Өндіруші немесе импорттаушы қолданатын қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 9 қарашадағы № 688 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 10 қарашада № 30483 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 386-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Өндіруші немесе импорттаушы қолданатын қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. "Қалдықтарды жинаудың, қайта өңдеудің және кәдеге жаратудың меншікті жүйесін қолдану талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 761 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12669 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқару мемлекеттік саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
С. Брекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
2022 жылғы 9 қарашадағы
№ 688 Бұйрығымен
бекітілген

Өндіруші немесе импорттаушы қолданатын қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесіне қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Өндіруші немесе импорттаушы қолданатын қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта пайдалануға дайындау, сұрыптау, өңдеу, қайта өңдеу, залалсыздандыру және (немесе) кәдеге жарату жүйесіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 386-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және онда өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын өнім (тауарлар) (бұдан әрі – өнім (тауарлар) тұтыну қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болған қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесіне қойылатын талаптар белгіленеді.

      2. Қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесін қолдану - Кодекстің 386-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен өнімнің (тауарлардың) жекелеген түрлерінің тізбесі бойынша өнімнің жекелеген түрлерін (тауарларын) Қазақстан Республикасының аумағында өндіруді және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрі – өндіруші (импорттаушы) мұндай өнім (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болған қалдықтарды пайдалану, сұрыптау, өңдеу, қайта өңдеу, залалсыздандыру және (немесе) кәдеге жаратуды қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуде.

2-тарау. Өндіруші немесе импорттаушы қолданатын қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесіне қойылатын талаптар

      3. Қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесі өнім (тауарлар) тұтынушылық қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болған қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта пайдалануға дайындау, сұрыптау, өңдеу, қайта өңдеу, залалсыздандыру және (немесе) кәдеге жарату бойынша меншікті инфрақұрылым объектілерін ұйымдастыру жолымен жүзеге асырылады.

      4. Қалдықтарды жинаудың, тасымалдаудың, қайта пайдалануға дайындаудың, сұрыптаудың, өңдеудің, қайта өңдеудің, залалсыздандырудың және (немесе) кәдеге жаратудың меншікті жүйесін қолданған кезде өндіруші (импорттаушы) мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) қалдықтарды пайда болдырушылардан осы қалдықтарды бөлек жинап алуды енгізу арқылы оларды жинауды;

      Қалдықтарды қабылдау пункттерінде қойма орынжайлары, залалсыздандыру құралдары болады.

      2) өнім (тауарлар) тұтыну қасиеттерін жоғалтқаннан кейін пайда болған қалдықтарды одан әрі өңдеу, залалсыздандыру, қайта пайдалану және (немесе) кәдеге жарату үшін тасымалдауды;

      Тасымалдау кезінде қалдықтардың түрін, мөлшерін, қасиеттерін, мақсаты мен тағайындалған орнын көрсете отырып, оларды есепке алу қамтамасыз етіледі.

      3) қалдыққа айналмаған өнімді немесе оның компоненттерін осындай өнім немесе оның компоненттері жасалған мақсатқа сәйкес қайта пайдалануға дайындауды;

      4) жекелей немесе жинағанға дейін, жинау кезінде пайда болған қалдықтар жиналып қалған жағдайда және (немесе) қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою операциялары жүргізілетін объектілерде жүзеге асырылатын қалдықтарды олардың түрлері және (немесе) фракциялары бойынша бөлу не олардың компоненттері бойынша бөлу арқылы сұрыптауды;

      5) одан әрі басқаруды жеңілдету мақсатында және жекелей немесе жинағанға дейін, жинау кезінде пайда болған қалдықтар жиналып қалған жағдайда және (немесе) қалдықтар қалпына келтіру немесе жою операцияларына ұшырайтын объектілерде жүзеге асырылатын қалдықтарды олардың сипаттамаларын өзгертетін физикалық, термиялық, химиялық немесе биологиялық әсерге ұшырату арқылы өңдеуді;

      6) Қазақстан Республикасының аумағында қалдықтарды қайта өңдеуді және (немесе) кәдеге жаратуды. Өндіруші (импорттаушы) тиісті жартыжылдықта өткізілген немесе импортталған өнім (тауар) массасының және оның қаптамасының кемінде отыз пайызын қайта өңдеуді қамтамасыз етеді.

      7) қалдықтардың қауіпті қасиеттерін азайту немесе жою үшін оларды залалсыздандыруды;

      8) жиналған, тасымалданған, қайта өңделген, залалсыздандырылған, пайдаланылған және (немесе) кәдеге жаратылған қалдықтарды (түрі, мөлшері, қасиеттері) тұрақты есепке алуды.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 27.01.2023 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады