Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 1 қарашадағы № 359 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 7 қарашада № 30428 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 24.11.2022 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2022 жылғы 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
Е. Карашукеев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2022 жылғы 1 қарашадағы
№ 359 бұйрығымен
бекітілген

Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және ветеринария саласында биологиялық тәуекелдерді басқару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Әдістемеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер бетінің және топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуының, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін жай-күйі;

      2) биологиялық қауіпсіздік деңгейі – патогенді биологиялық агенттермен (бұдан әрі – ПБА) жұмыс істеуге байланысты инфекциялық аурулардың таралуын болғызбау және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейі;

      3) биологиялық тәуекелдерді бағалау – биологиялық тәуекелдерді басқару элементі және ПБА-мен жұмыс істеуге байланысты қызметтің әртүрлі салаларында қауіпті биологиялық факторлардың, құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің әсерінен теріс салдарлар туындауының алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығын білдіреді;

      4) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу (бұдан әрі – ПБА-мен жұмыс істеу) – ПБА-ны зерттеу, жою және (немесе) иммундық-биологиялық препараттарды әзірлеу мақсатында оларды бөлуге (табуға), әзірлеуге (жасауға), өндіруге (дайындауға), олардың айналымына (оның ішінде әкелуге (әкетуге), сақтауға, тасымалдауға) тікелей бағытталған ПБА-мен жұмыс істеу процестері (сатылары).

      3. Биологиялық тәуекелдерді бағалау сыртқы және ішкі болып бөлінеді.

      4. Биологиялық тәуекелдерді олардың деңгейіне қарай бағалау нәтижелері биологиялық тәуекелді жою не жол берілетін (қолайлы) деңгейіне дейін төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін пайдаланылады.

      5. Биологиялық тәуекелді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін, сондай-ақ биологиялық тәуекелдерге ішкі бағалауды жүргізу тиімділігін бақылау осы Әдістемеге сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Егер биологиялық тәуекелді талдау және бағалау кезінде адамның, жануарлардың өмірі мен саулығына зиянды әсер етуі анықталғанда, алайда қолда бар ғылыми деректер биологиялық тәуекел дәрежесін айқындау үшін жеткіліксіз болса, онда ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы биологиялық тәуекелді басқару бойынша ветеринариялық-санитариялық шаралар (бұдан әрі – ветеринариялық-санитариялық шаралар) қабылдайды.

      Ветеринариялық-санитариялық шаралар ғылыми деректерге, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттар мен ұсынымдарды ескере отырып айқындалатын адамның, жануарлардың өмірі мен саулығы үшін биологиялық тәуекелді объективті бағалауға негізделеді.

      Қолданылатын ветеринариялық-санитариялық шаралардың ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға баламалылығын бағалау кезінде нақты аурулардың таралуының ғылыми деректері, зерттеу (оның ішінде зертханалық) нәтижелері, мониторингі және аймақтардың, компартменттің болуы, өңірлендіру ескеріледі.

      Басқа мемлекеттердің ветеринариялық-санитариялық шаралары мынадай шарттар болған кезде баламалы деп танылады:

      1) қолданылатын ветеринариялық-санитариялық шаралардың ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға сәйкестігі;

      2) Қазақстан Республикасы аумағын жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуынан ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету.

      7. Биологиялық тәуекелдерге бағалау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 7-1/618 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10021 болып тіркелген) бекітілген Эпизоотиялық мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізілетін эпизоотиялық мониторинг деректері ескеріледі.

      8. Биологиялық тәуекелдерді сатылау адамдардың, жануарлардың саулығына ПБА-ның зиян келтіру ықтималдығын және туындаған салдарлардың ауырлығын айқындау арқылы биологиялық тәуекелдерді бағалауға негізделеді.

      9. Биологиялық тәуекелдерді сатылау ПБА-ның патогендігі және қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптамасына негізделеді:

      1) патогендігі I топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың өлім (өлім-жітім) деңгейі жоғары аса қауіпті инфекциялық ауруларын туғызатын, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, әдетте, оларға қатысты вакциналар және тиімді терапия құралдары жоқ ПБА;

      2) патогендігі II топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туғызатын, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді болатын ПБА. Бұл топ:

      аса қауіпті инфекциялық ауруларды;

      инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларды туғызатын ПБА болып бөлінеді;

      3) патогендігі III топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туғызатын, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге таралуы ең аз деп сипатталатын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді болатын ПБА;

      4) патогендігі IV топ – адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туғызатын, әдетте, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге таралмайтын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді болатын ПБА.

      Патогендігі ІІ топтағы ПАБ болып табылатын микроорганизмдердің аттенуацияланған (әлсіреген) штамдары патогендігі ІІІ топтағы ПАБ-қа жатады.

      Патогендігі ІІІ топтағы ПАБ болып табылатын микроорганизмдердің аттенуацияланған (әлсіреген) штамдары патогендігі IV топтағы ПАБ-қа жатады.

      10. Биологиялық тәуекелдер үш деңгейге бөлінеді:

      1) биологиялық тәуекелдің төмен деңгейі – инфекция жұқтырған организмнен сау организмге таралмайтын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді, адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туындатуға қабілетті ПБА-мен жұмыс істеу кезінде туындаған жағдай;

      2) биологиялық тәуекелдің орташа деңгейі – инфекция жұқтырған организмнен сау организмге таралуы ең аз, не инфекция жұқтырған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, оларға қатысты вакциналарды қоса алғанда, емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері қолжетімді, адамдардың және (немесе) жануарлардың инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туындатуға қабілетті, ПБА-мен жұмыс істеу кезінде туындаған жағдай;

      3) биологиялық тәуекелдің жоғары деңгейі – адамдардың және (немесе) жануарлардың өлім (өлім-жітім) деңгейі жоғары аса қауіпті инфекциялық ауруларын туғызатын, инфекция жұқтырған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, оның ішінде оларға қатысты вакциналар мен емдеудің және профилактиканың тиімді тәсілдері жоқ, ПБА-мен жұмыс істеу кезінде туындаған жағдай.

2-тарау. Биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалау

      11. Биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалауды (бұдан әрі – ішкі бағалау) ПБА-мен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер (бұдан әрі – субъект) ПБА-мен жұмыс істеу жөніндегі өз қызметіне қатысты жоспарлы түрде жылына кемінде бір рет және жоспардан тыс жүргізеді.

      12. Жоспардан тыс ішкі бағалау:

      1) оған қатысты биологиялық тәуекелді бағалау жүргізілмеген ПБА-мен жұмыс істеу жөніндегі қызмет;

      2) жаңа биологиялық объект, жаңа жабдық пайдалануға берілген және жұмыстарды жүргізу, қызметті жүзеге асыру, үй-жайларды реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) әдістері қолданылған кезінде жүзеге асырылады.

      13. Биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалау үшін субъект қызметкерлерінен топ (бұдан әрі – топ) құрылады.

      14. Ішкі бағалау шеңберінде биологиялық тәуекел деңгейі және оны жою не жол берілетін (қолайлы) деңгейіне дейін төмендету шаралары бағаланады.

      15. Ішкі бағалау нәтижелері бойынша топ биологиялық қауіпсіздік туралы қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) дайындайды.

      16. Қорытындыда:

      1) персонал мен жақын жерде тұратын халық үшін ықтимал қауіпті биологиялық объектінің биологиялық тәуекел дәрежесі туралы;

      2) ықтимал қауіпті биологиялық объектіде төтенше жағдайлардың туындау дәрежесі туралы;

      3) ықтимал салдарларды бағалау туралы;

      4) ықтимал қауіпті биологиялық объектідегі төтенше жағдайлардың алдын алу және төтенше жағдайларды жоюға дайындық жөніндегі іс-шараларды бағалау туралы;

      5) ықтимал қауіпті биологиялық объектідегі биологиялық тәуекелді төмендету және төтенше жағдайлардың салдарларын жеңілдету жөніндегі іс-шараларды бағалау туралы ақпарат көрсетіледі.

      17. Қорытындыға мыналар қоса беріледі:

      1) ықтимал қауіпті биологиялық объектідегі ықтимал төтенше жағдайлардан болатын салдарлар көрсетілген ахуалдық жоспар;

      2) биологиялық тәуекелді бағалау әдістерін көрсете отырып, әлеуетті қауіпті биологиялық объектінің биологиялық тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша есептемелер;

      3) персонал мен жақын жерде тұратын халық үшін әлеуетті қауіпті биологиялық объектінің биологиялық тәуекел дәрежесінің көрсеткіштерін негіздейтін және растайтын материалдар;

      4) төтенше жағдайлардың (табиғи және техногендік сипаттағы) биологиялық тәуекелінің ықтималдығы мен дәрежесі;

      5) биологиялық тәуекелдерді жою не жол берілетін (қолайлы) деңгейге дейін төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін ұсынымдар.

      18. Ішкі бағалау биологиялық тәуекелдерді басқару бағдарламасына (бұдан әрі – Бағдарлама) сәйкес жүргізіледі, онда субъект жұмыс істейтін биологиялық заттар мен материалдардың сипаттамасы, биологиялық тәуекелді бағалау әдіснамасы, рәсімдердің сипаттамасы, биологиялық тәуекелдерді төмендету жөніндегі шаралардың сипаттамасы және олардың мониторингі, субъектінің дезинфекциялық режимі, қалдықтармен жұмыс істеу схемасы, биологиялық материалды тасымалдау және қабылдау, төтенше және штаттан тыс жағдайлар кезінде ден қою тәртібі, персоналды жұқтырудан қорғау қамтылады.

      Қауіпсіздік және (немесе) биологиялық қорғау шараларын күшейтуді қажет ететін жаңа биологиялық объектіні, жаңа жабдықты, жұмыстарды жүргізудің жаңа әдістерін, қызметті жүзеге асыруды, үй-жайларды реконструкциялауды (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау), жаңа ПБА-ны әзірлеу және (немесе) енгізу кезінде Бағдарламаға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізіледі.

      19. Бағдарлама мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалау;

      2) ПБА-мен жұмыс істеуді есепке алу;

      3) кадрлық қамтамасыз ету және персоналдың құзыреті;

      4) нормативтік құқықтық негіз;

      5) физикалық қорғау элементтерін басқару;

      6) жабдықты басқару (тексеру, сертификаттау, калибрлеу, аттестаттау);

      7) қалдықтарды басқару;

      8) жұмыс ортасын құру, материалдар мен жабдықтар (инфрақұрылым элементтері (желдету, сумен жабдықтау, кәріз), сондай-ақ антисептикалық және дезинфекциялау құралдарының болуы).

      20. Персоналдың іс-қимылына қатысты Бағдарламаға жұмысқа тәжірибелі персоналды тарту, жұмысқа қабылдау кезінде алдын ала медициналық тексеру жүргізу, ПБА-мен жұмыс істеуге жіберу, диспансерлік бақылау, вакцинация (ревакцинация), күнделікті термометрия, жұмыскердің кәсіптік ауруы жағдайында эпидемияға қарсы, диагностикалық және емдеу-алдын алу іс-шараларын жүргізу арқылы персоналды тиімді басқару енгізіледі.

      21. Рәсімдерді басқару үшін субъект операциялық рәсімдер стандартын (бұдан әрі – ОРС) әзірлейді.

      ОРС биологиялық тәуекелдерді бағалауды ескере отырып, рәсімдерді орындаудың егжей-тегжейлі нұсқаулықтары мен әдістерін қамтиды.

      22. ПБА-мен жұмыс істеуді есепке алу мынадай тетіктер арқылы жүзеге асырылады:

      1) ПБА-ға қолжетімділік ПБА-мен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандар мен көмекші персоналға беріледі;

      2) ПБА-ны есепке алудың түгендеу құжаттарына қол жеткізу жұмысы осындай ақпаратқа қол жеткізуді талап ететін тұлғаларға ғана беріледі;

      3) ПБА-ны сақтау орындарын физикалық қорғау (ұйымдастырушылық іс-шаралардың, инженерлік-техникалық құралдардың және оларды қорғау жөніндегі іс-қимылдардың жиынтығы);

      4) ПБА-мен жұмыс істеуге байланысты барлық рәсімдерге ОРС әзірлеу.

      23. Физикалық қорғау элементтерін басқару персоналдың жұқтыруын болдырмау, ПБА-ны құқыққа сыйымсыз пайдалануға жол бермеу мақсатында жүзеге асырылады.

      24. Физикалық қорғау элементтерін басқару мыналарды қамтиды:

      1) бастапқы кедергілер қорғаныш жабдығы мен жеке қорғаныш құралдары арқылы құрылады және жұмыс істейтін персоналды, халықты және сыртқы ортаны қорғау үшін кедергіні қамтамасыз етеді;

      2) қайталама қорғаныш кедергілері аумақты, оъектіні және ПБА-ны немесе материалды сақтау орындарын қорғау үшін, ПБА-мен заңсыз (санкцияланбаған) жұмыс істеуге кедергі қоюды қамтамасыз ете отырып, оъектілерді жобалау және салу кезінде құрылады;

      3) ПБА-ны, сынамаларды, дақылдарды, биологиялық тәуекелдері жоғары химиялық реагенттерді сақтаған жағдайда қажетті қосымша қорғау шаралары (жабылатын есіктер, жабық тоңазытқыштар мен термостаттар, зертханаға бөгде адамдардың кіруін шектеу);

      4) обект үй-жайларының қорғалуы (күзеттің арнайы техникалық құралдары, дабыл сигнализациясы, кіруді бақылау; байқаудың бейнебақылау және бейнекүзет жүйелері, өрт сигнализациясы жүйелері, өрттерді автоматты түрде анықтау және сөндіру жүйелері) объектінің интеграцияланған қауіпсіздік жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады және қауіпсіздік жүйесінің барлық құрауыштарын (физикалық күзет, өзіндік қауіпсіздік қызметі, аумақтық ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарымен және өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимылы) ескере отырып, бағаланады;

      5) субъектінің басшысы қызметкерлерді ұйымда физикалық қорғау бойынша оқытуды және хабардар етуді қамтамасыз етеді;

      6) физикалық қорғауға жауапты адамдар қорғау құралдарының тиімділігіне тексеру жүргізеді.

      25. Ішкі бағалау мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ақпаратты жинау және талдау;

      2) биологиялық тәуекелдерді бағалау;

      3) биологиялық тәуекелдерді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділілігіне бақылау стратегиясын әзірлеу;

      4) биологиялық тәуекелдерді бақылау шараларын таңдау және орындау;

      5) биологиялық тәуекелдерді талдау және биологиялық тәуекелдерді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігі.

1-параграф. Ақпаратты жинау және талдау

      26. Жиналуы және талдануы тиіс ақпарат мыналарды қамтиды:

      1) жоспарланған іс-шараларды (рәсімдер, жабдықтар, жануарлармен жұмыс, ультрадыбыспен өңдеу, аэрозольдендіру және центрифугалау);

      2) персоналдың құзыреттілігін;

      3) ПБА-ның және өңделуі тиіс ықтимал қауіпті заттар мен материалдардың шоғырлануын және көлемін;

      4) ықтимал беру жолдарын;

      5) ПБА инфекциялық дозасын;

      6) ПБА-ның беруге қабілетін;

      7) ПБА жұқтыру ауырлығын;

      8) тиімді профилактикалық немесе терапиялық іс-шаралардың қолжетімділігін;

      9) объектіде және сыртқы ортада ПБА-ның тұрақтылығын;

      10) персоналдың сезімталдығын;

      11) ПБА иелерінің диапазонын (зооноздық ықтимал);

      12) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі жануарлар арасында ПБА-ның эндемикалығын;

      13) ПБА-ның "агрессивті" қасиеттерінің сипаттамасын;

      14) құжаттаманы және рәсімдерді;

      15) жұмыскерлердің теориялық білімі мен практикалық дағдыларын;

      16) объект аумағы мен ғимараттары (қажетті санитариялық-қорғаныш аймағының бар болуы, объектінің негізгі және қосалқы үй-жайларының, негізгі және резервтік инженерлік желілер мен коммуникациялардың жеткіліктілігін; ағындылықты, "қайталама" кедергілерді сақтау);

      17) жабдықтарды;

      18) персоналды ұжымдық және жеке қорғаныш құралдарын (қорғалған жабдық, "бастапқы" кедергілер, қорғалған роторы бар центрифугалар);

      19) қалдықтарды басқару рәсімін.

      27. Осы Әдістемеге 1-қосымшаға сәйкес патогенді биологиялық агенттің биологиялық қауіптілігінің ерекшелігін дайындау міндетті компонент болып табылады.

2-параграф. Биологиялық тәуекелдерді бағалау

      28. Биологиялық тәуекелдерді бағалау жиналған ақпарат негізінде:

      1) ПБА әсер ету және/немесе босату ықтималдығын және осындай оқиға салдарының ауырлығын анықтау;

      2) орындалатын жұмыстың, қызметті жүзеге асырудың бастапқы тәуекеліне әсер ету ықтималдығы мен салдарын айқындау;

      3) биологиялық тәуекелдерді анықтау;

      4) биологиялық тәуекелдерді бағалау нәтижесін ресімдеу жүргізіледі.

3-параграф. Биологиялық тәуекелдерді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бақылау стратегиясын әзірлеу

      29. Биологиялық тәуекелдерді бағалау нәтижелері бойынша биологиялық тәуекелдерді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін бақылау стратегиясы (бұдан әрі – Стратегия) айқындалады.

      30. Стратегияны таңдауды субъектінің басшысы анықтайды.

      31. Биологиялық тәуекелді жою мүмкін болмаған жағдайларда оны жол берілетін (қолайлы) деңгейге дейін төмендету және жұмыстардың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету, алмастыру, шектеу, жеке қорғау шаралары мен жабдықтарды қолдану арқылы қызметті жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданады.

4-параграф. Биологиялық тәуекелдерді бақылау шараларын таңдау және орындау

      32. Стратегияны әзірлегеннен кейін биологиялық тәуекелдерді бақылау жөніндегі шаралар таңдалады және енгізіледі.

      33. Егер мониторинг пен бағалау нәтижелері бойынша биологиялық тәуекелге жол берілмейтін болып танылса, онда ПБА-мен жұмыс істеу биологиялық тәуекелді төмендету жөніндегі шаралар әзірленгенге және қабылданғанға дейін дереу тоқтатылады.

      34. Субъект басшысы орындау мерзімдері мен жауапты адамдарды қамтитын биологиялық қатерлерді (қауіптерді) бейтараптандыру, биологиялық тәуекелдерді алдын алу және оларды төмендету, адамның қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен қорғалуын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) айқындайды.

      35. Жоспарды іске асыру кезінде Жоспарда көзделген іс-шаралардың тиімді орындалуын бақылауды жүзеге асыратын жауапты адам тағайындалады.

      Жоспарда көзделген іс-шаралардың тиімді орындалуына бақылауды жүзеге асыруға жауапты адам орындалған (орындалмаған) жұмыс нәтижелерін есепте тіркейді және оған қол қояды.

5-параграф. Тәуекелдерді талдау және биологиялық тәуекелдерді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігі

      36. Тәуекелдерді талдауды және биологиялық тәуекелдерді төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігін жауапты адам күнделікті мониторинг барысында жүзеге асырады.

      37. Биологиялық тәуекелдер мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және осы Әдістемеге сәйкес биологиялық тәуекелдерді анықтауды, талдауды, болжауды, бағалауды және саралауды (бөлуді) қамтиды.

      38. Биологиялық тәуекелдер мониторингінің деректері биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды іске асырудың тиімділігін бағалау үшін, биологиялық қатерлерді (қауіптерді) бейтараптандыру, биологиялық тәуекелдердің алдын алу және оларды төмендету, халықтың қауіпті биологиялық факторлардың, оның ішінде жоспарға енгізілетін әсерінен қорғалуын арттыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу үшін қолданылады.

3-тарау. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау

      39. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау (бұдан әрі – сыртқы бағалау) мынадай деңгейлерде жүргізіледі:

      1) республикалық деңгей (Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтиды) – ветеринария саласындағы уәкілетті органның ведомствосы;

      2) өңірлік деңгей (әкімшілік (облыс, астана және республикалық маңызы бар қала) шекаралармен шектелген аумақтарды қамтиды) – облыс, астана және республикалық маңызы бар қала деңгейіндегі ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі;

      3) жергілікті деңгей (ауданның, облыстық маңызы бар қаланың аумағын қамтиды) – ауданның, облыстық маңызы бар қаланың деңгейінде ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі;

      4) субъектінің деңгейі – субъектінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің ветеринария саласындағы уәкілетті органы ведомствосының аумақтық бөлімшесі.

      40. Сыртқы бағалауды жүргізу үшін:

      1) ветеринария саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің өкілдері;

      2) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың өкілдері;

      3) ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері тартылады.

      41. Сыртқы бағалауды жүргізу мақсатында комиссия құрылады. Комиссия осы Әдістеменің 40-тармағында көрсетілген тұлғаларды тарта отырып, кемінде 5 (бес) адамнан тұрады. Сыртқы бағалауды жүргізу кезінде комиссия сыртқы бағалауды жүргізудің әрбір жағдайы үшін оны жүргізу мерзіміне жеке құрылады.

      42. Сыртқы бағалау жылына кемінде бір рет кезеңділікпен күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі.

      43. Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 11) және 15) тармақшаларында көзделген биологиялық қауіп-қатерлер туындаған кезде жоспардан тыс сыртқы бағалау жүргізіледі.

      44. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды жүргізу мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) биологиялық қауіпсіздік саласындағы мәліметтер мен деректерді жинау;

      2) белгіленген биологиялық тәуекелдерді талдау;

      3) белгіленген биологиялық тәуекелдерді бағалау;

      4) биологиялық тәуекелдерді болжау (модельдеу);

      5) биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау нәтижелері туралы қорытынды дайындау.

      45. Биологиялық қауіпсіздік саласындағы мәліметтер мен деректерді жинау рұқсат беру жүйесінің, мемлекеттік бақылаудың, есептік құжаттаманың, жеке және заңды тұлғалар өтініштерінің, ішкі және сыртқы бағалау нәтижелерінің, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қарамағындағы ақпараттық жүйелердің деректері, сондай-ақ ашық көздерден алынған деректер бойынша жүзеге асырылады.

      46. Анықталған биологиялық тәуекелдерді талдау биологиялық тәуекелдердің себептері мен көздерін, олардың оң және теріс салдарларын және салдарлардың пайда болу ықтималдығын қарастыруды қамтиды. Анықталған биологиялық тәуекелдерді талдау шеңберінде олардың салдарлары мен пайда болу ықтималдығына әсер ететін факторлар анықталады.

      47. Анықталған биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалаудың мынадай индикаторларымен салыстыруды қамтиды:

      1) Заңның 5-бабы 1-тармағының 4), 7), 8), 9), 10), 12), 13) және 14) тармақшаларында көзделген биологиялық тәуекелдердің туындау жағдайлары;

      2) белгіленген және ықтимал биологиялық тәуекелдерді іске асыру;

      3) биологиялық тәуекелдің неғұрлым жоғары санатқа ауысуы;

      4) субъектілердің осы Әдістемеде белгіленген ішкі бағалауды жүргізу жиілігін сақтамауы;

      5) тұрақты бақылауды және мониторингті қажет ететін биологиялық тәуекелдерді қоспағанда, биологиялық тәуекелдерді төмендету серпінінің болмауы.

      48. Анықталған биологиялық тәуекелдерді бағалау нәтижелері бойынша Заңның 9-бабының 3) тармақшасына сәйкес бекітілетін Биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингтеуді жүргізу және болжау (модельдеу) қағидаларына сәйкес биологиялық тәуекелдерді болжау (модельдеу) жүргізіледі.

      49. Сыртқы бағалау нәтижелері бойынша осы Әдістемеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау нәтижелері туралы қорытынды ресімделеді.

  Биологиялық тәуекелдерді
басқару әдістемесіне
1-қосымша

Патогенді биологиялық агенттің биологиялық қауіптілігінің ерекшелігі

      Қалыптастырды (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі, лауазымы)

      Қалыптастырылған күні:

      1. Патогенді биологиялық агент (бұдан әрі – ПБА) туралы жалпы ақпарат

      Типі:

      Тұқымдас:

      Тегі:

      Түрі:

      Басқасы (серотип, биовар және т.б.):

      Морфология:

      Спора түзілуі:

      Жасушаішілік оқшаулау:

      Агенттің концентрациясы:

      Зертханалық инфекция жұқтыру туралы есептер (клиникалық есептер):

      2. Денсаулыққа қатер

      Тәуекел тобы:

      Адамдарда туындаған ауру:

      Адам патогені:

      Жерүсті жануарларының патогені:

      Су жануарларының патогені:

      Балара патогені:

      Жануарлардың басқа түрлерінің патогені:

      Инфекцияларды тудырады:

      Тіркеуге жататын ауруды тудырады:

      Хабарлама берілетін ауруды тудырады:

      Дереу хабарлама берілетін ауруды тудырады:

      Өлімге әкелетін ауруды тудырады:

      Бастапқы қатерлер:

      Биологиялық материалдар – жұқтыру көзі:

      Арнайы қатерлер:

      Инфекция берудің табиғи жолдары:

      Инкубациялық кезең:

      Негізгі белгілері:

      3. Биологиялық қауіпсіздік

      Оқшаулау саясаты:

      Патогендігі:

      Аэрозольдейтін патоген болып табылады:

      Инфекция жұқтыратын доза:

      Зооноз болып табылады:

      Резервуар:

      Тасымалдаушылар:

      Беру:

      Инфекциялылығы:

      Жеке қорғану құралдары:

      Вакциналау:

      Ерекше сақтық шаралары:

      Қоршаған ортадағы агенттің тұрақтылығы:

      Сақтау:

      Кәдеге жарату:

      4. Тұрақтылық

      Бактерияға қарсы препараттарға сезімталдық:

      Бактерияға қарсы препараттарға төзімділік:

      Дезинфектанттарға сезімталдық:

      Физикалық инактивация:

      Қожайынның организмінен тыс өмір сүру:

      5. Оқиғалар:

      Төгу кезіндегі іс-қимылдау:

      Байланыстан кейінгі алдын-алу:

      Профилактикалық емдеу:

  Биологиялық тәуекелдерді
басқару әдістемесіне
2-қосымша
  Нысан

Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау нәтижелері туралы қорытынды

 №

Сыртқы бағалау тиімділігінің индикаторлары

Ескертпе

1.

Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) тармақшаларында көзделген негізгі биологиялық қауіп-қатерлердің туындауы


2.

Белгіленген және ықтимал биологиялық тәуекелдерді іске асыру


3.

Биологиялық тәуекелдің жоғары санатқа ауысуы


4.

Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын субъектілердің биологиялық тәуекелдерге ішкі бағалауды жүргізу жиілігін сақтамауы


5.

Тұрақты бақылауды және мониторингті талап ететін биологиялық тәуекелдерді қоспағанда, биологиялық тәуекелдерді азайту динамикасының болмауы


      Қорынтынды (тиімді/тиімдісіз):

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      Комиссия мүшелері:

      _________________________ ______________ ________________________________

      (лауазымы)             (колы)             (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі)

      ________________________ _______________ ________________________________

      (лауазымы)             (колы)             (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі)

      _________________________ _______________ _______________________________

      (лауазымы)             (колы)             (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі)

      ________________________ _______________ ________________________________

      (лауазымы)            (колы)             (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі)

      _________________________ _______________ _______________________________

      (лауазымы)             (колы)             (аты, әкесінің аты (бар болса), тегі)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады