"Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 11 қазандағы № 186 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2025 жылғы 30 қаңтардағы № 16 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 3 ақпанда № 35691 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 11 қазандағы № 186 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33540 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      Аталған бұйрықпен бекітілген Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
Б. Асылов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2025 жылғы 30 қаңтардағы
№ 16 Бұйрыққа
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2023 жылғы 11 қазандағы
№ 186 Бұйрыққа
қосымша

Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау және жүргізу тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер пайдаланылады:

      1) активтер – Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тысқары жердегі мүліктік игіліктер мен құқықтар (мүлік), оған қоса осындай мүліктен алынған (алынатын) кез келген мүліктік игіліктер мен құқықтар (мүлік);

      2) дерекнама – активтерді қайтару бойынша жүргізілген мониторинг пен талдау және өзге де шаралардың қорытындылары бойынша мәліметтерді қамтитын құжаттар жиынтығы;

      3) тексеру – активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру.

      Өзге терминдер Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген мағынада пайдаланылады.

      3. Тексерудің мақсаты активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын зерттеу, активті заңсыз иемдену фактісін растау немесе теріске шығару болып табылады.

2-тарау. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді тағайындау тәртібі

      4. Тексеруге бастамашы лауазымды адам ретінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы, оның орынбасары не олардың міндетін атқарушы адамдар бола алады.

      5. Тексеру активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган басшысының не оның міндетін атқарушы адамның тексеруге бастамашы болған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамы баянатының негізінде қабылданатын шешімі (қаулысы) бойынша не Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның жұмысына жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.

      6. Тексеруді тағайындау туралы баянатта:

      1) күні, баянат беруші адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;

      2) баянат беру күніндегі жай-күй бойынша қалыптастырылған субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына қатысты материалдардың қысқаша мазмұны;

      3) иемдену заңдылығына қатысты тексеру жүргізу жоспарланып отырған субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғасының активі;

      4) тексеру нысанасы болып табылатын активтердің пайда болуының көздеріне алғашқы қаражаттың пайда болу кезеңін қамтуы мүмкін тексеру кезеңі;

      5) тексеру жүргізу мерзімі көрсетіледі.

      7. Тексерушілер, оның ішінде 2023 жылғы 11 қазаннан бастап тағайындалған тексеру бойынша тексерушілер ретінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдары, сондай-ақ осы Қағидалардың 16-тармағында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының қызметкерлері танылады.

      8. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру жүргізу туралы қаулы шығарылады, ол прокуратура органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы ведомствосының және (немесе) оның аумақтық органдарында тіркеледі.

      9. Тексеру жүргізу туралы қаулыда:

      1) қаулының нөмірі және күні, қаулыға қол қоятын активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган басшысының не оның міндетін атқарушы адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), тексеру негіздері;

      2) өзіне қатысты тексеру тағайындалған актив туралы деректер, оның орналасқан жері, өзінің меншігінде, пайдалануында, иеленуінде және (немесе) бақылауында активі бар (болған) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының атауы, заңды тұлғаның басшысы туралы мәліметтер, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (жеке сәйкестендіру нөмірі);

      3) тексерілетін кезең көрсетіле отырып, тексерудің нысанасы;

      4) тексеру тапсырылған адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы және оған тартылатын қызметкерлер, мамандар (жұмыскерлер) туралы мәліметтер;

      5) тексеру жүргізу мерзімі;

      6) өзінің меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында актив болатын (болған) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының құқықтары мен міндеттері;

      7) қаулыға қол қоюға уәкілетті тұлғаның қолы көрсетіледі.

      10. Тексеруді тағайындау туралы қаулы өзінің меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында актив болатын (болған) субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғасына не заңды тұлғаның басшысына активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның іс жүргізу жөніндегі ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі.

3-тарау. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүргізу тәртібі

      11. Тексеру Заңның қолданылу саласына кіретін субъекті және (немесе) оның үлестес тұлғаларының Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс активіне қатысты жүргізіледі.

      Тізілімге енгізілген тұлғаға қатысты тексеру мұндай тұлғаның активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну құқығын жүзеге асырғаны не асырмағанына қарамастан жүргізіледі.

      12. Тексеруді тексеру жүргізу туралы қаулыда көрсетілген тұлғалар ғана жүргізеді.

      Тексеруді жүргізетін тұлғалардың құрамы, тексеру нысанасы мен кезеңі тексеруді тағайындаған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган басшысының не оның міндетін атқарушы адамның шешімі бойынша өзгертілуі (толықтырылуы) мүмкін.

      13. Тексеру нысанасын не кезеңін өзгерту (толықтыру) туралы шешім:

      тексерілетін мәселелердің тізбесін не тексерілетін кезеңін өзгертпей (толықтырусыз) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын бағалау мүмкін болмаған жағдайда;

      тексеру нысанасына не кезеңіне жатқызылмаған заңдылықты бұзушылықтың фактілері анықталған жағдайда;

      тексеру жүргізу туралы қаулыны қалыптастыру немесе тіркеу кезіндегі қателіктерге байланысты шығарылады.

      14. Тексеру алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      Қосымша материалдарды талап ету қажет болған кезде, тексеру жүргізу мерзімі алпыс жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      Тексеру, оның ішінде 2023 жылғы 11 қазаннан бастап тағайындалған тексеру сараптама, осы активке байланысты өзге де тексеру тағайындалған жағдайларда, сондай-ақ шет мемлекеттерден мәліметтер мен құжаттарды алу қажет болған кезде және тексеру жүргізуге кедергі келтіретін өзге де жағдайларда, оның ішінде аудит, активті бағалау, прокурордың талап етуі бойынша уәкілетті мемлекеттік орган тексеру тағайындаған кезінде, басқа мемлекеттік органдар мен меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардан, жеке тұлғалардан қосымша материалдарды талап ету кезінде, активтерді ерікті түрде қайтару шеңберінде келісу және өзге де рәсімдерді жүргізу кезінде тоқтатыла тұруы мүмкін.

      Тоқтатыла тұрған тексеруді жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.

      Тексеру Заңның 25-бабына сәйкес келісім (келісімдер) жасалған жағдайда, оның ішінде 2023 жылғы 11 қазаннан бастап жасалған осындай келісімдердің негізінде аяқталуы мүмкін.

      15. Қажет болған жағдайда тексеру шеңберінде қорытынды беру үшін:

      мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері (прокуратура органдарын қоспағанда);

      меншік нысанына қарамастан ұйымдардың мамандары (жұмыскерлері) тартылады.

      Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның тиісті органдарға, мекемелерге не ұйымдарға жіберген талабы бойынша тартылады.

      Жеке ұйымдардың мамандарын (жұмыскерлерін) тарту Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне не Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамының өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде, сондай-ақ оның заңды қызметіне кедергі келтіру қатері болған кезде тексеруді жүзеге асыратын тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тексеруге құқық қорғау органдарының қызметкерлері тартылуы мүмкін.

      16. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының не оның орынбасарларының келісуі бойынша тексеруді, оның ішінде 2023 жылғы 11 қазаннан бастап тағайындалған тексеруді жүргізуге прокуратура органдары ведомствосының, әскери және көлік прокуратурасы органдарының, облыстардың прокуратуралары мен оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) прокуратуралардың, аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокуратуралардың қызметкерлерін тарта алады.

      17. Тексеру барысында тексеруді жүзеге асыру үшін маңызы бар Қазақстан Республикасы заңнамасының жасырын бұзушылықтарын анықтау үшін өзге мүмкіндіктер болмаған кезде жедел-іздестіру іс-шараларын (бұдан әрі – ЖІІ) жүзеге асыру қажеттілігі туралы мәселе шешіледі.

      ЖІІ-ні жүргізу туралы қаулы Қазақстан Республикасының "Прокуратура туралы" Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 10-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына және "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының в-1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      ЖІІ-ні жүргізу туралы қаулының жобасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі – Бас прокуратура) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау бөлімшесінің басшысымен келісіледі.

      Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы қаулыға Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның жұмысына жетекшілік ететін Бас Прокурор орынбасары қол қояды.

      ЖІІ-ні жүргізу туралы қаулы Қылмыстық-процестік кодексте (бұдан әрі – ҚПК) айқындалған тергеулік (ведомстволық) реті бойынша уәкілетті органға орындау үшін жіберіледі. Ерекше жағдайларда, жедел ақпараттың тарап кету фактілерін болдырмау, мүдделер қақтығысын жою үшін ЖІІ жүргізуді заңда айқындалған өкілеттіктерге қарамастан өзге құқық қорғау органдарына немесе арнаулы мемлекеттік органдарға тапсыруға рұқсат етіледі.

      ЖІІ-ні жүргізуге Бас прокуратураның жедел-іздестіру, қарсы барлау және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау бөлімшесі атқарылған жұмыс нәтижелерін тыңдау арқылы тұрақты бақылауды жүзеге асырады.

      18. Жүргізілетін тексеру шеңберінде сараптама арнайы ғылыми білімді талап ететін және оны тағайындаусыз тексеруді іске асыру мүмкін болмайтын жағдайларда тағайындалады.

      Сараптама тағайындау туралы қаулыны активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары немесе олардың міндеттерін атқаратын адамдар шығарады.

      Сараптама тағайындау туралы қаулыда:

      1) сараптама тағайындаған органның атауы;

      2) сараптама тағайындалған уақыт, орны;

      3) сараптама түрі;

      4) сараптама тағайындау үшін негіздер;

      5) сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың пайда болу көзі туралы ақпарат, сондай-ақ зерттеу барысында көрсетілген объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге рұқсат;

      6) сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);

      7) сарапшының шешуіне жататын мәселелер көрсетіледі.

      Қызметкердің және (немесе) маманның (жұмыскердің) қорытындысында қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы не сотқа арыз беру үшін негіз болып табылатын мән-жайлар туралы тұжырымдар болған кезде прокурорлық тексерулер материалдары бойынша сараптама ҚПК, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК), Азаматтық-процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) шеңберінде жүргізіледі.

      19. Тексеру барысында активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен, лауазымды адамдардан және жеке тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен істерді, ақпаратты және материалдарды сұратады және алады.

      20. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган шет мемлекеттердің құзыретті органдары мен ұйымдарынан немесе халықаралық ұйымдардан, субъектілерден және (немесе) олардың үлестес тұлғаларынан ақпарат сұрата алады.

      21. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеруді жүзеге асыру кезінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган:

      1) егер олар активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру нысанасына жатпаса, құжаттарды, ақпаратты ұсынуды талап етпейді;

      2) активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына тексеру жүргізудің белгіленген мерзімін асырмайды;

      3) заңдылық пен қоғамдық тәртіпке, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қайтымсыз салдарлардың туындауына қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, тексерілетін активтің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді.

      22. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның қызметкерлерді және (немесе) мамандарды (жұмыскерлерді) бөлу, мәліметтер мен істерді талап ету туралы талаптарына активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың міндеттерін атқаратын адамдар не тексеруді тағайындау туралы қаулыда көрсетілген тұлғалар не олардың тікелей басшылары қол қояды.

      23. Соттардың қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді беруі туралы прокурордың талаптары ҚПК-ге, АПК-ге, ӘРПК-ге, ӘҚБтК-ге сәйкес жіберіледі.

      24. Уәкілетті органдарға жіберілетін тексеру жүргізу туралы талаптарға активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның басшысы, оның орынбасарлары не олардың міндеттерін атқаратын адамдар қол қояды.

      25. Тексеру жүргізу кезінде активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексеру нысанасы болып табылатын актив туралы, активтің меншік иесі, оның ішінде бұрынғы иесі, сенімгерлік басқарушысы, пайдаланушысы болып табылатын субъектілер, сондай-ақ құжаттар, материалдар, үй-жайлар, тиісті активтердің (субъектілердің) қызмет процесіне қатысты нақты ақпаратты жинау және заңдылықты бұзушылық фактілерін растау үшін қолда бар техникалық құралдарды қолданады.

      26. Нақты ақпаратты жинау тиісті субъектіні міндетті түрде хабардар ете отырып, тексеру барысында объективті бағалау үшін маңызы бар фото-бейнетүсірілім, өлшемдерді, көшірмелерді алу, сынамаларды алу, бақылау сатып алу және өзге де тіркеу жолымен жүзеге асырылады.

      "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнайы рұқсатты талап ететін арнайы техникалық құралдарды пайдалануға жол берілмейді.

      27. Жүргізілетін тексеру мәселелері бойынша тұлғаларды шақыруды және лауазымды адамдардан, жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардың өкілдерінен түсініктемелер алуды тексеру тағайындау туралы қаулыда көрсетілген лауазымды адам не оның басшысы жүзеге асырады.

      28. Тексеру аяқталғаннан кейін тексеру нәтижелері туралы анықтама (бұдан әрі – анықтама) жасалады, онда:

      1) анықтама жасалған күні мен орны, тексеру негіздері;

      2) тексерілетін активтің атауы және (немесе) өзінің меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында актив, тексеру нысанасы (тақырыбы) болатын (болған) субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының деректері;

      3) тексеру тақырыбы бойынша жалпы мәліметтер;

      4) тексеру нәтижелері бойынша қорытындылар мен ұсыныстар;

      5) тексеру жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетіледі.

      Анықтама субъектінің дерекнама материалдарына тіркеледі (бар болса).

      29. Тексеру, оның ішінде 2023 жылғы 11 қазаннан бастап тағайындалған тексеру нәтижелері бойынша мынадай:

      1) активтерді пайда болуы түсініксіз активтер ретінде тану туралы соттарға талап қою туралы мәселені заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның қарауына енгізу туралы;

      2) қамтамасыз ету және (немесе) алдын ала қамтамасыз ету шараларын қоса алғанда, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген активтерді мәжбүрлеп қайтару жөніндегі өзге де шараларды іске асыруы туралы;

      3) сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізу үшін материалдарды құқық қорғау не арнаулы мемлекеттік органдарға беру туралы;

      4) басқа мемлекеттік органдар жүргізетін тексерулерге, аудиттерге, ревизияларға бастамашылық жасау туралы;

      5) активтерді қайтаруға байланысты талап қоюлар беруге бастама жасау, сондай-ақ қолданыстағы заңнамамен көзделген өзге де іс-шараларды жүзеге асыру туралы;

      6) Конституциялық заңның 5-тарауында көзделген прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізу туралы;

      7) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін өзге де іс-шараларға бастамашылық жасау туралы шешімдер қабылданады.

      Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган осы тармақта көзделген шешімдерді тексеру аяқталғанға және оның қорытындылары шығарылғанға дейін қабылдауы мүмкін.

      30. Анықтама өзінің меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында актив болатын (болған) субъектіге және (немесе) оның үлестес тұлғаларына не олардың уәкілетті өкілдеріне немесе иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығына қатысты тексеру жүргізілген заңды тұлғаның басшысына тексеру аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде табысталады не жіберіледі.

      Тиісті табыстау болып жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін мынадай:

      1) қолма-қол;

      2) тапсырыс хатпен пошта арқылы;

      3) электронды пошта мекенжайына;

      4) электрондық үкімет жүйесіндегі жеке кабинет арқылы беру тәсілдері болып табылады.

      Анықтама оны қабылдаудан бас тартуға байланысты қайтарылған жағдайда тұлға тиісті түрде хабардар етілген болып саналады.

      Анықтамаға қарсылықтар (болған жағдайда) анықтама берілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша ұсынылады және тексеру материалдарына тіркеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады