Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ережесінің 14-тармағының 114-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiліп отырған Туындыларды пайдаланудың кейбiр түрлерi үшiн авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін қолдану жөнiндегi нұсқаулық бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Әділет министрі |
А. Ескараев |
Қазақстан Республикасы Әділет министрі 2023 жылғы 28 шілдедегі № 541 бұйрығына қосымша |
Туындыларды пайдаланудың кейбiр түрлерi үшiн авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін қолдану жөнiндегi нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Нұсқаулық туындыларды көпшiлiк алдында орындау, көпшiлiкке хабарлау жолымен пайдаланғаны үшiн, туындыларды қайта шығарғаны және (немесе) таратқаны, дыбыстау-бейнелеу туындыларын автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығарғаны үшiн авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін қолдануды нақтылайды.
2. Осы Нұсқаулықта мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авторлық құқықпен қорғалмайтын туындылар – халық шығармашылығы туындылары, қорғау мерзiмiнiң аяқталуына байланысты қоғамдық игiлiкке айналған туындылар;
2) көп актiлi драмалық және музыкалық-драмалық туындылар – кемiнде екi актiсi бар туындылар;
3) өлең түріндегі туынды – сахнадан айтылатын мәтiннiң кемiнде жартысы өлең түрiнде жазылған туынды;
4) пьеса – театралдық көрсетуге арналған драмалық туынды;
5) сахналау-пьеса – басқа туындылар, оның iшiнде халық шығармашылығы туындыларының сарындары бойынша жазылған пьеса;
6) "үлкен көлемді" туындылар – айрықша құқықтарын басқару жеке негiзде жүзеге асырылатын туындылар;
7) "шағын көлемді" туындылар – айрықша құқықтарын басқару ұжымдық негiзде жүзеге асырылатын туындылар;
8) "шағын көлемді" туындыларын көпшiлiк алдында орындау – дербес маңызы бар музыкалық-драмалық туындылардың бөлiмдерiн (ариялар, әндер) көпшiлiк алдында драмалық емес орындау.
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 400 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32874 болып тіркелген) (бұдан әрі – Бұйрық) бекітілген ең төмен мөлшерлемелер бойынша авторлық сыйақы:
1) орындаушы-әртiстердiң, сондай-ақ техникалық құралдар арқылы да драмалық, музыкалық-драмалық туындыларды, концерттiк, цирк, би бағдарламаларын, мәтiнi бар және мәтiнсiз музыкалық туындыларды көпшiлiк алдында орындағаны;
2) туындыларды көпшiлiк алдында хабарлағаны;
3) туындыларды қайта шығарғаны және (немесе) таратқаны, оның ішінде жалға бергені және көпшiлiкке прокатқа бергені;
4) дыбыстау-бейнелеу туындыларын автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығарғаны үшiн есептеледi.
4. Бұйрықпен бекітілген авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелері, егер пайдаланушы мен автордың, оның құқықтық мирасқорының немесе авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымның арасында жасалған шартта өзгеше белгiленбесе қолданылады.
5. Туындыларды көпшiлiк алдында орындағаны үшiн авторлық сыйақы:
1) бiр туындыны немесе бағдарламаны көпшiлiк алдында орындағаны үшiн билеттердi сатудан түскен алымның жалпы сомасынан;
2) шарт бойынша кепiлдiк төлем сомаларынан не табыстардың өзге сомаларынан пайызбен есептеледi.
Төлеушi табысының дәл мөлшерiн анықтау қиын болған немесе мүмкiн болмаған жағдайларда, мәтiнi бар немесе мәтiнсiз музыкалық туындыларды, әдеби туындыларды орындаушы әртiстер, сондай-ақ техникалық құралдардың (кез келген дыбыс тасығыштарының ойнатқыштары) көмегiмен дискотекаларға, түнгi клубтарға, мейрамханаларға, кафелерге, кинотеатрларға, сауықханаларға, барларға, бистроларға, асханаларға, ашық алаңдарға, ойын аттракциондарына және басқа да қоғамдық орындарға тегiн кiру кезiнде орындалғаны үшiн авторлық сыйақы Бұйрықпен бекiтiлген Туындыларды көпшiлiк алдында орындау жолымен пайдаланғаны үшiн авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерінің 26-тармағында көзделген айлық есептiк көрсеткiшпен есептеледi.
6. Туындыларды көпшiлiк алдында хабарлағаны үшiн авторлық сыйақы табыстың жалпы сомасында пайызбен белгiленген мөлшерлерде есептеледi. Бұл ретте авторлық сыйақы есептелуге тиiс жалпы табыс деп жарнаманы орналастыру, хабарларды жасауға түскен демеушiлiк түсiмдер, демеушiлiк не өзге қаржыландыру түрiндегi түсiмдерден, егер ондайлар бар болса, абоненттiк ақы, туындыларға қол жеткiзу үшiн ақы түрiндегi және тағы да басқа түсiмдерден құралатын табыс түсiнiледi.
7. Авторлық құқықпен қорғалатын, сондай-ақ қорғалмайтын туындыларды қамтитын дыбыстық жазу даналарын қайта шығарғаны және (немесе) таратқаны үшiн авторлық сыйақы тек авторлық құқықпен қорғалатын туындылар үшiн ғана есептеледi.
8. Қайта шығару үшін пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындайтын және импорттайтын адамдар төлеуге тиіс дыбыстау-бейнелеу туындыларын автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығарғаны үшін авторлық сыйақы:
1) жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер бірліктерін өткізу бағасынан (жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындаушыларға қатысты);
2) жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер бірліктерінің кедендік құнынан (жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді импорттаушыларға қатысты) пайызбен есептеледi.
2-тарау. Туындыларды көпшiлiк алдында орындау, көпшiлiкке хабарлау жолымен пайдаланғаны үшiн, туындыларды қайта шығарғаны және (немесе) таратқаны үшiн авторлық сыйақы мөлшерлемелерін қолдану
9. Балаларға арналған пьесаларды, оның iшiнде қуыршақ пен орындалатын пьесалар үшiн белгiленген авторлық сыйақының мөлшерлемелері аталған пьесаларға орындалған жерiне қарамастан қолданылады.
10. Өз туындыларының сарыны бойынша жазылған пьесалар, егер сахналау тең авторларсыз жасалса, төлтумаға теңестiрiледi.
11. Халық ертегiлерiнiң сарыны бойынша балаларға арнап жазылған пьесалар төлтумаға теңестiрiледi.
12. Егер автор туындыны екi немесе бiрнеше тiлде жазып, қай мәтiннiң төлтума, ал қайсысының аударма екенiн ескертпесе, онда ол осы тiлдердiң әрқайсысында төлтума болып табылады.
13. Авторлық құқықпен қорғалатын және қорғалмайтын туындыларды (оның iшiнде драмалық туындыларды сүйемелдейтiн музыканы да) қамтитын бағдарламаларды көпшiлiк алдында орындағаны үшiн авторлық сыйақы толық мөлшерлеме бойынша есептеледi.
14. Тең авторлар бiртұтас бөлiнбес дүние ретiнде жасаған туындыларды көпшiлiк алдында орындағаны үшiн авторлық сыйақы тек авторлық құқығы қорғалатын тең авторларға (олардың құқықтық мирасқорларына) ғана есептеледi. Бұл ретте есептелетiн сыйақының мөлшерi тең авторлардың арасында сыйақының белгiленген мөлшерлемеге тепе-тең бөлiнуiне сәйкес айқындалады.
15. Түгелдей қоғам игiлiгiне айналған туындылардан құрылатын концерттер үшiн авторлық сыйақы есептелмейдi.
16. Концерттiк, эстрада, цирк немесе би бағдарламалары үшiн авторлық сыйақы туындылар әртiстердiң немесе дыбыстық жазуда орындалуына қарамастан, сондай-ақ пайдаланушыға осындай бағдарламаларға билет сатудан табыс түсуiне немесе түспеуiне қарамастан есептеледi.
17. Егер спектакль бiрнеше бiр актiлi туындыларды қамтитын болса, сыйақы әрбiр туынды үшiн соған белгiленген мөлшерлеме бойынша жеке-жеке есептеледi.
Егер бiр актiлi туынды концерттiк бағдарламада орындалса, бұл туынды үшiн сыйақы соған белгiленген мөлшерлеме бойынша есептеледi және одан басқа концерттiк бағдарлама үшiн де көзделген мөлшерлеме есептеледi.
Егер спектакль екi көп актiлi туындыны қамтитын болса, сыйақы әр туынды үшiн тиiстi көп актiлi туындылар үшiн көзделген мөлшерлеменің 1/2 бөлiгiнен есептеледi.
Егер көп актiлi туынды концерттiк бағдарламамен орындалса, көп актiлi туынды үшiн сыйақы тиiстi туындылар үшiн көзделген мөлшерлеменің 12 бөлiгiнен есептеледi және тиiстi концерттiк бағдарлама үшiн көзделген мөлшерлеме қосымша есептеледi.
18. Шағын көлемдi шығармалар көпшiлiк алдында орындалған жағдайда аудармашы үшiн белгiленген қаламақы сомасы аралық және соңғы аударма авторлары арасында тең бөлiнедi.
19. Авторлық құқықпен қорғалатын сахналау-пьесаны аударған үшiн авторлық сыйақы төлтума туындыларының аудармасы үшiн белгiленген мөлшерлемелер бойынша есептеледi.
20. Музыкалық-драмалық туындыларды орындағаны үшiн авторлық сыйақының мөлшерлемелері сонымен бiрге туынды концерттiк орындауда қойылатын жағдайларда да қолданылады.
21. Музыкасын шетелдiк композиторлар жазған либреттолардың нұсқалары мен оперетталар, музыкалық комедиялар мен мюзиклдер мәтiндерiнiң жаңа сырлары аудармаларға теңестiрiледi.
22. Драмалық спектакльдерге арнап жазылған музыка үшiн төленетiн сыйақы музыкалық нөмiрлердiң санына, сондай-ақ музыканы әртiстер орындауына немесе дыбыстық жазуда орындалуына қарамастан әрбiр актiсi үшiн 1 пайыз мөлшерiнде есептеледi.
23. Егер концерттiк бағдарламада эстрадалық туындылармен қатар тым болмаса бiр iрi симфониялық туынды, не iрi көлемдi камералық туынды, не ұлттық аспаптарға арналған көп актiлi туындылар, не хореографиялық концерт орындалса, осындай концерттiк бағдарлама үшiн авторлық сыйақы сатылған билеттерден (симфониялық, вокалды-симфониялық және камералық шығармалар концертiне арналғандай) түскен жалпы соманың 7 пайызы мөлшерiнде есептеледi.
24. Егер жаңа жылдық шырша қойылымдары бағдарламасына драмалық немесе музыкалық-драмалық туынды енгiзiлсе, мұндай туынды үшiн авторлық сыйақы драмалық және музыкалық-драмалық туындылар үшiн көзделген мөлшерлемелер бойынша есептеледi.
25. Концерт пен билерден құралған бағдарлама үшiн кiру ақысы бiрдей болған кезде авторлық сыйақы эстрада концертiндей – түскен жалпы алым сомасының 4 пайызы мөлшерiнде есептеледi.
26. Көпшiлiк ареналарында (стадиондарда, спорт сарайларында, ипподромдарда және тағы сондайларда) өткiзiлетiн спорт жарыстарын, спортшылардың көркем өнер көрсетулерiн, ойын аттракциондарын, сән көрсетулерiн, көрмелердi, жәрмеңкелердi, фестивальдарды, конкурстарды және тағы басқа iс-шараларды музыкамен сүйемелдегенi үшiн, авторлық сыйақы Бұйрықпен бекітілген Туындыларды көпшiлiк алдында орындау жолымен пайдаланғаны үшiн авторлық сыйақының ең төмен мөлшерлемелерінің 24-тармағында белгiленген мөлшерлеме бойынша есептеледi.
Егер көпшiлiк аренасында эстрадалық, цирк қойылымдары мен концерттер, драмалық немесе музыкалық-драмалық туындылар орындалса, олар үшiн авторлық сыйақы концерттер, драмалық немесе музыкалық-драмалық туындылар, сондай-ақ цирк қойылымдары үшiн белгiленген мөлшерлемелер бойынша есептеледi.
27. Осы алаңға кiргенi үшiн жеке ақы алмастан, алаңдарда (спектакльге дейiн немесе одан кейiн немесе үзiлiстер кезiнде театрлар фойелерiнде, кинотеатрлар фойелерiнде, дәмханаларда, мейрамханаларда, парктердегі, бақтардағы және стадиондардағы ашық алаңдарда және т.с.) көпшiлiк алдында орындалған туындылар үшiн авторлық сыйақы айлық есептiк көрсеткiштерде есептеледi.