ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріндегі қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда, деректерге талдау жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 111/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22481 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-2-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 271) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:"
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріндегі қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда, деректерге талдау жүргізу қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілеріндегі қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда, деректерге талдау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-2-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 271) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде қамтылған деректерге талдау жүргізу тәртібін айқындайды.";
2-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"6) қолжетімділігі шектеулі ақпарат – мемлекеттік құпияларға, жеке, отбасылық, банктік, коммерциялық құпияға, медицина қызметкерінің құпиясына және (немесе) заңмен қорғалатын өзге де құпияларға жатқызылған ақпарат, қолжетімділігі шектеулі дербес деректер, сондай-ақ таратылуы шектелген қызметтік ақпарат;";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2023 жылғы 13 шілдедегі № 281-НҚ бұйрығымен бекітілген Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережеге (бұдан әрі – Комиссия) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33096 болып тіркелген) сәйкес құрылатын Комиссия шешімінің негізінде Интернет-порталда ашық деректер жиынтығының санын кеңейту және ақпаратты пайдаланушылардың сұранысын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттандыру объектілерінде қамтылған қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда, деректерге талдау жүргізу үшін зерттеп-қарауға жататын мемлекеттік органдардың тізімін қалыптастырады.".
2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 17 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының 8-абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Ж. Мадиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат
министрлігі