"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес, Сандықтау аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
2. Күші жойылды деп танылсын:
Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының "Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2022 жылғы 17 наурыздағы № 15/1 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27759 болып тіркелген);
Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының "Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 2022 жылғы 17 наурыздағы № 15/1 "Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2022 жылғы 8 қарашадағы № 25/2 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30518 болып тіркелген).
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сандықтау аудандық мәслихатының төрағасы | Г.Мустафина |
Сандықтау аудандық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 8/6 шешімімен бекітілген |
Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзірленді және Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидалар Сандықтау ауданы аумағында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.
3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Сандықтау ауданы әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;
3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
4) әлеуметтік көмек – Сандықтау ауданы әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай нысанда көрсететін көмек;
5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкiлеттi орган – "Сандықтау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
9) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 22.05.2024 № 12/6 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.4. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.
5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.
6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін мереке күндері мен атаулы күндер тізбесі:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;
3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні;
4) 9 мамыр - Жеңіс күні;
5) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;
6) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні;
7) 1 қазан – Қарттар күні;
8) Қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні;
9) 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні;
10) 1-2 қаңтар - Жаңа жыл.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:
1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі не әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;
2) ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
3) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
4) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.
Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезде жергілікті өкілді орган бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің тізбесін басшылыққа алады.
8. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмектің мөлшерін жергілікті өкілді орган облыс жергілікті атқарушы органымен келісу бойынша бірыңғай мөлшерде белгілейді.
9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды, ол оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындыда көрсетеді.
10. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей жылына 1 рет азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:
1) 15 ақпан - Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне:
басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күніне:
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) 9 мамыр - Жеңіс күніне:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, 1500000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына, 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
5) 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне:
саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына және саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендерге, 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) 29 тамыз - Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) 1 қазан - Қарттар күніне:
ең төменгі және ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен зейнеткерлерге 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) Қазан айының екінші жексенбісі - Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күніне:
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға, 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне:
Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) 1-2 қаңтар - Жаңа жылға:
мүгедектігі бар балаларға, 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
11. Әлеуметтік көмек толық мемлекеттік қолдаудағы адамдарды қоспағанда, мұқтаж азаматтардың келесі санаттарына өтініш бойынша көрсетіледі:
1) кірістерді есепке алмағанда:
дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) бір рет үш айдан кешіктірмей 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған әлеуметтік маңызы бар аурулары (адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауру, туберкулез, қатерлі ісіктер, бірінші типті қант диабеті) бар адамдарға (отбасыларға) аурулардың бір түрі бойынша жылына 1 рет 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
амбулаториялық емдеудегі белсенді нысандағы туберкулез ауруы бар адамдарға ай сайын 6 айдан артық емес 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
диспансерлік есепте тұрған адамның иммунитет тапшылығы вирусы (АИВ) тудыратын ауруды жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға бір рет, босатылған күннен бастап үш айдан кешіктірмей 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Қазақстан Республикасының колледждерінде күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын мүгедектігі бар адамдарға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу орнынан анықтама негізінде жылына 1 рет оқу құнының 100 (жүз) пайызы мөлшерінде;
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 және 7 – баптарында көрсетілген адамдарға, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда Қазақстан Республикасы шегінде санаторийлік-курорттық емделуге жолдама құнын өтеуге төлем туралы құжаттар негізінде жылына 1 рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6 және 7 – баптарында көрсетілген адамдарға, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген тәртіпте ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргіндерге ұшыраған адамдарға, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол немесе автомобиль жолаушылар көлігімен госпитальға емделуге екі жаққа жол жүру құнын өтеуге жөнелту станциясынан және емдеуге жатқызу орнына дейін және кері қайтуға растайтын құжаттарды ұсынған кезде жылына 1 рет 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген адамдарға, Қазақстан Республикасы шегінде жылына 1 рет төлем туралы құжаттар негізінде тіс протездеу құнын өтеуге 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
"Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабында көрсетілген адамдарға коммуналдық қызметтер үшін шығындарға ай сайын 100 (жүз) пайыз мөлшерінде;
2) кірістерді ескере отырып, жылына 1 рет:
жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан, Қазақстан Республикасының колледждерінде күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын студенттерге оқу орнынан анықтама негізінде оқу құнының 100 (жүз) пайызы мөлшерінде;
жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан, Қазақстан Республикасының жоғары медициналық оқу орындарында күндізгі нысан бойынша ақылы негізде оқитын студенттерге оқу орнынан анықтама негізінде оқу құнының 100 (жүз) пайызы мөлшерінде;
жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен адамдарға (отбасыларға) 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 22.05.2024 № 12/6 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
13. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;
3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді орган белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.
14. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Сандықтау ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
15. Әлеуметтік көмек:
1) алушы қайтыс болған;
2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
16. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
17. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.