Ұлытау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Ұлытау облыстық мәслихатының 2025 жылғы 28 ақпандағы № 24/231 шешімі. Ұлытау облысының Әділет департаментінде 2025 жылғы 4 наурызда № 180-20 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-2- тармағына, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес Ұлытау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ұлытау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Б. Шингисов

  Ұлытау облыстық мәслихатының
2025 жылғы 28 ақпандағы
№ 24/231
шешіміне қосымша

Ұлытау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлытау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес әзірленді және Ұлытау облысының елді мекендерінде ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) ауыл шаруашылығы жануарлары – адам өсiретiн, ауыл шаруашылығы өндiрiсiне тiкелей қатысы бар малдардың, құстардың, балықтардың және бал араларының барлық түрi;

      2) ауыл шаруашылығы жануарларының иелері - меншік, шаруашылық жүргізу құқығындағы, жедел басқарудағы немесе басқа да заңды негізінде ауыл шаруашылығы жануарлары бар заңды немесе жеке тұлғалар;

      3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыл шаруашылығы жануары туралы мәлiметтердi енгiзе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (құралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмiр берудi қамтитын, жануарларды есепке алу рәсiмi;

      4) ветеринариялық құжаттар – уәкілетті орган бекіткен тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары беретін ветеринариялық сертификат, ветеринариялық-санитариялық қорытынды; жануарға, жануарлардан алынатын өнімге және шикізатқа жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы, сондай-ақ жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімнің және шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін айқындау жөнінде өндірістік бақылау бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;

      5) жануарлардың аса қауіпті аурулары – уәкілетті орган айқындайтын, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, тез немесе кең таралатын, жануарлардың ауруға шалдыққыштығына немесе өлуіне, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалға әкеп соғатын жануарлар аурулары;

      6) жануарларды карантиндеу – диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларды оқшаулап ұстау.

2 тарау. Ауыл шаруашылығы жануарларын асырау тәртібі

      3. Ауыл шаруашылығы жануарлары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларымен белгіленген тәртіппен жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасы жөніндегі ветеринариялық дауалаудың жүзеге асырылуын бақылау және қадағалау мақсатында әрбір жануарға қадағалау жүргізуге мүмкіндік беретін міндетті сәйкестендіруге жатады.

      4. Ауыл шаруашылығы жануарлары ветеринариялық – санитариялық қағидалар мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес арнайы жабдықталған қора-жайларда ұсталуы тиіс.

      5. Жеке аулаларда ветеринариялық-санитариялық қағидаларды сақтаған жағдайда қолданыстағы зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық нормаларға сәйкес жабдықталған арнайы орындарда және экологиялық қауіпсіздікті есепке алумен ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға рұқсат етіледі.

      6. Көппәтерлі тұрғын үйлерде ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға жол берілмейді.

      7. Ауыл шаруашылығы жануарларын қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, су бұрқақтарда, су қоймаларында және су бөгеттерінде суаруға жол берілмейді.

      Су объектiлерiн ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда ортақ су пайдалану тәртiбiмен жол берiледi.

      8. Ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі, тірі организмдермен және биологиялық тіндермен (материалдармен) ветеринариялық практикалық және ғылыми қызмет пен эксперименттер нәтижесінде түзілген, сондай-ақ жануарларды өсіруді, дайындауды (союды), жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты сақтауды, қайта өңдеу мен өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінің, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдардың қызметі процесінде пайда болатын материалдар, заттар, малдан, өсімдіктерден және минералдардан қалған қалдықтар (жануарлардың өлекселері, абортталған және өлі туған төлдер, ветеринариялық конфискаттар, жемшөп қалдықтары) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 "Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) сәйкес жойылуға жатады.

      9. Ауыл шаруашылығы жануарларына қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 "Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10183 болып тіркелген) белгіленген.

      10. Адамдардың сүйемелдеуінсіз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлар қараусыз жануарлар болып есептеледі және иесі анықталғанға дейін уақытша ұстау үшін қора-жайларға айдауға жатады.

      Ұсталған қараусыз ауыл шаруашылығы жануарларды ұстау, иелеріне қайтару тәртібі, сондай-ақ иелерінің жауапкершілігі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес айқындалады.

      11. Жеке және заңды тұлғалар жануарлардың ауруларын, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ ауруларды алдын алу бойынша талаптарды сақтауға мiндеттi. Ауыл шаруашылығы жануарларын асыраудың міндетті шарты аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау, паразитарлық ауруларға қарсы өңдеу, тұрғылықты мекен-жайға қарасты ветеринариялық ұйымдарда диагностикалық зерттеуден өткізуі болып табылады.

      12. Жануарлар ауруларының, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларының иелері жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына:

      1) жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгені;

      2) жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануға міндетті.

      13. Ауыл шаруашылығы жануарларының иелері қора-жайдың белгілі бір микроклиматын құруды (жануарлардың әртүрлі топтары үшін әртүрлі), жануарларға төсеніш материалдарын салуды, қора-жайларды жүйелі түрде тазалауды жүргізуді (оның ішінде көңді жоюды, сақтауды), сондай-ақ буаз жануарлар мен төлдерді күтіп бағу гигиенасын қамтамасыз етуді қамтитын зоогигиеналық жағдайларды сақтауы тиіс.

      14. Союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей ауыл шаруашылығы жануарларды өткiзу үшiн союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол берілмейді.

      15. Ауыл шаруашылығы жануарларды сатып алу, сату, союға тапсыру, басқа орындарға ауыстыру және жаңадан топтастыру ветеринариялық ілеспе құжаттар (ветеринариялық сертификат немесе ветеринариялық анықтама) болған кезде жүргізіледі, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізу ветеринариялық-санитариялық сараптама өткізгеннен кейін жүргізіледі.

      16. Жеке және заңды тұлғалар диагностикалық зерттеулер және ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келген, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын ауыл шаруашылығы жануарларға карантиндеу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 7-1/700 "Жануарларды карантиндеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10223 болып тіркелген) сәйкес жүргізеді.

      17. Орны ауыстырылатын (тасымалданатын) ауыл шаруашылығы жануарларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігінен тыс жерге орнын ауыстыру (тасымалдау) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 29 мамырдағы № 7-1/496 "Қазақстан Республикасының аумағында орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11845 болып тіркелген) сәйкес жүргізіледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11898 болып тіркелген) сәйкес, ветеринариялық құжаттар арқылы сүйемелденеді.

      18. Осы Қағидаларды бұзу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке әкеп соғады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады