"Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 236 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 18 наурыздағы № 296 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 наурызда № 27241 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы 2015 жылғы 30 наурыздағы № 236 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10839 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау қағидаларында:

      1-тармағын мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетіне, "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне, дербес білім беру ұйымдарына және олардың ұйымдарына, "Елбасы Aкадемиясы" корпоративтік қорына жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды iске асыруға және мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын және (немесе) әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мiндеттердi орындауға арналған тапсырыс мемлекеттік тапсырма болып табылады.";

      мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-1. Мемлекеттік тапсырмаларға:

      1) оны техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды қоса алғанда, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу бойынша;

      2) қоғамдық сананы жаңғырту, этносаралық қатынастар мен ішкі саяси тұрақтылық, шетелдегі отандастар мен ел ішіндегі қандастарды қолдау, қоғамдық даму, мемлекеттік жастар және отбасы саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз ету салаларындағы;

      3) аэроғарыш қызметі саласындағы;

      4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы;

      5) діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша;

      6) Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада және паралимпиада комитеттеріне берілетін;

      7) мәдениет және туристік қызмет салаларындағы, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы;

      8) білім, ғылым салаларындағы;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарын медициналық қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы;

      10) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы жүйесінің медицина қызметкерлері мен өзге де қызметкерлері үшін оқытуды ұйымдастыру және өткізу бойынша;

      11) кеме қатынасы мен теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кеме қатынасының су жолдары мен шлюздерін күтіп-ұстау бойынша;

      12) халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының желісін салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және дамыту бойынша;

      13) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу, сондай-ақ геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және беру бойынша;

      14) нормативтік құқықтық актілердің жобаларына ғылыми экономикалық сараптама жүргізу бойынша;

      15) сәулет, қала құрылысы және құрылыс, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды жетілдіру бойынша;

      16) елді мекендердің құрылыс салынған аумағындағы жерасты және жерүсті коммуникацияларын түгендеу бойынша;

      17) жер ресурстары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру бойынша;

      18) жалпы мемлекеттік маңызы бар қала құрылысы құжаттарын әзірлеу және жетілдіру бойынша;

      19) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында энергия үнемдеу шеңберінде іс-шаралар өткізу және энергия тиімділігін арттыру бойынша;

      20) ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы;

      21) мемлекеттік топографиялық карталар мен жоспарларды жасау, жаңарту және басып шығару, мемлекеттік геодезиялық желілерді жасау, дамыту және жұмыс жағдайында ұстау, техникалық жобаларды жасау, Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорды қалыптастыру және жүргізу, Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын жасау және дамыту бойынша;

      22) әлеуметтік-еңбек саласындағы;

      23) мұнай және газ конденсатын есепке алу, Қазақстан Республикасы мұнай-газ саласы өндірістік көрсеткіштерінің диспетчерлік қызметтерін көрсету бойынша;

      24) көмірсутектерге және уранға қатысты қазақстандық кадрлар мен өндірушілерді қолдау саласындағы;

      25) халықтың көші-қоны саласындағы;

      26) мемлекеттік қызметтер көрсету, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы және (немесе) келісуі бойынша өзге де міндеттерді орындау бойынша тапсырыстар жатады.

      Бұл тізбе түпкілікті болып табылады және кеңінен түсіндірілуге жатпайды.

      1-2. Мемлекеттік тапсырмалар тізбесіне қосу үшін осы баптың 1-1-тармағында көрсетілген тапсырыстар мынадай өлшемшарттардың біріне сәйкес болуы қажет:

      1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің немесе қоғам мүдделерін қорғаудың өзге мүмкіндігінің болмауы;

      2) мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілерді, аса маңызды инфрақұрылым объектілерін, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қоғамдық мүдделер мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты қолдану, пайдалану және күтіп-ұстау;

      3) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиісті нарығында бәсекелестіктің болмауы;

      4) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің, зияткерлік меншік объектілерінің ерекшелігі мен бірегейлігі.

      Мемлекеттік тапсырманы жоспарлауға және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген белгілерге сай келмейтін тапсырыстарды мемлекеттік тапсырмалар тізбесіне қосуға тыйым салынады. Осы тармақты бұза отырып жасалған мәмілелерді мүдделі тұлғалардың талап қоюы бойынша сот жарамсыз деп айқындайды.";

      11-1–тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-3. Мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты заңды тұлғаның мемлекеттік тапсырманы қосалқы мердігерге (бірлесіп орындаушыға) мемлекеттік тапсырманы орындауға бөлінетін тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты сомасының елу пайызынан аспайтын көлемде беруіне жол беріледі.

      Осы тармақтың ережесі денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру саласында қызметін жүзеге асыратын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және "Елбасы Академиясы" корпоративтік қорына қолданылмайды.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу жарғылық капитал ұлғайтылмай жүзеге асырылады.";

      4-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi республикалық бюджеттi әзiрлеу кезiнде бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға бюджеттiк өтiнiммен, бюджеттік бағдарламалардың жобаларымен, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларымен немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларымен бiрге Кодекстің 41-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік қызметтер көрсетуге немесе мемлекеттік тапсырыс нысанында бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға ұсыныс ұсынады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттiк тапсырма нысанында орындауға жоспарланып отырған мемлекеттiк қызметтер мен бюджеттiк инвестициялық жобалардың тiзбесi Республикалық бюджет комиссиясының қарауына мемлекеттік органдардың даму жоспарларының жобаларымен немесе мемлекеттік органдардың даму жоспарларына өзгерістер мен толықтырулардың жобаларымен, бюджеттік өтінімдермен, республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттік бағдарламаларының жобаларымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және монополияға қарсы органның қорытындыларымен бiрге енгiзiледi.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Мемлекеттік тапсырманы орындау бекітілген республикалық үш жылдық бюджеттік бағдарламаларды республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі мен мемлекеттік тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәміле (бұдан әрі – шарт) жасау арқылы іске асыру шеңберінде, онда нәтижелер көрсеткіштері көрсетіле отырып, жүзеге асырылады.";

      13-тармағын мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Кодекстің 41-бабы 1-тармағына сәйкес жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті, "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі немесе дербес білім беру ұйымы немесе оның мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты ұйымы немесе "Елбасы Академиясы" корпоративтік қоры (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты заңды тұлға) республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісіне оның аясында мемлекеттік тапсырма орындалатын шартта белгіленген мерзімде орындалу барысы туралы және орындалатын мемлекеттік тапсырма бойынша тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу туралы есепті ұсынады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау және реформалар
Агенттігінің Ұлттық статистика бюросы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады