"Шағымдарды қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 3 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 2 наурыздағы № 6 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 13 наурызда № 32046 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      "Шағымдарды қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 3 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31748 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шағымдарды қарау қағидаларында:

      25, 26, 27 және 28-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Шағымды қарау кезінде Уәкіл, оның өкілі немесе Жұмыс органы шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға қарау процесінде анықталуға жататын кез келген мәселелер бойынша өз түсіндірмелерін беру мүмкіндігін береді.

      26. Уәкіл, оның өкілі және Жұмыс органы сұратқан шағымды қарау үшін қажетті материалдар, құжаттар, мәліметтер, егер сұрау салуында басқа мерзім көрсетілмесе, сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жіберілуге тиіс. Бұл ретте сұрау салуда көрсетілген мерзім екі жұмыс күнінен кем болмауы тиіс.

      Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, олардың лауазымды адамдары заңнамада белгіленген тәртіппен Уәкілге, оның өкіліне және Жұмыс органына қажетті материалдарды, құжаттарды, мәліметтер мен түсіндірмелерді ұсынады.

      27. Уәкіл, немесе оның тапсырмасы бойынша оның өкілі және Жұмыс органы Конституциялық заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес шағым нысанасы болған мән-жайларды анықтауға жәрдем көрсету үшін мемлекеттік органға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органына немесе лауазымды адамға жүгінуге құқылы.

      Уәкілдің өкілі орталық мемлекеттік органдарға, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы мен орынбасарларына, Қазақстан Республикасының Президентіне өтініші Уәкілдің немесе Жұмыс органының келісімі бойынша жүзеге асырылады.

      28. Уәкіл шағымды қарау кезінде Конституциялық заңның 14-бабына сәйкес:

      1) мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарынан, өзге де ұйымдардан және лауазымды адамдардан, соттың іс жүргізуіндегі істер мен материалдарды қоспағанда, шағымды қарау үшін қажетті құжаттарды, материалдар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;

      2) мемлекеттік ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мәселелеріне қатысты құжаттарына белгіленген тәртіппен қол жеткізуге;

      3) шағым берушілерді, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыра отырып, жедел қабылдауды (бірлескен қабылдауларды) ұйымдастыруға;

      4) егер адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жаппай бұзушылық туралы мәліметтер болса не мұндай бұзушылықтың қоғамдық маңызы бар болса немесе бұл өз құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық құралдарын өзі дербес пайдалана алмайтын адамдардың мүдделерін қорғау қажеттігіне байланысты болса, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты мәселелерді өз бастамасымен қарауға;

      5) мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына және ұйымдарға, лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсынымдар мен өтінішхаттар жіберуге құқылы.".

      2. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының міндетін атқарушы А.С. Умаровқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасындағы
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
А. Ластаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады