Балқаш қалалық мәслихатының 2023 жылғы 3 қарашадағы № 8/71 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қарағанды облысы Балқаш қалалық мәслихатының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 12/110 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2024 жылғы 5 сәуірде № 6586-09 болып тіркелді

      Балқаш қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Балқаш қалалық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 3 қарашадағы № 8/71 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №6512-09 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      2-тараудың 6-тармағы 8) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "8) 25 қазан - Республика күні мерекесіне:

      бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға 20 000 теңге мөлшерінде;";

      2-тараудың 7-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейтін санаторий-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдендірілген соманың жетпіс пайызынан аспайтын - қоса алып жүретін адаммен бірлесіп, әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына, санаторий-курорттық емделуге абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделуге жолдамамен қамтамасыз етілген бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға.".

      2-тараудың 8-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "8. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіз болып табылады:

      1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілсе, осы жағдай туындаған сәттен бастап үш ай ішінде, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;

      2) әлеуметтік маңызы бар "туберкулез" ауруы бар адамдарға, амбулаториялық емделу кезеңінде, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, алты айға дейін, ай сайын көрсетіледі;

      3) әлеуметтік маңызы бар "қатерлі ісік" ауруы бар адамдарға, операциядан кейінгі емделу кезеңінде, операция жүргізілген күннен бастап, алты айдан кешіктірмей, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, бір реттік әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;

      4) әлеуметтік маңызы бар, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тасымалдаушы және адамның иммунитет тапшылығы вирусынан пайда болған ауруы бар адамдарға, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, бір реттік әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі;

      5) адамның иммунитет тапшылығы вирусын тасымалдаушы және адамның иммунитет тапшылығы вирусынан пайда болған ауруы бар балаларға, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2,0 (екі) еселенген мөлшерінде, ай сайын көрсетіледі;

      6) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, босап шыққан күннен бастап алты айдан кеш емес уақытта, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;

      7) пробация қызметінің есебінде болуы, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан күннен бастап алты айдан кеш емес уақытта, азаматтың (отбасының) табысына қарамастан, әлеуметтік көмек 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бір рет көрсетіледі;";

      8) азаматтың (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,5 (бір жарым) еселенген мөлшерінен аспайтын, жергілікті (пешпен) жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын, оның жеке меншік иесі (жалдаушылары) немесе меншік иесінің (жалдаушының) отбасы мүшелері болып табылатын, оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үй болмаған жағдайда бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін, қатты отынды (көмір) сатып алуға бір реттік әлеуметтік көмек жылыту маусымына 16 (он алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, жылына 1 рет көрсетіледі.".

      3-тараудың 13-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Осы Қағиданың 8-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде "Балқаш қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жолдайды.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат төрағасы А. Муслымов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады