Ақпарат берушілер кредиттік бюроларға беретін өзге де мәліметтерді айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 60 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 19 тамызда № 34944 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз

      "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына және 1-1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес ақпарат берушілер кредиттік бюроларға беретін өзге де мәліметтер (бұдан әрі – Мәліметтер) айқындалсын.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және Мәліметтердің 2024 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілетін 4-тармағын және Мәліметтердің 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-тармағын қоспағанда, 2024 жылғы 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
  2024 жылғы 16 тамыздағы
№ 60 Қаулысына
қосымша

Ақпарат берушілер кредиттік бюроларға беретін өзге де мәліметтер

      1. Осы Ақпарат берушiлер кредиттік бюроларға беретін өзге де мәліметтер "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Заңның 18-бабы 1-тармағының 1), 1-1) және 3-3) тармақшаларында көрсетілген ақпарат берушілер кредиттік бюроларға беретін өзге де мәліметтерді айқындайды.

      2. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі – кредиторлар) жеке тұлғамен жасалған кәсіпкерлікті қызметті жүзеге асырумен байланысты емес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік бюроларға:

      1) қарыз алушының банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішпен (бұдан әрі – өтініш) жүгіну күні;

      2) мынадай шешімдердің біреуін көрсете отырып, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және "Микроқаржылық қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-2-бабында белгіленген тәртіппен кредиторлардың өтінішті қарау нәтижелері:

      банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісу туралы;

      банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту жөніндегі қарсы ұсыныс туралы;

      мұндай бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы;

      3) өтінішті қарау нәтижелері туралы кредитордың жауап берген күні;

      4) жаңа банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың күні мен нөмірі, сондай-ақ оның берешегін өтеу үшін жаңа банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт жасалған банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың күні мен нөмірі;

      5) мерзімі өткен берешек болған кезде банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша жасалған соңғы төлем күні;

      6) мерзімі өткен берешек болған кезде банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша жасалған соңғы төлем сомасы;

      7) заңды күшіне енген сот актісі, банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өндіріп алу туралы атқарушылық жазба, банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу үшін не банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өндіріп алу туралы сот актісін орындау үшін жасалған татуласу келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім (бар болса);

      8) оған құқық (талап ету) берілген тұлғаның толық атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) сомасын, құқықтың (талап етудің) басқаға берілген күнін көрсете отырып, банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелер бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беру туралы;

      9) тараптардың келісімі бойынша өзге де мәліметтерді береді.

      Осы тармақтың 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер, егер мұндай төлем сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және төлем күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бір еселенген мөлшерінен асатын болса, кредиттік бюроларға ұсынылады.

      Осы тармақтың 1), 2), 3) және 7) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша он екі айдан астам уақытқа мерзімі өткен берешек болатын жағдайда кредиттік бюроларға берілмейді.

      3. Кредиторлар кредиттік бюроларға заңды тұлғамен және (немесе) дара кәсіпкермен жасалған банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік бюроларға оған құқық (талап ету) берілген тұлғаның толық атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) сомасын, құқықтың (талап етудің) басқаға берілген күнін көрсете отырып, банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелер бойынша құқықты (талап етуді) басқаға беру туралы мәліметтерді береді.

      4. Коллекторлық агенттіктер "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-1-бабына сәйкес кредиттік бюроларға:

      1) қарыз алушының банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау талаптарын өзгерту туралы өтінішпен (бұдан әрі – Өтініш) жүгіну күні;

      2) мынадай шешімдердің біреуін көрсете отырып, колллекторлық агенттіктің Өтінішті қарау нәтижелері:

      банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісу туралы;

      банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау талаптарын өзгерту жөніндегі қарсы ұсыныс туралы;

      мұндай бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау талаптарын өзгертуден бас тарту туралы;

      3) коллекторлық агенттіктің Өтінішті қарау нәтижелері туралы жауап берген күні;

      4) мерзімі өткен берешек болған кезде негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша соңғы төлем күні;

      5) мерзімі өткен берешек болған кезде негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша соңғы төлем сомасы;

      6) банктік қарыз шарттың және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың жасалған күні мен нөмірін, құқықты (талап етуді) басқаға беру күнін, толық атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) сомасын, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) нақты құнын көрсете отырып, құқықты (талап етуді) басқаға беру туралы шартқа сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) басқаға берген тұлға туралы;

      7) тараптардың келісімі бойынша өзге де мәліметтерді береді.

      5. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-1-бабы 4-тармағының бірінші бөлігінде және (немесе) "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғамен жасалған банктік қарыз шарттар және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талап етулерді) сенімгерлік басқару шартының шеңберінде банктік қарыз шарттары және (немесе) микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талап етулерді) сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын сервистік компаниялар, банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша алынған құқықтарды (талап етулерді) аталған тұлғалар сервистік компанияның сенімгерлік басқаруына бермеген жағдайда "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 36-1-бабының 4-тармағы бірінші бөлігінің оныншы абзацында және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 9-1-бабының 5-тармағы бірінші бөлігінің сегізінші абзацында көрсетілген тұлғалар, сондай-ақ оларға жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттары, қарыз (кредит) шарттары мен микрокредит беру туралы шарттары бойынша құқықтар (талап етулер) берілген өзге де тұлғалар кредиттік бюроларға:

      1) мерзімі өткен берешек болған кезде банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша жасалған соңғы төлем күні;

      2) мерзімі өткен берешек болған кезде банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша жасалған соңғы төлем сомасы;

      3) банктік қарыз шарттың және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың жасалған күні мен нөмірін, құқықты (талап етуді) басқаға беру күнін, толық атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) сомасын, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) нақты құнын көрсете отырып, құқықты (талап етуді) басқаға беру туралы шартқа сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) басқаға берген тұлға туралы;

      4) тараптардың келісімі бойынша өзге де мәліметтерді береді.

      6. Кредиторларды қоспағанда, жеке тұлғаларға қарыздар (кредиттер) және (немесе) микрокредиттер берген және олар бойынша құқықтар (талап етулер) тоқтатылмаған ұйымдар кредиттік бюроларға:

      1) мерзімі өткен берешек болған кезде банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт және (немесе) қарыз (кредит) шарттары бойынша жасалған соңғы төлем күні;

      2) мерзімі өткен берешек болған кезде банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт және (немесе) қарыз (кредит) шарттары бойынша жасалған соңғы төлем сомасы;

      3) банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың және (немесе) қарыз (кредит) шартының жасалған күні мен нөмірін, құқықты (талап етуді) басқаға беру күнін, толық атауын, бизнес-сәйкестендіру нөмірін, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) сомасын, басқаға берілген құқықтың (талап етудің) нақты құнын көрсете отырып, құқықты (талап етуді) басқаға беру туралы шартқа сәйкес банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт және (немесе) қарыз (кредит) шарттары бойынша құқықты (талап етуді) басқаға берген тұлға туралы;

      4) тараптардың келісімі бойынша өзге де мәліметтерді береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады