Алматы облысының Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібін және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ережені айқындау туралы

Жаңа

Алматы облысы әкімдігінің 2024 жылғы 2 шілдедегі № 215 қаулысы. Алматы облысы Әділет департаментінде 2024 жылғы 3 шілдеде № 6141-05 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 27-бабының 2-тармағына, "Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығының 14-3-тармағына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9950 болып тіркелген) сәйкес, Алматы облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Алматы облысының облыстық және аудандық маңызы бар қалаларында Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру ережесі осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Н. Абдрахим

  Алматы облысы әкімдігінің 2024 жылғы 2 шілдедегі № 215 қаулысына қосымша

Алматы облысының Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ереже

      1. Жалпы ереже

      1. Осы Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі және халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы ереже Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығы негізінде әзірленді.

      2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) халық қатысатын бюджет – азаматтардың жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуы.

      2) жобалық ұсыныс – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін Қазақстан Республикасы азаматы дайындаған және берген, іске асырылуы әкімдіктің (әкім аппаратының) құзыретіне жататын құжат. Үлгілік жобалық ұсыныстарды әкімдіктің (әкім аппаратының) ресми интернет-ресурста орналастырады.

      Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында ресми интернет-ресурстары болмаған кезде үлгілік жобалық ұсыныстар тиісті аудандар әкімдіктерінің интернет-ресурсында орналастырылады.

      3) дауыс беру – әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында электронды түрде немесе "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан

      Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес жергілікті қоғамдастықтың жиындары арқылы дауыс беру жолымен жобалық ұсыныстар арасында жеңімпаздарды анықтау процесі.


      2. Сараптамалық кеңес қызметінің тәртібі

      3. Облыстық, аудандық маңызы бар қаланың әкімдігі халық қатысатын бюджет шеңберінде тұрғындардың облыстық маңызы бар қалаларды абаттандыру мәселелері бойынша жобалық ұсыныстарын қарауды, іріктеуді және шешім қабылдауды жүзеге асыру үшін ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде Сараптамалық кеңесті құрады.

      4. Сараптамалық кеңестің дербес құрамын облыстық, аудандық маңызы бар қаланың әкімдігі құрайды және бекітеді.

      5. Сараптамалық кеңес төраға, төрағаның орынбасары, хатшы және кеңес мүшелері құрамынан тұрады. Сараптамалық кеңес тақ саннан тұрады және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, тиісті аумақта қызметін жүзеге асыратын қоғамдық және өзге де ұйымдардың өкілдері. Сараптама кеңесінің төрағасы Кеңес құрамына ұсынылған адамдар арасынан сайланады.

      Сараптамалық кеңесте мүшелікті тоқтату өз еркі бойынша немесе жаңа мүшені ұсынумен ұжымдық шешім бойынша жүзеге асырылады.

      6. Сараптамалық кеңестің жұмыс органы облыстық маңызы бар қаланың тұрғын үй-коммуналдық шарушылық бөлімі, аудандық маңызы бар қалалардың әкімі аппараттары болып табылады.

      7. Сараптамалық кеңес отырыс түрінде жұмыс жасайды. Отырыстағы барлық шешімдер жиналғандар арасынан қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Егер отырысқа Сараптамалық кеңестің жалпы құрамынан жартысынан астамы қатысса, отырыс заңды болып саналады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда Сараптамалық кеңесі төрағасының шешімі шешуші мәні болады. Форс-мажорлық мән-жайлар жағдайында отырыстар қашықтан форматта өткізіледі, кейіннен кеңестің шешімі ресімделеді.

      8. Сараптамалық кеңестің шешімі отырыс өткізетін күні шығарылады, хаттамамен рәсімделеді және оған төраға, төрағаның орынбасары, кеңес мүшелері және хатшы қол қойғаннан кейін әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында орналастырылады.

      9. Сараптамалық кеңестің функциялары:

      1) жобалық ұсыныстың бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келуі туралы шешім қабылдау;

      2) жобалық ұсыныстарды алдын ала қарастыруды өткізу;

      3) жобалық ұсыныстарды дауыс беруге арналған тізбеге қосу бойынша шешім қабылдау;

      4) халық қатысатын бюджет шеңберінде қаржыландырылатын жобалық ұсыныстардың іске асырылу барысын бақылау, соның ішінде құрылымдық бөлімшелер басшыларының, коммуналдық кәсіпорындардың, мекемелер және ұйымдардың лауазымды тұлғаларының жобалық ұсыныстарды іске асыру мәселелері бойынша есептерін тыңдау;

      5) өз отырыстарын ашық өткізу, отырыс хаттамаларын әкімдік (әкім аппараты) интернет-ресурсында жариялау.


3. Жобалық ұсыныстарды беру тәртібі

      10. Ағымдағы қаржы жылының 15 қаңтарына дейінгі мерзімде әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты орналастырады.

      11. Тиісті елді мекендердің тұрғындарынан жобалық ұсыныстарды жинау ағымдағы қаржы жылының 20 қаңтарынан 1 наурызына дейін келесі санаттар жүзеге асырады:

      1) аумақты көгалдандыру;

      2) тротуарларды жайластыру;

      3) тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;

      4) ортақ пайдалану орындарын (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары, көшелер және өзге де объектілер) құру, жөндеу және жарықтандыру;

      5) бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;

      6) қоқыс тастайтын жерлерді жою;

      7) ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;

      8) аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру;

      9) санитарияны қамтамасыз ету.

      12. Ағымдағы қаржы жылына бекітілген бюджет шеңберінде халық қатысатын бюджетті іске асыруға бағытталатын шығыстардың ең төмен көлемі жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді, кредиттер мен қарыздарды қоспағанда, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" 07 функционалдық тобы бойынша жоспарланатын бюджет шығыстарының жылдық көлемінің 10 %-нан төмен болмауы тиіс.

      13. Беру кезінде бір жобалық ұсынысты іске асырудың шекті құны:

      1) облыстық маңызы бар қала үшін және (немесе) облыстық маңызы бар қаладағы аудан үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген он бес мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен;

      2) аудандық маңызы бар қала үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір мың бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспауы тиіс.

      14. Жобалық ұсыныстарға қойылатын талаптар:

      1) ортақ пайдалану объектісі;

      2) тиісті аумақтар тұрғындары үшін өзектілігі;

      Бұл ретте, оларды бір қаржы жылы ішінде іске асыру мүмкіндігі бар жобалық ұсыныстар басым болып табылады.

      15. Жобалық ұсыныстар әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсына электрондық түрде "Халық қатысатын бюджет" бөліміне беріледі.

      16. Автор кез келген сәтте өзінің жобалық ұсынысын қарастырудан ала алады.

      17. Автор жобалық ұсынысқа шығыстардың шамаман алынған немесе нақты сметалық есебін, сондай-ақ жобаның суретін/эскизін/макетін/схемасын (оларды интернет-ресурстан пайдалануға болады) міндетті түрде қоса береді немесе автор жобалық ұсынысты берген сәтте интернет-ресурста жобаға эскиздерді және шығыстардың сметасын қамтитын үлгілік жобалық ұсыныстардың тізімінен жобалық ұсынысты іске асыруды таңдайды.


4. Өтінімдерді іріктеу тәртібі

      18. Жобалық ұсыныстарды қабылдау мерзімінің аяқталу қорытындысы бойынша келіп түскен жобалық ұсыныстарды Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 5 сәуіріне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобалардың қайталануының болмауына, оларды әкімдіктің (әкім аппаратының) іске асыру құзыреттілігінің болуы мәніне талдауды жүзеге асырады.

      19. Іске асырылуы осы Ереженің 11, 13, 14 және 15-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін жобалық ұсыныстарды әкімдік (әкім аппараты) дауыс беруді өткізу үшін ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады.

      20. Дауыс беруге жатпайтын жобалық ұсыныстар:

      1) тұтас емес, фрагменттік сипаты бар (элементтердің бірін орындау болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап етеді);

      2) елді мекеннің даму басымдықтарына сәйкес келмейтін;

      3) жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныстарды іске асыруды көздейтін;

      4) тиісті елді мекеннің құрамдас бөліктерінде осыған ұқсас іске асырылған жобалары бар жобалық ұсыныстар дауыс беруге жіберілмейді.

      21. Тиісті елді мекендердің кәмелетке толған тұрғындары ағымдағы қаржы жылының 24 сәуіріне дейінгі мерзімде ұсынылған жобалық ұсыныстар бойынша ресми интернет-ресурсында электрондық түрде дауыс беруді жүзеге асырады.

      Аудандық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында ресми интернет-ресурс болмаған кезде тиісті елді мекендердің тұрғындарының дауыс беруі ЖӨБ туралы Заңға сәйкес жергілікті қоғамдастықтың жиындары арқылы жүзеге асырылады.

      22. Дауыс беру рәсімі аяқталғаннан кейін әкімдік (әкім аппараты) дауыс беру нәтижелерін шығарады.

      Бұл ретте, облыстық маңызы бар қалада 50-ден кем, аудандық маңызы бар қалада 10-нан кем тұрғындар дауыс берген жобалық ұсыныстар іске асырылуға жіберілмейді.

      23. Дауыс беру нәтижелерінің негізінде Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 30 сәуірінен кешіктірмей тиісті шешім шығарады.

      24. Дауыс беру нәтижелері мен Сараптамалық кеңестің шешімі әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.


5. Жобалық ұсыныстарды іске асыру және ақпаратты жариялау

      25. Сараптамалық кеңестің шешімі негізінде облыстық, аудандық маңызы бар қаланың әкімдігі өз құзыреті шегінде жобалық ұсыныстарды жүзеге асырады.

      Халық қатысатын бюджеттің жобалық ұсыныстарын қаржыландыру тиісті бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Жобалық ұсыныстарды іске асыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жасайды.

      26. Жобалық ұсыныстарды іске асыру барысы туралы, сондай-ақ оларды іске асыру қорытындылары туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірілмей интернет-ресурста міндетті түрде орналастырылуға жатады.

      Қоғам, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұрғындар жобалық ұсыныстардың іске асырылу барысымен танысуға және мониторингті жүзеге асыруға құқығы бар.

      27. Әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурста және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды іске асыру және оларды қаржыландыруға байланысты қаражатты пайдалану туралы ақпаратты жариялайды.

      28. Облыстық, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері халықпен кездесу барысында оларды халық қатысатын бюджет шеңберінде іске асырылатын жобалық ұсыныстар туралы хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады