Сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 28 тамыздағы № 68 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 29 тамызда № 34995 болып тіркелді

      "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-18-бабы 4-тармағының бірінші бөлігіне және 15-19-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Банктерді талдау және стресс-тестілеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2024 жылғы 28 тамыздағы
№ 68 Қаулыға
қосымша

Сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-18-бабы 4-тармағының бірінші бөлігіне және 15-19-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және сауда-сатыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында (бұдан әрі – электрондық сауда алаңы) сауда-саттықты өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, Мемлекеттік реттеу туралы заңда, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" (бұдан әрі – Банктер туралы заң), "Микроқаржылық қызмет туралыы" (бұдан әрі – Микроқаржылық қызмет туралы заң), "Ақпараттандыру туралы" және "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ұғымдар пайдаланылады.

2-тарау. Электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу тәртібі

      3. Электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізуді электрондық сауда алаңының операторы (бұдан әрі – оператор) Қағидалар мен мынадай мәліметтерді қамтитын, бірақ олармен шектелмейтін, оператордың ішкі қағидалары негізінде қамтамасыз етеді:

      1) тараптардың құқықтары мен міндеттерін қосқанда, сауда операторы мен қатысушылары арасында жасалатын электрондық сауда алаңының қызметтерін пайдалану туралы шарт;

      2) Мемлекеттік сатып алу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағында көзделген, сауда-саттыққа қойылатын мүліктің және (немесе) құқықтардың (талаптардың) (бұдан әрі – объект) түрлері;

      3) сауда-саттық қатысушыларын тіркеу тәртібі;

      4) сауда-саттық қатысушылары үшін көпфакторлы бірдейлендіру мен электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану (пайдалану) тәртібі;

      5) сауда-саттыққа қойылған объектілерге қатысты хабарландыруларды жариялау және қарау тәртібі;

      6) сауда-саттыққа қатысушылар арасындағы және (немесе) сауда-саттық операторы мен қатысушылары арасындағы электрондық хат алмасу тәртібі;

      7) сауда-саттыққа қойылған объектілерге қатысты ақпаратқа қол жеткізу тәртібі;

      8) Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес сауда-саттықты өткізу тәртібі;

      9) сауда-саттыққа қойылған мүлікке қатысты сатып алу-сату туралы шарт жобасын келісу және оған сауда-саттыққа қатысушылардың өзгерістерді енгізу тәртібі;

      10) сауда-саттықта сатылған мүлікке қатысты сатып алу-сату шартын жасау тәртібі;

      11) сауда-саттыққа қойылған банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартының жобасын сауда-саттыққа қатысушылардың келісу және оған өзгерістер енгізу тәртібі;

      12) сауда-саттықта сатылған банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартын жасау тәртібі;

      13) өткізілген сауда-саттық нәтижелерін жариялау тәртібі;

      14) тараптардың сауда-саттықта сатылған мүлікке қатысты жасалған сатып алу-сату шарты бойынша ақшалай міндеттемелерін орындау тәртібі;

      15) тараптардың сауда-саттықта сатылған банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шарты бойынша ақшалай міндеттемелерін орындау тәртібі;

      16) электрондық сауда алаңында жүзеге асырылатын сауда-саттық қатысушыларының іс-қимылдарын есепке алуды жүргізу тәртібі;

      17) сауда-саттыққа қатысушылардың электрондық сауда алаңы қызметтерін пайдаланғаны үшін сыйақы төлеу мөлшері, тәртібі және мерзімі;

      18) оператордың сауда-саттық қатысушыларының және (немесе) өзге адамдардың электрондық сауда алаңының қызметтерін пайдалануға байланысты жолданымдарын қарау тәртібі және мерзімі;

      19) сауда-саттық қатысушыларының өтінімді қабылдау немесе өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы хабарламаны жіберу тәртібі;

      20) өткізілген сауда-саттық нәтижелері бойынша электрондық сауда алаңында ақпаратты жариялау тәртібі.

      4. Электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу үшін оператор:

      1) Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 3-тармағында көзделген сауда-саттыққа қатысушылардың (бұдан әрі – сауда-саттыққа қатысушылар) электрондық сауда алаңында өткізілетін сауда-саттыққа қатысуы үшін электрондық сауда алаңының жұмыс істеуін;

      2) электрондық сауда алаңында орналастыруды;

      оператордың атауын, орналасқан жерін, телефонын, банктік деректемелерін (банктік сәйкестендіру коды, жеке сәйкестендіру коды) қамтитын оператор туралы мәліметтерді;

      оператордың қызметін жүзеге асыру құқығына қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның рұқсатының болуы туралы мәліметтерді;

      оператордың ішкі қағидалары мен оларға енгізілген өзгерістер туралы мәліметтерді;

      3) электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізуге дайындықты, мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей:

      электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруларды (бұдан әрі – сауда-саттықты өткізу туралы хабарландыру) орналастыруды;

      сауда-саттыққа қатысушылармен электрондық сауда алаңының қызметтерін пайдалану туралы шарттар жасасуды;

      4) объектілерге қатысты сатушы мен әлеуетті сатып алушы арасында ақпаратты жария етпеу туралы шарт жасасуды;

      5) Қазақстан Республикасының дербес деректерді, банктік құпияны, микрокредит беру құпиясын және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау туралы заңнама талаптарын сақтай отырып, объектілерге қатысты ақпаратқа қол жеткізуді;

      6) Қағидалардың 5, 6, 7 және 38-тармақтарына сәйкес сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа қойылған объектілер бойынша ақпаратты жария етуді қамтамасыз етеді.

      5. Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген объектілерді орналастырғанға дейін электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу үшін сатушы әрбір объект бойынша:

      1) объектіні сатуға өтінім жасау, ол мынадай мәліметтерді қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      тіркеуші орган берген объектінің тіркеу нөмірі;

      тіркеуші органның объектіні тіркеу күні;

      объект иесінің жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      объектінің атауы және орналасқан жері;

      объектінің техникалық сипаттамасы;

      объектінің фотосуреті;

      2) объектіге құқық белгілейтін құжаттардың электрондық көшірмелерін енгізу.

      Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген объектілерді орналастырғанға дейін электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу үшін сатушы әрбір объект бойынша мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) объектіні сатуға өтінім жасау, ол мынадай мәліметтерді қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      Банктер туралы заңның 50-бабы 4-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес келісім болған кезде банктік шот шартының және (немесе) Микроқаржылық қызмет туралы заңның 21-бабының 3-тармағына сәйкес келісім болған кезде микрокредит беру туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні;

      Банктер туралы заңның 50-бабы 4-тармағының бірінші бөлігіне және (немесе) Микроқаржылық қызмет туралы заңның 21-бабының 3-тармағына сәйкес келісім болған кезде қарыз алушының жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      кредитордың жеке сәйкестендіру нөмірі/ бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талаптарды) басқаға беруді жүзеге асыратын тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешек мөлшері;

      банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша мерзімі өткен күндер саны (бар болса);

      кепіл затының атауы мен орналасқан жерін, кепіл заты иесінің жеке сәйкестендіру нөмірін/бизнес сәйкестендіру нөмірін қамтитын кепіл туралы (бар болса).

      6. Сауда-саттықты өткізу үшін электрондық сауда алаңында сатушы Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген объектілерге қатысты сатып алу-сату шартының жобасын және (немесе) Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген объектілерге қатысты құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартының жобасын қоса бере отырып, сауда-саттықты өткізу туралы хабарландыруды сауда-саттық өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын орналастырады.

      7. Сауда-саттықты өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) сауда-саттықты өткізу әдісі;

      2) Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағында көзделген сатылатын объектінің түрі;

      3) бастапқы баға және объектіні сауда-саттықта одан төмен сатылмайтын баға (бұдан әрі – резервтік баға);

      4) Сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты (электрондық сауда алаңында орналастырылған күннен бастап кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күн бұрын белгіленеді);

      5) объектіге қатысты сатушы ұсынатын құжаттардың тізбесі;

      6) кепілдік жарнаны енгізу мөлшері, тәртібі және мерзімі, оператордың банктік деректемелері (банктік сәйкестендіру коды, жеке сәйкестендіру коды);

      7) сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қабылдау мерзімдері.

      8. Өтінім беру үшін сауда-саттыққа қатысушы электрондық сауда алаңында мыналарды көрсете отырып тіркеледі:

      1) жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер үшін – жеке сәйкестендіру нөмірі, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      2) заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаның бизнес сәйкестендіру нөмірі, атауы, бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      3) банктік деректемелер (банктік сәйкестендіру коды, жеке сәйкестендіру коды);

      4) пошталық мекенжайды, телефонды, факсты (бар болса), е-mail-ді қамтитын байланыс деректері.

      9. Сауда-саттыққа қатысу үшін сауда-саттыққа қатысушы электрондық сауда алаңында өтінім береді және оған электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қояды.

      10. Сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерін беру сауда-саттық өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап жүзеге асырылады және сауда-саттық басталғанға дейін 24 (жиырма төрт) сағат бұрын аяқталады.

      11. Сауда-саттыққа қатысушының өтінімінде сауда-саттыққа қатысушының сауда-саттық талаптарымен келісімі қамтылады.

      12. Сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарнаны өтінім беру кезінде сауда-сатыққа қатысушы енгізеді.

      Кепілдік жарнаның мөлшері объектінің резервтік бағасының 10 (он) пайызын құрайды, бірақ кемінде 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) және 30 (отыз) мың АЕК-тен аспайды.

      13. Кепілдік жарнаны оператор сауда-саттықты өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген оператордың банктік деректемелеріне қабылдайды.

      14. Өтінімде көрсетілген деректер мемлекеттік дерекқорлар мен оператордың ақпараттық жүйелерінен автоматты режимде алынбаған жағдайда, сауда-саттыққа қатысушы деректерді дербес енгізеді, сондай-ақ өтінімге растайтын құжаттарды тіркейді.

      15. Сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерін тексеру нәтижелері бойынша сатушы операторға өтінімнің қабылданғаны не оператордың ішкі қағидаларына сәйкес өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы хабарлама жібереді.

      Өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері мыналар:

      1) сауда-саттық басталған сәтте оператордың банктік шотына сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген кепілдік жарнаның түспеуі;

      2) егер сауда-саттыққа қатысушы Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 3-тармағына сәйкес келмеуі болып табылады.

      16. Сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерін тексеру нәтижелері бойынша оператор электрондық сауда алаңында көрсетілген сауда-саттыққа қатысушының электрондық мекенжайына өтінімнің қабылданғаны не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.

      17. Сауда-саттыққа қатысушының кепілдік жарнасы сауда-саттыққа қатысу кезінде мәлімделген талаптармен сатылатын объектіге қатысты банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша сатып алу-сату шартын және (немесе) құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартын жасасуды қамтамасыз ету үшін енгізіледі.

      18. Сауда-саттық объектінің бағасын көтеру немесе төмендету әдістерімен жүргізіледі.

      19. Объектінің бастапқы бағасы сауда-саттықтың әдісіне байланысты анықталады:

      1) бағаны көтеруге арналған сауда-саттықты өткізу кезінде бастапқы баға резервтік баға деңгейінде белгіленеді;

      2) бағаны төмендетуге арналған сауда-саттықты өткізу кезінде бастапқы бағаны сатушы белгілейді, бірақ объектінің нарықтық құнынан 200 (екі жүз) пайыздан аспайды.

      20. Резервтік бағаны сатушы белгілейді, бірақ объектінің нарықтық құнының 50 (елу) пайызынан аспайды.

      21. Сауда-саттық Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген мереке және демалыс күндерін қоспағанда, электрондық сауда алаңының аукцион залында (бұдан әрі-аукцион залы) өткізіледі және дүйсенбіден жұмаға дейінгі аралықта өтеді.

      Сауда-саттық Астана қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі, бұл ретте сауда-саттық Астана қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-ден кешіктірілмей басталады.

      22. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық басталғанға дейін 1 (бір) сағат ішінде ЭЦҚ пайдалана отырып, аукцион залына кіреді.

      23. Сауда-саттық сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген уақытта басталады.

      24. Егер бағаны көтеруге арналған сауда-саттық аяқталған сәтте сағат 17:00-де сауда-саттық жеңімпазы анықталмаса, онда объектіні сатып алуға ниетін растаған сауда-саттыққа соңғы қатысушы жеңімпаз болып танылады, және осы объект бойынша сауда-саттық өткізілді деп танылады.

      25. Егер бағаны төмендетуге арналған сауда-саттық аяқталған сәтте сағат 17:00-де сауда-саттық жеңімпазы анықталмаса, онда осы объект бойынша сауда-саттық өткізілмеген деп танылады.

      26. Егер сауда-саттық басталған сәтте объект бойынша аукцион залында сауда-саттыққа екіден аз қатысушы болған жағдайда, онда осы объект бойынша сауда-саттық өткізілмеген деп танылады.

      27. Бағаны өзгерту қадамын сатушы объектінің резервтік бағасының 5 (бес) пайызынан аспайтын мөлшерде белгілейді.

      28. Бағаны көтеруге арналған сауда-саттық:

      1) сауда-саттық басталған сәттен бастап сауда-саттыққа қатысушыға басқа сауда-саттыққа қатысушының ұсынған объктісінің ең жоғары ағымдағы бағасын Қағидалардың 27-тармағында белгіленген 1 (бір) немесе одан да көп қадамға ұлғайту мүмкіндігі беріледі;

      2) егер сауда-саттық аяқталғанға дейін сауда-саттыққа қатысушылардың ешқайсысы объектінің ағымдағы ең жоғары бағаны арттырмаса, онда оны ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал осы объект бойынша сауда-саттық өткізілді деп танылады.

      29. Бағаны төмендетуге арналған сауда-саттық:

      1) Қағидалардың 27-тармағында белгіленген қадамды қолданғанға дейінгі бағаны төмендетуге арналған уақытты оператор белгілейді;

      2) егер осы тармақтың 1) тармақшасында белгіленген уақыт ішінде сауда-саттық басталғаннан бастап сауда-саттыққа қатысушылардың бірде-біреуі объектіні сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда объектінің бастапқы бағасы Қағидалардың 27-тармағында белгіленген қадамға азаяды;

      3) егер осы тармақтың 1) тармақшасында белгіленген уақыт ішінде объектінің бағасы төмендегеннен кейін сауда-саттыққа қатысушылардың бірде-біреуі объектіні сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда объектінің соңғы жарияланған бағасы Қағидалардың 27-тармағында белгіленген қадамға азаяды.

      30. Бағаны төмендетуге арналған сауда-саттықтың жеңімпазы болып объектіні бастапқы немесе жарияланған баға бойынша сатып алуға өзінің ниетін бірінші болып растаған сауда-саттыққа қатысушы танылады және осы объект бойынша сауда-саттық өткізілді деп танылады. Егер объектінің бағасы резервтік бағаға жетсе және сауда-саттыққа қатысушылардың бірде-біреуі объектіні сатып алу ниетін растамаса, онда сауда-саттық өткізілмеген деп танылады

      31. Қағидалардың 25, 26-тармақтарында және 30-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда сатушы өткізілмеген сауда-саттық туралы актіге қол қояды.

      Өткізілмеген сауда-саттық туралы акт электрондық сауда алаңында қалыптастырылады, одан кейін оператор "Сауда-саттық өткізілмеген" мәртебесі бар сауда-саттық нәтижелері туралы мәліметтерді жариялайды және сауда-саттық нәтижелері туралы хаттаманы сауда-саттыққа қатысушыларға жібереді.

      32. Тікелей атаулы сату Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген объектілерге қатысты өткізілмеген сауда-саттық туралы 2 (екі) немесе одан да көп актілердің негізінде жүргізіледі.

      Сауда-саттық өтпеді деп танылған жағдайда, кейінгі сауда-саттық өткізілмеген сауда-саттық туралы бірінші актіге қол қойылған күннен бастап кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күннен кейін өткізіледі.

      33. Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген мүлікке қатысты тікелей атаулы сату жүргізілген жағдайда, объектінің бағасы резервтік бағадан төмен емес деңгейде белгіленеді.

      34. Сауда-саттық барысында техникалық іркіліс және (немесе) қателер туындаған кезде оператор техникалық іркілістің және (немесе) қателердің болу фактісін тіркейді және ол электрондық сауда алаңында болған кезде электрондық сауда алаңында ақпаратты орналастыру арқылы сауда-саттықтың барлық қатысушысын хабардар етеді.

      Сауда-саттыққа қатысушының компьютерлік және (немесе) телекоммуникациялық жабдығының техникалық іркілісі болған кезде сауда-саттық жалғасады.

      Сауда-саттықты өткізуге кедергі келтіретін электрондық сауда алаңында техникалық іркіліс фактісі болған жағдайда, оператор бұл туралы сатушыны, сауда-саттыққа қатысушыларды дереу хабардар етеді және сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа қатысуына жіберілген сауда-саттықты орналастыру арқылы жалғастыру күні мен уақыты туралы алдын ала хабардар ете отырып, техникалық іркілісті оператор түзеткен және электрондық сауда алаңында ақпарат және электрондық сауда алаңында көрсетілген сауда-саттыққа қатысушының электрондық мекенжайына электрондық хабарлама жіберген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сауда-саттықты жалғастыруды ұйымдастырады.

      35. Әрбір сатылған объект бойынша сауда-саттық нәтижелері сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамамен ресімделеді, оған электрондық сауда алаңында сатушы мен сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткізілетін күні ЭЦҚ пайдалана отырып қол қояды.

      36. Сауда-саттық нәтижелері туралы хаттама сауда-саттық нәтижелерін тіркейтін құжат болып табылады және Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген объектілерді сатып алу-сату шартына және (немесе) жеңімпаз бен сатушы арасындағы Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген объектілерге қатысты құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартына қол қою үшін негіз болып табылады.

      37. Сауда-саттықтың жеңімпазы оператордың электрондық сауда алаңында сауда-саттық нәтижелері туралы хаттаманы автоматты түрде қалыптастырумен айқындалады, одан кейін оператор "Сауда-саттық өтті" деген мәртебесі бар сауда-саттық нәтижелері туралы мәліметтерді жариялайды және сауда-саттық нәтижелері туралы хаттаманы сауда-саттыққа қатысушыларға жібереді.

      38. Сауда-саттыққа қойылған объект бойынша сауда-саттық жеңімпазына ақпаратты жария етуді сатушы Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген объектілерге қатысты қол қойылған сатып алу-сату шарты және (немесе) сауда-саттықта өткізілген Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген объектілерге қатысты құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шарты негізінде жүзеге асырады.

      39. Жеңімпаз оператор белгілеген мерзімдерде сатып алу-сату шартына және (немесе) банктік қарыз шарты бойынша құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартына және (немесе) сауда-саттықта сатылған объектіге қатысты микрокредит беру туралы шартқа қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сатушы ЭЦҚ пайдалана отырып, электрондық сауда алаңында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қояды және бұл объект күші жойылған сауда-саттық шарттарымен сауда-саттыққа қайта қойылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдай туындаған кезде сауда-саттық жеңімпазы енгізген кепілдік жарнаны оператор сатушының банктік шотына аударады.

      40. Оператор кепілдік жарнаны қайтаруды сауда-саттыққа қатысушы кепілдік жарнаны қайтару туралы өтінімді растаған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырады, ол сауда-саттық аяқталғаннан кейін электрондық сауда алаңында не сауда-саттыққа қатысушының кепілдік жарнаны қайтару туралы өтінімді беруі арқылы қалыптастырылады.

      Кепілдік жарна сауда-саттыққа қатысушыға кепілдік жарнаны қайтару туралы өтінімде көрсетілген банк шотына қайтарылады.

      Кепілдік жарна сатушы мен жеңімпаз арасындағы сауда-саттықта сатылған объектіге қатысты банктік қарыз және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша сатып алу-сату шартына және (немесе) құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартына қол қойылғаннан кейін банктік қарыз және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша сатып алу-сату шарты және (немесе) құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шарты бойынша міндеттемелерді орындау есебіне жазылады.

      41. Сауда-саттық жеңімпазы оператор мен сауда-саттыққа қатысушы арасында жасалған электрондық сауда алаңының қызметтерін пайдалану туралы шартта белгіленген тәртіпте және мерзімдерде операторға сауда алаңының қызметтерін пайдаланғаны үшін сыйақы төлейді.

      Сыйақы мөлшері банктік қарыз және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша сатып алу-сату шартының немесе құқықтарды (талаптарды) басқаға беру шартының бағасынан пайызбен айқындалады және оператор оператордың ішкі қағидалары негізінде:

      1) 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайыздан аспайды, алайда Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген объектілерге қатысты электрондық сауда алаңында сауда-саттық жүргізген жағдайда 10 000 (он мың) АЕК-тен аспайтын;

      2) 3 (үш) пайыздан аспайды, алайда Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген объектілерге қатысты электрондық сауда алаңында сауда-саттық жүргізген жағдайда 10 000 (он мың) АЕК-тен аспайтын мөлшерде белгілейді;

      42. Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-21-бабының 5 және 8-тармақтарында көзделген жағдайлар туындаған кезде оператор сауда-саттыққа қатысушыларға өздері енгізген кепілдік жарналарды қайтарады және сауда-саттықтың күшін жою және сауда-саттықтың күшін жою себептері туралы сатушы мен сауда-саттыққа қатысушыларды хабардар етеді.

      43. Есепті ай ішінде өткізілген сауда-саттықтың нәтижелері бойынша жиынтық ақпаратты оператордың ішкі қағидаларына сәйкес оператор келесі айдың оныншы күнінен кешіктірмей электрондық сауда алаңында жариялайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады