"Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Cелекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 25 ақпандағы № 118 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № 333 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 20 қыркүйекте № 33440 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Cелекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 25 ақпандағы № 118 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6153 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тұқым шаруашылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 7-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу қағидаларында:

      1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тұқым шаруашылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы, 1-тармағының 7-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Cелекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттық сынау жөнiндегi мемлекеттiк комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) – өсiмдiктер сұрыптарының патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығына сараптама жасауды және оны сынақтан өткізуді жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi органның қарауындағы ұйым;

      2) Селекциялық жетiстiктердiң пайдалануға ұсынылатын мемлекеттiк тiзiлiмi (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім) – пайдалануға ұсынылған, өндiрiсте шаруашылыққа пайдалану үшiн ұсынылатын сұрыптарды, тұқымдарды қамтитын, Қазақстан Республикасының селекциялық жетiстiктерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi;

      3) сұрып – аталған генотипті немесе генотиптер комбинациясын сипаттайтын белгілердің айқындылық дәрежесі бойынша айқындалатын, сол бір ботаникалық таксондағы ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің басқа топтарынан бір немесе бірнеше белгісімен не белгілердің айқындылық дәрежесімен ерекшеленетін және тұрақты болып табылатын ең төменгі ботаникалық таксондар шеңберіндегі ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тобы. Клон, желі, бірінші ұрпақ буданы, популяция сұрыптың қорғалатын санаттары болып табылады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Мемлекеттік тізбе мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) ауыл шаруашылығы өсімдігінің тегі мен түрі (сондай-ақ, латын тілінде де көрсетіледі);

      2) сұрыптың атауы;

      3) сұрыптың тіркеу нөмірі;

      4) құқықтық қорғау объектісі болып табылатын сұрып туралы мәліметтер (жолдың үстінен "Р" үлкен латын әрпі қойылады);

      5) сұрыптың Мемлекеттік тізілімге енгізілген жылы;

      6) енгізілетін аймақ;

      7) сұрыптың оригинаторы туралы мәліметтер: заңды тұлғаның толық атауы немесе жеке тұлғаның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі;

      8) сұрыптың белгілері мен қасиеттері туралы мәліметтер;

      9) сұрыптың шаруашылық және биологиялық қасиеттері (бар болса).";

      10-тармақ алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады