Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 28 тамыздағы № 227 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 29 тамызда № 34996 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-1) тармақшасына сайкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2024 жылғы 28 тамыздағы
№ 227 Бұйрықпен
бекітілген

Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемеcінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және бiлiм беру ұйымының iшкi тәртiбiн ұйымдастыру мен жүзеге асырудың үлгiлiк тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Үлгілік қағидалар Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидаларын (бұдан әрі – Ішкі тәртіптеме қағидалары) әзірлеудің бірыңғай тәсілін қарастырады.

      3. Ішкі тәртіптеме қағидалары ұжымның жалпы жиналысында қаралады және білім беру ұйымының басшысы бекітеді.

      4. Білім беру ұйымының бекітілген ішкі тәртіптемесінің қағидаларын барлық қызметкерлер мен білім беру процесіне қатысушылар сақтайды.

      5. Осы Үлгілік қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) білім беру процесіне қатысушылар – білім алушылар, тәрбиеленушілер, сондай-ақ олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері;

      2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы – абонент белгілеген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланыс сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылған, қызмет көрсету аумағында тұрақты географиялық белгіленген орны жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке байланыс құрылғысы;

      3) колледж – жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;

      4) стипендия – білім алушыға тамақтануға, тұруға және оқу әдебиеттерін сатып алуға арналған шығыстарды ішінара жабу үшін берілетін ақша сомасы;

      5) білім алушыларды аралық аттестаттау – білім алушылардың бір оқу пәнінің және (немесе) модульдің, сондай-ақ кәсіптік модульдердің бір біліктілік шеңберінде оларды зерделеу аяқталғаннан кейін олардың бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім;

      6) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – олардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің және (немесе) модульдердің көлемін игеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім.

2-тарау. Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесі

      6. Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидалары:

      1) оқу процесін ұйымдастыруға;

      2) тәрбие процесін ұйымдастыруға;

      3) білім беру процесіне қатысушыларға қосымша білім беруді ұйымдастыруға;

      4) қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;

      5) білім беру процесіне қатысушылардың өзара іс-қимылына жалпы тәсілді белгілейтін білім беру ұйымының ішкі нормативтік құжаты болып табылады.

      7. Оқу процесін ұйымдастыру бойынша білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидаларымен:

      1) оқу-тәрбие процесінің ұзақтығын және оқу жүктемесін ескере отырып, жұмыс режимінің, сабақ кестесін бекітудің және ондағы өзгерістер туралы хабарлаудың;

      2) аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу шарттарының;

      3) білім алушыларды пәндік олимпиадаларға, зияткерлік конкурстарға, өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар жарыстарына, сондай-ақ колледждердің білім алушыларды кәсіптік шеберлік конкурстарына іріктеу шарттарының;

      4) қосымша ақылы қызметтер көрсетудің;

      5) сабақтарды, үйірмелер мен секциялар сабақтарын өткізуді ресімдеудің және жіберілген күндердегі бағдарламалық материалды өткізу шарттарының;

      6) оқу-тәрбие процесіне қатысы жоқ ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдаланудың;

      7) стипендия төлеудің;

      8) психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу шарттарының;

      9) алқалы органдардың жұмысын ұйымдастырудың нақты тәсілдері белгіленеді.

      8. Тәрбие процесін ұйымдастыру бойынша білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидаларымен:

      1) білім беру процесіне қатысушылардың сыртқы келбетінің, міндетті мектеп формасын бекітудің және оны киюдің;

      2) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің демалысын ұйымдастырудың;

      3) оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың сабақта, үзілісте, сабақтан тыс іс-шараларда, экскурсияларда, асханада, буфетте жүріс-тұрысының;

      4) "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығына, "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығына демалуға жіберілетін білім алушылар мен тәрбиеленушілерді іріктеудің;

      5) тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің білім беру ұйымының үй-жайлары мен аумағын таза ұстауының;

      6) білім беру ұйымының дәстүрін сақтаудың нақты тәсілдері белгіленеді.

      9. Білім беру процесіне қатысушыларға қосымша білім беруді ұйымдастыру бойынша білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидаларымен:

      1) үйірмелер мен секциялардың сабақтарын ұйымдастырудың;

      2) бірыңғай оқу кеңістігін құрудың;

      3) педагогтерді республикалық және халықаралық конкурстарға іріктеудің;

      4) білім беру ұйымы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастырудың;

      5) білім беру процесіне қатысушыларды оқыту, тағылымдамадан өткізу, семинарлар, конференциялар, олимпиадалар, конкурстар жұмысына қатыстыру қызметін жүзеге асырудың нақты тәсілдері белгіленеді.

      10. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидаларымен:

      1) білім алушыларға, тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің және медициналық пункттің жұмысын ұйымдастырудың;

      2) білім беру ұйымының асханасы мен буфетінде тамақтануды ұйымдастырудың;

      3) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің (ғимаратқа және аумаққа кіру режимі, бөгде адамдардың болу шарттары, мектеп бойынша кезекшілікті ұйымдастыру);

      4) қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария және еңбек гигиенасы, өртке қарсы қауіпсіздік техникасы, еңбекті қорғау талаптары жөніндегі нұсқаулықтар мен қағидалар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырудың;

      5) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жатақханада орналасуының және тұруының нақты тәсілдері белгіленеді.

      11. Білім беру процесіне қатысушылардың өзара іс-қимылы бойынша білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесінің қағидаларымен:

      1) педагогтердің тәлімгерлік жұмысын ұйымдастырудың;

      2) білім беру процесіне қатысушыларды ынталандыру жүйесінің;

      3) білім беру ұйымы әкімшілігінің және педагогтердің білім алушылармен, тәрбиеленушілермен, ата-аналармен және басқа да заңды өкілдермен өзара іс-қимылының;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шарттарының;

      5) демеушілермен, меценаттармен және қолдаушылармен өзара іс-қимыл жасауының;

      6) тәрбиеленушілердің білім беру ұйымына келетін туыстарына қойылатын талаптардың нақты тәсілдері белгіленеді.

      12. Білім беру ұйымының әкімшілігі білім беру процесінің барлық қызметкерлері мен қатысушыларының Ішкі тәртіптеме қағидаларымен танысуын қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады