Йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 14 қазандағы N 489 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI Кодексімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы

      МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Бүкiл мәтiн бойынша "Стандарттау, метрология және сертификаттау", "стандарттау, метрология және сертификаттау" деген сөздер тиiсiнше "Техникалық реттеу және метрология", "техникалық реттеу және метрология" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 2007.02.05 № 228 Заңымен.

      Осы Заң Қазақстан Республикасының халқы арасында йод тапшылығы ауруларының алдын алу, йодталған тұздың және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiнiң өндiрiсi, әкелу, әкету және өткiзу, сапасы мен қауiпсiздігін қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) ас тұзы - тағамдық мақсатқа арналған тұз;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық бiлiм беру, дәрiлiк заттардың айналысы, медициналық көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) жалған тұз - көрiнеу және қасақана өзгертiлген (қолдан жасалған) және (немесе) ол туралы ақпарат көрiнеу дұрыс емес немесе толық емес болып табылатын жасырын қасиеттерi мен сапасы бар тұз;

      4) жемдiк тұз - мал шаруашылығында мал азығына минералдық қоспа ретiнде пайдаланылатын тұз;

      5) йод тапшылығы аурулары - ағзаға йодтың жеткiлiксiз түсуiне байланысты қалқанша без функциясының бұзылуынан болатын адам ағзасының дерттi жай-күйi;

      6) йод тапшылығы ауруларының алдын алу - йод тапшылығы ауруларынан сақтандыруға бағытталған iс-шаралар жүйесi;

      7) йодталмаған тұз - йод қосындыларымен байытылмаған тұз;

      8) тұзды йодтау - тұзды йод қосындыларымен байытудың өндiрiстiк процесi;

      8-1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.02.05 № 228; өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Осы Заңның мақсаттары мен мiндеттерi

      Осы заңның мақсаттары мен мiндеттерi:

      1) халықтың денсаулығын қорғау;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөнiнде келісімді іс-шаралар жүргiзу;

      3) йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласында мемлекеттiк реттеу;

      4) йод қосындыларымен байытылған тамақ өнiмдерiн өндiру және өткiзудi дамыту болып табылады.

2-тapaу. Йод тапшылығы ауруларының алдын алу
саласындағы мемлекеттік реттеу

4-бап. Йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы мемлекеттiк бақылау

      Ескерту. 4-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасының Үкiметi:

      1) йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) тұзды йодтау және йод тапшылығы ауруларының алдын алу мәселелерi бойынша орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылықты жүзеге асырады;

      4) йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актілерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.02.05 № 228; 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Уәкілеттi органның құзыреті

      Уәкілеттi орган өз құзыретi шегінде:

      1) йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты жүргізедi;

      2) йод тапшылығы ауруларының тiзбесiн бекiтедi;

      3) йод тапшылығы ауруларының алдын алу бойынша халықаралық жобалар мен бағдарламаларды iске асыру жөнiндегі халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысады;

      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакция - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

6-1-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті орган:

      1) Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы заңнамасы талаптарының орындалуына мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      2) өндірісінде йодталмаған тұз пайдаланылатын тамақ өнімінің жекелеген түрлерінің тізбесін бекітеді;

      3) тұзды және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiн йодтау жөнiндегі санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгiлейдi;

      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 2-тарау 6-1-баппен толықтырылды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

7-бап. Техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы құзыретi

      Техникалық реттеу және метрология жөнiндегi уәкілетті мемлекеттiк орган:

      1) йодталған ас тұзы және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерi өндiрiсiне және оларды қайта өңдеуге арналған ұлттық стандарттарды тiркеудi, бекiтудi жүзеге асырады;

      2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы құзыретi

      Ескерту. 8-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті өкілді органдары өз құзыретi шегiнде:

      1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөнiндегi iс-шараларды орындауға арналған жергiлiктi бюджеттер құрамындағы шығыстарды бекiтедi;

      3) йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөнiндегi жұмыстың жай-күйi туралы облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары мен ұйымдар басшыларының хабарламасын тыңдайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыретi шегiнде:

      1) балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту ұйымдарын, бiлiм беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтiк қорғау ұйымдарын йодталған ас тұзымен және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiмен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      2) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделеріне орай, Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.10 № 116 (01.01.2006 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы өкілеттiктерi

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдары өз құзыретi шегiнде:

      1) йодталған ас тұзының және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiн мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды;

      2) йодталған тұздың және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiнiң сынамаларын нормативтiк құжаттар талаптарына сәйкес iрiктеудi;

      3) йод тапшылығы ауруларының алдын алу caласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнiнде қоғамдық бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасауды;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. Йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөніндегі шаралар

10-бап. Йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар

      1. Қазақстан Республикасында йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнде белгiленген негізде және тәртiппен жүргiзiледi.

      2. Йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар:

      1) мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында йодталған ас тұзы мен жемдiк тұз өндiрiсiне, оларды әкелуге, әкетуге, өткiзуге қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтау жолындағы жауапкершілік;

      2) йод тапшылығынан зардап шегетiн адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек алуға қол жеткiзуi;

      3) йодталған ас тұзының және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiнiң зиянды әсерiнiң салдарынан денсаулығы жоғалған жағдайда азаматтардың құқықтарын Қазақстан Pecпубликасының заңдарында белгiленген тәртiппен қорғау принциптерiнде жүзеге асырылады.

11-бап. Тұздың өндiрiлуiне, айналымына және қауiпсiздiгiне қойылатын талаптар

      1. Мыналарды:

      1) йодталған тұзды қолдануға болмайтын көрсетiмдерi бар адамдарға арналған тұзды;

      2) өндiрiсiнде йодталмаған тұз пайдаланылатын тамақ өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiруге арналған тұзды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн, онда өндiрiлетiн және (немесе) өткiзiлетiн ас тұзы мен жемдiк тұз йодталуға тиiс.

      Йодталмаған ас тұзын әкелу, өндiру және өткiзу тәртiбiн халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.

      2. Тұзда йодтың болу нормалары, олардың сапасы, қауiпсiздiгi, йодтау әдiстерi, йодтың болуы төмендеген кезде қайта йодтау процесi санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға, сондай-ақ өзге де нормативтiк талаптарға сәйкес келуге тиiс.

      3. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында йодталмаған тұз өндiрiсiне, оларды әкелуге, сондай-ақ өткiзуге тыйым салынады.

      4. Жалған тұз өндiрiсiне, оларды әкелуге, әкетуге және (немесе) өткiзуге тыйым салынады.

      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.02.05 № 228; өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Йодталған ас тұзын сертификаттау жөнiндегi талаптар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында өткiзуге арналған йодталған ас тұзы Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес мiндеттi сертификаттауға жатады.

      2. Сәйкестiк сертификаттарын (сәйкестiк сертификаттарының көшiрмелерiн) және (немесе) сәйкестiк белгiлерiн немесе сәйкестiк туралы декларациялар (сәйкестiк туралы декларациялардың көшiрмелерiн) табыс етпей, йодталған ас тұзын әкелуге жол берілмейді.

13-бап. Йод қосындыларымен байытылған тамақ өнiмдерiне қойылатын талаптар

      Йод қосындыларымен байытылған тамақ өнiмдерiнiң өндiрiсi, сондай-ақ оларды сақтау, тасымалдау және өткiзу шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сай болуға тиiс.

14-бап. Йодталған тұзды және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiн орауға, таңбалауға және сақтау мерзiмдерiне қойылатын талаптар

      1. Йодталған тұзды және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiн орау, маркiлеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Йодталған тұздың және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiнiң орамы олардағы йод құрамының нормативтiк құжаттармен көзделген мөлшерде сақталуын қамтамасыз етуге тиiс.

      3. Йодталған тұздың және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiнiң орамында, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ақпаратпен қатар, мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде мынадай деректер көрсетiлуге тиiс:

      1) тамақтық және энергетикалық құндылығы;

      2) йод қосындыларының құрамы;

      3) қолданудың мақсаты және шарттары;

      4) сақтаудың шарттары және мерзiмдерi.

      4. Йодталған тұз және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерi орамда көрсетiлген ақпаратқа сәйкес келуге тиiс.

      5. Йодталған тұз және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерi белгiленген сақтау мерзiмi өткен соң кәдеге жаратылуға, өнеркәсiптiк жолмен қайта өңделуге не қайта йодталуға жатады.

      Сақтау мерзiмi өткен йодталған тұзды және йод қосындыларымен байытылған басқа да тамақ өнiмдерiн өткiзуге тыйым салынады.

15-бап. Йод қосындыларымен байытылған тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгiнің кепiлi

      1. Йод қосындыларымен байытылған тамақ өнiмдерiнiң өндiрiсi мен өткiзiлуiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар тұтынушыларға олардың сапасы мен қауiпсiздiгiн, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға және өзге де нормативтiк құжаттарға сәйкес келетiндiгiне кепiлдiк беруге тиiс.

      2. Тұтынушыға йод қосындыларымен байытылған тамақ өнiмдерiнiң сертификатталуы туралы ақпарат берудiң нысаны мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

16-бап. Йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласындағы дауларды шешу

      Йод тапшылығы ауруларының алдын алу саласында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.

17-бап. Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы заңдарын бұзғандық үшiн жауапкершілiк

      Қазақстан Республикасының йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы заңдарын бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi туралы

      Осы Заңның қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiлген 11-бабының 4-тармағын қоспағанда, осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Президентi



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады