілген нысан бойынша хабарлама жасайды.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Созылмалы кәсіптік ауруы туралы алдын ала диагнозы бар, сондай-ақ үш айдан астам жіті кәсіптік ауру салдарынан организм функцияларының тұрақты бұзылуы сақталған жағдайда азаматтар осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес құжаттарды ұсына отырып, денсаулық сақтау субъектілерінің кәсіптік аурудың еңбек (қызметтік) міндеттерін орындаумен байланысын анықтауды сараптауы үшін кәсіптік денсаулық клиникасына жіберіледі.".
мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:
"15-1. Еңбек жағдайларының санитариялық-эпидемиологиялық сипаттамасын (бұдан әрі – СЭС) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) жұмыскердің кәсіптік бағытын ескере отырып, жұмыс беруші ұсынатын құжаттар мен материалдардың және ҚР ДСМ-84 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтің, бақылау мен қадағалаудың қолда бар нәтижелерінің негізінде ресімдейді.
Ұйымның басшысы (жұмыс беруші) жұмыскердің кәсіптік бағытына сәйкес № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша кәсіптік ауруға және (немесе) улануға алдын ала диагноз туралы хабарлама алғаннан кейін немесе аумақтық бөлімшені хабардар еткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде осы кәсіпорындағы жұмыскердің еңбек жағдайларының санитариялық-эпидемиологиялық сипаттамасын жасау үшін ақпарат жинау және дайындау жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) қалыптастырады. Комиссияның құрамына жұмыс берушінің өкілдері, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің маманы (немесе жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жауапты етіп тағайындаған адам), кәсіпорынның медицина қызметкері, кәсіпорынға қызмет көрсететін медициналық ұйымның маманы, кәсіподақ өкілі, зардап шеккен жұмыскер және (немесе) не даулы жағдайларда немесе Комиссия шешімі бойынша жұмыскердің ауруының бейіні бойынша мамандар болып табылатын біліктілік санаты (ғылыми және (немесе) академиялық дәрежесі) бар кәсіптік патолог-дәрігерлерді немесе жұмыс берушінің есебінен санитария, гигиена және эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау, кәсіптік патология саласында ғылыми және (немесе) академиялық дәрежесі бар ғылыми қызмет ұйымдарының мамандарын тарта отырып жұмыскердің өкілі, сондай-ақ аумақтық бөлімшенің маманы кіреді.
Комиссия он жұмыс күні ішінде осы кәсіпорындағы барлық кәсіптік бағыт үшін жұмыскердің жұмыс орнындағы (учаскесіндегі, цехындағы) (не оған ұқсас жұмыс орындарындағы) еңбек жағдайларын сипаттайтын қажетті құжаттар мен материалдарды, оның ішінде мұрағаттық деректерді:
1) өндірістік бақылау материалдарын;
2) өндірістік объектіні еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау материалдарын;
3) аумақтық бөлімшелер мен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерін тексерудің материалдары мен нәтижелерін;
4) жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, арнайы тергеп-тексеру материалдарын;
5) жүргізілген медициналық қарап-тексерулер туралы мәліметтерді, амбулаториялық карталарды;
6) мерзімдік медициналық қарап-тексеру барысында анықталған науқастарды сауықтыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын;
7) нұсқамаларды тіркеу журналдарынан және еңбекті қорғау жөніндегі жұмыскердің білімін тексеру хаттамаларынан үзінді көшірмелерді;
8) қызметкерге жеке қорғаныш құралдарының берілгенін растайтын құжаттардың көшірмелерін;
9) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын регламенттейтін нұсқаулықтардан, ережелерден, бұйрықтардан және басқа да актілерден үзінді көшірмелерді, өндірістегі саламатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін лауазымды адамдардың міндеттері мен жауаптылығын және басқаларды;
10) зардап шекен адамның денсаулығының зақымдану сипаты мен ауырлығы туралы медициналық қорытындыны;
11) аллергиялық сипаттағы кәсіптік ауруға күдіктену кезінде жұмыс берушінің мөрімен куәландырылған (егер бар болса) заттың атауы, орау күні көрсетілген мөрленген қаптамада жұмыскердің еңбек қызметі жүзеге асырылған химиялық заттар мен қосылыстарды жинауды жүргізеді.
Жұмыскердің еңбек жағдайларын сипаттайтын деректер болмаған не толық болмаған кезде жұмыс беруші өндірістік бақылау деректерін ескере отырып, жұмыскердің жұмыс орнындағы немесе оған ұқсас жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын бағалау мақсатында өз қаражаты есебінен қажетті зертханалық-аспаптық және гигиеналық-физиологиялық зерттеулер жүргізеді.
Жұмыс беруші Комиссия жинаған қажетті құжаттар мен материалдарды 3 (үш) жұмыс күн ішінде аумақтық бөлімшеге ұсынады, ол ұсынылған ақпарат және өзінде бар мәліметтер (оның ішінде осындай және (немесе) оған ұқсас өндірістер не учаскелер (цехтар) жұмыскерлерінің кәсіптік аурулары жағдайларын тергеп-тексеру актілері, санитариялық-эпидемиологиялық мониторингтің, бақылау мен қадағалаудың мұрағаттық нәтижелері) негізінде 10 (он) жұмыс күні ішінде СЭС жасайды және оны № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша кәсіптік ауруға және (немесе) улануға күдік туралы хабарлама ұсынған медициналық ұйымға және жұмыс берушіге жібереді.
СЭС жасау үшін ақпарат жеткіліксіз болған жағдайда, аумақтық бөлімше 3 (үш) жұмыс күні мерзімінде қосымша ақпарат беру қажеттігі туралы жұмыс берушіге жазбаша хабарлайды, жұмыс беруші жазбаша мәлімдемеден кейін 5 (бес) жұмыс күнінде қосымша ақпаратты береді.
Егер кәсіптік аурудың және (немесе) уланудың туындауы әртүрлі аумақтық бөлімшелердің бақылауындағы объектілердегі жұмысқа байланысты болса, онда кәсіптік ауруға күдікті адамның соңғы жұмыс орны бойынша аумақтық бөлімше ресми сұрау салулар бойынша тиісті аумақтық бөлімшелерден және басқа да ұйымдардан (жұмыс берушілерден) алынған материалдар негізінде СЭС жасайды. Сұрау салуды алған ұйымдар 10 (он) жұмыс күні мерзімінде СЭС жасау үшін талап етілген құжаттардың көшірмелерін ұсынады.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. РКПШСК тәртібі мен құрамын оның базасында РКПШСК құрылатын денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының басшысы бекітеді.".
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. Созылмалы кәсіптік ауру алғаш рет анықталған кезде кәсіптік денсаулық клиникасы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кәсіптік ауру туралы хабарлама ресімдейді және 3 (үш) жұмыс күні ішінде жұмыс берушілерге жұмыскердің кәсіптік бағытына сәйкес СЭС берген аумақтық бөлімшеге және кәсіптік ауруға (алдын ала диагноз) күдіктенуді анықтаған медициналық ұйымға жібереді.".
3. "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрыққа 2-қосымшамен бекітілген Стационарлар мен амбулаториялық-емханалық ұйымдарында қолданылатын медициналық есеп құжаттамасының нысандарында:
"Хабарлама" № 034/е нысаны осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
Бұйрығына қосымша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығына 2-қосымша |
"Хабарлама" № 034/е нысаны
Жолданады:
Жалпы бөлім
1. ЖСН.
2. Т.А.Ә. (бар болса).
3. Туылған күні.
4. Жынысы
ер әйел.5. Тұрғылықты мекенжайы.
6. Байланыс телефоны.
7. Отбасылық жағдайы
8. Жұмыс/оқу орны/балалар мекемесі.
9. Ұйымның мекенжайы.
10. Науқастың лауазымы.
11. Күні: ауруы бастапқы өтініш/анықтау диагноз қою емдеуге жатқызу.
12. Диагнозы.
13. Науқас қайда жіберілді (МҰ тіркелімі).
14. Хабарламаны толтырған МҰ атауы (МҰ тіркелімі).
15. Хабарламаны толтырған дәрігердің Т.А.Ә. (бар болса), идентификаторы.
16. Толтыру күні және уақыты.
Инфекциялық аурулар кезінде толтырылады.
1. Қайда орын алғанын көрсету, жағдайды сипаттау.
2. Байланыста болған адамдар:
2.1 Т.А.Ә. (бар болса) 2.2 Пациентке қарым-қатынасы 2.3 Тұрғылықты мекенжайы.
2.4 Байланыс телефоны.
3. Алғашқы эпидемияға қарсы іс-шаралар мен қосымша мәліметтерді жүргізу.
Кәсіптік аурулар және (немесе) улануларда, оның ішінде оларға күдіктену кезінде толтырылады.
1. Жалпы жұмыс өтілі.
2. Жұмыс өтілі (зиянды өндірістік факторлармен байланыста).
3. Аурулар тудырған зиянды өндірістік фактор,.
4. Егер улануболса – қайда орын алғанын, неден уланғанын көрсету.
Онкологиялық ауру кезінде толтырылады.
1. Ісік анықталған жағдай.
2. Ісік процесінің сатысы:
3. Диагнозы.
4. Диагнозды растау әдісі.
Реципенттің ағзасын (ағзаның бөліктерін) трансплантациялау кезінде толтырылады.
1. Күні: ағзаны (ағзаның бөлігін) трансплантациялауды орындау
2. Ауруханадан шығару күні.
Кез келген жағдайларда, сондай-ақ диагнозды өзгерту кезінде инфекциялық ауруды, паразиттік ауруды, тамақтан улануды, кәсіптік ауруды және (немесе) улануды, онкологиялық ауруды немесе оған күдіктенуді анықтаған медицина қызметкері толтырады.
Пациент анықталған сәттен бастап белгіленген мерзімнен кешіктірілмей пациент анықталған орны бойынша уәкілетті органға жіберіледі.
Үй жануарларының немесе жабайы жануарлардың шағуы, тырнауы және сілекейінің жұғуы жағдайларында құтырма ауруына күдік ретінде хабарлама толтырылады.
№ 034/е "Хабарлама" нысанындағы қысқарған сөздердің тізімі:
1 | ЖСН | Жеке сәйкестендіру нөмірі |
2 | МҰ | Медициналық ұйым |
3 | Т.А.Ә. (бар болса) | Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) |