ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз
1. "Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 13 маусымдағы № 15 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28495 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Отын-энергетика кешені департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) Осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы |
М. Омаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Көлік министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 26 желтоқсандағы № 8 бұйрығына қосымша |
Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 176-1-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және нарық субъектілеріне негізгі қуатқа тең қол жеткізуді беру тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) негізгі қуат – үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің (бұдан әрі – негізгі қуат иесі) оларға қол жеткізбей, нарықтың басқа субъектілері тиісті немесе сабақтас тауар нарығында тауар өндіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыра алмайтын тауары, инфрақұрылым объектісі;
2) тауар – азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет;
3) мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператор – мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, қызметінің негізгі нысанасы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланын, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органды, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органды мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға мұнай өнімдерін сақтау және жеткізу жөніндегі қызметтер ұсыну болып табылатын заңды тұлға.
3. Негізгі қуатқа қол жеткізу нарықтық шарттарда беріледі.
4. Кодекстің 174-бабына сәйкес негізгі қуатқа тең қол жеткізуді бермеу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 3-1-бөлігінде белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатын үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану болып табылады
5. Тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау шеңберінде негізгі қуат анықталған жағдайда, монополияға қарсы орган өзінің интернет-ресурсында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қорытындыны (бұдан әрі - қорытынды) және негізгі қуат иелерінің тізбесін (бұдан әрі – тізбе) орналастырады.
Тізбе тауар нарығының, нарық субъектісінің, негізгі қуат иеленушінің толық атауын қамтиды.
Негізгі қуат иелері Кодекстің 165-бабының талаптары ескеріле отырып анықталады.
6. Қорытынды мен тізбе орналастырылған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде монополияға қарсы орган нарық субъектісіне оны негізгі қуаттың иесі деп тану туралы жазбаша хабарлама жібереді.
7. Негізгі қуат иесі хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн өткен соң өзінің қызметін Қағидаларға сәйкес келтіреді.
8. Қосымша уақыт шығындары қажет болған жағдайда, негізгі қуат иесі монополияға қарсы органға Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мерзімді ұзарту туралы дәлелді өтінішпен жүгінеді.
9. Мерзімді ұзарту туралы немесе ұзартудан бас тарту туралы шешімді монополияға қарсы орган дәлелді өтінішті алған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қажетті уақыт шығындарының негіздемесін ескере отырып қабылдайды.
Монополияға қарсы орган қызметті Қағидаларға сәйкес келтіру бөлігінде қосымша ақпарат алу туралы дәлелді өтінішті қарау мерзімін, негізгі қуат иесіне дәлелді өтініш тоқтатыла тұрған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде хабарлай отырып, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұрады.
2-тарау. Негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсыну тәртібі
10. Негізгі қуатқа тең қол жеткізуді қамтамасыз ету мынадай реттілікпен жүзеге асырылады:
1) нарық субъектісінің негізгі қуатқа қол жеткізуді ұсыну туралы өтінімді (бұдан әрі – өтінім) негізгі қуатқа иеленушіге ұсынуы;
2) негізгі қуат иесінің өтінімді қарауы;
3) негізгі қуат иесінің өтінімді қарау нәтижесін беруі;
4) шарт жасасу.
11. Негізгі қуат иелері жыл сайын өтінімдерді қабылдау басталғанға дейін 2 (екі) айдан кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында пошталық мекенжайын, электрондық поштасының мекенжайын, сондай-ақ өтінімдерді қабылдауға жауапты құрылымдық бөлімшенің байланыс деректерін көрсете отырып, өтінімдерді қабылдау кестесін (бұдан әрі – кесте) орналастырады.
Негізгі қуат иеленушіде интернет-ресурс болмаған кезде ақпарат монополияға қарсы органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Негiзгi қуат иелерi монополияға қарсы органға мемлекеттiк органның сұрау салуы бойынша өтінімдерді бөлу және қанағаттандыру бөлігінде негізгі қуат иелерінің ақпараттық жүйесіне қолжетімділікке ие болуды қамтамасыз етедi.
Негізгі қуат иесінің ақпараттық жүйесінде негізгі қуатты өңдеу қызметін әрбір алушы үшін жеке кабинет болады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі кемінде бір айды құрайды.
12. Негізгі қуатқа қол жеткізу үшін нарық субъектісі негізгі қуатты иеленушіге нарық субъектісі сұратқан қол жеткізуді ұсынудың елеулі шарттары көрсетілетін қағаз немесе электрондық нысандағы өтінімді жібереді.
13. Өтінімді негізгі қуатқа қол жеткізудің мәлімделген шарттарына қарамастан негізгі қуат иесі қабылдайды.
14. Өтінімдерді қабылдауды және оларды қарау нәтижелерін беруді негізгі қуат иесі тиісінше қағаз немесе электрондық нысанда жүзеге асырады..
15. Өтінімдерді негізгі қуат иесі басымдылықтың кему тәртібімен қарайды:
1) басқа тауарды өндіру және (немесе) өткізу үшін негізгі қуатты пайдаланатын нарық субъектілерінің өтінімдері;
2) тиісті негізгі қуат үшін сақтау инфрақұрылымы бар нарық субъектілерінің өтінімдері;
3) нарықтың өзге субъектілерінің өтінімдері.
Кестеден тыс берілген өтінімдер кестеге сәйкес берілген өтінімдер қаралғаннан кейін қаралады.
16. Негізгі қуат иесі кестеге сәйкес берілген өтінімдерді, өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
Кестеден тыс берілген өтінімдерді негізгі қуат иесі олар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
17. Негізгі қуат иесі қарау нәтижелері бойынша мынадай:
1) нарық субъектісінің өтінімін ол сұратқан шарттарда қанағаттандыру туралы;
2) негізгі қуат иесі ұсынатын шарттарда негізгі қуатқа қол жеткізуді ұсыну туралы;
3) бас тарту себебін негіздей отырып, өтінімді қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
18. Егер кестеге сәйкес берілген өтінімдерді қанағаттандыру үшін негізгі қуаттың бос көлемі жеткіліксіз болса, өтінімдер сұралып отырған көлемге барабар, бірақ нарықтың бір субъектісіне негізгі қуаттың жалпы көлемінің 50 (елу) пайызынан аспайтын қанағаттандырылады.
Негізгі қуаттың бос көлемінің болуы, олардың құны, қол жеткізу шарттары туралы ақпарат негізгі қуат иесінің интернет-ресурсында орналастырылады.
19. Қағидалардың 17-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, сондай-ақ нарық субъектісі мен негізгі қуатты иеленуші арасында негізгі қуатқа қол жеткізу шарттары бойынша келісімге қол жеткізілген кезде олардың арасында тиісті шарт жасалады.
Шарт қоса алғанда бір жылға дейінгі мерзімге жасалады.
Коммерциялық қатынастар шеңберінде негізгі қуат иелерінен үшінші тұлғаларға басымдықпен сатып алынған мұнай өнімдерінің көлемдері беруге және/немесе сатуға жатпайды.
20. Өтінімді қанағаттандырудан бас тарту үшін негіздер:
1) негізгі қуаттың бос көлемінің болмауы;
2) қол жеткізуді ұсыну үшін қажетті инфрақұрылымның немесе өзге де мүліктің болмауы.
21. Қағидалардың 20-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайда, бас тарту себебінің негіздемесінен басқа, өтінімді қанағаттандырудан бас тарту туралы хабарламаға техникалық шарттар да қоса беріледі.
Техникалық шарттар орындалған кезде нарық субъектісі қайтадан өтінім береді.
22. Бас тартумен келіспеген жағдайда, нарық субъектісі өтінімді және бас тарту туралы хабарламаны қоса бере отырып, бас тартудың негізділігін анықтау үшін монополияға қарсы органға жүгінеді.
23. Монополияға қарсы орган нарық субъектісі өтінішінің нәтижелері бойынша негізгі қуат иесінің бас тартуы негізділігінің расталғаны туралы хабарлайды не Кодекске сәйкес шаралар қабылдайды, бұл туралы нарық субъектісін хабардар етеді.
Егер нарық субъектісінің өтінішін қарау нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсынбаудан көрінетін негізгі қуат иесінің өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану белгілерін анықтаса, нарық субъектісі қайтадан өтінім береді.
3-тарау. Тікелей жеткізу шеңберінде, тауар биржаларынан тыс (бензин, авиациялық және дизель отыны) мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бастапқы көтерме саудада өткізу тауар нарықтарында негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсыну ерекшеліктері
24. Тікелей жеткізу шеңберінде мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін (бензин, авиациялық және дизель отыны) (бұдан әрі - мұнай өнімдері) (бұдан әрі – мұнай өнімдерінің тауар нарығы) бастапқы көтерме саудада өткізу тауар нарықтарында негізгі қуаттың иесі (бұдан әрі – мұнай өнімдерін беруші) болып үстем немесе монополиялық жағдайға ие мұнай өнімдерін өндіруші, мұнай жеткізуші және (немесе) одан әрі өткізу мақсаттары үшін импорттаушы, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер танылуы мүмкін.
25. Мұнай өнімдерін беруші өзінің интернет-ресурсында:
1) мұнай өнімдерін немесе мұнай өнімдерінің әрбір түрін жеке сатып алу-сатудың жария шартын (бұдан әрі – жария шарт);
2) қосылған құн салығынсыз жеткізудің алдағы айына мұнай өнімі бірлігінің бағасын, сондай-ақ мұнай өнімдерін жеткізу құнын;
3) шарт жасасуға өтінімдерді қабылдау үшін ақпараттық жүйенің және мұнай өнімдеріне қолжетімдік алу тәртібінің болуы туралы ақпаратты орналастырады.
Өтінімдерді электрондық пошта арқылы қабылдаған жағдайда нарық субъектісінің нақты атауы мен мекенжайы көрсетіледі.
26. Мұнай өнімдерін беруші жария шартқа сәйкес нарық субъектісімен шарт жасасады.
Жария шарт, оның ішінде енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мұнай өнімдерін берушінің интернет-ресурсында орналастырылады.
Қажет болған жағдайда, мұнай өнімдерін беруші үлгілік шартқа, қателер мен жаңсақ жазуды түзетуді қоспағанда, алдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы өзінің интернет-ресурсында хабарлама жариялаған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн бұрын өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
27. Мұнай өнімдерін сатып алу-сату шарты (бұдан әрі - шарт) қоса алғанда бір айға дейінгі мерзімге жасалады.
28. Сатып алушылардың өтінімін мұнай өнімдерін беруші жеткізу айының алдындағы айдың 1-ден 20-на дейінгі кезеңде қабылдайды.
Өтінімдер мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін Мұнай өнімдерін жеткізу жоспарын алғаннан кейін, бірақ жеткізу айының алдындағы айдың 25-күнінен кешіктірілмей қаралады.
20-шы күннен кейін келіп түскен өтінімдер бос көлем болған жағдайларды қоспағанда, келесі айда қаралады.
29. Өтінімді алудың нақты уақыты мен күнін мұнай өнімдерін берушінің ақпараттық жүйесі тіркейді.
Өтінімді электрондық пошта арқылы алу өтінім жіберушіге автоматты түрде хабарлау арқылы негізгі қуат иесінің ақпараттық жүйесімен расталады.
30. Шарт жасасу үшін өткізу көлемінің ең аз және еселенген нормасы вагондық норманы құрауға тиіс.
31. Мұнай өнімінің бір түрін сатып алуға өтінімді қанағаттандыру мұнай өнімінің басқа түрін сатып алумен негізделмеуі тиіс.
32. Мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін Мұнай өнімдерін жеткізу жоспары өзгертілген жағдайда, мұнай өнімдерінің шарттық сомасы түзетіледі.
33. Мұнай өнімдерін сатып алушылар арасында бөлу тәртібі мынадай ретпен жүзеге асырылады:
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін мұнай өнімдерінің көлемін бөлуді қоспағанда, бензин мен дизель отыны:
1) негізгі қызметке байланысты өткізу көлемдеріне мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бірыңғай оператор, стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы бөлшек саудада өткізу мақсаттары үшін нарық субъектілері;
2) меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде мұнай өнімдерінің базасын немесе мұнай өнімдері базасындағы резервуарды иеленетін нарық субъектілері;
3) нарықтың өзге де субъектілері.
Авиаотын:
1) отандық авиакомпаниялар республикаішілік қатынастағы жолаушылар тасымалы көлеміне, мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бірыңғай оператор, негізгі қызметке байланысты өткізу көлеміне;
2) республикаішілік қатынаста жүк тасымалы көлеміне отандық авиакомпаниялар;
3) мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуші;
4) мұнай өнімдерін көтерме саудада жеткізуші;
5) нарықтың өзге де субъектілері.
34. Негізгі қуат шеңберінде сатып алынған мұнай өнімдерінің көлемі коммерциялық қатынастар үшін үшінші тұлғаларға беруге және/немесе сатуға жатпайды.
35. Мұнай өнімдерін беруші ағымдағы айдың 15-күніне дейінгі мерзімде өзінің интернет-ресурсында өткен кезеңдегі жеткізудің нақты көлемі туралы ақпаратты орналастырады.
4-тарау. Әуежайлар аумағында мұнай өнімдерін (авиациялық отынды) сақтау нарығында негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсынудың ерекшеліктері
36. Әуежай аумағында авиациялық отынды сақтау нарығында негізгі қуат иелері авиотынды сақтау тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие әуежай (бұдан әрі - әуежай) болып табылады.
37. Әуежай авиаотынды сақтау қызметтерін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы шеңберінде бөлшек саудада өткізушімен, мұнай жеткізушімен, мұнай өнімдерін өндірушімен, импорттаушымен, мұнай өнімдерін көтерме жеткізушімен (бұдан әрі – авиациялық отын жеткізуші) жасалған жария шартқа сәйкес көрсетеді.
Әуежай мен авиациялық отынды жеткізуші арасындағы шарт әуежайда авиациялық қауіпсіздікті сақтау және қамтамасыз ету жағдайында жасалады.
38. Әуежаймен жария шартты жасау үшін авиаотынды жеткізуші мыналарды қоса бере отырып өтінім береді:
1) авиаотын жеткізуші мен авиакомпания арасындағы авиаотынды жеткізу туралы шарт;
2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері;
3) сұратылып отырған сақтау көлемдері туралы мәліметтер, оның ішінде сақтау мерзімдері мен көлемдері;
4) авиаотын сапасының паспорты;
5) авиаотының шығу тегін растайтын құжат;
6) меншігінде сақтауға жоспарланып отырған авиаотын көлемінің бар екенін растайтын құжат.
39. Әуежай авиаотын жеткізушіге ұсынатын сақтау қызметтерінің көлемі авиакомпанияның әуежай инфрақұрылымын пайдалана отырып, авиаұшуды қамтамасыз ету үшін жеткілікті авиаотын көлеміне сәйкес келеді.
Бұл ретте, сақтаудың төмендетілмейтін көлемі авиакомпания мен авиаотын жеткізуші арасында бір жыл мерзімге жасалған шартпен расталады.
40. Авиаотынды сақтау шарттарын, оның ішінде қызметтерінің құнын, Кодекстің 174-бабында көрсетілген нормаларды ескере отырып, әуежай дербес айқындайды.
41. Әуежай өз сайтында:
1) жария шарт;
2) авиациялық отынды сақтау жөніндегі қызметтердің құны (бағасы);
3) құнын көрсете отырып, авиациялық отынды сақтау қызметіне байланысты ілеспе шығыстар;
4) шарт жасасуға өтінімдерді қабылдаудың ақпараттық жүйесінің болуы және авиациялық жанармай сақтау қызметтеріне қолжетімділік алу тәртібі туралы мәліметтер;
5) ағымдағы жылдық кезеңдегі авиациялық отын қоймасының қолда бар сыйымдылығы туралы ақпарат.
42. Авиаотын жеткізушілердің өтінімдерін әуежай ай сайын, бірақ жеткізу айының алдындағы ағымдағы айдың 25-күнінен кешіктірмей қарайды.
Авиаотын жеткізушілердің өтініштерін әуежай жеткізу айының алдындағы айдың 1 - 15-күндері кезеңінде қабылдайды.
Ағымдағы айдың 15-күнінен кейін түскен өтініштер, бос көлемнің болуы жағдайларын қоспағанда, келесі айда қаралады.
Өтініштерді беру әуежайдың ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады.
Өтінімді алудың нақты уақыты мен күні әуежайдың ақпараттық жүйесінде тіркеледі.
43. Әуежай авиаотын жеткізушілермен жария шартқа сәйкес шарт жасасады.
44. Әуежай авиакомпаниялардың рейстерін расталған слоттар бойынша авиаотынмен қамтамасыз ету үшін авиаотын көлемдерін сақтау инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
45. Әуежай өтінім алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйе арқылы ұсынылған материалдарды Қағидалардың 38-тармағына сәйкестігін тексереді және авиаотын жеткізушіге қол қойылған шарт жобасын жібере және/немесе ұсынылмаған құжаттарды ұсыну қажеттілігін көрсете отырып шешім туралы хабардар етеді.
46. Шарт жасасу үшін өткізу көлемінің ең аз және еселенген нормасы вагондық норманы құрауға тиіс.
47. Мұнай өнімдерін (авиациялық отынды) сақтау көлемін бөлу тәртібі мынадай ретпен жүзеге асырылады:
1) отандық авиакомпаниялар республикаішілік қатынас ішінде жолаушылар тасымалы көлемдеріне, мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі бірыңғай оператор, негізгі қызметпен байланысты өткізу көлемдеріне;
2) отандық авиакомпаниялар республикаішілік қатынаста жүк тасымалдары көлемдеріне;
3) авиотынды жеткізушілер.
48. Негізгі қуат иесі ағымдағы айдың 15-күніне дейінгі мерзімде өзінің интернет-ресурсында өткен кезеңдегі нақты сақтау көлемдері туралы ақпаратты, сондай-ақ негізгі қуаттың бос көлемінің болуы, оның құны, қол жеткізу шарттары туралы ақпаратты орналастырады.
5-тарау. Мұнайды экспорттау және транзиттеу мақсатында магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау нарығында негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсынудың ерекшеліктері
49. Тауар нарығында монополиялық жағдайға ие магистральдық мұнай құбырының операторы (бұдан әрі – оператор) мұнайды экспорттау мақсатында магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау нарығындағы негізгі қуат иесі болып табылады.
50. Оператор мұнай жіберушілерге мұнайды экспорттау мақсатында магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау бойынша қызметтерін жер қойнауын пайдаланушылар үшін бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушылар үшін шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын беру кестесіне сәйкес ұсынады.
51. Оператордың интернет-ресурсында:
1) Мұнайды экспорттау мақсатында магистральдық құбырлар арқылы тасымалдаудың жария шартын (бұдан әрі – жария шарт);
2) мұнайды экспорттау мақсатында магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау бағасын;
3) шарт жасасуға өтінімдерді (бұдан әрі – өтінім) қабылдау үшін ақпараттық жүйенің және экспорттау мақсатында магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау қызметтеріне қолжетімділік алу тәртібінің болуы туралы ақпаратты.
4) экспорттау үшін магистральдық құбырлардың бос көлемдерінің болуы туралы ақпаратты орналастырады.
52. Оператор мұнай жіберушілермен жария шартқа сәйкес шарт жасасады.
Жария шарт, оның ішінде енгізілген өзгерістер мен толықтырулар оператордың интернет-ресурсында орналастырылады.
Қажет болған жағдайда, оператор жария шартқа, қателер мен жаңсақ жазуды түзетуді қоспағанда, алдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы өзінің интернет-ресурсында хабарлама жариялаған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн бұрын өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Мұнайды экспорттау мақсатында магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау шарты бір жылға жасалады.
53. Мұнай жіберушінің өтінімін оператор жеткізу айының алдындағы айдың 5 - 25-күндері кезеңінде қабылдайды.
Өтінімдер мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін мұнайды ішкі нарыққа жеткізу кестесі алынғаннан кейін қаралады.
54 Өтінімді алудың уақыты мен күнін оператордың ақпараттық жүйесі тіркейді.
55. Мұнай жіберушінің өтінімінде мынадай құжаттар болуы тиіс:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері;
2) басшының лауазымы туралы мәліметтер, байланыс жасайтын адамның телефон нөмірі және электрондық почта мекенжайы;
3) тасымалданатын мұнай көлемі;
4) сапа паспорты;
5) тасымалданатын мұнайды алушымен шарт.
56. Оператор өтінімді алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйе арқылы ұсынылған материалдарды Қағидалардың 55-тармағына сәйкестігін тексереді және өтінім берушіні қол қойылған шарт жобасын жібере және (немесе) ұсынылмаған құжаттарды беру қажеттілігін көрсете отырып шешім туралы хабардар етеді.
57. "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 4-тармағына сәйкес оператор мұнай жіберушіге қызмет көрсету кезінде мұнайдың сапасы мен санының сақталуын қамтамасыз етеді және өнімді тасымалдау кезінде техникалық ысыраптарды шегергенде, маршруттың соңында мұнайды тапсырады.
58. Оператор ағымдағы айдың 25-күніне дейінгі мерзімде өзінің интернет-ресурсында магистральдық құбыржол бойынша экспортқа тасымалданған мұнайдың нақты көлемдері туралы ақпаратты орналастырады.
6-тарау. Мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеу қызметтеріне негізгі қуатқа тең қол жеткізуді ұсынудың ерекшеліктері
59. Мұнай өңдеу нарығындағы негізгі қуат иесі үстем немесе монополиялық жағдайға ие мұнай өнімдерін өндірушілер (бұдан әрі – мұнай өнімдерін өндіруші) болып табылады.
60. Мұнай өнімдерін өндіруші мұнай өңдеу қызметтеріне мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының ішкі нарығының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін шикі мұнай және (немесе) газ конденсатын беру кестесін ескере отырып қолжетімділік береді.
61. Мұнай өнімдерін өндіруші өзінің интернет-ресурсында:
1) мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеу қызметтерін көрсетуге арналған жария шартты (бұдан әрі – жария шарт);
2) мұнай тоннасын және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеуге тарифті;
3) құнын көрсете отырып, шикізатты қайта өңдеумен байланысты ілеспе шығыстарды;
4) жоспарлы жөндеу жұмыстары туралы ақпаратты;
5) өндірілетін мұнай өнімдерінің номенклатурасын;
6) шарт жасасуға өтінімдерді қабылдау үшін ақпараттық жүйенің болуы туралы ақпаратты және мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеу қызметтеріне қолжетімділік алу тәртібін;
7) қайта өңдеудің ағымдағы жылдық кезеңге бос қуаттарының болуы туралы ақпаратты орналастырады.
Мұнай өнімдерін өндіруші шарт жасасуға өтінімдерді қабылдауды ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырады.
62. Мұнай өнімдерін өндіруші жария шартқа сәйкес мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеу қызметтерін көрсетуге шарт жасасады.
Жария шарт, оның ішінде енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мұнай өнімдерін өндірушінің интернет-ресурсында орналастырылады.
Қажет болған жағдайда, мұнай өнімдерін өндіруші жария шартқа, қателер мен жаңсақ жазуды түзетуді қоспағанда, алдағы өзгерістер мен толықтырулар туралы өзінің интернет-ресурсында хабарлама жариялаған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн бұрын өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Жария шартты мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган монополияға қарсы органмен келісу бойынша бекітеді.
Мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеу шарты бір жылға жасалады.
63. Мұнай және (немесе) газ конденсатын және (немесе) өңделген өнімді және (немесе) өңделген өнім иелерінен, мұнай берушілерден және жер қойнауын пайдаланушылардан мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) өңделген өнімді өңдеу бойынша көрсетілетін қызметке (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет алушылар) өтінімін мұнай өнімдерін өндіруші жеткізу айының алдындағы 25 айға дейін қабылдайды.
64. Өтінімді алудың нақты уақыты мен күні негізгі қуат иесінің ақпараттық жүйесінде тіркеледі.
65. Мұнай жеткізушінің өтінімінде мынадай құжаттар болуы тиіс:
1) шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерінің сапасын растайтын құжат (сапа паспорты);
2) мұнайдың және (немесе) газ конденсатының және (немесе) тазартылған өнімнің шығу тегін растайтын құжат;
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәліктің немесе куәліктің көшірмелері;
4) мұнайды және (немесе) газ конденсатын және (немесе) қайта өңдеуге арналған тазартылған өнімді жіберу көлемі;
5) өңдеудің сұратылған көлемдері, оның ішінде өңдеу мерзімдері мен көлемдері туралы мәліметтер.
66. Мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеудің негізгі қуат иесі өтінімді алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ақпараттық жүйе арқылы ұсынылған материалдарды Қағидалардың 65-тармағына сәйкестігін тексереді және өтінім берушіні қол қойылған шарт жобасын жібере отырып және/немесе ұсынылмаған құжаттарды беру қажеттілігін көрсетіп шешім туралы хабардар етеді.
67. Негізгі қуат иесі ағымдағы жылдың 25-күніне дейінгі мерзімде өзінің интернет-ресурсында алдыңғы айда мұнайды және (немесе) газ конденсатын, және (немесе) қайта өңдеу өнімдерін өңдеудің нақты көлемдері туралы ақпаратты орналастырады.
68. Мұнай өнімдерін өндіруші мұнай өнімдерін өндіру мен жөнелтуді қоса алғанда, көрсетілген өңдеу қызметтерінің көлемі туралы деректерді цифрландыруды қамтамасыз етеді.