Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Түркістан облысы Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 8-45-VIII шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2023 жылғы 20 қыркүйекте № 6347-13 болып тiркелдi

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Шардара аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат төрағасы А. Карсыбаев

  Шардара аудандық мәслихатының
2023 жылғы 12 қыркүйектегі № 8-45-VIII
шешіміне қосымша

Шардара ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысына сәйкес әзірленді және Түркістан облысы Шардара ауданында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Әлеуметтік көмек Шардара ауданының аумағында тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Шардара ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – Шардара ауданы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган - Шардара ауданы әкімдігінің "Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) учаскелік комиссия - атаулы әлеуметтік көмек алуға немесе әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      9) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы Шардара аудандық мәслихатының 27.09.2024 № 26-138-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі - ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек.

      5. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

2- тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек келесі санаттағы азаматтарға бір рет көрсетіледі:

      1) 8 Наурыз "Халықаралық әйелдер күніне" - көпбалалы аналарға, оның ішінде:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталғандарға 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      2) 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні:

      Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі-КСР Одағы) Қорғаныс министрлiгiне, iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарына әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшiлерге 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерге 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшiлерге 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерге 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерге 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарға 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығарудың 35 жылдығына орай біржолғы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      3) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1 000 000 теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, осы Заңның 4 – 6-баптарында аталған адамдардың отбасыларына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басылымдарға жазылу үшін - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдарға, тыл ардагерлеріне және басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      4) 6 шілде "Астана күніне" орай - Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, зейнеткерлер, аудан мектептеріндегі жетім және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан үздік оқушыларды саяхаттауға Астана қаласына немесе Ұлытау облысына - бір адамға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде және Түркістан қаласына бір адамға 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 30 тамыз – "Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне" орай:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 25 қазан – "Республика күніне" орай:

      үйде арнаулы әлеуметтік күтімге алынған жалғызілікті қарттарға, 80 жастан асқан қарттарға, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, үйде оқып және тәрбиеленіп, әлеуметтік қызмет көрсетілетін мүгедектігі бар балалар мен психоневрологиялық ауруы бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға, абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, жеке көмекшінің қызметімен қамтамасыз етілген мүгедектігі бар адамдарға 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 16 желтоқсан – "Тәуелсіздік күні" мерекесіне орай:

      саяси қуғын-сүргін құрбандарына және мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдарға 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы Шардара аудандық мәслихатының 28.02.2024 № 20-93-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      8. Әлеуметтік көмек мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отыра бір рет 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен алпыс пайыздан аспайтын жанбасына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтамасыз етілген отбасыларына, тек қана әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты іс-шараларға, жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құсын сатып алуға және т.б.), тұрғын үйін жөндеуге және жеке кәсіпкерлік қызметін ұйымдастыруға (алдыңғы қарыздарды өтеуге арналған шығындардан басқа) бір рет 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) үйде оқып және тәрбиеленіп жатқан мүгедектігі бар балаларға - ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) адамның иммун тапшылығы вирусын (бұдан әрі АИТВ) медицина қызметкерлерінің кінәсінен жұқтырған балаларға (ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне) және кәмелетке толған адамдарға әлеуметтік көмек ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген ең төмен күнкөріс денгейінің 2 еселенген мөлшерінде тағайындалады;

      5) АИТВ-мен ауыратын адамдарға әлеуметтік көмек - бір рет 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан мұқтаж азаматтарға - бір рет 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға әлеуметтік көмек - ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекенжай бойынша азаматтарға (отбасыларға) қиын жағдай туындаған сәттен бастап өтініш көрсету мерзімі үш айдан кешіктірілмей біржолғы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай бір рет 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасына бір рет 2500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 8-тармақ өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы Шардара аудандық мәслихатының 28.02.2024 № 20-93-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      11. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Шардара ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      12. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      13. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қайтаруға жатады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      14. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.

  Шардара аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
12 қыркүйектегі № 8-45-VIII
шешіміне қосымша

      1) Шардара аудандық мәслихатының 2019 жылғы 6 наурыздағы № 38-249-VІ "Шардара аудандық мәслихатының 2016 жылғы 22 маусымдағы № 4-35-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4924 болып тіркелген) шешiмi;

      2) Шардара аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 наурыздағы № 54-339-VІ "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5505 болып тіркелген) шешiмi;

      3) Шардара аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 61-374-VI "Шардара аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 наурыздағы № 54-339-VІ "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5714 болып тіркелген) шешiмi;

      4) Шардара аудандық мәслихатының 2022 жылғы 31 наурыздағы № 17-102-VII "Шардара аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 наурыздағы № 54-339-VI "Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларын бекiту туралы" шешiмiне өзгеріс енгiзу туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27544 болып тіркелген) шешiмi;

      5) Шардара аудандық мәслихатының 2022 жылғы 26 желтоқсандағы № 25-162-VII "Шардара аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 наурыздағы № 54-339-VI "Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы" шешiмiне өзгеріс енгiзу туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31591 болып тіркелген) шешiмi;

      6) Шардара аудандық мәслихатының 2023 жылғы 12 мамырдағы № 3-17-VIII "Шардара аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 наурыздағы № 54-339-VI "Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы" шешiмiне өзгерістер енгiзу туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6294-13 болып тіркелген) шешiмi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады