-----------Бұйрықтан үзінді-----------
"33 Брокерлiк қызмет жөнiндегі операциялар туралы ақпараттарды есепке алу және ашу" бухгалтерлiк есеп стандартын бекiту туралы" Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 3270 тiркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық банкi басқармасының 2004 жылғы 10 қарашадағы N 140 қаулысы қабылдануына байланысты БҰЙЫРАМЫН:
1. "N 26 Брокерлiк және дилерлiк ұйымдарды eceпкe алу және есептілік" бухгалтерлiк есептiң (стандарттың) ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi Бухгалтерлiк есеп және аудит әдiснамасы департаментiнiң 1998 жылғы 6 шілдедегі N 108 Нормативтік құқықтық актiлердi мемлекеттік тiркеу тiзiлiмiнде N 577 тiркелген бұйрығының күшi жойылды деп танылсын ...
Министр
-----------------------------
Қазақстан Республикасы
Қаржы Министрлігінің Бухгалтерлік
есеп әдіснамасы және аудит
Департаментінің
1998 жылғы 7 маусымдағы
N 108 бұйрығымен бекітілген
26 бухгалтерлік есеп ережелері (стандарт)
"Брокерлік және дилерлік ұйымдардағы есеп-қисап
және есеп беру тәртібі"
Мақсаты және әрекет ауқымы
1. Осы Ережелер (стандарт) брокерлік және дилерлік ұйымдарда (бұдан былайғы жерде - брокерлер-дилерлер) есеп жүргізу және қаржылық есеп жасау ерекшеліктерін анықтап-белгілейді.
Анықтамалар
2. Брокер-дилер - бағалы қағаздар нарқында брокерлік және дилерлік әрекеттерді жүзеге асырушы заңды тұлға.
3. Атаулы иегер - келісім-шартқа сәйкес бағалы қағаздар иесінің мүддесі үшін бағалы қағаздар иесінің атынан және өзінің атынан бағалы қағаздар нарқына кәсіби дәрежеде қатысушы. Бағалы қағаздарды өз қолында олардың иесі тарапынан ұстау атаулы иегерге дәл осы бағалы қағаздарға меншіктік дәрежеде ие болу құқығын бермекші емес.
4. Бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарқы - сауданы ұйымдастырушылар тарапынан осыған қатысушылар үшін бағалы қағаздармен жасалатын існамалардың шарттары мен жүргізу барысының заң актілеріне сәйкес белгілі бір тәртіпте реттеліп берілген жағдайдағы құнды қағаздар айналымының орыны.
5. Ұйымдастырылмаған нарық - бағалы қағаздармен жасалатын існамалар осы мәселе және бұған қатысушылар үшін ұйымдастырылған нарық талаптары сақталмайтын жағдайдағы құнды қағаздар айналымының орыны.
6. Бағалы қағаздың баламалары - құны басқа бағалы қағаздар арқылы танылатын бағалы қағаздар.
7. Қысқа сауда - сатылу кезінде сатушының қолында жоқ бағалы қағаздарды сату.
8. РЕПО - бағалы қағаздың немесе валютаның алғашқы сатылу бағасынан өзгеше мөлшерде белгілі бір уақытта нық бекітілген (шарттасқан) баға бойынша қайтадан сатылатыны жайындағы шартпен (міндеттемемен) сатылуы негізінде жасалатын биржалық існама түрі.
9. Кері РЕПО - бағалы қағаздың немесе валютаның алғашқы сатылу бағасынан өзгеше мөлшерде белгілі бір уақытта нық бекітілген (шарттасқан) баға бойынша қайтадан сатылатыны жайындағы шартпен сатылып алынуы негізінде жасалатын биржалық існама түрі.
10. Комиссиялық табыс - брокерлік қызмет жөніндегі келісім-шартқа сәйкес брокер-дилерге төленетін ақшадай сыйлық.
11. Існама жасалған күн - қаржылық инструменттердің атауы, саны, бағасы, жеткізу шарттары - існаманың тағы басқа маңызды егжей-тегжейлері түгелдей қамтылып, соның негізінде қаржылық инструменті сату (сатып алу) турасындағы келісім-шартқа қол қойылған күн.
12. Есеп айырысатын күн - қаржылық инструменттердің сатып алушыға жеткізіліп, келісім-шарттың талаптарына немесе сауданы ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған ережелерге сәйкес сатушымен есеп айырысатын күн.
Жалпы Ережелер
13. Қазақстан Республикасының іс үстіндегі заң актілеріне сәйкес брокер-дилер төмендегідей әрекеттерді жүзеге асырады:
1) өз есебінен және қажеткер есебінен, өз атынан немесе қажеткер атынан бағалы қағаздармен існамалар жасайды;
2) өзінің қажеткерлері тарапынан инвестициялық шешім қабылдауға қажетті ақпарат пен ұсынымдарды әзірлеп көрсетеді және қажеткерлердің бағалы қағаздарымен жасалған існамаларды құжаттайды.
3) қажеткермен келісе отырып басқа да кеңес беру және ақпараттық қызмет көрсетеді.
14. Жүргізілетін іс әрекеттердің есебін жасауды және қаржылық есепті ұсынуды брокер-дилер Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 26 желтоқсандағы N 2732
Z952732_
"Бухгалтерлік есеп туралы" Заң күшіне ие Жарлығының, бухгалтерлік есеп стандарттарының және субъектілердің қаржылық-шаруашылық жөніндегі бухгалтерлік есеп турасындағы Бас есеп жоспарының негізінде жүзеге асырады.
15. Брокер-дилер өз ақшасы мен қажеткерлердің ақшасының есебін айырым түрде жеке жүргізеді. Қажеткерлердің иелігіндегі бағалы қағаздар брокер-дилердің бухгалтерлік балансына енгізілмейді.
Бағалау
16. Ұйымдастырылған базарда жасалған існамалар бойынша Бағалы қағаздарға және соларға қатысты баламаларға тартылған қаржылық инвестициялар ағымдағы бағамен есептеледі, ал ұйымдастырылмаған базарда жасалған існамалар бойынша - 8 Бухгалтерлік есеп "Қаржылық инвестициялар есебі" стандартына сәйкес бағаланады.
17. Қарызға алынған бағалы қағаздар кепілге қойылған мүліктің сомасына тең бағамен есептеледі, ал кері РЕПО жағдайында алынған бағалы қағаздар тиісінше кепілдің бағасына тең сомамен және келісім-шартта белгіленген бағамен есептеледі. Брокер-дилердің іс-әрекетіне тартылатын басқа да активтер бухгалтерлік есеп стандарттарына сәйкес есептеледі.
18. Қысқа сауда нәтижесінде пайда болатын міндеттемелер ағымдағы бағасы бойынша есептеледі.
19. РЕПО бойынша жасалған әрекетке байланысты міндеттемелер және брокер-дилердің іс-әрекетіне байланысты міндеттемелер келісім шартта келісілген бағамен есептеледі.
Кіріс
20. Брокер-дилердің табысына мыналар кіреді:
1) брокерлік қызмет, жаңадан шығарылған бағалы қағаздарды орналастыру, кеңес беру, ақпараттық және заңға қайшы келмейтін басқа да қызметтерден түсетін комиссиялық табыстар;
2) қаржы енгізуден түсетін кіріс;
3) сыйлық есебінен түсетін кіріс (мүдделі процент);
4) 5 бухгалтерлік есеп стандартына "Табыс" және 8 бухгалтерлік есеп стандартына "Қаржылық инвестициялар есебі" сәйкес есептелетін басқа да кіріс.
21. Брокерлік қызметке байланысты комиссиялық табыс існама жасалған күні танылады, себебі комиссиялық сыйлық алу турасындағы барлық қажетті жұмыс көлемі осымен аяқталды деп есептелінеді. Егер қажеткер талабын орындау мақсатында бірнеше існамалар жасалуы керек болса (мысалы, дәл осы бағалы қағазды сатып алу және сатуға байланысты), бірақ комиссиялық сыйлық бір жол ғана тағайындалса, онда комиссиялық сыйлықтың жартысына тең сома існама жасалған күні бағалы қағазды сатып алу үшін төленетін кіріс ретінде, ал қалған жартысына тең сома існама жасалған күні бағалы қағазды сату үшін төленетін кіріс ретінде танылады.
22. Қаржылық инструменттерді өткізу нәтижесінде алынатын табыс існама жасалған күні танылады, себебі існамаға байланысты тәуекелдер немесе экономикалық пайда сатып алушыға көшті деп есептеледі.
23. Бағалы қағаздарды орналастыру нәтижесінде алынатын кіріс Қазақстан Республикасының бағалы қағаздарын реттеу жөніндегі өкілетті орган тарапынан эмиссиялық бағалы қағаздардың орналастырылғаны жайындағы құжатты бекіткеннен кейін танылады.
Шығындар
24. Брокерлік-дилерлік әрекетті іске асыру барысындағы ұжымның еңбекақысы, брокер-дилерлер ассоциациясында төленетін жарна, қор биржасының мүлкін пайдаланғаны үшін төлемақы, тұрмыстық қызмет ақысы, көрсетілген қаржылық көмек үшін төленетін сыйлық (мүдделілік процент), існаманы тіркеу және құжаттау үшін төленетін ақы, агенттерге төленетін комиссиялық сыйлықтар, бағалы қағаздарды тасымалдау, меншіктік құқықты нотариалдық дәрежеде куәландыру және басқа да шығындар есеп беру мерзімінің шығындарына жатқызылады (7 "Товарлық-материалдық қорлар есебі" Бухгалтерлік есеп стандартының 10 пункті).
25. Бағалы қағаздарды орналастыру барысындағы өнім өткізу, жарнама, заңгерлік қызмет көрсету, эмиссиялық синдикат құру және басқа да әрекеттерге байланысты шығындар келешек мерзімдегі шығындарға жатқызылып, тек тиісті кіріс (Бағалы қағаздарды орналастыру нәтижесінде алынатын кіріс) есептелген кезде ғана ағымдағы шығындар есебінде танылады. Бағалы қағаздарды тіркегеннен кейінгі сәтте әрекет аяқталмайтын жағдай орын алса, оларды орналастыруға қатысқан брокер-дилердің шығындары есеп беру мерзімінің шығындарына жатқызылады.
26. Қор биржасына мүшелік үшін төленетін жарнаның шығындары бухгалтерлік баланстың "Ұзақ мерзімдік активтер" бөлімінде көрсетіледі. Актив тиімді дәрежеде пайдалану мерзімі бойынша, бірақ ұйымның іс-әрекетінің мерзімі аяқталуынан бергі кезеңге дейінгі аралықта амортизацияға жатқызылады.
Ашылуы
27. Қаржылық есепте мыналар ашылуы тиіс:
1) Брокер-дилердің өз ақшасы және қажеткердің ақшасы;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына енгізілген қаржылық инвестициялар, шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, салымдық сертификаттар, ұйымдастырылған нарықтағы саудаға жіберілген бағалы қағаздар, ұйымдастырылған нарықтағы саудаға жіберілмеген бағалы қағаздар, Нью-Йорк, Токио және Лондон қор биржаларында саудаланатын бағалы қағаздар, Ресей Федерациясының қор биржаларында саудаланатын бағалы қағаздар, жергілікті өкімет органдарының бағалы қағаздары, мемлекеттік емес несиелік міндеттемелер;
3) бағасы жарияланған нарық бағасынан төмен бағаланған қаржылық инструменттер;
4) дебиторлық қарызға жатқызылған елеулі сомалар: брокер-дилерлерден алынатын шоттар, қажеткерлерден алынатын комиссиялық сома, кері РЕПО әрекетіне байланысты қарыздар;
5) кредиторлық қарызға жатқызылған елеулі сомалар: брокер-дилерлерге төлем жасайтын шоттар, РЕПО әрекетіне байланысты қарыздар, қысқа сауда әрекетіне байланысты қарыздар;
6) брокерлік қызмет көрсету бойынша түскен комиссиялық табысқа, инвестициялық әрекет бойынша түскен табысқа, кеңес беру қызметі бойынша түскен сыйлыққа, сыйлық (мүдделілік процент) түріндегі табысқа енгізілген елеулі сомалар;
7) Брокер-дилер тарапынан атаулы иегер қызметі жүргізілетін қажеткерлердің саны;
8) қаржылық инструменттер баламаларының шартты түрдегі негізгі сомасы;
9) брокер-дилер тарапынан қажеткерлерге тигізілген залалды орнына келтіруге жұмсалатын сома.
Күшіне ену мерзімі
28. Бухгалтерлік есептің осы Ережесі (стандарт) 1999 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енеді.