Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинетінің арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 1 наурыздағы N 159 Заңы

      Киевте 2000 жылғы 19 мамырда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Украина Министрлер Кабинетінің арасындағы азаматтардың өзара сапарлары туралы келісім бекітілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Украина Министрлер Кабинетінің арасындағы
азаматтардың өзара сапарлары туралы
келісімді бекіту туралы
КЕЛIСIМ*

*2002 жылғы 27 ақпаннан бастап күшіне енді - 
ҚР халықаралық шарттары бюллетені,
2002 ж., N 4, 42-құжат; 2004 ж., N 6, 36-құжат

      Бұдан әрi "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Украина Министрлер Кабинетi,
      екi мемлекеттiң арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрi дамыту мақсатында,
      екi мемлекет азаматтарының өзара визасыз сапарлары режимiн тәртiпке келтiру ниетiн басшылыққа ала отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

  1-бап

      1. Бір Тарап мемлекетінің азаматтары шетелге жол жүру үшін жарамды құжаттарының негізінде баратын мемлекеттің мемлекеттік шекарасын бірінші рет кесіп өткен күнінен бастап бір жүз сексен (180) күн ішінде тоқсан (90) күнге дейінгі мерзімде екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, транзитпен өте алады, кете алады және бола алады.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген болу мерзiмi әрбiр Тараптың қолданылып жүрген мемлекеттiк заңдарына сәйкес ұзартылуы мүмкін.
      3. Егер мұндай болу мерзімі екінші Тарап мемлекетінің аумағына бірінші рет келген күнінен бастап бір жүз сексен (180) күн ішінде тоқсан (90) күннен аспайтын болса, оларда осы екінші Тарап мемлекетінің аумағына кірген кезде шекаралық бақылау органдарының белгісі қойылған көші-қон карточкасы болған жағдайда, бір Тарап мемлекетінің азаматтары өзара негізде осы екінші Тарап мемлекетінің аумағына құзыретті органдарда тіркелуден босатылады.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.02.2013 № 77-V Заңымен.

  2-бап

      1. Осы Келiсiм ұғымында шетелге жол жүру үшiн мынадай құжаттар жарамды болып табылады:
      а) Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн:
      - дипломаттық паспорт;
      - қызметтiк паспорт;
      - Қазақстан Республикасы азаматының паспорты;
      - теңiзшiнiң паспорты (кеме журналында жазба немесе одан көшiрме болған жағдайда);
      - әуе кемесi экипажы мүшесiнiң куәлiгi (ұшу тапсырмасында жазба болған жағдайда);
      - Қазақстан Республикасына қайта оралуына арналған куәлік (Қазақстан Республикасына қайта оралу үшiн ғана).
      б) Украина азаматтары үшiн:
      - шетелге жол жүруге арналған Украина азаматының паспорты;
      - баланың жол жүру құжаты;
      - дипломаттық паспорт;
      - қызметтiк паспорт;
      - теңiзшiнiң жеке басының куәлiгi (кеме журналында жазба немесе одан көшiрме болған жағдайда);
      - әуе кемесi экипажы мүшесiнiң куәлiгi (ұшу тапсырмасында жазба болған жағдайда);
      - Украинаға қайта оралуына арналған куәлiк (Украинаға қайта оралуы үшiн ғана).
      2. Тараптар шетелге жол жүру үшiн жарамды жаңа құжаттардың енгiзiлуі туралы, сондай-ақ бұрыннан бар құжаттарға өзгерiстер енгiзу туралы бiр-бiрiне дипломатиялық арналар бойынша алдын ала хабарлайтын болады және олардың үлгiлерiмен алмасады. 

  3-бап

      1. Дипломаттық немесе қызметтiк паспорттары бар және дипломатиялық миссияның немесе олардың өкiлдiктерiнiң мәртебесi бар және екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында орналасқан дипломатиялық өкiлдiктiң қызметкерлерi, консулдық мекеменiң қызметкерлерi немесе халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi болып табылатын бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары, өздерiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн орындаудың бүкiл мерзiмi iшiнде осы мемлекеттiң аумағына визасыз келе алады, кете алады және онда бола алады. 
      2. Осы Баптың 1-тармағының ережелерi аталған адамдардың өздерiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерiне де, олардың паспорттарының нысанына қарамастан, қолданылады. 

  4-бап

      1. Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына тоқсан күннен артық мерзiмге келетiн бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары қабылдайтын мемлекеттiң визасын алуға мiндеттi. 
      2. Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тұрақты тұратын бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары олардың осы мемлекетте тұрақты тұратынын растайтын құжаттары болған жағдайда осы мемлекет аумағынан визасыз шыға алады және қайтып орала алады. 
      3. Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында тұрақты тұратын бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары тұрып жатқан елiнiң заңдарына сәйкес тұрақты тұру үшiн шетелге шыға алады.

  5-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары халықаралық қатынастар үшiн ашық, шекаралық өткiзу пункттерi арқылы екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағына келе алады, кете алады, транзитпен өте алады.

  6-бап

      Бiр Тарап мемлекетiнiң азаматтары екiншi Тарап мемлекетiнiң шекарасын кесiп өткен және оның аумағында болған уақытысында қолданылып жүрген заңдарды сақтауға мiндеттi. 

  7-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың екiншi Тарап мемлекетi азаматтарының өз аумағына болуы қажетсiз деп есептелетiн тұлғалардың келуiнен бас тарту немесе олардың болу мерзiмiн қысқарту сияқты құқықтарын шектемейдi. Тараптардың әрқайсысы екiншi Тарап мемлекетiнен кетуi ұйғарылған өз азаматтарын шарт қоймастан және кез келген уақытта қабылдайды. 

  8-бап

      1. Екiншi Тарап мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмнiң 2-бабында көрсетiлген құжаттарды жоғалтқан бiр Тараптар мемлекетiнiң азаматтары бұл туралы өзi болатын мемлекеттiң құзыреттi органдарына кiдiрiссiз хабарлауға тиiс, олар құжаттардың жоғалғаны туралы өтiнiштi растайтын анықтама бередi. 
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген тұлғаларға, олар азаматтығын алған мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiктерi немесе консулдық мекемелерi шет елге жол жүру үшiн жарамды жаңа құжат бередi.

  9-бап

      Тараптар кем дегенде отыз күн бұрын азаматтардың келу, болу және кету шарттарының өзгерiстерi туралы дипломатиялық арналар бойынша бiр-бiрiн құлақтандыратын болады.

  10-бап

      Тараптар өзара келiсiм бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзе алады, олар осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылатын Хаттамалармен ресiмделедi.

  11-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және орындауға қатысты даулы мәселелер консультациялар және келiссөздер арқылы реттеледi. 

  12-бап

      1. Тараптардың әрқайсысының, егер бұл мемлекеттiң қауiпсiздiгiн, қоғамдық тәртiптi немесе халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге қажет болса, осы Келiсiмнiң жекелеген ережелерiнiң қолданысын толық немесе iшiнара тоқтатуға құқығы бар. 
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қабылдау туралы және олардың күшiн жою туралы Тараптар бiр-бiрiне дипломатиялық арналар бойынша дереу хабарлайтын болады. 

  13-бап

      1. Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады және оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетішiлiк рәсiмдердi Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отызыншы күнi күшiне енедi. 
      2. Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екiншi Тарапқа жазбаша нысанда хабарлап, осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осындай хабарлама алынған күннен бастап тоқсан күн өтiсiмен Келiсiм өзiнiң күшiн жояды.
      Киев қаласында 2000 жылғы "19" мамырда әрқайсысы қазақ, украин және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды және де барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келiсiм ережелерiн түсiндiруде пiкiр алшақтығы туындаса, Тараптар орыс тiлiндегi мәтiнге жүгiнетiн болады.

      Қазақстан                                Украина
     Республикасының                          Министрлер Кабинеті
     Үкіметі үшін                             үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады