"Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Жамбыл облыстық мәслихатының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 40-3 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 15 қарашада № 4401 болып тіркелді

      Ескерту. Шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда – Жамбыл облыстық мәслихатының 31.05.2023 № 3-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Жамбыл облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Жамбыл облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Жамбыл облыстық мәслихатының құқықтық тәртіп, әлеуметтік-мәдени салалар, гендерлік саясат және қоғамдық ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Облыстық мәслихаттың
      хатшысы Б. Қарашолақов

  Жамбыл облыстық мәслихатының
2019 жылғы "12" қарашадағы
№ 40-3 шешіміне 1 қосымша

"Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары 1. Жалпы ереже

      1. Осы "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді.

      2. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын (бұдан әрі - Атақ) беру азаматтардың көп жылғы жемісті еңбегін, олардың қабілеті мен дарынын және бағалы бастамаларын қоғамның мойындап танығандығын білдіретін аса маңызды моральдық көтермелеу болып табылады. Ол азаматтардың еңбек және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға, олардың Жамбыл облысын (қаланы, ауданды) экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытуға бағытталған күш-жігерін ынталандыруға, өскелең жас ұрпақты қазақстандық отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге және халықтар арасында достықты нығайтуға арналған.

2. Атақ беру бойынша талаптар

      3. Атақ ерекше сіңірген еңбегі үшін жалпы еңбек өтілі республикамен, облыспен (қаламен, ауданмен) 10 жылдан кем емес байланысты болса (10 жылға жетпеген жағдайда және облыспен (қаламен, ауданмен) байланысты болмаған жағдайда – республикалық деңгейдегі (қалаға, ауданға) аса үздік жетістіктері үшін) келесі талаптарға сәйкес келетін азаматтарға беріледі:

      1) соғыс кезіндегі ерліктері мен қаһармандығы, сондай-ақ бейбіт уақыттағы кәсіби міндеттерін немесе азаматтық борышын орындау кезіндегі жеке қаһармандығы үшін;

      2) мемлекеттік, әскери және қоғамдық қызметтегі, демократияны дамытудағы, жариялылық пен әлеуметтік прогрестегі, рухани және интеллектуалдық әлеуеттегі жеткен зор жетістіктері үшін;

      3) заңдылықты, құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы белсенділігі үшін;

      4) азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы көпжылғы белсенді еңбегі, қайырымдылыққа қосқан нақты үлесі мен ізгі істері үшін;

      5) тәуелсіз Қазақстанның тұтастығын сақтаудағы, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы жемісті еңбегі үшін;

      6) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін;

      7) жеткіншек ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беруге және қоршаған ортаны қорғауға белсене қатысқаны үшін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – Жамбыл облыстық мәслихатының 31.05.2023 № 3-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

      4. Атақ шетел азаматтарына Жамбыл облысының (қаланың, ауданның), елдегі және шет елдердегі кескін келбетін көтеруге қосқан мол қоғамдық танымал үлесі үшін берілуі мүмкін.

      5. Қайтыс болған адамдар Атақ беруге үміткер болып тиісті мәслихат сессиясының қарауына енгізілмейді.

      6. Атақ берілмейді:

      ұсынылған сәтте заңнамамен белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар адамдарға;

      сот іс-әрекетке қабілетсіз не іс-әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдарға.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – Жамбыл облыстық мәслихатының 31.05.2023 № 3-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

3. Атақ беру тәртібі

      7. Атақ Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін Республика күнінің құрметіне беріледі.

      Тек соңғы екі жылда келіп түскен қолдаухаттар қаралады.

      Қолдаухаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жүзеге

      асырылады. Белгіленген мерзімнен кеш келіп түскен ұсыныстар қаралмайды.

      Жалпы жыл ішінде Атақ беру облыстық деңгейде он азаматқа дейін, Тараз қаласы мен аудандар деңгейінде жеті азаматқа дейін жүргізіледі.

      Сонымен қатар, қажет болған жағдайда Ұлттық мерекеден бөлек, жыл ішінде облыс әкімінің ұсынымымен "Жамбыл облысының Құрметті азаматы" атағы берілуі мүмкін. Бұл жағдайда Атақ басқа да белгіленген мерзімдерде беріледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – Жамбыл облыстық мәслихатының 31.05.2023 № 3-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

      8. Атақ беру он жыл сайын қайталанып келетін Жамбыл облысының мерейтойына орай бір рет жүзеге асырылып, облыс деңгейінде он бес азаматқа дейін, аудандар мен Тараз қаласы деңгейінде он азаматқа дейін берілуі мүмкін.

      9. Атақты тиісті мәслихат облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынымы бойынша береді.

      10. Егер еңбек өтілі мен өмірбаяны облыспен байланысты болса, Атақ облыстық деңгейде беріледі, облыспен байланысты болмаған жағдайда республикалық деңгейдегі аса үздік жетістіктері ескеріле отырып беріледі.

      Сондай-ақ, еңбек өтілі мен өмірбаяны тек қаламен (ауданмен) байланысты болған жағдайда, Атақ қалалық (аудандық) деңгейде беріледі, ал қаламен (ауданмен) байланысты болмаған жағдайда, республикалық деңгейдегі аса үздік жетістіктері ескеріле отырып беріледі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – Жамбыл облыстық мәслихатының 31.05.2023 № 3-3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

      11. Атақты беру туралы қолдаухатты еңбек және шығармашылық ұжымдары, қоғамдық және діни бірлестіктер, саяси партиялар, тиісті мәслихат депутаттары және өзге де бастамашылық топтар (бұдан әрі – бастамашылық топтар) ұсына алады.

      Сонымен қатар, бір бастамашылық топтан ағымдағы күнтізбелік жылы тек бір кандидатураға қатысты Атақ беру туралы қолдаухат енгізілуі мүмкін.

      12. Қолдаухатқа бірінші басшы немесе тиісті уәкілетті адам қол қояды, онда атақ берілетін үміткердің нақты еңбектері көрсетіледі.

      13. Қолдаухатта кандидаттың өмірбаяндық негізгі мәліметтері, оның Жамбыл облысы (қала, аудан) алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегін сипаттайтын дәлелді құжаттары қоса тіркеліп, сонымен қатар:

      1) мінездеме, дәлелді құжаттарының көшірмелерімен қоса мемлекеттік және басқа да наградаларының тізбесі;

      2) жиналыс шешімінің хаттамасы, кандидаттың өмірбаяны;

      3) жеке куәліктің/паспорттың көшірмесі;

      4) соттылық, әкімшілік жаза белгілеу жөніндегі мәліметтері;

      5) осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша айрықша еңбегін сипаттайтын ақпараттарды қамтитын марапат қағазы;

      6) кандидаттың 3х4 сантиметр (2 дана) және 6х9 сантиметр (1 дана) көлеміндегі фотосуреттері тіркеледі.

      14. Атақ беру туралы өз кандидатураларын өз бетімен ұсынған тұлғалардан келіп түскен қолдаухаттары қаралмайды.

      15. Бір үміткерге берілетін қолдау хатты енгізу тиісті мәслихаттың бір шақырылым кезеңінде екі реттен аспауы тиіс.

      16. Қолдау хат облыс (қала, аудан) әкімінің атына жолданады, облыс (қала, аудан) әкімі өз кезегінде қолдау хатты "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына жібереді.

      17. Комиссия осы Ережелерге сәйкес үміткерлерге қатысты барлық жағдайды анықтайды және құжаттардың растығына тексеру жүргізеді.

      18. Саны 9 (тоғыз) адамнан тұратын комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады.

      19. Облыс (қала, аудан) әкімдігінің қаулысымен құрылатын және тиісті мәслихаттың шешімімен бекітілетін комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық пікір көшбасшыларының өкілдері және тиісті мәслихаттың депутаттары енгізілуі мүмкін.

      20. Комиссия ұсынымдары ашық дауыс беру жолымен қабылданады және уәкілетті адамға жiберіледi. Комиссия мүшелерi дауыс беру кезiнде қалыс қалмайды және отырыстарға алмасу құқығынсыз қатысады.

      Комиссияның қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді.

      21. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болады.

      22. Көпшіліктің шешімімен келіспеген Комиссия мүшесі өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде білдіре алады, оны Комиссия төрағасына ұсынады және оны Комиссия отырысының хаттамасына тіркейді.

      23. Комиссияның шешімі ұсыну сипатында болады және комиссия төрағасы мен барлық мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      24. Комиссия қолдау хатты қарау нәтижесі бойынша облыс (қала, аудан) әкіміне атақ беру туралы ұсынымды тиісті мәслихатының қарауына енгізуді немесе тиісті себептерін көрсете отырып, одан бас тартуды (кері қайтаруды) ұсынады.

      25. Атақты беру туралы мәселені қарау және шешім қабылдау Атаққа ұсынылған тұлғаның қатысуынсыз жүзеге асырыла алады.

      26. Тиісті мәслихаттың Атақ беру туралы шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

4. Төсбелгі мен куәлікті тапсыру тәртібі

      27. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" төсбелгісін, куәлігін, ескерткіш лентасын тапсыру облыс (қала, аудан) әкімімен және тиісті мәслихат хатшысымен салтанатты жағдайда жүргізіледі.

      28. Атақ беру туралы куәлікке облыс (қала, аудан) әкімі және тиісті мәслихат хатшысы қол қояды.

      29. Атақ алған тұлғалар куәлік пен төс белгінің сақталуын қамтамасыз етулері тиіс. Атақ берілгендігін растайтын құжаттар жоғалған жағдайда, оны иеленген тұлға өзінің құқықтарын сақтап қалады және оған атақ беру туралы құжаттардың көшірмелері тиісті мәслихаттың шешімімен беріледі, ал төсбелгі қайталап берілмейді.

      30. Атақ өмірлік болып табылады. Оның берілуі туралы құжаттар және төсбелгі отбасына естелік ретінде сақтауға қалдырылады немесе мұрагерлерінің келісімі бойынша жергілікті мұражайға өткізілуі мүмкін.

      31. Облыстың (қаланың, ауданның) құрмет кітабына Атаққа ие болған азаматтардың аттарын тіркеу осы Қағидалардың 6 тарауында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.

      32. Атақ беру мәселелері жөніндегі құжаттамаларды жүргізу және есепке алу, дипломдарды, куәліктерді және төсбелгілерді, ескерткіш ленталарын, облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет кітабын әзірлеу және ресімдеу, талапқа сай сақтау облыс (қала, аудан) әкімдігінің тиісті ішкі саясат басқармасымен (бөлімімен) жүзеге асырылады. Облыстың (қаланың, ауданның) құрмет кітабын, төсбелгілер мен оларға куәліктерді, дайындау шығындарын қаржыландыру тиісті жергілікті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады.

      33. Құрметті азаматтар тиісті мәслихат немесе тиісті әкімдік тарапынан мемлекеттік мерекелерге, Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) күніне және басқа да маңызды оқиғаларға арналған шараларға құрметті қонақ ретінде шақырылады.

5. Атақтан айыру негіздемелері

      34. Атақ берілген азамат тиісті мәслихаттың шешімімен мына жағдайда атақтан айрылуы мүмкін:

      1) қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгенде;

      2) атақ беру туралы қолдау хат енгізген құзырлы органның ұсынымы

      бойынша қоғамның айрықша назарын аударған өрескел іс-әрекет жасағаны үшін.

      35. Атағынан айыру жағдайында, Атақтан айырылатын тұлғадан куәлігі, төсбелгісі, құрмет лентасы қайтарылады, сонымен бірге облыстың (қаланың, ауданың) Құрмет Кітабында тиісті жазба жазылады.

      36. Осы Ереженің 34-тармағында көзделген негіздер бойынша Атақтан айырылған азамат қайталап атақ беруге ұсыныла алмайды.

      37. Заңсыз сотталған және толық ақталған азаматтардың Атаққа ие болу құқықтары сот шешімімен қалпына келтіріледі.

6. "Құрмет кітабын" жүргізу тәртібі

      38. 1999 жылдан бастап берілген Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматтарының есімі "Құрмет кітабына" каллиграфиялық жазумен хронологиялық тәртіппен енгізіледі.

      39. "Құрмет кітабы" тікбұрышты, өлшемдері 30х40 см болуы керек. Мұқабасы қанық қоңыр былғары түстен жасалып, оюлары ұлттық нақышта (қошқар мүйіз) күміс немесе алтын жалатылған болуы қажет. Мұқабаның ортасында "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" эмальмен басылған төсбелгі орнатылады (қалалар және аудандар төсбелгілері "Облыстың құрметті азаматы" төсбелгісіне сәйкестендірілуі керек).

      Кітаптың сипаттамасы:

      кітаптың арнайы кітап салғышы болуы қажет;

      мұқабаның ішкі беті ақ түсті болуы қажет;

      бірінші беті – таза (бөлу беті) болуы қажет;

      екінші бетінде – "Жамбыл облысының құрметті азаматтарының "Құрмет кітабы" деген сөз және облыс (қала, аудан) гербісі орналастырылады;

      үшінші бетінде – Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматтар атағын беру тарихы жазылады;

      келесі беттің сол жағында құрметті азаматтың 6х9 өлшемдегі суреті (төсбелгі және ескерткіш лентасымен) орналастырылады, оң жағында аты-жөні, туылған жылы, атақ алған жылы, хаттама нөмірі, қысқаша өмірбаяны алтын әріптермен жазылады.

      40. Бір азаматқа бір жұқа пергамент қағазымен бөлінген жеке бет арналады.

      41. "Құрмет кітабын" жүргізу облыс (қала, аудан) әкімдігінің тиісті ішкі саясат басқармасымен (бөлімімен) жүзеге асырылады.

      42. Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматтарының "Құрмет кітабы" облыстық (қалалық, аудандық) мұражайда сақталады.

  "Жамбыл облысының
(қаланың, ауданның) құрметті азаматы"
атағын беру Қағидаларына қосымша

Марапат қағазы

      1. Тегі, аты, әкесінің аты ______________________________________

      2. Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)_________________________

      3. Туылған күні және жері ___________________________________________

      4. Білімі _________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      (ЖОО-ның атауы және бітірген уақыты)

      5. Жұмыс орны, атқарып отырған лауазымы _____________________________

      6. Жалпы еңбек өтілі: ___________

      7. Cаладағы еңбек өтілі: _________

      8. Осы еңбек ұжымындағы еңбек өтілі: ____________

      6. Тәртіптік жазаға тартылғаны туралы ақпарат ____________________

      (қашан тартылған)

      7. Нақты айрықша сіңірген еңбегі көрсетілген мінездеме ():

      __________________________________________________________________

      (нақты еңбектерін көрсете отырып)

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      Басшының қолы

      М.О.

  Жамбыл облыстық мәслихатының
2019 жылғы "12" қарашадағы
№ 40-3 шешіміне 2 қосымша

Жамбыл облыстық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 27 қыркүйектегі № 17-8 шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2032 болып тіркелген, 2013 жылдың 5 қарашасында "Ақ жол" газетінде жарияланған).

      2. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 27 қыркүйектегі № 17-8 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2014 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-8 шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2348 болып тіркелген, 2014 жылдың 16 қазанында "Ақ жол" газетінде, 2014 жылдың 31 қазанында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      3. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 27 қыркүйектегі № 17-8 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2015 жылғы 21 тамыздағы № 39-5 шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2771 болып тіркелген, 2015 жылдың 1 қазанында "Ақ жол" газетінде, 2015 жылдың 7 желтоқсанына "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      4. "Жамбыл облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру Қағидалары туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 27 қыркүйектегі № 17-8 шешіміне толықтыру енгізу туралы" Жамбыл облыстық мәслихатының 2016 жылғы 21 қарашадағы № 6-3 шешімі (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3222 болып тіркелген, 2016 жылдың 30 қарашасында "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, 2016 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады