"Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 18 тамыздағы № 422 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 20 қаңтардағы № 20 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 24 қаңтарда № 35669 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 18 тамыздағы № 422 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33308 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 32) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 120) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларында:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) ғылыми қызметкер – ғылыми ұйымдарда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе ұйымның ғылыми бөлімшелерінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізетін және оны іске асыратын жеке тұлға;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ғылыми тағылымдама ғылыми тағылымдамадан өту үшін ғылыми зерттеулердің басым бағыттары тізбесіне (бұдан әрі – тізбе) сәйкес жүргізілетін ғылыми зерттеулер шеңберінде жүзеге асырылады.

      Тізбе Заңның 20-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындайтын ғылымды дамытудың басым бағыттарына сәйкес, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес қалыптастырылады.

      Ғылыми тағылымдамалардың арақатынасы тағайындалатын ғылыми тағылымдамалардың жалпы санынан жаратылыстану-техникалық блок бойынша – кемінде 60 %, қоғамдық-гуманитарлық блок бойынша – 40 %-дан аспайды.

      Құжат қабылдау мен конкурс өткізу мерзімін жыл сайын жұмыс органы бекітеді және жұмыс органының ресми интернет-ресурсында құжат қабылдау мерзімі басталғанға дейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей жариялайды.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткер:

      1) ғылым докторы және (немесе) ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі; философия докторы (РhD) және (немесе) бейіні бойынша доктор дәрежесі, магистр дәрежесі;

      2) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 248-бабының 3-тармағына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылған адамдарды қоспағанда, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын ескере отырып, барлық талап етілетін кезеңге міндетті зейнетақы аударымдарының есептелгенін растай отырып, заңды тұлғалар болып табылатын аккредиттелген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінде мамандандырылған ғылыми бағыттың таңдалған саласында соңғы 12 (он екі) айдағы үздіксіз нақты жұмыс өтілі;

      3) үміткерді жүргізілетін ғылыми зерттеуге сәйкес ғылыми тағылымдамаға қабылдайтын, тізбеге кіретін шетелдік ұйымның шартсыз шақыруы (қаржылық шарттарды қоспағанда);

      4) осы Қағидаларға 4-қосымшада белгіленген талаптарға сәйкес деңгейде қазақ және шет тілдерін білу туралы жарамды ресми сертификаты;

      5) Web of Science (Веб оф сайнс), Scopus (Скопус) халықаралық дерекқорларында индекстелетін кемінде бір мақаласы немесе шолуы немесе "Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 20 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13409 болып тіркелген) (бұдан әрі - бұйрық) бекітілген Ғылыми басылымдар тізбесінің 1-тізіміне немесе 2-тізіміне енгізілген отандық немесе шетелдік ғылыми басылымдарда кемінде 1 мақаласы және (немесе) Derwent Innovations Index (Дервент иновейшн индекс) халықаралық өтінімі бар;

      Scopus (Скопус) және (немесе) Web of Science (Веб оф сайнс) дерекқорларында халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдың индекстелуі бұзушылыққа байланысты тоқтаған кезде үміткердің осы журналдағы барлық мақалалары ескерілмейді;

      6) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабының талаптарын ескере отырып, ғылыми зерттеудің таңдалған бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өтудің және кейіннен еңбекпен өтеудің жиынтық мерзімдері бар ғылыми қызметкер болып табылады.

      Ғылыми тағылымдамадан өту шеңберінде алынған ғылыми зерттеудің таңдалған бағыты бойынша үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру жөніндегі шарттағы міндеттемелерді орындамаған Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде тағылымдамадан өтіп, еңбекпен өтеу бойынша шарттағы міндеттемелерді орындамаған адамдар ғылыми тағылымдамадан өту үшін конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

      Ғылыми тағылымдамадан өту бір рет жүзеге асырылады.

      Құжат тапсыру сәтінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқитын Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде үздіксіз еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша шарттағы міндеттемелерді орындамаған адамдар ғылыми тағылымдамадан өтуді тағайындау үшін конкурсқа қатысуға жіберілмейді.

      Бұрын тағайындалған ғылыми тағылымдамадан өтуді пайдаланбаған және тағылымдамадан өтуге кіріспеген адамдарға, әкімші алдында берешегі болмаған жағдайда, ғылыми тағылымдамадан өтуді тағайындау үшін конкурсқа қатысуға қайтадан мүмкіндік беріледі.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер әкімшіге мына құжаттарды ұсынады:

      1) жұмыс органы бекітетін нысан бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған конкурсқа қатысу үшін үміткердің толтырылған сауалнамасы;

      2) жұмыс органы бекітетін нысан бойынша жұмыс орнының сақталуы шартымен жұмыс берушінің ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған өтінімі;

      3) паспорт және жеке куәліктің түпнұсқалары мен көшірмелері (түпнұсқалары салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      4) ғылым докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесінің, сондай-ақ философия докторы (РhD), бейіні бойынша доктор, магистр дәрежесінің болуы туралы құжаттың түпнұсқасы және көшірмесі (түпнұсқалары салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады).

      Шетелдік білім беру ұйымында оқыған жағдайда білімі туралы құжатты тану туралы куәлігі не "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабының 8-тармағында белгіленген ерекшеліктер ескеріліп білімі туралы құжатты тану туралы өзге де құжаты;

      5) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес жасалып, жұмыс беруші бекітетін және тізімге кіретін, тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйыммен келісілген, қазақ немесе орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы бар ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасы;

      6) еңбек қызметін растайтын құжаттың түпнұсқалары мен көшірмелері, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін еңбек қызметі кезеңінде аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді (түпнұсқалары салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      7) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін нәтижесімен қазақ тілінен емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаттың түпнұсқасы және көшірмесі (түпнұсқасы салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      8) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін нәтижесімен шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы жарамды ресми сертификаттың түпнұсқасы және көшірмесі (түпнұсқасы салыстырып тексерілгеннен кейін үміткерге қайтарылады);

      9) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ 175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 072/у нысаны бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін);

      10) ғылыми зерттеулердің бағыттарын, ғылыми тағылымдамадан өту мерзімін, құнын (есеп-қисабы толық жазылған) көрсете отырып, үміткерді тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыруын (қаржылық жағдайларды қоспағанда) растайтын құжаттардың нотариалды куәландырылған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармаларымен бірге көшірмелері;

      11) ғылыми нәтижелердің тізімі (Web of Science (Веб оф сайнс), Scopus (Скопус) халықаралық дерекқорларында индекстелетін кемінде бір мақаласы немесе шолуы) немесе бұйрықпен бекітілген және (немесе) Ғылыми басылымдар тізбесінің 1-тізіміне немесе 2-тізіміне енгізілген отандық немесе шетелдік ғылыми басылымдарда кемінде 1 мақаласы және (немесе) жұмыс беруші бекітетін Derwent Innovations Index (Дервент иновейшн индекс) халықаралық өтінімі;

      12) ғылым саласындағы уәкілетті орган берген аккредиттеу туралы жарамды ресми куәліктің көшірмесі;

      13) үміткер құжаттарын өзі тапсыра алмаған жағдайда өкілге нотариалды куәландырған сенімхаты.

      Үміткер ғылыми тағылымдамадан өту конкурсына қатысу үшін үміткердің сауалнамасының үлгілік нысанын толтыру кезінде осы Қағидалардың ережелерімен танысқандығын растайды.";

      15, 16, 17, 18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Бірінші және екінші турларды әкімші Қазақстан Республикасының ұйымдарымен және сараптамалық комиссияның мүшелерімен бірлесіп ұйымдастырады және өткізеді.

      Бірінші турда кешенді тестілеу жүргізіледі, бұл келесі турға өтуге рұқсат беретін іріктеу туры болып табылады. Бірінші турдың қорытындысы бойынша осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес конкурстық іріктеудің саралау кестесінде белгіленген шекті балды жинамаған үміткер екінші турға қатысуға жіберілмейді.

      Екінші турды әкімші сараптамалық комиссия мүшелерімен бірлесіп ұйымдастырады және өткізеді, онда үміткердің кәсіби даярлық деңгейі, теориялық білімі және таңдаған мамандану саласында кәсіби құзыретінің болуы айқындалады.

      Екінші турда үміткерлер сараптамалық комиссия мүшелерімен дербес әңгімелесуден өтеді. Жұмыс органы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 14-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сараптамалық комиссия құрамын, жұмыс тәртібін және ұйымдастырылуын бекітеді.

      16. Әкімші бірінші және екінші турлардың өтетін жерін, күні мен уақытын айқындайды және ол туралы үміткерді электрондық пошта және (немесе) телефон байланысы арқылы күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей хабардар етеді.

      17. Сараптамалық комиссия жұмыс органы бекіткен нысан бойынша әрбір үміткер жөнінде ұсыным береді.

      18. Жұмыс органы осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес конкурстық іріктеудің саралау кестесін ескере отырып, кешенді тестілеу нәтижелерімен және сараптамалық комиссияның ұсынымдарымен, үміткерлердің материалдарын Республикалық комиссияның қарауына үшінші турға енгізеді.

      19. Үшінші турда Республикалық комиссия бірінші және екінші турдың нәтижелерін қарайды және ғылыми тағылымдаманы тағайындау не тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды, бұл туралы үміткерге ақпарат әкімшінің ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы хабарланады.";

      1-қосымша осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2-қосымшада:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жұмыс органы төменде берілген көрсеткіштерге сәйкес ғылыми тағылымдамадан өту үшін ұсынылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жетекші шетелдік ұйымдарының, ғылыми орталықтардың және өзге де ұйымдардың тізімін қалыптастырады:

      ғылыми орталықтар мен өзге де ұйымдар үшін көрсеткіш: Тізім жасау сәтіндегі рейтингтердің соңғы жарияланымдарына сәйкес Саймаго (SCImago Institutions Rankings) ғылыми институттардың халықаралық рейтингінің алғашқы 1000 (мың) позициясының қатарына кіру.

      шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін көрсеткіш: Тізім жасау сәтіндегі рейтингтердің соңғы жарияланымдарына сәйкес Квакарелли Саймондс (QS University Rankings by subject) әлемнің үздік университеттері халықаралық рейтингінің алғашқы 100 (жүз) позициясының қатарына кіру.

      Жұмыс органы Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органы мен шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ғылыми орталықтар арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы халықаралық келісімдер, меморандумдар негізінде Қазақстан Республикасын дамытудың әлеуметтік-экономикалық басымдықтарына қарай шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын, ғылыми орталықтарды және өзге де ұйымдарды Тізімге енгізеді.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жетекші шетелдік ұйымдары, ғылыми орталықтар және өзге де ұйымдар үшін көрсеткіштер ғылыми тағылымдамадан өту орнын таңдау үшін "Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс, биологиялық қауіпсіздік" басым бағытына қолданылмайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жұмыс органы Тізімді қалыптастырады және бір жылға бекітеді.";

      осы бұйрыққа 2 -қосымшаға сәйкес 9-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2025 жылғы 20 қаңтардағы
№ 20 Бұйрыққа
1-қосымша
  Үміткерлерді іріктеу және
ғылыми тағылымдамадан
өту қағидаларына
1-қосымша

Ғылыми тағылымдамадан өту үшін ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізбесі

Басым бағыттар Мамандандырылған ғылыми бағыттар

1) Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану

1. Экологиялық қауіпсіздік;
2. Тиімді экологиялық мониторингтің және "жасыл технологиялардың" заманауи технологияларын әзірлеу,
3. Климат өзгерісіне бейімделу;
4. Су ресурстары;
5. Топырақ сапасының, жер деградациясының және шөлейттенудің өзекті проблемаларын зерттеу;
6. Ауа сапасының өзекті проблемаларын зерттеу;
7. Мал және өсімдіктер әлемін сақтау және ұтымды пайдалану;
8. Су тазарту, газ тазарту, топырақ және шаң жинау жүйелері;
9. Өнеркәсіп пен тұрмыс қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату;
10. Парниктік газдар шығарындыларын азайту және сіңіру жүйелері;
11. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар;
12. Геоақпараттық жүйелер мен қоршаған орта нысандарын мониторингтеу;
13. Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын әзірлеу;
14. Минералды және органикалық ресурстарды тереңінен қайта өңдеу;
15. Каталитикалық жүйелер мен технологиялар;
16. Қабаттардың мұнай беруін арттыру әдістері;
17. Жер туралы ғылым;
18. Тиімді экологиялық мониторинг пен экологиялық бақылауды қамтамасыз ету;
19. Химия ғылымы саласындағы қолданбалы зерттеулер;
20. Мұнай-газ құбырларын, газ қоймаларын жобалау және тасымалдау;
21. Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану;
22. Каталитикалық жүйелер мен химия технологиялары саласындағы әзірлемелер;
23. Химиялық технологиялар мен полидисперсті композиттер және өндіру, өңдеу, мұнай-химия салалары үшін функционалдық мақсаттағы реагенттер;
24. Төмен көміртекті өндірісті дамытуға арналған энергия және ресурс үнемдейтін химиялық технологиялар мен наноқұрылымды материалдар;
25. Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер;
26. Табиғи ресурстарды тұрақты пайдаланудың инновациялық әдістерін әзірлеу мақсатында экология және технология саласындағы пәнаралық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер.

2) Энергия, озық материалдар мен көлік

1. IT энергетика;
2. Өндірістің аддитивті технологиялары;
3. Балама энергетика;
4. Сәулет және құрылыс;
5. Сутекті және балама энергетика;
6. Сутекті энергетика және технологиялар;
7. Тау-кен металлургия және мұнай-газ өнеркәсібі;
8. Жасыл технологиялар;
9. Үстіңгі қабат инженериясы және материалдар өңдеу технологиясы;
10. Инновациялық материалдар мен олардың технологиясы;
11. Композитті және функционалдық материалдар;
12. Лазерлі, плазмалық, радиациялық технологиялар мен жабдықтар;
13. Машина жасау және көлік;
14. Арнайы қасиеттері бар металдар мен қорытпалар;
15. Жаңа материалдар мен нанотехнологиялар;
16. Аспап жасау, автоматтандыру құралдары мен жүйелері;
17. Материалдарды өңдеудің прогрессивті технологиясы;
18. Өнеркәсіптік қауіпсіздік;
19. Робот техникасы және мехатроника;
20. Жылу және электр энергетикасы;
21. Полимерлі және композитті материалдарды өңдеу технологиясы;
22. Конструкциялық наноматериалдарды алу және өңдеу технологиялары;
23. Конструкциялық материалдарды бірегей қасиеттерімен алу технологиясы;
24. Көлік қауіпсіздігі;
25. Көлік технологиялары;
26. Энергетика қаупсіздігі;
27. Энергия жинақтау жүйелері мен технологиялары;
28. Энергия сақтаушы технологиялар;
29. Ядролық энергетика;
30. Атом энергетикасы, ядролық технологиялар мен атом энергиясын пайдалану;
31. Заттар, материалдар, композициялар және биомедициналық мақсаттағы бұйымдар;
32. Көмірсутекті, минералды және өсімдік шикізатын кешенді қайта өңдеу;
33. Нанодисперсті жүйелер мен нанотехнологиялар;
34. Ядролық энергетика мен ядролық отын үшін жаңа және функционалды материалдар;
35. Материалдарды өңдеудің перспективалы технологиялары;
36. Арнайы мақсаттағы полимерлер және олардың негізіндегі материалдар;
37. Металлдар мен материалдарды өңдеу;
38. Цифрлық энергожүйелер: электр энергиясын өндіру, бөлу және қолдану;
39. Химиялық технологиялар мен материалдар;
40. Электроника және электр жабдығы;
41. Энергия, озық материалдар мен көлік саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер;
42. Пәнаралық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер.

3) Озық өндіріс, цифрлық және ғарыш технологиялары

1. Ақпараттық қауіпсіздік;
2. Қорғаныс өнеркәсібі;
3. Электрондық өнеркәсіп және робот техникасы;
4. Аэроғарыш өнеркәсібі;
5. Жерді қашықтан зондтау және геоақпараттық жүйелер;
6. Жақын және алыс ғарышты игеру технологиясы;
7. Ақпараттық және есептеу технологиялары;
8. Сызба техникасы және жүйе техникасы;
9. Жасанды интеллект;
10. Телекоммуникациялық технологиялар және заттар интернеті;
11. Ауқымды деректер;
12. Геодезия және картография;
13. Пәнаралық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер;
14. Тау-кен металлургия өнеркәсібі;
15. Биоинформатика;
16. Өнеркәсіптегі ядролық технологиялар;
17. Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер;
18. Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар саласындағы пәнаралық ғылыми зерттеулер.

4) Елдің зияткерлік әлеуеті

1. Әлеуметтік ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер:
1.1 Экономикалық зерттеулер. Экономикалық саясат және қауіпсіздік;
1.2 Демография және көші-қон. Өмір сапасы және адами капитал. Ұйым және еңбек қауіпсіздігі. Әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, жұмыспен қамту және жұмыссыздық, еңбекті ғылыми ұйымдастыру.
1.3 Елдегі кадр әлеуетін дамыту;
1.4 Әлеуметтік және саяси зерттеулер. Геосаясат және халықаралық қатынастар;
1.5 Мемлекеттік басқару. Құқық жүйесі, құқық реформалары, халықаралық құқық тәртібі;
1.6 Психология саласындағы зерттеулер: теория және практика;
1.7 Құрылымдық-технологиялық жаңғырту және мемлекеттің, экономика мен қоғамның аумақтық-кеңістікті дамуы.
2. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер:
2.1 Жаңа гуманитарлық білім. Философиялық және дінтану зерттеулері;
2.2 Қазақстанның ежелгі, ортағасырлық, жаңа және жаңа тарихының өзекті проблемалары,
2.3 Археология және этнологияға қатысты өзекті проблемалар;
2.4 Қазақстанның рухани қасиетті орындары. Қазақстанның қасиетті жерлері. Өлкетану;
2.5 Лингвистика, әдебиеттану және фольклортану;
2.6 Журналистика және бұқаралық ақпарат құралдары;
2.7 Жалпы тарих пен халықаралық қатынастардың өзекті проблемалары;
2.8 Мәдениет және өнер саласындағы пәнаралық зерттеулер. Қазақстанның креативті индустриясы;
2.9 Әлеуметтік-гуманитарлық саладағы ақпараттық және цифрлық технологиялар;
2.10 Қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы;
2.11 Гуманитарлық акспектілерді зерттеу және қазақстандық қоғамның тұрақты дамуының идеялық платформасын қалыптастыру;
2.12 Жалпыұлттық бірлік, дәстүрлер мен діндер сұқбаты;
2.13 Әлеуметтік-гуманитарлық саладағы цифрландыру. Ақпараттық қоғам. Білімді цифрландыру. Цифрлы кеңістік. Ақпараттық кеңістіктегі адам.
2.14 Заманауи тіл білімінің өзекті проблемаларын зерттеу: лингвистикадағы бейневербалды ғылыми парадигма. Мемлекеттік тілді цифрландыру, латын әліпбиі негізінде қазақ тілін реформалау.
3. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы пәнаралық зерттеулер мен әзірлемелер.
4. Білім мен ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер:
4.1 Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің өзекті проблемалары;
4.2 Білім беруді жаһандандыру саласындағы инновациялық технологиялар;
4.3 Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру саласындағы зерттеулер;
4.4 Балалардың ерте дамуы;
4.5 Орта және кәсіптік-техникалық білім берудің өзекті проблемалары;
4.6 Білім беруді цифрландырудың өзекті мәселелері;
4.7 Дене шынықтыру және спорт саласындағы зерттеулер;
4.8 Арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы өзекті проблемалар;
4.9 Үздіксіз білім беру проблемалары;
4.10 Ғылым саласындағы дамудың өзекті проблемалары.
5. Математика, механика, астрономия, физика, химия, биология, информатика және география саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер.

5) Өмір және денсаулық туралы ғылым

1. Эпидемиология және халықтың денсаулығын қорғау саласындағы зерттеулер;
2. Өмір және денсаулық сақтау туралы ғылымдар саласындағы биотехнологиялар мен биоинформатика;
3. Генді инженерия және жасушалы технологиялар;
4. Медицина және геронтология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер;
5. Медицина және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы озық зерттеулер;
6. Фармация, биологиялық белсенді заттар, биологиялық және медициналық препараттар;
7. Медицина және биология саласындағы молекула-генетикалық және мультиомды зерттеулер;
8. Нейро ғылым;
9. Биологиялық әртүрлілік саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер;
10. Пәнаралық ғылыми зерттеулер және әзірлемелер.

6) Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту

1. Ветеринария;
2. Фитосанитария;
3. АӨК жүйесіндегі биотехнология және генді инженерия;
4. АӨК жүйесіндегі биоинформатика және цифрландыру;
5. Қарқынды мал шаруашылығы;
6. Қарқынды егіншілік пен өсімдік шаруашылығы;
7. Ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізатты қайта өңдеу және сақтау;
8. Техникалық қамтамасыз ету және АӨК жаңғырту;
9. Ауыл аймақтарын тұрақты дамыту және АӨК экономикасы;
10. Органикалық ауыл шаруашылығы;
11. Азық-түлік және тамақ қауіпсіздігі;
12. Агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер;
13. Пәнаралық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер.

7) Ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс, биологиялық қауіпсіздік

1. Іргелі ғылыми зерттеулер
1.1 Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің жалпы теориясы
1.2Мемлекеттің әскери ұйымын дамыту
1.3 Криптология
2. Қолданбалы ғылыми зерттеулер
2.1 Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
2.2 Әскери қауіпсіздік және әскери өнер саласындағы зерттеулер
2.3 Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін, қару-жарақ пен әскери техниканы, әскери-ғарыштық технологияларды дамыту
2.4 Терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл
2.5 Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету
2.6 Құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету
2.7 Өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы зерттеулер
2.8 Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2025 жылғы 20 қаңтардағы
№ 20 Бұйрыққа
2-қосымша
  Үміткерлерді іріктеу және
ғылыми тағылымдамадан
өту қағидаларына
9-қосымша

Конкурстық іріктеуді саралау кестесі

      1. Конкурстық іріктеу 3 турдан тұрады.

Үміткерлерді саралау үшін қорытынды балды есептеу формуласы КТ (30 б) + СК (70 б) = 100 б

      мұндағы:

      КТ – кешенді тестілеу;

      СК – сараптама комиссиясы.

      1) Зияткерлік қабілет деңгейін, жеке-іскерлік құзыреттіліктерін, шетелде ғылыми тағлымдамадан өтуге психологиялық дайындығын айқындау бойынша кешенді тестілеу:

      қысқа мерзімде жаңа ақпаратты талдау қабілеттілігі деңгейін айқындауға бағытталған вербалды және сандық ақпаратты талдау тесттері;

      үміткердің жеке-іскерлік қасиеттері мен шетелде оқуға психологиялық дайындығы туралы ақпаратты құрылымды жинауға мүмкіндік беретін жеке сауалнама. Басты назарда жаңа ортада тиімді қарымқатынас жасауға және бейімделуге, қиындықтарды эмоциялы түрде сәтті жеңуге, шешім қабылдауға және ойдағыны іске асыруға мүмкіндік беретін құзыреттерді көрсете алу әлеуеті тұр.

      Кешенді тестілеу келесі турға жіберілетін іріктеу туры болып табылады. Бірінші турда жұмыс органы белгіленген шекті балл – 18 (он сегіз) балл (тесттің әрбір бөлімі бойынша кемінде 6 (алты) балл) жинамаған үміткерге екінші турға қатысуға жол берілмейді.

      2) Сараптамалық комиссия (бұдан әрі – СК) мүшелерімен дербес әңгімелесу, мұнда үміткердің кәсіби дайындық деңгейі, теориялық білімі мен таңдаған мамандандыру саласында кәсіби құзыретінің болуы айқындалады. СК мүшелері үміткердің уәждемелік хатында берілген ақпаратты ескере отырып, әрбір үміткер бойынша ұсыныс береді.

Келесі турға өтуге арналған кешенді тестілеу кестесі

Вербалды тест Берілген балл

37-48- жоғары (Ж)

10

31-36- жоғарыдан төмен (ЖТ)

8

20-30- орташа (О)

6

11-19- орташадан төмен (ОТ)

Өту балы емес

1-10- төмен (Т)

Өту балы емес

Сандық тест Берілген балл

20-25 – жоғары (Ж)

10

15-19 – жоғарыдан төмен (ЖТ)

8

8-14 – орташа (О)

6

4-7 – орташадан төмен (ОТ)

Өту балы емес

1-3- төмен (Т)

Өту балы емес

Психологиялық тест Берілген
балл

31-35 балл

10

26-30 балл

8

21-25 балл

6

16-20 балл

Өту балы емес

15 балл және одан төмен

Өту балы емес

СК мүшелерімен әңгімелесу бойынша саралау

СК орташа балы СК бойынша ең төменгі балл

29 -70

Ұсынылған

28 балл және одан төмен

Ұсынылмаған

      Үшінші турда Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия СК ұсыныстарының негізінде ғылыми тағлымдамасы бойынша стипендиясын тағайындау не оны тағайындаудан бас тарту туралы түпкілікті шешім қабылдайды, бұл туралы үміткерге әкімшінің интернет-ресурсында ақпарат орналастыру арқылы хабарланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады