"2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын жобаларға мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 1 маусымдағы № 41 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № 162 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 21 қыркүйекте № 33445 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын жобаларға мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 1 маусымдағы № 41 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28338 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын жобаларға мониторинг жүргізу қағидаларында:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) банк – Қағидаларды/Тетікті іске асыру шеңберінде қызметін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк, оның ішінде ислам банкі;

      2) банктік кредит (бұдан әрі – кредит) – мерзімділік, төлемділік, қайтарымдылық, қамсыздандыру және нысаналы пайдалану шарттарында банктік қарыз беру туралы шарттың негізінде банктің кәсіпкерге беретін ақшалай сомасы. Банктік кредитке сондай-ақ, кредиттік желі де жатады.

      Ислам банкі үшін кредит деп ислам банкі/исламдық лизингтік компания кәсіпкерге ұсынатын тауар үшін төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу және/немесе ислам банкі/исламдық лизингтік компания кәсіпкерге лизинг (жалдау) талаптарында мүлікті (лизинг нысанасын) беруі түсініледі;

      3) банктік қарыз/микрокредит беру туралы шарт (бұдан әрі – қарыз шарты) – банк/МҚҰ мен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарттары бойынша кәсіпкерге кредит беріледі. Қарыз шартына кредиттік желіні ашу туралы келісім де жатады.

      Ислам банкі үшін қарыз шарты – ислам банкі мен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім деп түсініледі, оның талаптары бойынша ислам банкі кәсіпкерге – тауарды сатып алушыға немесе сатушыға коммерциялық кредит береді не кәсіпкерге лизинг (жалдау) талаптарымен мүлікті (лизинг нысанасын) береді (қаржыландыру шартына бас қаржыландыру келісімі де жатады, оның шеңберінде ислам банкі мен кәсіпкер коммерциялық кредит (қаржыландыру) беру туралы жекелеген шарттар жасасады;

      4) грант – Мемлекеттік гранттар беру қағидаларының шарттарына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру туралы шартқа сәйкес өтеусіз негізде грант алушыға бөлінетін мемлекет қаражаты;

      5) грант алушы – жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін конкурстық комиссия шешіміне сәйкес грант берілетін шағын кәсіпкерлік субъектісі;

      6) грант беру туралы шарт – кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша өңірлік үйлестіруші, қаржы агенттігі және шағын кәсіпкерлік субъектісі арасында субсидиялаудың ақпараттық жүйесі веб-порталында (бұдан әрі – веб-портал) электрондық түрде жасалатын, шарттары бойынша кәсіпкерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға нысаналы грант берілетін, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша жасалатын үшжақты келісім;

      7) есепті кезең – 1 қаңтардан басталатын және 31 желтоқсанда аяқталатын күнтізбелік есепті кезең;

      8) "жасыл" жобалар – бекітілген сыныптама (таксономия) негізінде айқындалған, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қолданыстағы табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігін, энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарларын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған жобалар;

      9) "жасыл" таксономия – Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес "жасыл" облигациялар және "жасыл" кредиттер арқылы қаржыландыруға жататын "жасыл" жобаларды жіктеу;

      10) жоба – кіріс алуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бастамашылық қызмет ретінде кәсіпкер жүзеге асыратын, бизнестің түрлі бағыттарындағы іс-қимылдар мен іс-шаралар жиынтығы;

      11) жобаны мониторингтеу – кәсіпкердің/грант алушының/эмитенттің қызметін мониторингтеу, оны қаржы агенттігі банктің/лизингтік компанияның/МҚҰ өкілдерімен/грант алушымен/эмитентпен бірлесіп Ұлттық жоба/Тетік шарттарына сәйкес жобаның іс жүзінде іске асырылуын тексеру, оның ішінде жоба іске асырылатын жерге бару арқылы және қаржы агенттігінің мобильдік қосымшасын пайдалана отырып жүргізеді;

      12) кәсіпкер – Тетікке және (немесе) Қағидаларға сәйкес айқындалатын жеке немесе шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкер және (немесе) заңды тұлға (ірі кәсіпкерлік субъектісін қоспағанда) тұлғасындағы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі;

      13) кепілдік – қаржы агенттігінің банк/МҚҰ/лизингтік компания/ облигацияларды ұстаушылар алдындағы кәсіпкердің қарыз шарты/қаржылық лизинг шарты бойынша негізгі борыштың бір бөлігін төлеу бойынша/ кепілдік шартынан туындайтын орналастырылған облигациялардың номиналдық құны сомасының бір бөлігін төлеу бойынша міндеттемелерінің орындалуына жауап беру міндеттемесі;

      14) кепілдік беру – Кепілдік беру қағидаларында/Облигациялар бойынша кепілдік беру қағидаларында/Портфельдік субсидиялау және кепілдік беру қағидаларында/Тетікте және кепілдік шартында айқындалатын талаптарда кәсіпкердің кредиті/қаржы лизингі/орналастырылған облигациялары бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде ішінара кепілдік беру түрінде пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау нысаны;

      15) кепілдік беру шарты – кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша қаржы агенттігі, банк/лизингтік компания және кәсіпкер арасында жасалған кепілдік беру туралы үшжақты жазбаша келісім.

      Кепілдік шарты қағаз тасығышта/электрондық нысанда жасалады, бұл ретте кепілдік шартының электрондық нысанына Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылады.

      Кепілдік шартының ұғымына облигациялар бойынша кепілдік беру шарты да жатады – қаржы агенттігі, облигацияларды ұстаушылардың өкілі және эмитент арасында жасалатын үш жақты жазбаша келісім, оның шарты бойынша қаржы агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарып, орналастырылған және қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) актілеріне сәйкес және № 1060 қаулысына сәйкес кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша АХҚО қор биржасының тізіміне енгізілген облигациялардың номиналды құн сомасының бір бөлігін төлеуге кепілдік береді;

      16) конкурстық комиссия – өңірлік үйлестіруші басшысының шешімімен шақырылатын, гранттар алуға үміткер кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу жөніндегі алқалы-кеңесші орган;

      17) кредитті/қаржыландыруды/грантты/қаржылық лизингті/ орналастырылған облигациялардан түскен қаражатты мақсатты пайдалану – кәсіпкердің/грант алушының/эмитенттің қарыз шарты/грант беру туралы шарт/қаржы лизингі шарты/облигациялар шығару проспектісі бойынша қарыз шартында/грант беру туралы шартта/қаржы лизингі шартында/қаржыландыру шартында/облигациялар шығару проспектісінде белгіленген және қаржы агенттігінің/конкурстық комиссияның шешімімен Қағидалардың/Тетіктің талаптарына сәйкес келетін мақсаттар үшін орналастырылған облигациядан түскен кредитті/қаржыландыруды/грантты/қаржылық лизингті/қаражатты пайдалану.

      Нысаналы пайдалану кәсіпкердің/грант алушының/эмитенттің активті/жұмыстарды/көрсетілетін қызметтерді толық көлемде төлеуін, алуын және пайдалануын (Қағидалардың/Тетіктің талаптарына қайшы келмейтін қызмет шеңберінде) және (немесе) Қағидалардың/Тетіктің шарттарына сәйкес басқа мақсаттарға қол жеткізуін жиынтығында растайтын тиісті құжаттармен расталады;

      18) қағидалар – Ұлттық жоба шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Субсидиялау қағидалары), Ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидалары), Ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерін ислам банктері қаржыландырған кезде ислам банктерінің табысын құрайтын және жалдау төлемінің бір бөлігін субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Тауарға үстеме бағаның бір бөлігін субсидиялау қағидалар); Ұлттық жоба шеңберінде шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/микрокредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін портфельдік субсидиялауды беру және ішінара кепілдік беру қағидалары (бұдан әрі – Портфельдік субсидиялау және кепілдік беру қағидалары), Ұлттық жоба шеңберінде кредиттер/қаржы лизингі бойынша кепілдік беру қағидалары (бұдан әрі – Кепілдік беру қағидалары), Ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша кепілдік беру қағидалары (бұдан – Облигациялар бойынша кепілдік беру қағидалары қағидалары), № 1060 қаулысымен бекітілген Ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру қағидалары (бұдан әрі – Мемлекеттік гранттар беру қағидалары);

      19) қаржы лизингі шарты – лизингтік компания/банк және кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарттары бойынша лизингтік компания/банк кәсіпкерге қаржы лизингін береді.

      Исламдық лизингтік компания үшін – исламдық лизингтік компания мен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарттары бойынша исламдық лизингтік компания кәсіпкерге мүлікті лизинг (жалдау) шарттарында (лизинг нысанасын) береді;

      20) лизингтік компания (оның ішінде исламдық лизингтік компания) – банк болып табылмайтын, өз қызметін "Қаржы лизингі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асыратын және Ұлттық жобаға қатысатын заңды тұлға;

      21) лизингтік мәміле (лизинг) – лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеуге, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған келісілген іс-қимыл жиынтығы;

      22) микрокредит (бұдан әрі – кредит) – микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымның шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектісіне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында берілетін ақша;

      23) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым – (бұдан әрі – МҚҰ) – микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы;

      24) мобильді қосымша – қаржы агенттігінің электрондық қосымшасы, ол берілген алгоритм бойынша жобаның объектілерін/активін/іске асырылу орнын қарап тексеруге мүмкіндік береді;

      25) мониторингтік есеп – қаржы агенттігі белгілеген нысан бойынша банк/лизингтік компания/МҚҰ/өңірлік үйлестіруші/грант алушы/эмитент /облигацияларды ұстаушылардың өкілі қол қойып, қаржы агенттігі жасайтын мониторинг туралы есеп;

      26) облигацияларды ұстаушылардың өкілі – бағалы қағаздардың қайталама нарығында облигациялардың айналысы, облигациялар бойынша сыйақы төлеу және оларды өтеу процесінде эмитентпен жасалған шарт негізінде купондық сыйақының субсидияланатын мөлшерлемесі бар облигацияларды ұстаушылардың мүддесінде әрекет ететін, осы облигациялар эмитентінің үлестес тұлғасы болып табылмайтын, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      27) орталық депозитарий – "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыратын мамандандырылған коммерциялық емес акционерлік қоғам;

      28) өңірлік үйлестіруші – облыс (астана, республикалық маңызы бар қалалар) әкімі айқындайтын, облыстық (астананың, республикалық маңызы бар қалалардың) деңгейде Ұлттық жобаның іске асырылуы үшін жауапты болатын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      29) портфельдік кепілдік беру – Кепілдік беру қағидаларында айқындалатын шарттарда қаржы агенттігінің банк үшін белгілеген лимит шеңберінде кәсіпкерлерге кепілдіктер беруді ұсыну нысаны;

      30) портфельдік ішінара кепілдік беру – Портфельдік субсидиялау және кепілдік беруді ұсыну қағидаларында айқындалатын шарттарда банк/МҚҰ үшін қаржы агенттігі белгілеген лимит шеңберінде кәсіпкерлерге кепілдіктер беруді ұсыну нысаны;

      31) сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін/үстеме бағаны портфельдік субсидиялау – Портфельдік субсидиялау және кепілдік беру қағидаларында айқындалатын шарттарда қаржы агенттігі банк/МҚҰ үшін белгілеген лимит шеңберінде кәсіпкерлерге субсидиялар беру нысаны;

      32) субсидиялар – субсидиялау шарттары негізінде кәсіпкерлерді субсидиялау шеңберінде қаржы агенттігі банкке/лизингтік компанияға/МҚҰ/эмитентке өтеусіз және қайтарымсыз негізде төлейтін мерзімді төлемдер;

      33) субсидиялау – кәсіпкердің/эмитенттің банкке/лизингтік компанияға/МҚҰ/облигация ұстаушыға немесе тауардың үстеме бағасы/жалдау төлемінің бір бөлігі ретінде кредиттер/қаржы лизингі/қаржыландыру/ шығарылған облигациялар бойынша сыйақы ретінде болашақта кәсіпкердің/эмитенттің операциялық қызметіне жататын белгілі бір шарттарды орындауға айырбас ретінде төлейтін шығыстарын ішінара өтеу үшін пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қаржылай қолдау нысаны;

      34) субсидиялау шарты және (немесе) қосылу шарты (бұдан әрі – субсидиялау шарты) – Субсидиялау қағидаларына, Тауарға үстеме бағаның бір бөлігін субсидиялау қағидаларына, Портфельдік субсидиялау және кепілдік беру қағидаларына, Купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларына сәйкес айқындалатын үшжақты жазбаша келісім;

      35) сыртқы бағалау провайдері – қаралып отырған жобаның "жасыл" таксономияның шекті мәніне сәйкестігі туралы тиісті қорытынды дайындай отырып, іске асырылуы жоспарланып отырған немесе іске асырылып жатқан "жасыл" жоба бойынша тәуелсіз бағалауды жүзеге асыратын ұйым;

      36) франчайзинг (кешенді кәсіпкерлік лицензия) – айрықша құқықтар кешенінің құқық иеленушісі оны өтеулі негізде басқа тұлғаға пайдалануға беретін кәсіпкерлік қызмет;

      37) эмитент – облигациялар шығаруды жүзеге асыратын кәсіпкер.";

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жобаға мониторинг айналым қаражатын толықтыру мақсаттарына бағытталған жобалар бойынша оның іске асырылу орнына бармай жүргізіледі.

      11. Инвестициялық мақсаттарға бағытталған жобалар бойынша қаржы агенттігі жобаның инвестициялық фазасы аяқталғаннан кейін (контрагентпен жасалған келісімшарт/шарт бойынша талаптардың орындалу мерзімі аяқталғаннан кейін), бірақ кредит берілгеннен кейін 1 (бір) жылдан кешіктірмей жоба іске асырылатын орынға барады (жобаның іске асырылуын көріп барып растайды). Кейіннен жоба іске асырылатын орынға бару мерзімдері қаржы агенттігі берген қосымша мерзімге сәйкес айқындалады.";

      13-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жобаның және (немесе) кәсіпкердің Субсидиялау қағидаларының/Тауарға үстеме бағаның бір бөлігін субсидиялау қағидаларының/Портфельдік субсидиялау және кепілдік беру қағидаларының/Тетіктің талаптарына және (немесе) қаржы агенттігінің шешіміне сәйкестігіне мониторингті жүзеге асырады.

      Кәсіпкердің Субсидиялау қағидаларының/Тауарға үстеме бағаның бір бөлігін субсидиялау қағидаларының/Тетіктің талаптарына және (немесе) қаржы агенттігінің шешіміне сәйкестігіне мониторинг жүргізу үшін қаржы агенттігі жарты жылдық негізде (ағымдағы жылғы 15 қаңтардан және 15 шілдеден кешіктірмей) қолданыстағы субсидиялау шарттары бар кәсіпкерлердің тізбесін қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне кәсіпкерлік субъектісінің мәртебесі (қызметін тоқтата тұру/тоқтату) бойынша сұрау салуды жібереді.

      Қолданыстағы субсидиялау шарты болған кезде кәсіпкер қызметінің тоқтатыла тұруы анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен ақпарат алғаннан кейін қаржы агенттігі банк/МҚҰ/лизингтік компаниядан құжаттар берілген күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жоспардан тыс мониторинг жүргізеді, оның негізінде қаржы агенттігінің уәкілетті органы 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде субсидиялауды тоқтату/тоқтату бойынша кейінге қалдыру не қайта бастау туралы шешім қабылдайды.

      Қызметі тоқтатылған кәсіпкерлер бойынша субсидиялар қаржы агенттігінің уәкілетті органының шешімі негізінде қызметі тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады.";

      14-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жобаның және/немесе эмитенттің Купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларының талаптарына сәйкестігіне мониторингті жүзеге асырады. Эмитенттің Купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларының талаптарына және (немесе) қаржы агенттігінің шешіміне сәйкестігіне мониторинг жүргізу үшін қаржы агенттігі жарты жылдық негізде (ағымдағы жылғы 15 қаңтардан және 15 шілдеден кешіктірмей) қолданыстағы субсидиялау шарттары бар эмитенттердің тізбесін қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне кәсіпкерлік субъектісінің мәртебесі (қызметін тоқтата тұру/тоқтату) бойынша сұрау салуды жібереді.

      Қолданыстағы субсидиялау шарты болған кезде эмитент қызметінің тоқтатыла тұруы анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен ақпарат алғаннан кейін қаржы агенттігі банктен құжаттар берілген күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жоспардан тыс мониторинг жүргізеді, оның негізінде қаржы агенттігінің уәкілетті органы 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде субсидиялауды тоқтату/тоқтату бойынша кейінге қалдыру не қайта бастау туралы шешім қабылдайды.

      Қызметі тоқтатылған эмитенттер бойынша субсидиялар қаржы агенттігінің уәкілетті органының шешімі негізінде қызметі тоқтатылған күннен бастап тоқтатылады;";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Ұлттық жоба шеңберінде берілген субсидиялау жобалары бойынша, оның ішінде портфельдік субсидиялау жобалары бойынша қаржы агенттігі ішінара мониторингті жүзеге асырады.";

      28-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тоқтатып қойған/тоқтатқан кәсіпкерлердің/эмитенттердің жобалары бойынша қаржы агенттігі субсидиялауды тоқтата тұрады және Субсидиялау қағидаларына, Тауарға үстеме бағаның бір бөлігін субсидиялау қағидаларына, Купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларына, Портфельдік субсидиялау және кепілдік беру қағидаларына және қаржы агенттігінің ішкі құжаттарына сәйкес 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде субсидиялауды тоқтата тұру, тоқтату немесе қайта бастау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін банк/МҚҰ/лизингтік компаниядан құжаттар берілген күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жоспардан тыс мониторинг жүргізеді. Кредиттің мақсатқа сай пайдаланылуы расталған, кәсіпкерлік субъектісінің қызметі қайта басталған жағдайда, субсидиялау қаржы агенттігінің шешімі негізінде тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады. Кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тоқтатқан кәсіпкерлердің/эмитенттердің жобалары бойынша қаржы агенттігі кәсіпкерлік қызмет тоқтатылған күннен бастап кәсіпкерді/эмитентті субсидиялауды тоқтату туралы шешім қабылдайды.";

      29-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Субсидиялау тоқтатылған және субсидиялардың тиесілі сомалары қайтарылған жағдайда, қаржы агенттігі тиісті шешім негізінде кәсіпкерге/эмитентке субсидиялар сомасын қайтару үшін мынадай мерзім белгілейді:

      1) 1 (бір) айға дейін – егер қайтаруға жататын сома 100 АЕК-ке дейін (қоса алғанда) болса;

      2) 1 (бір) айдан 3 (үш) айға дейін – егер қайтаруға жататын сома 500 АЕК-ке дейін (қоса алғанда) болса;

      3) 3 (үш) айдан 6 (алты) айға дейін – егер қайтаруға жататын сома 500 АЕК-тен асатын болса.";

      31-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Мониторингтеуге жататын портфельдік ішінара кепілдік беру құралы бойынша қаржыландырылған жобалар тізбесін қаржы агенттігі тиісті кезеңде жасалған қолданыстағы кепілдік шарттарының жалпы пулынан іріктеп қалыптастырады.";

      36-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кәсіпкер портфельдік ішінара кепілдік беру құралы шеңберінде кепілдік алған жобалар бойынша кредиттік шарт бойынша негізгі борыш сомасын өтеу жөніндегі міндеттемелерін күнтізбелік 60 (алпыс) және одан көп күн (немесе кепілдік шартында белгіленген өзге де мерзімде) орындамаған жағдайларда, қаржы агенттігі Портфельдік субсидиялау және кепілдік беру қағидаларының талаптарына сәйкес жоспардан тыс мониторинг жүргізеді.";

      40-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мониторингтеуге жататын жобалардың тізімі көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шартта көрсетілген жобалар санына сәйкес мониторингтеуге жататын тиісті кезеңдегі грант беру туралы жасалған шарттардың ортақ пулынан қалыптастырылады.";

      47-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "47. Жобаның Қағидалардың және (немесе) Тетіктің талаптарына сәйкес жұмыс орындарының орташа жылдық санын сақтау/ұлғайту/еңбекақы төлеу қорының көлемін ұлғайту/есепті кезең үшін бюджетке төленетін салықтар (корпоративтік табыс салығы/жеке табыс салығы) көлемі/ кірістің өсуі (өткізуден түсетін табыс: негізгі қызметтен түсетін өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны) бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуін тексеруді көздейтін тиімділік өлшемшарттарының мониторингін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен алынған ақпарат негізінде қаржы агенттігі жүргізеді. Тиімділік өлшемшарттарының мониторингі сондай-ақ әлеуметтік төлемдер және (немесе) салық декларациялары жөніндегі ақпарат негізінде және (немесе) банк/МҚҰ/лизингтік компания/кәсіпкер/эмитент берген бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы жеке шоттан үзінді көшірмеге сәйкес жүргізіледі.";

      6-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсiн.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Стратегиялық жоспарлау және

      реформалар агенттігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 18 қыркүйектегі
№ 162 Бұйрыққа
қосымша
2021 – 2025 жылдарға
арналған кәсіпкерлікті дамыту
жөніндегі ұлттық жоба
шеңберінде іске асырылатын
жобаларға мониторинг жүргізу
қағидаларына
6-қосымша
Нысан

      Ұсынылады: уәкілетті органға.

      Нысан әкімшілік деректерді жинауға арналған.

      Әкімшілік деректер нысаны www.economy.gov.kz интернет ресурсында орналастырылған

Ұлттық жобаның шеңберінде және Тетіктің шеңберінде кепілдік беру туралы есеп

      Есепті кезең: 20 _____ж. _____ бастап _____ қоса алғандағы кезең.

      Әкімшілік деректер нысанының индексі: ОГ-1.

      Мерзімділігі: ай сайын.

      Ақпарат ұсынатын адамдар тобы: "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қаржы агенттігі).

      Әкімшілік деректер нысанын ұсыну мерзімі: Ұлттық жобаның және Тетіктің қолданылу мерзімі ішінде ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 30 (отызы) күніне дейін, уәкілетті органға ұсынады.

Р/с

Облыс атауы

Банктік қарыз шарты бойынша кредит сомасы

Қаржы агенттігі кепілдігінің сомасы

Қаржы агенттігінің кепілдіктер бойынша орындаған міндеттемелерінің сомасы

1

2

3

4

5






      Лауазымды адам _________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы, мөр (болған жағдайда)

      Жауапты жұмыскер _______________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) (қолы, мөр (болған жағдайда)

  "Ұлттық жобаның шеңберінде
және Тетіктің шеңберінде
кепілдік беру туралы есеп"
нысанына қосымша

Ұлттық жобаның шеңберінде және Тетіктің шеңберінде кепілдік беру туралы есеп әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды толтыру бойынша түсіндірме

      (Индексі – ОГ-1, мерзімділігі: ай сайын)

      1. Осы түсіндірме (бұдан әрі – Түсіндірме) "Ұлттық жобаның шеңберінде және Тетіктің шеңберінде кепілдік беру туралы есеп" әкімшілік деректерді жинауға арналған нысанды (бұдан әрі – Нысан) толтыру бойынша бірыңғай талаптарды айқындайды.

      2. Нысан "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысына, "Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысына және "Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 820 қаулысымен бекітілген Басым жобаларға кредит беру және қаржылық лизинг тетігіне сәйкес әзірленді.

      3. Нысанды қаржы агенттігі ай сайын жасайды. Нысандағы деректер, егер өзгеше көрсетілмесе, теңгемен толтырылады.

      4. Нысанға бірінші басшы немесе есепке қол қоюға уәкілетті адам және орындаушы қол қояды.

      5. "Р/с №" деген нысанның 1-бағанында реттік нөмірі көрсетіледі. Кейінгі ақпаратты жазғанда, нөмірлену реті үзілмейді.

      6. "Облыс атауы" деген нысанның 2-бағанында кәсіпкерді тіркеу/қаржыландыру орнына сәйкес келетін облыс немесе республикалық маңызы бар қала немесе астана көрсетіледі.

      7. "Банктік қарыз шарты бойынша кредит сомасы" деген нысанның 3-бағанында кредит желісін ашу туралы келісім/банктік қарыз шарты шеңберінде облыс бойынша берілген кредиттің жалпы сомасы теңгемен көрсетіледі.

      8. "Қаржы агенттігі кепілдігінің сомасы" деген нысанның 4-бағанында кредиттік желіні ашу туралы келісім/банктік қарыз шарты шеңберінде берілген кепілдіктің жалпы сомасы теңгемен көрсетіледі.

      9. "Қаржы агенттігінің кепілдіктер бойынша орындаған міндеттемелерінің сомасы" деген нысанның 5-бағанында облыс бойынша қаржы агенттігінің орындаған талаптарының жалпы сомасы теңгемен көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады