Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 28 тамыздағы № 68 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34995 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу қағидаларында:
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Сауда-саттықты өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер қамтылады:
1) сауда-саттықты өткізу әдісі;
2) Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 1-тармағында көзделген сатылатын объектінің түрі;
3) бастапқы баға және объектіні сауда-саттықта одан төмен сатылмайтын баға (бұдан әрі – резервтік баға);
4) сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты (электрондық сауда алаңында орналастырылған күннен бастап кемінде күнтізбелік 10 (он) күн бұрын белгіленеді);
5) объектіге қатысты сатушы ұсынатын құжаттардың тізбесі;
6) кепілдік жарнаны енгізу мөлшері, тәртібі және мерзімі, оператордың банктік деректемелері (банктік сәйкестендіру коды, жеке сәйкестендіру коды);
7) сауда-саттыққа қатысуға өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қабылдау мерзімдері.";
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерін тексеру нәтижелері бойынша сатушы операторға өтінімнің қабылданғаны немесе оператордың ішкі қағидаларына сәйкес өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы хабарлама жібереді.
Мыналар өтінімді қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады:
1) сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген кепілдік жарнаның сауда-саттық басталған сәтте оператордың банк шотына түспеуі;
2) сауда-саттыққа қатысушының Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 3-тармағына сәйкес келмеуі;
3) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабына және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабына сәйкес әлеуетті сатып алушылардың бір-біріне қатысты үлестес болуы.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Резервтік бағаны сатушы белгілейді, бірақ объектінің нарықтық құнының 100 (жүз) пайызынан аспайды.
Сауда саттық өтпеген жағдайда кейінгі сауда саттықтың резервтік бағасын сатушы мынадай деңгейде белгілейді:
екінші сауда-саттықта объектінің нарықтық құнының 70 (жетпіс) пайызынан аспайды;
кейінгі сауда-саттықта объектінің нарықтық құнының 50 (елу) пайызынан аспайды.";
31, 32 және 33-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Қағидалардың 25, 26-тармақтарында және 30-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда сатушы өткізілмеген сауда-саттық туралы актіге қол қояды.
Өткізілмеген сауда-саттық туралы акт электрондық сауда алаңында қалыптастырылады, одан кейін оператор "Сауда-саттық өткізілмеген" мәртебесі бар сауда-саттық нәтижелері туралы мәліметтерді жариялайды және өткізілмеген сауда-саттық туралы актіні сатушыға жібереді.
32. Тікелей атаулы сату электрондық сауда алаңында Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген объектілерге қатысты өткізілмеген сауда-саттық туралы 3 (үш) немесе одан да көп актілердің негізінде жүргізіледі.
Сауда-саттық өтпеді деп танылған жағдайда, кейінгі сауда-саттық өткізілмеген сауда-саттық туралы бірінші актіге қол қойылған күннен бастап кемінде күнтізбелік 15 (он бес) күннен кейін өткізіледі.
33. Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген объектілерге қатысты тікелей атаулы сату өткізілген жағдайда, объектінің бағасы соңғы өткізілмеген сауда-саттықта белгіленген резервтік бағадан төмен емес деңгейде белгіленеді.".
2. Банктерді талдау және стресс-тестілеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |