Шығыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 15 желтоқсандағы № 9/81-VIII шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 4 қаңтарда № 8943-16 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Д. Рыпаков

  Шығыс Қазақстан
облыстық мәслихатының
2023 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 9/81-VIII шешімімен бекітілген

Шығыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Шығыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін–өзі басқару туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Электр энергетикасы туралы" Заңдарына (бұдан әрі-Заң), Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 "Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (бұдан әрі – Жылу энергиясын пайдалану қағидалары) (Нормативтық құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10234 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 55 "Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (бұдан әрі – Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидалары) (Нормативтық құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10516 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 249 "Коммуналдық көрсетілетін қызметтердің тізбесін және коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (бұдан әрі – Коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үлгілік қағидалары) (Нормативтық құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20542 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2012 жылғы 10 ақпандағы № 4 "Жылу энергиясын (жылу желілерін) тасымалдау және бөлу жүйелерін техникалық пайдалану жөніндегі үлгі нұсқама" бұйрығына (бұдан әрі - Жылу энергиясын (жылу желілерін) тасымалдау және бөлу жүйелерін техникалық пайдалану жөніндегі үлгі нұсқама), Қазақстан Республикасының өзге де құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және Шығыс Қазақстан облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу тәртібін анықтайды.

      2. Қағидалар Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдарының, тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен кәсіпорындары мен ұйымдарының энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жылу маусымына дайындау жөніндегі қызметінің тәртібін үйлестіреді.

      3. Облыстың тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешеніне жататын кәсіпорындар мен ұйымдар тұтынушыларды жылумен, сумен, электрмен, газбен, отынмен жабдықтауды және су бұрумен тұрақты қамтамасыз етеді, сондай-ақ энергия тасығыштардың қажетті параметрлерін сақтайды және тұрғын үйлер мен ғимараттарда қалыпты температуралық режимді, олардың мақсатын ескере отырып қамтамасыз етеді.

      4. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) энергия беруші ұйым – шарттар негізінде электр немесе жылу энергиясын беру жөніндегі қызметті көрсететін ұйым;

      2) энергиямен жабдықтаушы ұйым - сатып алынған электр және (немесе) жылу энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым;

      3) энергия өндіруші ұйым – электр және (немесе) жылу энергиясының жеке тұтынушылары мен Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес электр энергиясының нетто-тұтынушылары болып табылатын осындай тұтынушыларды қоспағанда, электр және (немесе) жылу энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) өткізу үшін өндіруді жүзеге асыратын ұйым;

      4) кондоминиум объектісі – дара (бөлек) меншіктегі пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан, орынтұрақ орындарынан, қоймалардан және дара (бөлек) меншікте болмайтын және пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелеріне көппәтерлі тұрғын үй тұрған біртұтас бөлінбейтін жер учаскесін және (немесе) үй жанындағы жер учаскесін қоса алғанда, ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі ортақ мүліктен тұратын біртұтас мүліктік кешен;

      5) кондоминиум объектісін басқару – пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің қауіпсіз және жайлы тұруына (болуына) жағдайлар жасауға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін тиісінше күтіп-ұстауға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалану мәселелерін шешуге және коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға бағытталған іс-шаралар кешені;

      6) басқарушы компания – жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісін басқару жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      7) тұтынушы – коммуналдық көрсетілетін қызметтерді пайдаланатын немесе пайдалану ниеті бар жеке немесе заңды тұлға;

      8) коммуналдық көрсетілетін қызметтер – тұтынушыға ұсынылатын, қауіпсіз және жайлы тұру (болу) жағдайларын қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтауды, су бұруды, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқыс әкетуді, лифтілерге қызмет көрсетуді қамтитын қызметтер.

      5. Шығыс Қазақстан облысының энергетикалық кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін күзгі-қысқы жағдайда жұмысқа дайындау жыл сайын жүзеге асырылады.

      6. Жылу маусымына дайындықты және оны өткізуді жалпы үйлестіруді облыстың жергілікті атқарушы органы құрған облыстық жұмыс тобы жүзеге асырады.

      7. Облыстың қалалары мен аудандарында жылу маусымына дайындықты және өткізуді ұйымдастыруды қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары құрған қалалық және аудандық жұмыс топтары жүзеге асырады.

      8. Облыстың энергетикалық кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін жылу маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралар жылу маусымы аяқталғаннан кейін әзірленеді және жыл сайын келесі тәртіпте ұсынылады:

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік салаға жататын кәсіпорындар мен ұйымдар жылу маусымы аяқталғаннан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына (бұдан әрі - Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі) ұсынады;

      Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері ұсынылған іс-шаралар негізінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және оларды ауданның, қаланың (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі бекітеді;

      ауданның, қаланың (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі бекіткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шаралар Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі атқарушы органына (бұдан әрі – Атқарушы орган) ұсынылады;

      энергетикалық кешен кәсіпорындары Атқарушы органға ұсынады.

      Атқарушы орган энергетикалық кешен кәсіпорындары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері ұсынған іс-шаралар негізінде облыстың энергетикалық кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлеп бекітеді және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне ұсынады.

      9. Жылу маусымына дайындық бойынша іс-шаралардың орындалуы туралы ақпаратты апта сайын еркін түрде:

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік салаға кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне кәсіпорындар мен ұйымдар бойынша ақпарат түрінде;

      Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері қалалар мен аудандар бойынша жиынтық ақпарат түрінде Атқарушы органға;

      энергетикалық кешен кәсіпорындары Атқарушы органға ұсынады.

      10. Жылу маусымына дайындалу кезінде жоспарланған жұмыстар орындалмаған кезде ақпаратта:

      орындалмау себептері;

      жағдайды түзету бойынша қолданылып жатқан шаралар;

      жұмыстарды орындаудың жаңа мерзімдері көрсетіледі.

      11. Энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен жылу энергиясын тұтынушылар арасында туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Заңда, Жылу энергиясын пайдалану қағидаларында және Коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үлгілік қағидаларына сәйкес анықталады.

2. Жылу маусымына дайындық

      12. Жылу маусымына дайындық:

      өткен жылу маусымында анықталған кемшіліктерді талдау, оларды жою бойынша іс-шараларды әзірлеу мен орындауды;

      облыстың энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала кәсіпорындарын дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді және бекітуді;

      жылумен жабдықтау көздерінде, инженерлік желілерде қайта жөндеу, күрделі және ағымдағы жөндеу, зерттеулер мен тазалау жөніндегі қажетті жұмыстарды жүргізуді;

      отын қоймаларын дайындау, электр көздерінде негізгі және резервтік отынның нормативтік қорын құруды;

      ғимараттарды (үйлерді) жылу маусымына дайындау, үйішілік жүйелердің жабдықтарын профилактикадан өткізу, жөндеу және ауыстыру жөніндегі жұмыстарды жүргізуді;

      жылу кестесін және жылу желілерінің гидравликалық жұмыс режимін әзірлеуді қамтиды.

      13. Жылумен жабдықтау көздерінде және орталық жылу пункттерінде жыл сайын күз кезеңіндегі, жүктемелердің қысқы максимумын өту кезеңіндегі жылыту қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстар және жоспарлы-алдын-алу жөндеу жұмыстары орындалады.

      Резервтік отын шаруашылықтарын жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстары жылуаралық кезеңде жүргізіледі.

      Күзгі-қысқы кезеңде негізгі және резервтік отынның пайдалану қорының нормалары 1 қазанға дейін құрылады.

      Жылумен жабдықтау көздерінде және орталық жылу пункттерінде жұмыстарды аяқтаудың мерзімдері:

      күзгі кезеңде жылыту қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті – ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін;

      қысқы ең жоғары жүктемелерден өту кезеңінде жылыту қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті – ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін.

      14. Жол жабындысының бұзылуын туғызатын жылу желілерін жөндеу мен қайта жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстар құзырет бойынша жергілікті атқарушы органмен, қарамағында жолдар бар ұйымдармен, сондай-ақ жол жүрісін ұйымдастыруды өзгерту талап етілген жағдайда, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша уәкілетті органмен келісіледі.

      Шұғыл апатты-қалпына келтіру жұмыстары Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері, коммуналдық қызметтер, сондай-ақ қатысуы қажет болған жағдайда жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша уәкілетті орган өкілдерінің қатысуымен орындалады.

      Инженерлік желілерде авариялық және жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін апат болған немесе ақау туындаған көше өткелдерінде, орамішілік және аула аумақтарында асфальт жабыны, көгалдар мен жасыл желектер қалпына келтіріледі.

      15. Жыл сайын 1 маусымға дейін қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары, сондай-ақ қарамағында осы объектілер бар облыстың атқарушы органдары Атқарушы органға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қалалық және аудандық коммуналдық меншіктің әлеуметтік саласы объектілері бойынша алдағы жылыту кезеңіне арналған отынды тұтынудың шекті жылдық көлемін (лимиттерін) ұсынады.

      16. Жылу көздерін қайта жаңарту және күрделі жөндеу бойынша жұмыстар ғимараттарды электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және сумен жабдықтауды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдаумен жылуаралық кезеңде жүргізіледі.

      17. Жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеу (тоқтату), сондай-ақ жылу желілерін сынауды жүргізу Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен келісілген кестелерге сәйкес көктем-жаз кезеңінде жүзеге асырылады.

      Жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеу (тоқтату) кестелері келісілгеннен кейін энергиямен жабдықтаушы ұйым оларды бір апта мерзімде жылумен жабдықтау көздерін, жылу желілерін және үйішілік жылумен жабдықтау жүйелерін реконструкциялау жөніндегі келісілген жобалары бар мүдделі ұйымдардың, соның ішінде "Аумақтық басқару орталығы" КММ филиалдарының назарына жеткізеді.

      Жылу маусымының аяқталу мерзімдері өзгерген және ауыстырылған кезде жөндеу мерзімдері тиісті мерзімге ауыстырылады.

      18. Жылу желілері орнатылғаннан, күрделі жөндеуден және қайта жаңартудан кейін жуылады, содан кейін гидравликалық сынақтан өтеді. Жылу желілері учаскелерін жуу және одан кейінгі гидравликалық сынау авариялық-қалпына келтіру жұмыстары орындалғаннан кейін де жүргізіледі.

      19. Жөндеу және құрылыс ұйымдары энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жұмыс істеп тұрған жылу көздерінің немесе жылу желілерінің жабдықтарында жұмыс басталғанға дейін 15 күн бұрын жұмыс жүргізу кестесін ұсынады. Егер жұмыстың технологиялық циклі ыстық сумен жабдықтауды өшіру кезеңінен көп уақытты қажет етсе, жұмысты ұйымдастыру жобасында тұтынушыларды ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін іс-шаралар көзделеді.

      20. Жылу желілері жабдықтарына техникалық қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 73 "Электр станцияларының, жылу және электр желілерінің жабдықтарына, ғимараттары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсетуді және оларды жөндеуді ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтық құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10451 болып тіркелген) сәйкес іс-шаралар кешенін орындауды қарастырады.

      21. Жылу желілерінің күзет аймақтарының жанында желілердің зақымдалуын тудыруы мүмкін жұмыстарды жүргізетін жеке және заңды тұлғалар жұмыстардың басталуына дейін күнтізбелік 12 күннен кешіктірмей қарауында жылу желілері бар ұйымдармен жылу желілерінің сақталуын қамтамасыз ететін осы жұмыстарды жүргізудің талаптарын және тәртібін келіседі және өз қаражаты есебінен тиісті шараларды қабылдайды.

      Жер жұмыстарын жүргізетін заңды және жеке тұлғалар жұмыс өндірісінің құжаттамасында көрсетілмеген жылу желілерін анықтағанда, осы жұмыстарды дереу тоқтатып, құбырлардың сақталуын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және бұл туралы жылу желілерін пайдаланушы ұйымға және/немесе Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне хабарлайды.

      Жылу желілерін қайта құру немесе оларды зақымданудан қорғау қажеттілігін тудыратын жұмыстарды орындайтын жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарды өз қаражаты есебінен қарауында осы жылу желілері бар ұйымдардың келісімі бойынша орындайды.

      Жылу желілерінде аварияларды болдырмау немесе олардың салдарларын жою бойынша жұмыстар жерді пайдаланушылардың келісімінсіз, бірақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 331 "Жылу желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтық құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15941 болып тіркелген) сәйкес оларды жүргізілетін жұмыстар туралы хабарлай отырып, жүргізіледі.

      Қарауында жылу желілері бар ұйымдар көрсетілген жұмыстарды орындағаннан кейін жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылатын жарамды жай-күйге келтіреді.

      22. Басқарушы компания, тұтынушылар 10 мамырға дейінгі мерзімде жыл сайын энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен жеке жылу пункттерінде және үйішілік жылу тұтыну жүйелерінде алдағы жылу маусымына дайындық бойынша жұмыстарды орындау кестесін келіседі.

      Жеке жылу пункттері мен үйішілік жүйелерді дайындау мерзімдері ыстық сумен жабдықтауды өшіру кезеңімен сәйкес келеді.

      Келісілген кестелер Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне ұсынылады.

      23. Жұмыстарды орындағаннан кейін жылу тұтыну жүйелерін қабылдауды энергиямен жабдықтаушы ұйым жүзеге асырады және екі жақты актімен ресімделеді.

      Акт бойынша қабылданбаған жылу тұтыну жүйелері жылу маусымына дайын емес болып саналады және жылу маусымына басталғанға дейін қайта куәландыруға жатады.

      Жылыту жүйелерін дайындағаннан кейін оларды сыртқы желіден одан әрі ажырата отырып, желілік сумен толтыру арқылы, ал қажет болған жағдайда тығындарды орнату арқылы консервациялау жүргізіледі.

      24. Жылумен жабдықтау көздерінің, орталық жылу пункттерінің, қалалар мен аудандардағы және жалпы энергия өндіруші/энергия беруші ұйымдардағы жылу желілерінің жылу маусымына дайындығын энергия өндіруші/энергия беруші ұйымның өзі құратын комиссиялар анықтайды. Комиссия құрамы Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларымен анықталады.

      25. Жаңадан қосылатын жылу пайдаланатын қондырғылар жобалық құжаттамаға сәйкес орындалады. Жылу қондырғылары мен желілерін пайдалануға бергенге дейін басқарушы компания, тұтынушы монтаждау ұйымымен бірлесіп энергиямен жабдықтаушы ұйымы өкілінің қатысуымен қажетті сынақтар, баптау және жууды жүргізеді.

      26. Жаңадан салынған үйлердің басқарушы компания, тұтынушылар және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар пайдалануға қабылдамаған қазандықтарын, жылу желілерін, орталық жылу пунктерін, сорғы станцияларын, орталық жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйелерін жылу маусымына дайындауды құрылыс ұйымдары қамтамасыз етеді.

      27. Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайлардағы жұмысқа әзірлігі әзірлік паспортын алу шартымен расталады.

      28. Күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын барлық қуаттардағы және жылу желілеріндегі (магистралдық, орамішілік) жылыту қазандықтарына Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар береді.

      29. Күзгі-қысқы кезеңде негізгі және резервтік отынның пайдалану қорының нормалары Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларына сәйкес 1 қазанға дейін құрылады.

      30. Жылу маусымына дайындық барысында басқарушы компания, тұтынушылар тұрғын үй қорында жөндеу және алдын алу жұмыстарын, сондай-ақ жылу тұтыну қондырғыларын баптауды жүргізеді.

      Жұмыстардың түрлері мен көлемі қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттармен, техникалық дайындық актісімен анықталады.

      31. Тұтынушылардың үйішілік жылу жүйелерін жылу маусымына техникалық қызмет көрсету және дайындау кезінде сервистік қызмет субъектісі, жасалған шарттарға сәйкес, келесі іс-шараларды жүзеге асырады:

      олардың уақтылы тексеруін өткізумен, жабдықтарды, жылу желілерінің құрылыс және басқа құрылымдарын жарамды күйде ұстау;

      жылу желілерінің жабдықтарына қызмет көрсету, жылу құбырларының, бақылау-өлшеуіш аспаптар және коммерциялық есептеу аспаптарының, автоматика құрылғыларының, электротехникалық жабдықтардың, электр химиялық коррозиядан қорғау құрылғыларының және жабдықтардың басқа элементтерінің жұмысын бақылау және барлық анықталған ақауларды жою;

      жертөле үй-жайларының арналарында жиналатын суды кетіру жолымен желілердегі жылудың артық шығындарын жою, оларда топырақты және лас сулардың енуін жою, бүлінген жылу оқшаулауын уақтылы анықтау және қалпына келтіру;

      жылу пункттерінің жылу-механикалық жабдығын және оның реттелуін тиісті техникалық күйде ұстау;

      жертөле және шатыр үй-жайлары шегінде барлық жылумен жабдықтау және ыстық су барлық құбырларының жылу оқшаулауын орындау;

      басқыш алаңдардың жылытуын қалыпқа келтіру және жұмысқа қосу;

      сыртқы құбырлар мен арматуралардың жылу оқшаулауын қалпына келтіру;

      жылу қолданушы құрылғылардың барлық орнатылған бекіту, реттеу арматурасының тексерісін және жөндеуін өткізу;

      техникалық термометрлерді тексеру, гильзаларды тазалау, одан әрі техникалық майды құю;

      жылу маусымы аяқталғаннан кейін жылу тұтыну жүйелерінің элементтерін механикалық тазалаумен гидропневматикалық жууды өткізу;

      ретке келтіру іс-шараларын өткізу;

      пломбыланған, тексерілген манометрлерді орнату;

      ішкі жылу тұтыну жүйелерін, егер бар болса сыртқы жылу желісін шаюды жүргізу;

      жылу тұтынудың барлық элементтерін жылу тұтыну жүйесінің (гидравликалық сығымдау) механикалық беріктігіне және гидравликалық тығыздығына гидравликалық сынау жүргізу бойынша шаралар өткізеді.

      32. Көп пәтерлі тұрғын үйді жылу маусымына дайындау жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары:

      кіре берістер мен жертөлелердің кіру есіктерін жөндеуді;

      шатырлар мен жертөлелердің терезелерін жабуды;

      басқыш алаңдар терезелерінің қосарланған шыныларын қалпына келтіруді;

      тұрғындардың пәтерлерді жылылауды қамтамасыз етуді ұйымдастыруын;

      жылу пунктінің үй-жайына жөндеу жүргізуді, қажетті жарықтандыру мен сенімді жабуды қамтамасыз етуді қамтиды.

      Инженерлік желілер өтетін жертөле үй-жайларының жалдаушысы немесе иесі жөндеу және пайдаланушылық жұмыстарды жүргізетін ұйым қызметкерлеріне кедергісіз кіруді қамтамасыз етеді.

      33. Басқарушы компания немесе жауапты тұлға жұмыстарды орындағаннан кейін ғимараттардың жылу тұтыну жүйелерін қабылдауды энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкілдері жылу шаруашылығына жауапты адамның қатысуымен жүзеге асырады және Жылу энергиясын (жылу желілерін) тасымалдау және бөлу жүйелерін техникалық пайдалану жөніндегі үлгі нұсқамаға сәйкес тиісті актімен ресімделеді.

      Жылу тұтыну жүйелерінің дайындығы жағдайында жылумен жабдықтау жүйесі арқылы жылу энергиясын қабылдау үшін тұтынушы немесе Басқарушы компания энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға өтінім береді.

      Жылу тұтыну жүйесінің жылу энергиясын қабылдауға дайындығын энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкілдері Жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес техникалық дайындық актісі негізінде, кейіннен объектіні жылу жүйелерін орталық жылумен жабдықтауға қосу кестесіне енгізе отырып анықтайды.

      34. Жылу көздері жабдықтарын іске қосу және ғимараттарды (үйлерді) қосу үшін келесі жұмыстар жүргізіледі:

      жылу көздерінде жылыту жабдығының сызбаларын құрастыру, жабдықтарды қайта іске қосу және сынау, сумен толтыру және жылу желілерінің берілетін және қайтарымды құбыржолдарын қысымға қою және айналымды орнату жұмыстары орындалады;

      үйішілік жүйелерде арматураның іске қосу жағдайын орнату, таратушы құбыржолдар мен жылумен жабдықтау жүйелерін сумен толтыру, тексерілген бақылау-өлшеу аспаптары мен реттегіштердің болуын тексеру жұмыстары жүргізіледі;

      жылу көздері мен ғимараттарды жылумен жабдықтау жүйесіне қосу Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдермен келісілген кестеге қатаң сәйкес жүргізіледі.

      35. Магистральді және таратушы жылу желілерін іске қосу және байқап көру қосу-реттеу бригадасымен жүргізіледі.

      Іске қосуға дейін желінің іске қосылатын учаскедегі жабдықтарының жарамдылығы, сынау, шаю және қабылдау актілері тексеріледі.

      36. Байқап көру процесінде жылу желілері, жылумен жабдықтау көздері бойынша анықталған ескертулер жылу маусымының басына дейін жойылады.

3. Жылу маусымының өтуі

      37. Жылыту кезеңінің басталуы мен аяқталуын қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары 3-5 тәулік ішінде сыртқы ауаның келесі белгіленген орташа тәуліктік температуралары кезінде қабылданады:

      жылытуды жобалау үшін сыртқы ауаның есептік температурасы минус 30°С дейінгі және жылытылатын ғимараттардың ішкі ауасының орташа есептік температурасы 18°С аудандарда 8°С;

      жылытуды жобалау үшін сыртқы ауаның есептік температурасы минус 30°С төмен және жылытылатын ғимараттардың ішкі ауасының орташа есептік температурасы 20°С аудандарда 10°С.

      38. Жылумен жабдықтаушы ұйымдар жыл сайын жылу маусымы басталғанға дейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен жылумен жабдықтау жүйелерін қосу кестелерін, есептік гидравликалық параметрлер мен температуралық кестелерді әзірлейді және келіседі, оларға сәйкес тұтынушыларға белгіленген параметрлерде жылу энергиясының берілуін қамтамасыз етеді.

      Жылумен жабдықтау жүйелерін қосу кестелерінде объектілердің техникалық дайындығы актісі болған кезде тұтынушыларды қосудың келесі кезектілігі сақталуы тиіс:

      балалар, емдеу, оқу орындары, қарттар және мүгедектер үйлері;

      тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер;

      қоғамдық ғимараттар, театрлар, мәдениет мекемелерінің ғимараттары, әкімшілік ғимараттар;

      басқа ғимараттар.

      39. Жылу маусымы кезінде жылумен жабдықтаушы ұйым:

      барлық тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау бойынша тең жағдай жасау;

      жылу энергиясы параметрлерін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен келісілген кестелерге сәйкес, жылу желілерінің баланстық тиесілігін бөлу шекарасында қолдауды;

      тұтынушыға тиісті сапада жылу энергиясын беру бойынша қызметтер көрсетуді қамтамасыз етеді.

      40. Басқарушы компания халықтан шағымдарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды жою, олардың балансындағы жылу, су құбыры, кәріз желілерінде және үйішілік жүйелерде жылыстауларды жою бойынша ұйымдастырушылық шараларды қабылдайды.

      Басқарушы компания:

      үйішілік жылу тұтыну жүйелерін реттеу жолымен барлық қыздыру аспаптарының біркелкі қызуын қамтамасыз етеді;

      сыртқы ауа температурасы теріс болған жағдайда, желілік судың айналымы тоқтатылған кезде қатып қалуын және істен шығуын болдырмау үшін жылыту жүйесінен судың сенімді босатылуын қамтамасыз етеді.

      41. Жылу маусымы жарияланғаннан бастап:

      хабарландыру сызбасы анықталады, облыстың тұрғын үй-коммуналдық және энергетикалық кешен объектілерінің жауапты қызметшілерінің кезекшілігі белгіленеді;

      кәсіпорындарда апатты-қайта қалпына келтіру бригадасы дайындалады;

      ғимаратты (үйді) пайдаланушы ұйым қызметкері ғимараттың жылу тасығыш жүйесінің жұмысына және жылылаудың жай-күйіне кезеңмен тексеру және бақылау жасауды ұйымдастырады;

      жылумен жабдықтау көздерінде резервтік және апатты жабдықтардың жұмысы, құралдардың, материалдар мен қосалқы бөлшектерінің болуы тексеріледі.

      42. Жылыту көздерінде және жылыту желілерінде апаттық жағдай жарияланғаннан бастап:

      барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетикалық кешен объектілерінде тәулік бойы кезекшілік енгізіледі;

      апаттық жағдайларда пайдалану үшін кәсіпорындар мен ұйымдарда тетіктермен және материалдармен қамтамасыз етілген көмекші апаттық-жаңғырту бригадалардың күшейтілген дайындығы енгізіледі.

4. Жылу маусымының аяқталуы және жылыту аралығы кезеңінде ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз ету

      43. Жылу маусымының аяқталуы осы Қағидалардың 37-тармағына сәйкес жыл сайын хабарланады.

      44. Энергиямен жабдықтаушы ұйым күнтізбелік үш күн ішінде тұтынушыларды жылу маусымының аяқталғаны туралы және жылыту жүйесін ажырату қажеттілігі туралы хабардар етеді, жылу тұтыну жүйесін ажырату актілерін ресімдейді.

      45. Жылу маусымы аяқталғаннан кейін басқарушы компания, тұтынушылар ғимараттардың жылыту жүйесін өшіреді және ыстық сумен жабдықтау жүйелерінің жұмысын жазғы сызба бойынша қамтамасыз етеді.

      46. Жылыту аралығы кезеңінде жылумен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыларды жылу көздері мен жылу желілері жабдықтарының бекітілген жұмыс сызбасы бойынша ыстық сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

      47. Жылу желілерін, жылу пункттері мен жылу тұтыну жүйелерін жөндеу жыл сайын 1 қыркүйекке дейін жүргізіледі.

5. Қағидаларды бұзғаны үшін жауапкершілік

      48. Қағидаларды бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес анықталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады