Жамбыл облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 40-3 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4401 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру қағидаларын бекіту туралы";
көрсетілген шешіммен бекітілген "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Атақ ерекше сіңірген еңбегі үшін жалпы еңбек өтілі республикамен, облыспен (қаламен, ауданмен) 10 жылдан кем емес байланысты болса (10 жылға жетпеген жағдайда және облыспен (қаламен, ауданмен) байланысты болмаған жағдайда – республикалық деңгейдегі (қалаға, ауданға) аса үздік жетістіктері үшін) келесі талаптарға сәйкес келетін азаматтарға беріледі:
1) соғыс кезіндегі ерліктері мен қаһармандығы, сондай-ақ бейбіт уақыттағы кәсіби міндеттерін немесе азаматтық борышын орындау кезіндегі жеке қаһармандығы үшін;
2) мемлекеттік, әскери және қоғамдық қызметтегі, демократияны дамытудағы, жариялылық пен әлеуметтік прогрестегі, рухани және интеллектуалдық әлеуеттегі жеткен зор жетістіктері үшін;
3) заңдылықты, құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы белсенділігі үшін;
4) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы көпжылғы белсенді еңбегі, қайырымдылыққа қосқан нақты үлесі мен ізгі істері үшін;
5) тәуелсіз Қазақстанның тұтастығын сақтаудағы, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы жемісті еңбегі үшін;
6) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін;
7) жеткіншек ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беруге және қоршаған ортаны қорғауға белсене қатысқаны үшін.";
6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Атақ берілмейді:
ұсынылған сәтте заңнамамен белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар адамдарға;
сот іс-әрекетке қабілетсіз не іс-әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдарға.
7. Атақ Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін Республика күнінің құрметіне беріледі.
Тек соңғы екі жылда келіп түскен қолдаухаттар қаралады.
Қолдаухаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жүзеге
асырылады. Белгіленген мерзімнен кеш келіп түскен ұсыныстар қаралмайды.
Жалпы жыл ішінде Атақ беру облыстық деңгейде он азаматқа дейін, Тараз қаласы мен аудандар деңгейінде жеті азаматқа дейін жүргізіледі.
Сонымен қатар, қажет болған жағдайда Ұлттық мерекеден бөлек, жыл ішінде облыс әкімінің ұсынымымен "Жамбыл облысының Құрметті азаматы" атағы берілуі мүмкін. Бұл жағдайда Атақ басқа да белгіленген мерзімдерде беріледі.";
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"10. Егер еңбек өтілі мен өмірбаяны облыспен байланысты болса, Атақ облыстық деңгейде беріледі, облыспен байланысты болмаған жағдайда республикалық деңгейдегі аса үздік жетістіктері ескеріле отырып беріледі.
Сондай-ақ, еңбек өтілі мен өмірбаяны тек қаламен (ауданмен) байланысты болған жағдайда, Атақ қалалық (аудандық) деңгейде беріледі, ал қаламен (ауданмен) байланысты болмаған жағдайда, республикалық деңгейдегі аса үздік жетістіктері ескеріле отырып беріледі.".
2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Жамбыл облыстық | |
мәслихатының төрағасы | А. Нуралиев |