ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық Кодексі) 293-бабының 4-3-тармағына және 709-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен және ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден кірісті айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы № 1287 Бұйрықпен бекітілген |
Есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен және ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден кірісті айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен және ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден кірісті айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 293-бабының 4-3-тармағына және 709-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және есептелген корпоративтік табыс салығының (бұдан әрі – КТС) сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен және ақпараттандыру саласында қызметтер көрсететін "Астана Хаб" және АЭА қатысушыларының кірістерін анықтау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
1) арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – АЭА қатысушысы) – Салық кодексінің 708-бабының 1 немесе 2-тармақтарында көзделген шарттарға сәйкес келетін заңды тұлға;
2) арнайы экономикалық аймақ аумағындағы қызметтің басым түрлері – "Арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақ бөлінісінде қызметтің басым түрлерінің тізбесін, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына сәйкес келетін, арнайы экономикалық аймақ бөлінісінде қызметтің басым түрлерінің тізбесіне қызметтің басым түрлерін енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы №142 бұйрығымен бекітілген арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына сәйкес келетін қызметтің басым түрлерінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлері (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16588 болып тіркелген);
3) "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің басым түрлері – "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесін және меншікті өндірістің өлшемшарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі № 37/НҚ бұйрығымен бекітілген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлері (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18523 болып тіркелген);
4) "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркінің қатысушысы (бұдан әрі – "Астана Хаб" қатысушысы) – Салық кодексінің 293-бабының 4-3-тармағында көзделінген шарттарға сәйкес келетін заңды тұлға;
5) аутсорсинг – зияткерлік меншік объектілерін құру үшін қажетті жекелеген функцияларды үшінші тұлғаларға беру;
6) зияткерлік меншік объектілері – "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен қорғалатын бағдарламалық қамтылым, сондай-ақ "Астана Хаб" және АЭА қатысушылары үшін көзделген қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын, "Қазақстан Республикасының Патенттік заңы" Қазақстан Республикасының Заңымен қорғалатын, ақпараттық салада, өнеркәсіптік үлгі, пайдалы модель, өнертабушылық.
2-тарау. Есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен кірісті айқындау тәртібі
3. Есептелген КТС сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен кірісті зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің айрықша мүліктік құқықтары болған кезде айқындалады және мыналардан:
1) зияткерлік меншік объектілерін өткізу;
2) зияткерлік меншік объектісімен тауарларды өткізу;
3) зияткерлік меншік объектілері бойынша роялти;
4) құқық иеленушінің және зияткерлік меншік объектілері бойынша патент иеленушінің құқықтарын бұзғаны үшін таңылған өтемақыларды;
5) зияткерлік меншік объектілерін коммерциялық мақсаттарда пайдалануға байланысты олардан түсетін кірістерді (мобилді қосымшаларда және өзге де зияткерлік меншік объектілерінде жарнаманы орналастырудан түсетін кірістер, ойын ішіндегі активтерді сату, зияткерлік меншік объектісіне кіріктірілген қосымша функционалды немесе ақылы контентті сатудан түскен кірістерді қамтиды.
Халықаралық іскерлік операциялар мен халықаралық іскерлік операциялармен байланысты мәмілелер жасасу кезінде зияткерлік меншік объектілері бойынша мұндай объектілерден түсетін кіріс "Трансферттік баға белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Трансферттік баға белгілеу туралы Заң) 10 және 12-баптарын ескере отырып айқындалады.
4. Есептелген КТС сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен кірісті айқындау кезінде мынадай шығыстар:
зияткерлік меншік объектісіне байланысты жұмсалынған шығыстар;
өзара байланысты тараптар болып табылмайтын тұлғаларға аутсорсингке арналған шығыстар;
Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан өзара байланысты аутсорсингке арналған шығыстар;
зияткерлік меншік объектісін сатып алуға арналған шығыстар ескеріледі.
5. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген шығыстарға, оның ішінде зияткерлік меншік объектісі бойынша жұмыстар басталған күннен бастап алдыңғы салық кезеңдерінде шеккен шығыстар жатады.
6. Зияткерлік меншік объектілері бойынша халықаралық іскерлік операцияларды және халықаралық іскерлік операциялармен байланысты мәмілелерді жасау кезінде, осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген шығыстар Трансферттік баға белгілеу туралы Заңның 10 және 12-баптары ескеріле отырып айқындалады.
7. Есептелген КТС сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын зияткерлік меншік объектілерінен кіріс, осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделінген кіріс сомасының және өзара байланыс коэффициентінің (n) туындысы ретінде айқындалады, ол мынадай формула бойынша есептеледі:
a - d-де көрсетілген шығыстарды қоспағанда, зияткерлік меншік объектісіне байланысты шеккен шығыстар;
b - өзара байланысты тараптар болып табылмайтын тұлғаларға аутсорсинг шығыстары;
c - Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан өзара байланысты тараптарға аутсорсинг шығыстары;
d - зияткерлік меншік объектісін сатып алу шығыстары.
Өзара байланысты тараптар Салық кодексінің 1-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалады.
Пайыздарды төлеу, жалпы әкімшілік шығыстар, мүлікке байланысты шығыстар және зияткерлік меншік объектілеріне тікелей байланысты емес басқа да кез-келген шығыстар өзара байланысты коэффициентті айқындау кезінде шығыстар ретінде қосылмайды.
Егер өзара байланысты коэффициентінің мәні 1-ден үлкен болса, онда ол 1-ге тең деп есептеледі.
8. "Астана Хаб" немесе АЭА қатысушылары Салық кодексінің 293-бабының 4-3-тармағы және 709-бабының 6-тармағымен көзделген қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын зияткерлік меншік объектілерінен түсетін табыстар және қызметтен түсетін табыстар бойынша салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің бөлек салықтық есебін (зияткерлік меншіктің әрбір объектісі бойынша) жүргізеді.
Бұл ретте "Астана Хаб" және АЭА қатысушылары салықтық есепке алу саясатында қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын зияткерлік меншік объектілеріне жататын шығыстарды және Салық кодексінің 293-бабының 4-3-тармағы және 709-бабының 6-тармағымен көзделген өзге де қызмет бойынша шығыстарды бөлу тәртібін көрсетеді.
9. Салық міндеттемесін есептеу үшін бөлек салық есебін жүргізу кезінде "Астана Хаб" және АЭА қатысушылары мыналарды:
1) әрбір зияткерлік меншік объектісі бойынша – салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу үшін салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді салықтық есепке алуда көрсетілуін;
2) "Астана Хаб" және АЭА қатысушысының қызметі бойынша тұтас алғанда КТС бойынша бірыңғай декларацияны және оған тиісті қосымшаларды әрбір зияткерлік меншік объектісі бойынша табыс етілуін қамтамасыз етеді.
3-тарау. Есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден кірісті айқындау тәртібі
10. Есептелген КТС сомасын 100 пайызға азайту қолданылатын ақпараттандыру саласында қызметтер көрсетуден кіріске, мынадай қызметтердің басым түрлерін:
1) бағдарламалық қамтамасыз етуді зерттеу, талдау жүргізу, жобалау, бейімдеу және теңшеу жөніндегі қызметтер;
2) техникалық қолдау бойынша қызметтер;
3) деректерді түрлендіру және көшіру бойынша қызметтер;
4) бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту қызметтері;
5) бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеу бойынша қызметтер;
6) бағдарламалық қамтамасыз етуді түзету жөніндегі қызметтер;
7) бағдарламалық жасақтаманы пайдаланушыларды оқыту қызметтерін жүзеге асыру нәтижесінде алынған кірістер жатады.
Бұл ретте "Астана Хаб" және АЭА қатысушыларының жүзеге асыратын қызметі бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкестігі:
1) Қазақстан Республикасы аумағында қызметті жүзеге асыру. Осы тармақшаның мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында қызметті жүзеге асыру қорытындысы:
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәмілелер жасасу;
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскерлермен еңбек шарттары;
2) нақты жүзеге асыру үшін қажетті штаттық қызметкерлер санымен қызметті жүзеге асыру;
3) "Астана Хаб" және АЭА қатысушысының қызметкерлерінде нақты жүзеге асыру үшін қажетті біліктіліктің және (немесе) еңбек өтілі, және (немесе) тәжірибенің болуы;
4) "Астана Хаб" немесе АЭА қатысушысының жұмсалған шығыстар көлемінің іс жүзінде қызметті жүзеге асыру үшін қажетті шығыстар көлеміне сәйкестігі болып табылады.
11. Осы Қағидалардың 10-тармағының екінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларымен көзделген шарттарға "Астана Хаб" және АЭА қатысушыларының сәйкестігі туралы растауды АЭА қатысушысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде немесе "Астана Хаб" қатысушысының бизнес-жоспарында көрсетілген көрсеткіштердің нақты көрсеткіштерге сәйкес болған кезінде "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі немесе Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясы береді.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде немесе бизнес-жоспарда көрсетілген мәлімделген көрсеткіштерден нақты көрсеткіштердің 20 пайыздан астам ауытқу болған кезде мұндай растау берілмейді.