"Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 және "Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 31 тамыздағы № 212 қаулыларына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2023 жылғы 23 қазандағы № 84 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 2 қарашада № 33602 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14299 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы екінші бөлігінің 28) тармақшасына, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілген операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарда:

      мынадай мазмұндағы 40-1-тармақпен толықтырылсын:

      "40-1. Эмитент өзі мен төлем карточкасын ұстаушы арасындағы шартта көзделген тәртіппен және тәсілмен үшінші тұлғаның пайдасына төлем карточкасын пайдалана отырып ақша аудару бойынша төлем қызметтерін көрсеткенге дейін оған:

      1) үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттеріне байланысты ықтимал тәуекелдер;

      2) үшінші тұлғалардың, оның ішінде өзін мемлекеттік, құқық қорғау органдарының немесе банктердің қызметкерлері ретінде таныстыратын адамдардың ықпалымен (өтініші бойынша) ақша аударымын жүзеге асыруға байланысты тәуекелдер;

      3) ақша алушының бастамасы (шешімі бойынша) не сот шешімі бойынша операцияның күшін жою және ақшаны қайтару мүмкіндіктері туралы хабарлайды.";

      мынадай мазмұндағы 43-1-тармақпен толықтырылсын:

      "43-1. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар клиенттердің төлем карточкаларына микрокредиттер беруді жүзеге асыру кезінде қарыз алушының пайдасына микрокредит сомасын аударуды жүзеге асыру үшін шығарылған және соған арналған жеке арнайы корпоративтік төлем карточкасын (бұдан әрі – корпоративтік кредиттеу картасы) пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Эмитент микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым корпоративтік кредиттеу картасын пайдалана отырып, қарыз алушының пайдасына микрокредит сомасын аударуды жүзеге асыру кезінде ақша аударымын тағайындауда (мақсатында) осы қарыз алушыға берілген микрокредит туралы ақпаратты көрсетуді қамтамасыз етеді, эмитент осы эмитент шығарған төлем карточкасын ұстаушы болып табылатын қарыз алушыға берілген микрокредит сомасының оның банктік шотына түскені туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.".

      2. "Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 212 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14337 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 22-5-тармақпен толықтырылсын:

      "22-5. Банк электрондық банктік қызметтерді ұсынған кезде санкцияланбаған төлемдерге және (немесе) ақша аударымдарына қарсы іс-қимыл процесін автоматтандыратын жүйені және (немесе) бағдарламалық-техникалық құралдарды пайдаланады.".

      3. Төлем жүйелері департаменті (Е.Т. Ашықбеков) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Н.Қ. Қосбаев) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.Ш. Шолпанқұловқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Т. Сулейменов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады