"Ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы № 167 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 2 тамыздағы № 266 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 6 тамызда № 34892 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 17 мамырдағы № 167 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34383 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ауыл шаруашылығы саласында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген залалды өтеу қағидаларында:

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның,облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, ішкі істер органының (келісім бойынша), қоғамдық ұйымдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен жергілікті қоғамдастық өкілдері қатарынан комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.

      Комиссия мүшелерінің жалпы саны жеті адамнан кем емес тақ санды құрайды.

      Өлген ауыл шаруашылығы жануарларының залалын өтеу құнының мөлшерін анықтауды комиссия жүзеге асырады.";

      24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Жеке тұлғалардың өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін келтірілген залалды өтеу туралы өтінімі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының кеңсесі арқылы қолма қол не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы мобильді қосымша арқылы электронды түрде беріледі.

      Заңды тұлғалардың өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін келтірілген залалды өтеу туралы өтінімі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының кеңсесі арқылы қолма қол не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында "Электрондық өтініштер" ақпараттық талдау жүйесі арқылы электронды түрде беріледі.

      Өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеу туралы өтінімді жеке тұлға не заңды тұлғаның басшысы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сенімхат негізінде әрекет ететін сенім білдірілген адам беруі мүмкін.

      Өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеу туралы өтінімнің көшірмесінде оны қабылдаған адамның тегі және аты-жөні, лауазымы, күні көрсетіле отырып, тіркелгені туралы белгі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының кеңсесінде қағаз тасығыштағы өтінімнің қабылданғанын растау болып табылады.

      "Электрондық өтініштер" ақпараттық талдау жүйесінде заңды тұлғалардың өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеу туралы өтінімдеріне тіркеу нөмірін (индексін) беру автоматты түрде жасалады және әріптерден тұратын индекстен, сондай-ақ тіркеу жылы мен сегіз таңбадан тұратын тізбекті реттік нөмірден тұратын бірегей нөмірден тұрады.

      Жеке тұлға "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы мобильді қосымша арқылы жүгінген жағдайда, жеке тұлғаның "жеке кабинетінде" сұранымның қабылдануы туралы мәртебе, сондай-ақ нәтиженің алынған күні мен уақыты көрсетілген хабарлама көрсетіледі.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының кеңсесі өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеуге арналған өтінімді жұмыс органына жолдайды.

      25. Комиссия өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеуге арналған өтінімді алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оны қарайды және толықтығын тексереді.

      Ұсынылған мәліметтердің толық еместігі анықталған кезде, жұмыс органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде өтінімді одан әрі қараудан бас тартудың нақты себептерін көрсете отырып, жеке немесе заңды тұлғаға уәжді бас тартуды жібереді.

      Өтінімді одан әрі қараудан уәжді бас тарту "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы мобильді қосымша арқылы не "Электрондық өтініштер" ақпараттық талдау жүйесі арқылы не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының кеңсесі арқылы жіберіледі.

      Құжаттарды одан әрі қараудан уәжді бас тартылған жағдайда, жеке немесе заңды тұлға осы Қағидалардың 22-тармағында көрсетілген мерзім ішінде құжаттарды қайта тапсырады.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Комиссия он бес жұмыс күні ішінде өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеуге арналған өтінімде қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыстығын тексереді.

      Осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген жағдайларда комиссия ауыл шаруашылығы жануарларының иелері туралы мәліметтерді ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорындағы ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру нөмірлері бойынша тексеруді жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген жағдайларда комиссия ауыл шаруашылығы жануарларының иелері туралы мәліметтерді әр шаруашылық бойынша электрондық есепке алу деректері бойынша тексеруді жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 19-тармағының 3) тармақшасына және 20-тармағының 2) тармақшасына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының орналасқан жерінің жоқтығы анықталған кезде ауылдық округ әкімінің, учаскелік полиция инспекторының және ветеринариялық қызмет өкілінің қатысуымен кемінде 3 куәгерді – елді мекен тұрғындарын тарта отырып, ауыл шаруашылығы жануарларының өлімінің комиссиялық актісі жасалады.

      Өлген ауыл шаруашылығы жануары болған кезде оны кәдеге жарату аяқталғаннан кейін кәдеге жарату актісі жасалады.

      Құс басы бойынша келтірілген залалды өтеуді комиссия шаруашылықтардың санатына қарамай тиісті жою актілерінің қорытындылары бойынша жүзеге асырады.";

      29, 30, 31 және 32-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Жұмыстың қорытындылары бойынша комиссия осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен және ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі нәтижесінде зиян келтірілген жеке және заңды тұлғалардың тізбесін қалыптастырады және жұмыс органына жібереді.

      Комиссия өтеу туралы шешім қабылдағаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен және ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі нәтижесінде зиян келтірілген жеке және заңды тұлғалардың тізбесі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      Өлген ауыл шаруашылығы жануарлары үшін залалды өтеуден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, комиссия бас тарту себептерін көрсете отырып, жеке немесе заңды тұлғаларға жазбаша хабарлама жібереді.

      Бас тарту себептері көрсетілген жазбаша хабарлама "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы мобильді қосымша арқылы не "Электрондық өтініштер" ақпараттық талдау жүйесі арқылы не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының кеңсесі арқылы жіберіледі.

      30. Жұмыс органы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен және ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі нәтижесінде зиян келтірілген жеке немесе заңды тұлғалардың жиынтық тізбесін (бұдан әрі – мал шаруашылығы саласындағы жиынтық тізбе) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының бірінші басшысының қолын қойдырып, қалыптастырады.

      31. Жұмыс органы бекітілген мал шаруашылығы саласындағы жиынтық тізбені (есептеулерді) қаражат бөлу туралы шешім қабылдау үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, жергілікті атқарушы органына жолдайды.

      32. Қаражат бөлу туралы тиісті шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде жеке және заңды тұлғаларға төлем жүзеге асырылады.

      Қаражат аудару туралы хабарлама "электрондық үкіметтің" веб-порталындағы мобильді қосымша арқылы не "Электрондық өтініштер" ақпараттық талдау жүйесі арқылы не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының кеңсесі арқылы жіберіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Су ресурстары және ирригация

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады