Салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2023 жылғы 7 наурыздағы № 82/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 9 наурызда № 32030 болып тіркелді

      "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Салалық көтермелеу жүйесі бекітілсін.

      2. "Көтермелеудің салалық жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 22/НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19929 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а.
А. Оразбек

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің м.а.
2023 жылғы 7 наурыздағы
№ 82/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Салалық көтермелеу жүйесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Салалық көтермелеу жүйесі (бұдан әрі – Жүйе) "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Геодезия және картография комитетінің (бұдан әрі – Комитет), жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік кәсіпорындардың және геодезия және картография саласындағы басқа ұйымдар мен бірлестіктердің жұмыскерлерін (бұдан әрі – геодезия және картография саласының жұмыскерлері) көтермелеу рәсімдерін нақтылайды.

      2. Көтермелеу геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы жұмыскерлердің еңбегін ынталандырудың нысаны болып табылады.

      3. Геодезия және картография саласының жұмыскерлерін көтермелеу мақсатында көтермелеудің мынадай түрлері белгіленеді:

      1) "Құрметті геодезист" төсбелгісі;

      2) "Құрметті картограф" төсбелгісі;

      3) "Үздік геодезист" төсбелгісі;

      4) "Үздік картограф" төсбелгісі;

      Төсбелгілер осы Жүйеге 1-қосымшаға сәйкес сипаттама бойынша дайындалады.

2-тарау. Көтермелеу үшін материалдарды дайындау

      4. Төсбелгілермен марапаттау жөніндегі ұсыныстарды қарау үшін Комитетте мүшелері тақ саннан құралған комиссия құрылады, оны Комитет төрағасының орынбасары басқарады.

      5. "Құрметті геодезист", "Құрметті картограф", "Үздік геодезист" және "Үздік картограф" құрмет атақтарымен марапаттау туралы ұсыныстарды Комитетке:

      Комитеттің тиісті құрылымдық бөлімшелерінің басшылары;

      облыстар, астана, республикалық маңызы бар қалалар, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарлары;

      мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары;

      өзге де ұйымдар мен бірлестіктердің басшылары енгізеді.

      6. Марапаттау туралы ұсыныстар Комитетке осы Жүйеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша марапаттау парағын қоса бере отырып, жерге орналастыру, геодезия және картография күні – кәсіптік мерекені мерекелеуге дейін 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жіберіледі және комиссия келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде қарайды.

      7. Жұмыскердің төсбелгілермен марапатталуға лайықтылығы және лайықсыздығы туралы шешімді Комиссия хаттамамен ресімделетін ашық дауыс беру арқылы, көпшілік дауыспен қабылдайды. Хаттама негізінде Комитет төрағасының марапаттау туралы бұйрығы шығарылады.

      8. Төсбелгімен марапатталған тұлғаға осы Жүйеге 3-қосымшада көрсетілген сипаттамаға сәйкес куәлік беріледі.

      9. Төсбелгі кеуденің оң жағына мемлекеттік наградалардан төмен тағылады.

      10. Бiр төсбелгімен қайта марапаттауға жол берілмейді.

      11. Төсбелгіні және құрмет дипломын тапсыруды салтанатты жағдайда Комитет төрағасы жүргізеді немесе марапатталатын тұлға жұмыс істейтін ұжымда жүргізіледі.

      12. Геодезия және картография саласының жұмыскерлерін көтермелеген кезде, кадр қызметі қызметкердің еңбек кітапшасына бұйрықтың шыққан күні мен нөмірін көрсете отырып жазба енгізеді.

      13. Геодезия және картография саласының жұмыскерлерін көтермелеудің барлық түрін есепке алуды Комитеттің кадр қызметі жүзеге асырады.

      14. Көтермелеудің ресми мәтіні мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады.

3-тарау. Төсбелгілермен марапаттау негіздері

      15. "Құрметті геодезист" төсбелгісімен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені, ерекше еңбегі және геодезиялық қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін геодезия саласының жұмыскерлері марапатталады.

      16. "Құрметті картограф" төсбелгісімен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені, ерекше еңбегі және картографиялық қызметті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      17. "Құрметті геодезист" және "Құрметті картограф" төсбелгілерімен геодезия және картография саласында кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар жер қатынастары, геодезия және картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      18. "Үздік геодезист" төсбелгісімен геодезия саласында бастамашылдық пен кәсібилік танытқаны, лауазымдық міндеттерін үлгілі және адал орындағаны үшін геодезия саласының жұмыскерлері марапатталады.

      19. "Үздік картограф" төсбелгісімен картография саласында бастамашылдық пен кәсібилік танытқаны, лауазымдық міндеттерін үлгілі және адал орындағаны үшін картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      20. "Үздік геодезист" және "Үздік картограф" төсбелгілерімен геодезия және картография саласында кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар геодезия және картография саласының жұмыскерлері марапатталады.

      Аталған төсбелгілермен геодезия және картография саласын дамытуға ерекше үлес қосқан өзге де тұлғалар марапатталады.

      ____________________________

  Салалық көтермелеу жүйесіне
1-қосымша

Төсбелгілердің сипаттамасы

      "Құрметті геодезист" және "Құрметті картограф" төсбелгілері өзара сары түсті сақинамен жалғанған аспа және қалып түрінде дайындалады.

      "Үздік геодезист" және "Үздік картограф" төсбелгілері өзара сары түсті сақинамен жалғанған аспа және қалып түрінде дайындалады.

      Барлық аспалардың (медальдардың) артқы жағында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының нышанының фрагменті – сәулелі күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран (бүркіт) орналастырылады. Фоны жылтыр, бейнелері шығыңқы және күңгірттелген.

      "Құрметті геодезист" – бес бұрышты қалып көгілдір түсті муар таспасынан жасалады, оның ортасында ұлттық өрнек, ал өрнектің бүйірлерінде сызық салынады.

      Аспа диаметрі үш сантиметр шеңбер нысанында болады, фоны күңгірттелген сары түсті металдан (жез) дайындалады.

      Медальдің шеңберіне алтын түстес "Құрметті геодезист" деген жазу, ал ортасына қарай жер шарының бейнесі орналастырылады, оның ішінде мензуласы бар геодезист. Өңі күңгірт, әріптер мен суреттер шығыңқы және жылтыр.

      "Құрметті картограф" – бес бұрышты қалып көгілдір түсті муар таспасынан жасалады, оның ортасында ұлттық өрнек, ал өрнектің бүйірлерінде сызық салынады.

      Аспа диаметрі үш сантиметр шеңбер нысанында болады, фоны күңгірттелген сары түсті металдан (жез) дайындалады.

      Медальдің шеңберінде алтын түстес "Құрметті картограф" деген жазу, ал ортасында Қазақстан Республикасының картасы орналасқан жер шарының бейнесі орналасады. Өңі күңгірт, әріптер мен суреттер шығыңқы және жылтыр.

      "Үздік геодезист" – тікбұрышты қалып сары түсті металдан (жез) және сол жағына ұлттық өрнек салынған көгілдір түсті муар таспасынан жасалады.

      Аспа диаметрі үш сантиметр шеңбер нысанында болады, фоны күңгірттелген сары түсті металдан (жез) дайындалады.

      Медальдің шеңберінде алтын түстес "Үздік геодезист" деген жазу, ал ортасында ішінде геодезиялық аспап тахеометр орналасқан жер шарының бейнесі орналасады. Өңі күңгірт, әріптер мен суреттер шығыңқы және жылтыр.

      "Үздік картограф" – тікбұрышты қалып сары түсті металдан (жез) және сол жағына ұлттық өрнек салынған көгілдір түсті муар таспасынан жасалады.

      Аспа диаметрі үш сантиметр шеңбер нысанында болады, фоны күңгірттелген сары түсті металдан (жез) дайындалады.

      Медальдің щеңберінде алтын түстес "Үздік картограф" деген жазу, ал ортасында жер шарының бейнесі орналастырылады, оның ішінде лупа Қазақстан Республикасының картасын бейнелейді. Өңі күңгірт, әріптер мен суреттер шығыңқы және жылтыр.

      ____________________________

  Салалық көтермелеу жүйесіне
2-қосымша
  Нысан

      ____________________________________________________________________
(берілген жері)

МАРАПАТТАУ ПАРАҒЫ

      1. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) ___________________________

      2. Лауазымы, жұмысы, қызмет орны _____________________________________

      (ұйымның нақты атауын көрсету керек)

      3. Жынысы __________________________________________________________

      4. Туған жылы мен туған жері __________________________________________

      5. Білімі _____________________________________________________________

      6. Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы ______________________________________

      7. Үйінің мекенжайы __________________________________________________

      8. Жалпы жұмыс өтілі _________________________________________________

      9. Саладағы жұмыс өтілі _______________________________________________

      10. Геодезия және картография саласындағы еңбек өтілі ____________________

      11. Кандидат айрықша сіңірген нақты еңбектері көрсетілген

      мінездеме___________________________________________________________

      12. Кандидатура талқыланды және ұсынылды

      ____________________________________________________________________

      (ұйымның атауы,

      ____________________________________________________________________

      талқыланған күні, хаттаманың номері)

      Марапатталуға ұсынылады _____________________________________________

      (көтермелеу түрінің атауы)

      ____________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты, бар болған жағдайда)

      ______________________________________________      ___________________

      Басшы (тегі, аты, әкесінің аты, бар болған жағдайда)            (қолы)

      жылғы "___"___________

      (толтырылған күні)

      Мөрдің орны (бар болған жағдайда)

  Салалық көтермелеу жүйесіне
3-қосымша

Куәліктің сипаттамасы

      Куәлік көлемі 100х70 миллиметр көк түсті бүктемелі кітапша түрінде жасалып, мундиор материалынан дайындалады.

      Куәліктің сыртқы жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, төмен жағында "Куәлік", "Удостоверение" деген жазу бар.

      Ішкі сол жақ жапсырмада жазба бар: жоғарғы жағында – мемлекеттік және орыс тілдерінде мемлекеттік органның атауы.

      Куәліктің сол жақ бетінің ішкі жағында төсбелгінің суреті бар.

      Оң жақ жапсырмада мынадай мазмұндағы жазба бар:

      __________________________________________

      (тегі, фамилия)

      __________________________________________

      (аты, имя)

      __________________________________________

      (әкесінің аты, отчество (при его наличии)

      куәлік №____

      удостоверение

      Осы куәлік _____________ төсбелгімен марапатталғаны туралы берілді

      Настоящее удостоверение выдано о том, что он (она) награжден (а) нагрудным знаком

      Төраға _________________________________________________________

      Председатель                  (тегі, аты-жөні, қолы)

      (фамилия, инициалы, подпись)

      "____" _____________ _____ жыл

      Ескертпе: марапатталушының тегі, аты, бар болған жағдайда әкесінің аты жеке куәлігі бойынша толтырылады және міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде транскрипциясы көрсетіледі.

      ____________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады