"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 12-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, Ақмола облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін Ақмола облысында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін жол жүру ұсынылсын.
2. Науқастың және оны ертіп баратын адамның жол жүру құнын (науқасты алып жүретін адам болған жағдайда ғана) екі жаққа жүруіне темір жол көлігінде жүрдек поездың купе вагоны билетінің құнынан аспайтын мөлшерде, ал қалааралық автомобиль көлігінде нақты құны мөлшерінде төлем жасалсын.
3. Экономикалық класс тарифі бойынша әуе көлігімен жол жүру шығысын өтеу тек орфандық аурулары бар науқастарға және оны алып жүретін адамға (науқасты бір адамнан артық емес алып жүрген жағдайда ғана) екі жаққа да жүргізіледі.
4. Күші жойылды деп танылсын:
"Ақмола облысында тұратын азаматтарға емделу үшін елді мекен шегінен тысқары жерлерге бюджет қаражаты есебінен тегін жол жүруді ұсыну туралы" Ақмола облыстық мәслихатының 2010 жылғы 18 шілдедегі № 4С-25-6 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3366 болып тіркелген) шешімі;
"Ақмола облыстық мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Ақмола облыстық мәслихатының 2021 жылғы 26 сәуірдегі № 7С-3-5 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8455 болып тіркелген) шешіміне қосымшаның 1-тармағы.
5. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы | Б.Жусупов |