Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы 14 маусымдағы № 337 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 15 маусымда № 28455 болып тіркелді

      "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 36) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Өнеркәсіптік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
Е. Дауылбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Білім және ғылым министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш

      өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Экология, геология және

      табиғи ресурстар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің міндетін
атқарушының
2022 жылғы 14 маусымдағы
№ 337 Бұйрықпен
бекітілген

Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 36) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің жай-күйі туралы Ұлттық баяндаманы (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) әзірлеу тәртібін айқындайды.

      2. Ұлттық баяндама өнеркәсіптік саясатты қалыптастырудың негізгі құралы болып табылады, ол орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан Республикасының Президентін және елдің өнеркәсіптік дамуы және оны жақсарту бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар ету мақсатында жыл сайын жасалады.

      3. Ұлттық баяндаманы өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) "Индустриялық дамуды бағалау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 11 мамырдағы № 260 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28104 болып тіркелген) сәйкес жүргізілетін индустриялық дамуды бағалау және "Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыру тиімділігін бағалау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 27 мамырдағы № 297 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28262 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылатын өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыру тиімділігін бағалау, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары берген ақпарат қорытындылары бойынша қалыптастырады.

      4. Ұлттық баяндама мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленеді.

2-тарау. Ұлттық баяндаманы жасау үшін орталық мемлекеттік органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының ақпарат беру тәртібі

      5. Уәкілетті орган жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 31 қаңтарынан кешіктірмей орталық мемлекеттік органдарға (Ұлттық баяндаманы әзірлеу мақсаттары үшін талап етілетін деректердің сипатына қарай), сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына Ұлттық баяндаманы әзірлеу үшін ақпарат беру туралы сұратулар жібереді.

      6. Орталық мемлекеттік органдар (Ұлттық баяндаманы әзірлеу мақсаттары үшін талап етілетін деректердің сипатына қарай), сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары Ұлттық баяндаманы жасау үшін құзыреті шеңберінде жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін ақпарат ұсынады.

      7. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға беретін ақпарат қажетті қосалқы материалдармен (кестелер, диаграммалар, графиктер, суреттер, фотосуреттер) толықтырылған талдамалық жазба түрінде қалыптастырылады.

3-тарау. Ұлттық баяндаманы әзірлеу тәртібі

      8. Ұлттық баяндама өнеркәсіптің сапалық және сандық сипаттамалары туралы деректерді талдауға, мемлекеттік саясатты, статистикалық, сараптамалық, ғылыми және өзге де ақпаратты іске асыруға негізделеді, өнеркәсіп саласы мен сабақтас салалардың даму деңгейін көрсетеді, өнеркәсіп проблемаларын және оларды шешудің ықтимал нұсқаларын айқындайды.

      9. Уәкілетті орган орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынған ақпаратты жинауды, қорытуды, талдауды ұйымдастырады.

      10. Ұлттық баяндаманы дәйекті, толық және жан-жақты ақпарат негізінде әзірлеуді қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган ақпарат келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, тиісті орталық мемлекеттік органдарға, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына қосымша сұрау салулар жібереді.

      Уәкілетті органнан қосымша сұратуды алған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға тиісті ақпаратты жібереді.

      11. Ақпарат мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі немесе электрондық құжаттың қағаздағы көшірмесін ұсыну қажеттілігінсіз бұлтты құжат айналымы арқылы ұсынылады.

      12. Ұлттық баяндама мынадай мәліметтерді:

      1) отандық өнеркәсіптің жай-күйін;

      2) жекелеген бағыттар бойынша индустрияландыру саясатын іске асыру туралы ақпаратты;

      3) проблемалық мәселелерді көрсете отырып, өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру туралы ақпаратты;

      4) өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асырудың тиімділігі туралы ақпаратты;

      5) өнеркәсіптік саясатты іске асырудың әлемдік трендтерін;

      6) саланың орнықты дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар мен тәуекелдерді айқындауды;

      7) өнеркәсіптік саясатты одан әрі қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.

      Статистикалық, сараптамалық және ғылыми ақпараттар Ұлттық баяндамада ақпарат көзі көрсетіле отырып келтіріледі.

      13. Уәкілетті орган жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 1 тамызынан кешіктірмей Ұлттық баяндаманың жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      14. Ұлттық баяндаманың түпкілікті нұсқасы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында мемлекеттік және орыс тілдерінде жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 10 қазанына дейін орналастырылады және орналастырылған сәттен бастап кемінде үш жыл уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында ашық қолжетімділікте болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады