Көкшетау қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Жаңа

Ақмола облысы Көкшетау қалалық мәслихатының 2024 жылғы 28 мамырдағы № С-12/8 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 29 мамырда № 8757-03 болып тіркелді

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына, "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) сәйкес, Көкшетау қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес Көкшетау қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі айқындалсын.

      2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Көкшетау қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Көкшетау қаласы мәслихатының төрағасы Д.Акимов

 
  Көкшетау қаласы мәслихатының
2024 жылғы 28 мамырдағы
№ С-12/8 шешіміне
1-қосымша

Көкшетау қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалғыз тұрғынжай ретінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға) Көкшетау қаласында тұратындарға ұсынылады.

      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау "Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетіледі.

2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері

      3. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісін тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын көрсетілетін қызметті беруші "Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы № 117 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33763 болып тіркелген) (бұдан әрі - Қағидалар) айқындалған тәртіпте есептейді.

      4. Шекті жол берілетін шығыстардың деңгейі:

      кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;

      коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;

      мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісіне 5% (пайыз) мөлшерінде белгіленеді.

      5. Кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстардың, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстардың және коммуналдық қызметтерді тұтыну төлемдері белгіленген көлемнің нормасынан жоғары болса, төлем жалпы негіздерде жүргізіледі. Өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй алаңының нормасы бір адамға он сегіз шаршы метр қабылданады. Жалғыз тұратын азаматтар үшін, өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй алаңының нормасы отыз шаршы метр болып қабылданады.

      6. Электр энергиясының шығын нормасы бір адамға айына 150 (жүз елу) киловатт белгіленсін.

      7. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтер өтемақысы "Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу мөлшерін айқындау және қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 295/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33200 болып тіркелген) бекітілген Әлеуметтік қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің өсуін өтеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

3-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      8. Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлi) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін, Қағидаларға сәйкес, тоқсанына бір рет "электрондық үкімет" веб-порталы немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жүгінеді.

      9. Тұрғын үй көмегін тағайындау толық ағымдағы тоқсанға жүргізіледі, бұл ретте көрсетілетін қызметті алушының жиынтық кірісі және коммуналдық қызметтерінің шығыстары алдындағы тоқсан үшін есепке алынады.

      10. Коммуналдық қызметтер бойынша шығыстар жеткізушілер ұсынған коммуналдық қызметтерді төлеу шоттары бойынша алынады.

      11. Тұрғын үй көмегi тағайындау қала бюджетiнде тиiстi қаржылық жылға қарастырылған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4-тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу

      12. Көрсетілетін қызметті алушыға тұрғын үй көмегін төлеуді көрсетілетін қызметті беруші келесі тәртіппен жүзеге асырады:

      коммуналдық қызметтерді тұтынуға өтемақы коммуналдық қызметтердің жеткізушілеріне жүргізіледі;

      телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға үшін өтемақы, кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға өтемақы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге өтемақы көрсетілетін қызметті алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы аударылады.

 
  Көкшетау қаласы мәслихатының
2024 жылғы 28 мамырдағы
№ С-12/8 шешіміне
2-қосымша

Көкшетау қалалық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Көкшетау қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" Көкшетау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 9 сәуірдегі № С-42/7 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7801 болып тіркелген).

      2. "Көкшетау қалалық мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Көкшетау қалалық мәслихатының 2022 жылғы 16 мамырдағы № С-17/14 шешімінің 2-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28183 болып тіркелген).

      3. "Көкшетау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 9 сәуірдегі № С-42/7 "Көкшетау қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Көкшетау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 14 сәуірдегі № С-2/12 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8543-03 болып тіркелген).

      4. "Көкшетау қалалық мәслихатының 2020 жылғы 9 сәуірдегі № С-42/7 "Көкшетау қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Көкшетау қалалық мәслихатының 2023 жылғы 24 қарашадағы № С-8/7 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8664-03 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады