"Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының меншікті активтері, "жалпы сақтандыру" және "өмірді сақтандыру" салалары бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің қаражаты, зиянды өтеу резервінің қаражаты есебінен қалыптастырылған "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының қаржы активтерін бағалау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 62 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 16 қыркүйекте № 29627 болып тіркелді

      "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 6-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының меншікті активтері, "жалпы сақтандыру" және "өмірді сақтандыру" салалары бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің қаражаты, зиянды өтеу резервінің қаражаты есебінен қалыптастырылған "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының қаржы активтерін бағалау қағидаларын бекітілсін.

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкi

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2022 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 62 Қаулымен
бекітілген

"Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының меншікті активтері, "жалпы сақтандыру" және "өмірді сақтандыру" салалары бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің қаражаты, зиянды өтеу резервінің қаражаты есебінен қалыптастырылған "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының қаржы активтерін бағалау қағидалары

      "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қор) меншікті активтері, "жалпы сақтандыру" және "өмірді сақтандыру" салалары бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің қаражаты, зиянды өтеу резервінің қаражаты есебінен қалыптастырылған Қордың қаржы активтерін бағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабы 1-тармағының 6-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қордың меншікті активтері, "жалпы сақтандыру" және "өмірді сақтандыру" салалары бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің қаражаты, Қордың зиянды өтеу резервінің қаражаты есебінен қалыптастырылған Қордың қаржы активтерін бағалау тәртібін айқындайды.

1-тарау. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кепілдік беру резервтері – Заңға сәйкес зиянды өтеу резерві және сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері;

      2) қаржы активтері – меншікті активтер немесе кепілдік беру резервтерінің қаражаты есебінен Қордың сатып алуына рұқсат етілген бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары;

      3) Қордың меншікті активтері – кепілдік беру резервтерін қоспағанда, Қордың активтері.

2-тарау. Қордың қаржы активтерін бағалау

      2. 9 "Қаржы құралдары" халықаралық қаржылық есептілік стандартына (бұдан әрі – 9 "Қаржы құралдары" ХҚЕС) сәйкес "әділ құн бойынша басқа да жиынтық кіріс арқылы бағаланатын" және "пайда немесе зиян арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" санаттарға жатқызылған қаржы активтері аптаның бірінші жұмыс күні соңындағы жағдай бойынша апта сайын бағаланады.

      3. 9 "Қаржы құралдары" ХҚЕС-ке сәйкес "басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құны бойынша бағаланатын" және "пайда немесе зиян арқылы әділ құны бойынша бағаланатын" санаттарға жатқызылған қаржы активтерін бағалау өздері тізіміне кіретін қор биржасының бағалы қағаздарын бағалау әдістемесіне (бұдан әрі – Биржа әдістемесі) сәйкес нарықтық құн бойынша не Bloomberg (Bloomberg) немесе Reuters (Reuters) ақпараттық-талдамалық жүйелерінің деректері бойынша жүзеге асырылады.

      4. 9 "Қаржы құралдары" ХҚЕС-ке сәйкес "басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" және "пайда немесе зиян арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" санаттарға жатқызылған, тек қана Қазақстан Республикасының аумағында айналымда (саудада) немесе Қазақстан Республикасының аумағында және халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналымда жүрген Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын бағалау Биржа әдістемесіне сәйкес айқындалған құн бойынша жүзеге асырылады.

      Биржа әдістемесіне сәйкес есептелген нарықтық бағалар туралы ақпарат болмаған кезде, көрсетілген бағалы қағаздарды бағалау үшін осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалауға қажетті Биржа әдістемесіне сәйкес есептелген нарықтық бағалар туралы ақпарат пайда болғанға дейін Қордың ішкі құжаттарына (бұдан әрі – Есеп саясаты) сәйкес Қор анықтайтын құн пайдаланылады.

      5. 9 "Қаржы құралдары" ХҚЕС-ке сәйкес "басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" және "пайда немесе зиян арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" санаттарға жатқызылған, тек қана халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналымда жүрген Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын бағалау Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда күнінің жабылу бағасы бойынша жүзеге асырылады.

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінде нарықтық бағалар туралы ақпарат болмаған кезде, осы бағалы қағаздарды бағалау үшін осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалауға қажетті Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінде ақпарат пайда болғанға дейін, Қордың Есеп саясатына сәйкес Қор анықтаған құн пайдаланылады.

      6. 9 "Қаржы құралдары" ХҚЕС-ке сәйкес "басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" және "пайда немесе зиян арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" санаттарға жатқызылған, Қазақстан Республикасының аумағында және халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналымда жүрген борыштық бағалы қағаздарды бағалау Биржа әдістемесіне сәйкес анықталатын құн бойынша немесе Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда күнінің жабылу бағасы бойынша жүзеге асырылады.

      Биржа Әдістемесіне сәйкес есептелген және Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінде нарықтық бағалар туралы ақпарат болмаған кезде, көрсетілген борыштық бағалы қағаздарды бағалау үшін осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалауға қажетті Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінде ақпарат пайда болғанға дейін, Қордың Есеп саясатына сәйкес Қор анықтаған құн пайдаланылады.

      7. 9 "Қаржы құралдары" ХҚЕС-ке сәйкес "басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" және "пайда немесе зиян арқылы әділ құн бойынша бағаланатын" санаттарға жатқызылған және тек қана халықаралық (шетелдік) нарықтарда айналымда жүрген борыштық бағалы қағаздарды бағалау Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінің деректері бойынша алдыңғы сауда күнінің жабылу бағасы бойынша жүзеге асырылады.

      Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінде нарықтық бағалар туралы ақпарат болмаған кезде, көрсетілген борыштық бағалы қағаздарды бағалау үшін осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес оларды қайта бағалауға қажетті Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдамалық жүйелерінде ақпарат пайда болғанға дейін, Қордың Есеп саясатына сәйкес Қор анықтаған құн пайдаланылады.

      8. "Кері репо" мәмілелері, орналастырылған салымдар 9 "Қаржы құралдары" ХҚЕС-ке сәйкес амортизацияланған құн бойынша бағаланады.

      9. Мерзімі өткен дебиторлық берешекті бағалау ерекшеліктері Есеп саясатымен анықталады.

      10. Қаржы активтерінің құнын қайта бағалау және олардың құнсыздануы Есеп саясатының міндетті және ажырамас бөлігі болып табылатын Қордың ішкі әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      11. Қағидалармен реттелмеген Қаржы активтерін бағалау тәртібін Қор Есеп саясатына, сондай-ақ 9 "Қаржы құралдары" және 13 "Әділ құнды бағалау" халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес анықтайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады