Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 2022 жылғы 17 наурыздағы № 15/1 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 26 сәуірде № 27759 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 8/6 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 26.12.2023 № 8/6 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес, Сандықтау аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қоса беріліп отырған қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Сандықтау аудандық мәслихатының хатшысы Г.Кадырова

  Сандықтау аудандық
мәслихатының
2022 жылғы 17 наурыздағы
№ 15/1 шешімімен
бекітілген

Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 қаулысына (бұдан әрі-үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      2. Осы Үлгілік қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес

      мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Сандықтау ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – мөлшері бойынша Ақмола облысының статистика органдары есептейтін облыстардағы мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – "Сандықтау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      3. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және 10-баптың 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-баптың 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-баптың 1-тармағының 2) тармақшасында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 08.11.2022 № 25/2 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 9 мамыр - Жеңіс күні;

      3) 1 қазан – Қарттар күні;

      4) Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні қазан айының екінші жексенбісі;

      5) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні;

      6) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 08.11.2022 № 25/2 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына ақшалай төлемдер түрінде бір рет көрсетіледі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай:

      басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      2) 9 мамыр – Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      еңбек ардагерлеріне;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші қолданылатын басқа тұлғаларға;

      1941 жылғы 22 маусым-1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және бұрынғы еңбек сіңірген Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін КСР Одағы;

      3) Қарттар күніне – 1 қазан:

      ең төменгі мөлшерден төмен зейнетақы мөлшері бар зейнеткерлерге;

      4) Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күніне – қазан айының екінші жексенбісі:

      барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдарға;

      5) Тәуелсіздік күніне – 16 желтоқсан:

      басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге;

      "Күміс Алқа" және "Алтын Алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар;

      құрамында төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасылар;

      "Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан адамдарға;

      6) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне:

      саяси қуғын-сүргін құрбандарына.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 08.11.2022 № 25/2 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      7. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет келесі санаттар бойынша көрсетіледі:

      1) жан басына шаққандағы орташа табысына қарамастан, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтарға өтініші бойынша:

      онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға операциядан кейінгі емдеуге он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде уәкілетті ұйымның анықтамасы негізінде онкологиялық стационар жағдайында арнайы емдеуден өтетін ауру тарихынан үзінді көшірме негізінде;

      Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі Министрлігінің Ақмола облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің Сандықтау ауданының Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің өрт туралы анықтама немесе табиғи апаттың фактісін растайтын құжаттың негізінде өрт немесе табиғи апаттар нәтижесінде зардап шеккендер азаматтарға өрт немесе табиғи апат болған кезінен жыл ағымында, елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары және халықтың әлеуметтік осал топтары бар аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, колледждерде күндізгі оқу нысаны бойынша ақылы негізде оқитын, оқуға ақы төленетін, жылдық оқу құны мөлшерінде оқитын студенттерге оқу орнымен жасалған шарттың негізінде, оқу орнынан анықтама және өтініш берушінің (отбасының) көрсетілген санатқа жататынын растайтын анықтама;

      Қазақстан аз қамтылған, құрамында төрт және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалаы бар көп балалы отбасыларынан және халықтың әлеуметтік осал топтарынан Қазақстан Республикасының жоғары медициналық оқу орындарында күндізгі оқу формасында, ақылы негізде оқитын студенттерге оқу ақысы үшін жыл сайынғы оқудың ақысы мөлшерінд. Төлем өтініш берушінің (отбасының) көрсетілген санатқа жататынын растайтын анықтаманың, оқу орнынан анықтаманың, оқу орнымен жасалған шарттың және аудан әкімдігі, студент және жұмыс беруші арасындағы шарттың көшірмесі негізінде жүргізіледі;

      әлеуметтік – құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасы негізінде босату туралы анықтама беру бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа мемлекеттердің аумағында жауынгерлік әрекеттер ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне, жасы 18-ге дейін мүгедектігі бар баланы тәрбиелейтін тұлғаларға, "Күміс Алқа" және "Алтын Алқа" алқалармен марапатталған көп балалы аналарға ақшалай формасында шипажайлық-курорттық емделуге, ағымды қаржылық жылға қарастырылған сомасы шегінде.

      2) өтініш бойынша жан басына шаққандағы орташа табысты ескере отырып, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтарға беріледі:

      жан басына шаққандағы орташа табысы осы кезде отбасының әрбір мүшесіне белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі отбасыларға (азаматтарға) өтініші бойынша ұзақ мерзімді емделуден өту кезінде он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (тоқсан сайын);

      өмірлік қиын жағдай туындаған кезде жан басына шаққандағы орташа табысы отбасының әрбір мүшесіне белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен көпбалалы отбасыларға өтініш бойынша он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      3) өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, жан басына шаққандағы орташа табысына қарамастан, ай сайын өтініш бермей:

      Уәкілетті ұйым тізімінің негізінде туберкулезбен ауыратын науқастарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған азаматтарға (балаларға) уәкілетті ұйымның тізімі негізінде он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      көп балалы отбасыларға ауданішілік жолаушылар көлігінің маршруттарында жол жүру төлемін өтеу үшін ауданішілік жолаушылар көлігінің маршруттарында жол жүргенін растайтын құжаттарды (жан басына шаққандағы орташа табысына қарамастан) ұсынған кезде 100 пайыз мөлшерінде.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 08.11.2022 № 25/2 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері облыстың жергілікті атқарушы органдарының келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      11. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса Үлгілік қағидаларға сәйкес құжаттарды ұсынады.

      12. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Сандықтау ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      13. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) Сандықтау ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      14. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      15. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады