"Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету және оның тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 10 желтоқсандағы № 135 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 14 ақпандағы № 57 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 17 ақпанда № 31927 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету және оның тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 10 желтоқсандағы № 135 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17918 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету және оның тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидаларында:

      3-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "3. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ұсыну бойынша Академияның ақылы қызмет түрлеріне мыналар:

      1) қосымша білім беру бағдарламаларын, оның ішінде шетелдіктер үшін әзірлеу, іске асыру (кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, қабылдау емтиханына дайындау);

      2) ғылыми зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу;

      3) оқу-әдістемелік, баспа және полиграфиялық өнімдерді әзірлеу және (немесе) өткізу;

      4) мемлекеттік жалпыға білім беру стандарттары талаптарынан тыс жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру, оның ішінде ақылы негізде өзге азаматтық жоғары білім беру мекемелері докторанттарының пререквизиттер мен постреквизиттерді тапсыруы, диссертация қорғауы, сондай-ақ шетелдіктер үшін;

      5) көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың, симпозиумдардың, курстардың, тренингтердің, дөңгелек үстелдердің және өзге де іс-шаралардың материалдарын өткізу, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды (оның ішінде онлайн өткізуді) ұйымдастыру, өткізу немесе осындай шараларға дәрісші ретінде қатысу жатады.";

      9-тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "9. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшалай қаражат мынадай:

      1) зерттеулер жүргізу үшін шығыс материалдарын, жабдықтарды және бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу;

      2) баспа және полиграфиялық өнімдерді дайындау мақсатында шығыс материалдары мен жабдықтарын сатып алу;

      3) оқу процесін ұйымдастыру үшін оқу құралдарын, көрнекі материалдар, сондай-ақ жабдықтар, техникалық оқыту құралдарын сатып алу;

      4) докторанттардың ғылыми зерттеулерінің, диссертациялық зерттеулерінің жарияланымдарын дайындау және нәтижелерін жариялау;

      5) ұжымдық пайдаланудағы ғылыми зертханалардың, зерттеулерді орындау үшін қажетті ұйымдардың көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу, оның ішінде конференцияларға қатысу үшін ұйымдастырушылық жарналар;

      6) ғылыми зерттеулер жүргізу, оқу-әдістемелік құралдар (әдістемелік, практикалық ұсынымдар) әзірлеу, ведомстволық журналдардың макеттерін дайындау шеңберінде редактор, корректор, дизайнер, беттеуші (мемлекеттік және шет тілдеріне) қызметтеріне ақы төлеу;

      7) зерттеу жүргізу үшін үй-жайларды, жабдықтарды, техниканы жалға алу;

      8) зерттеу процесінде пайдаланылатын жабдықтар мен техниканы күтіп- ұстау;

      9) барлық салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді қоса алғанда, ғылыми зерттеу жүргізуге қатысатын зерттеу тобы басшысының және мүшелерінің, ведомстволық журналдардың редакциялық алқалары мүшелерінің еңбегі үшін сыйақы;

      10) ақылы негізде көрсетілетін қызметтер мен жұмыстарды іске асыру үшін тартылатын мамандарға еңбекақы, Академия қызметкерлеріне сыйақы төлеу;

      11) ғылыми-білім беру іс-шараларын (конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер) өткізу, кофе-брейк ұйымдастырып, кәдесый, геральдикалық өнім, естелік сыйлықтарды қоса сатып алу;

      12) ғылыми зерттеулер жүргізу шеңберінде банк қызметтеріне ақы төлеу;

      13) оқу-материалдық базаны нығайту;

      14) қосымша оқу бағдарламалары бойынша оқу процесін ұйымдастыру, оқыту тренингтерін, семинарларын өткізу;

      15) Академияның оқу, ғылыми және әдістемелік материалдарын, ведомстволық журналдарын басып шығару;

      16) Академия қызметкерлерінің біліктілігін арттыру;

      17) "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іс-сапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іс-сапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысында белгіленген іс-сапар шығыстарын өтеу нормалары шегінде іс-сапар шығыстары, оның ішінде халықаралық іс-сапар шығыстары;

      18) бейнероликтер, бейнефильмдер, аудиожазбалар дайындау;

      19) ғылыми-білім беру іс-шараларына, жарыстарға, олимпиадаларға, оның ішінде халықаралық жарыстарға қатысушылардың тамақтануына арналған шығыстарды жабу;

      20) көлік қызметтеріне ақы төлеу;

      21) кітапхана қорларын толықтыру үшін электрондық коллекциялар мен дерекқорларды сатып алу;

      22) ғылыми еңбектерді, құралдарды, ведомстволық журналдар макеттерін рецензиялау, түзету, редакторлық оқу бағыттары бойынша жұмсалады.".

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы (бұдан әрі - Академия):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Академия ректорына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
Б. Асылов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары білім министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады