Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 11 қазандағы № 186 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 қазанда № 33540 болып тіркелді

      "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 4-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы заңнамасымен анықталған тәртіпте осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
Б. Асылов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2023 жылғы 11 қазандағы
№ 186 Бұйрыққа
қосымша

Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидалары

1-Тарау Жалпы ережелер

      1. Осы Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидаларын анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер пайдаланылады:

      1) активтер – Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тысқары жердегі мүліктік игіліктер мен құқықтар (мүлік), оған қоса осындай мүліктен алынған (алынатын) кез келген мүліктік игілік пен құқық (мүлік);

      2) досье - активтерді қайтару бойынша жүргізілген мониторинг пен талдау және өзге де шаралардың қорытындылары бойынша мәліметтерді қамтитын құжаттар жиынтығы;

      3) тексеру – активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру.

      Өзге терминдер Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мағынада пайдаланылады.

      3. Тексерудің мақсаты активті иемдену көздерінің (пайда болу) заңдылығын зерттеу, заңсыз иемдену, оның ішінде активті шығару фактісін растау немесе теріске шығару болып табылады.

2-Тарау Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау тәртібі

      4. Тексеруге бастамашы лауазымды адам ретінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, оның орынбасары не олардың міндетін атқарушы тұлға бола алады.

      5. Тексеру активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган басшысының не оның міндетін атқарушы адамның тексеруге бастамашы болған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамы баянатының негізінде қабылданатын шешімі (қаулысы) бойынша не Бас Прокурордың немесе активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның жұмысына жетекшілік ететін Бас Прокурор орынбасарының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.

      6. Тексеруді тағайындау туралы баянатта:

      1) баянат беруші адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) күні, және лауазымы;

      2) баянат беру күніндегі жай-күйі бойынша қалыптастырылған субъектіге және оның үлестес тұлғаларына қатысты материалдардың қысқаша мазмұны;

      3) комиссия отырысы хаттамасының нөмірі мен күнін көрсете отырып, субъектіні және оның үлестес тұлғаларын тізілімге енгізу туралы мәліметтер;

      4) тұлғаға оны тізілімге енгізу туралы хабардар ету туралы мәліметтер;

      5) баянат беру күніндегі жай-күйі бойынша активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну немесе ұсынбау туралы мәліметтер;

      6) иемдену заңдылығына қатысты тексеру жүргізу жоспарланып отырған субъект және (немесе) оның үлестес тұлғасының активі;

      7) иемдену заңдылығы тексеру пәні болып табылатын активтердің пайда болуының көздеріне алғашқы қаражаттың пайда болу кезеңін қамтуы мүмкін тексеру кезеңі;

      8) тексеріс жүргізу мерзімі көрсетіледі.

      7. Тексерушілер ретінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің прокурорлары танылады.

      8. Тексеріс жүргізу туралы қаулы шығарылады, ол прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосының, оның аумақтық және оларға теңестірілген органдарында а тіркеледі.

      9. Тексеру жүргізу туралы қаулыда:

      1) нөмірі, күні, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның атауы, қаулыға қол қойған басшының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы, тексеру негіздері;

      2) тексеру тағайындалған актив туралы деректер, оның орны, активтің меншік иелері, сенімгерлік басқарушылары, пайдаланушылары болып табылатын субъектілердің атауы, жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), бизнес-сәйкестендіру нөмірі (жеке сәйкестендіру нөмірі);

      3) тексерілетін кезең көрсетіле отырып, тексерудің пәні;

      4) тексеру тапсырылған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы және оған тартылатын мамандар туралы мәліметтер;

      5) тексеру жүргізу мерзімі (заңда көзделген күндер саны);

      6) иемдену көздерінің заңдылығына қатысты тексеру тағайындалған активтің меншік иесі, пайдаланушысы, иелігінде, және (немесе) бақылауында болып табылатын субъектінің және (немесе) үлестес тұлғалардың құқықтары мен міндеттері;

      7) қаулыға уәкілетті адамның қолы қойылады.

      10. Тексеруді тағайындау туралы қаулы иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексеріліп жатқан активтің меншік иесі болып табылатын субъекті және (немесе) оның үлестес тұлғасы не заңды тұлғаның басшысана іс жүргізу жөніндегі активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі.

3-Тарау. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүргізу тәртібі

      11. Тексеру Заң аясына кіретін субъект және (немесе) оның үлестес тұлғаларының Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс активіне қатысты жүргізіледі.

      Тізілімге енгізілген тұлғаға қатысты, тексеру ол активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну құқығын жүзеге асырғанына қарамастан жүргізіледі.

      12. Тексеруді тексеру жүргізу туралы қаулыда көрсетілген адамдар ғана жүргізеді.

      Тексеруді жүргізетін адамдардың құрамы, тексеру пәні мен кезеңі тексеруді тағайындаған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган басшысының не оның міндетін атқарушы адамның шешімі бойынша өзгертіледі (толықтырылады).

      13. Тексеру пәнін не кезеңін өзгерту (толықтыру) туралы шешім:

      тексерілетін мәселелердің тізбесін не тексерілетін кезеңін өзгертпей (толықтырусыз) активті иемдену көздерінің (шығу көзінің) заңдылығын бағалау мүмкін болмаған жағдайда;

      тексеру пәніне не кезеңіне жатқызылмаған заңдылықты бұзушылықтың айқын фактілері анықталған жағдайда;

      тексеру жүргізу туралы қаулыны қалыптастыру немесе тіркеу кезіндегі қателіктерге байланысты шығарылады.

      14. Тексеруді жүргізудің шекті мерзімі, оны тоқтата тұру және ұзарту негіздері Заңмен айқындалады.

      15. Қажет болған жағдайда тексеруге қатысуға қорытынды беру үшін: мемлекеттік және құқық қорғау органдарының;

      меншік нысанына қарамастан ұйымдардың мамандары тартылады.

      Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мамандары тиісті органдарға, мекемелерге не ұйымдарға жолданған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның талабы бойынша тартылады.

      Жеке ұйымдардың мамандарын тарту тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне не өзге де заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамының өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде, сондай-ақ оның заңды қызметіне кедергі келтіру қатері болған кезде тексеруді жүзеге асыратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тексеруге құқық қорғау органдарының қызметкерлері тартылуы мүмкін.

      16. Тексеру барысында тексеруді жүзеге асыру үшін маңызы бар Қазақстан Республикасы заңнамасының жасырын бұзушылықтарын анықтау үшін өзге мүмкіндіктер болмаған кезде жедел-іздестіру іс-шараларын (бұдан әрі - ЖІІ) жүзеге асыру қажеттілігі туралы мәселе шешіледі.

      ЖІІ жүргізу туралы қаулы Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Конституциялық заңының 10-бабы 1-тармағы 20) тармақшасына және "Жедел іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағы в-1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      ЖІІ жүргізу туралы қаулының жобасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі – Бас прокуратура) жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімшесінің басшысымен келісіледі.

      ЖІІ жүргізу туралы қаулыға Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның жұмысына жетекшілік ететін Бас Прокурор орынбасарымен қол қойылады.

      ЖІІ жүргізу туралы қаулы орындау үшін Қылмыстық процестік кодексте (бұдан әрі – ҚПК) анықталған тергеушілік (ведомстволық бағыныстылық) реті бойынша жолданады. Ерекше жағдайларда, жедел ақпараттың ағып кетпеуін, мүдделер қақтығысын болдырмау үшін ЖІІ заңда анықталған өкілеттіктерге қарамастан өзге құқық қорғау органдарына немесе арнайы мемлекеттік органдарға тапсыру рұқсат етіледі.

      ЖІІ жүргізуге Бас прокуратура жедел-іздестіру, қарсы барлау және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау бөлімшесімен атқарылған жұмыс нәтижелерін тыңдау арқылы тұрғылықты бақылау жүзеге асыралады.

      17. Жүргізілген тексеру шеңберіндегі сараптама арнайы ғылыми білімді талап ететін және оны тағайындамай тексеруді іске асыру мүмкін болмаған жағдайларда тағайындалады.

      Сараптама тағайындау туралы қаулыны активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдар шығарады.

      Сараптама тағайындау туралы қаулыда:

      1) сараптама тағайындаған органның атауы;

      2) сараптама тағайындалған уақыт, орны;

      3) сараптама түрі;

      4) сараптама тағайындау үшін негіздер;

      5) сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу көзі туралы ақпарат, сондай-ақ зерттеу барысында көрсетілген объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге рұқсат;

      6) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның сот сараптамасы органының атауы және (немесе) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);

      7) сарапшының шешуіне жататын мәселелер.

      Маманның қорытындысында қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы не сотқа арыз беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлар туралы тұжырымдар болған кезде прокурорлық тексерулер материалдары бойынша сараптама ҚПК, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК), Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі – АПК), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (бұдан әрі – ӘРПК) шеңберінде жүргізіледі.

      18. Тексеру барысында активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган тексеру жүргізу үшін қажетті істерді, ақпаратты, материалдар мен құжаттарды мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен Қазақстан Республикасының заңнамасында анықталған тәртіппен сұратады және алады.

      19. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүзеге асыру кезінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның:

      1) егер олар активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру пәніне жатпаса, құжаттарды, ақпаратты ұсынуды талап етуге;

      2) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізудің белгіленген мерзімінен асып кетуге;

      3) заңдылық пен қоғамдық тәртіпке, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қайтымсыз салдарлардың туындауына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, тексерілетін активтің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруге құқығы жоқ.

      20. Мамандарды бөлу, мәліметтер мен істерді талап ету туралы активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның талаптарына активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары, активерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      21.Соттардың қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді беруі туралы прокурордың талаптары ҚПК-ге, АПК-ге, ӘРПК-ге, ӘҚБтК-ге сәйкес жіберіледі.

      22. Уәкілетті органдарға жіберілетін тексеру жүргізу туралы талаптарға активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      23. Тексеру жүргізу кезінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексеру пәні болып табылатын актив туралы, активтің меншік иесі, оның ішінде бұрынғы иесі, сенімгерлік басқарушысы, пайдаланушысы болып табылатын субъектілер, құжаттар, материалдар, үй-жайлар, тиісті активтердің (субъектілердің) қызмет процесіне қатысты нақты ақпаратты жинау, сондай-ақ заңдылықты бұзушылық фактілерін растау үшін қолда бар техникалық құралдарды қолданады.

      24. Нақты ақпаратты жинау тиісті субъектіні міндетті түрде хабардар ете отырып, тексеру барысында объективті бағалау үшін маңызы бар фото-бейнетүсірілім, өлшемдерді, көшірмелерді алу, сынамаларды алу, бақылау сатып алу және өзге де тіркеу жолымен жүзеге асырылады.

      "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнайы рұқсатты талап ететін арнайы техникалық құралдарды пайдалануға жол берілмейді.

      25. Жүргізілетін тексеру мәселелері бойынша адамдарды шақыруды және лауазымды адамдардан, жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардың өкілдерінен түсініктемелер алуды тексеру тағайындау туралы қаулыда көрсетілген прокурор не оның басшысы жүзеге асырады.

      26. Тексеру аяқталғаннан кейін тексеру нәтижелері туралы анықтама (бұдан әрі – анықтама) жасалады, онда:

      1) анықтаманы жасау күні мен орны, тексеру негіздері;

      2) тексерілетін активтің атауы және (немесе) актив меншік иесі, пайдаланушы, иелігінде және (немесе) бақылауындағы (болған) субъект және (немесе) үлестес тұлғаларға қатысты деректер;

      3) тексеру тақырыбы бойынша жалпы мәліметтер;

      4) тексеру нәтижелері бойынша қорытындылар мен ұсыныстар;

      5) тексеру жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы қойылады.

      Анықтама субъекті досьесінің материалдарына тіркеледі (бар болса).

      27. Тексеру нәтижелері бойынша мынадай:

      1) заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына соттарға активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде тану туралы талап қою туралы мәселені енгізу туралы;

      2) қамтамасыз ету және (немесе) алдын ала қамтамасыз ету шараларын қоса алғанда, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген активтерді мәжбүрлеп қайтару жөніндегі өзге де шараларды іске асыруы туралы;

      3) сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізу үшін материалдарды құқық қорғау не арнаулы мемлекеттік органдарға беру туралы;

      4) активтерді қайтаруға байланысты талап қоюлар беруге бастама жасау, сондай-ақ қолданыстағы заңнамамен көзделген өзге де іс-шараларды жүзеге асыру туралы;

      5) Конституциялық заңның 5-тарауында көзделген прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізуге туралы шешімдер қабылданады.

      Кейінге қалдыруды қажет етпейтін жағдайларда осы тармақтың 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген шешімдерді тексеру аяқталғанға және оның қорытындылары шығарылғанға дейін активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган қабылдауы мүмкін.

      28. Анықтама иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қатысты тексеру жүргізілген активтің меншік иесі, пайдаланушысы, иелігіндегі және (немесе) бақылауындағы (болған), не оның уәкілетті өкіліне не заңды тұлғаның басшысына, тексеру аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде тапсырылады.

      Анықтаманы тиісті тапсыру болып жеткізілудің бекітілуін қамтамасыз ететін келесі тәсілдер есептеледі:

      1) қолма-қол;

      2) пошта арқылы тапсырыс хатпен;

      3) электронды пошта мекенжайына;

      4) электрондық үкімет жүйесіндегі жеке кабинет.

      Анықтама оны қабылдаудан бас тартуға байланысты қайтарылған жағдайда тұлға тиісті түрде хабардар етілген болып есептеледі.

      Анықтаманы алу немесе алудан бас тарту туралы мәліметтер оны тапсыру сәтінде көрсетіледі.

      Анықтамаға қарсылықтар (болған жағдайда) үш жұмыс күні ішінде жазбаша ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады