"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 9 ақпандағы N 124-IV Конституциялық заңы

       1-бап . "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 12, 192-құжат; 1998 ж., N 7-8, 71-құжат; N 22, 290-құжат; 1999 ж., N 10, 340-құжат; N 15, 593-құжат; 2004 ж., N 7, 45-құжат; 2005 ж., N 7-8, 17-құжат; 2006 ж., N 23, 138-құжат; 2007 ж., N 12, 85-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 4-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Мыналар:
      1) сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
      2) сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, мәслихаттардың депутаттығына кандидат, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидат бола алмайды.";

      2) 11-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары мен хатшысы комиссияның алғашқы отырысында сайланады.";

      3) 12-бапта :
      5) тармақша:
      "шағымдарды қарайды" деген сөздерден кейін "; сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырады" деген сөздермен толықтырылсын;
      "партиялардың өкілдерімен" деген сөздерден кейін "және сайлау процесіне басқа да қатысушылармен" деген сөздермен толықтырылсын;
      6-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "6-1) дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін жасауды ұйымдастырады, оларды беру және есепке алу тәртібін айқындайды;";
      8) тармақшадағы ", олардың сенім білдірген адамдарын" деген сөздер алып тасталсын;
      16-1) тармақшадағы "web-сайтына" деген сөздер "интернет-ресурсына" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 14-бапта :
      2-1) тармақша "партиялардың" деген сөздің алдынан "Президенттікке кандидаттардың," деген сөздермен толықтырылсын;
      9) тармақшадағы "web-сайтында" деген сөздер "интернет-ресурсында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 19-бапта :
      6-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Саяси партияны тарату туралы шешімнің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қабылдануы ол ұсынған аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшесінің міндетінен босатылуына негіз болады.";
      7-тармақтағы "бірнеше мәрте бұзған немесе міндеттерін тиісінше орындамаған" деген сөздер "немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бірнеше мәрте бұзған" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 20-баптың 11-тармағында:
      бірінші бөліктегі "орташа жалақысы сақтала отырып," деген сөздер "ақы төлене отырып," деген сөздермен ауыстырылсын;
      екінші бөлік мынадай мазмұнда жазылсын:
      "Сайлау комиссияларының мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелерінің сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде өздерінің негізгі жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақысы сақталады. Сайлау комиссияларының өзге мүшелеріне осы кезеңде сайлау өткізуге бөлінген қаражат есебінен кемінде ең төменгі үш жалақы мөлшерінде жалақы белгіленеді.";

      7) 20-2-баптың 2-тармағының төртінші бөлігіндегі "не сайлауды байқау тәжірибесі жоқ" деген сөздер алып тасталсын;

      8) 23-баптың 5-тармағындағы "учаскелерді құрған кезден бастап" деген сөздер "сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 26-бапта :
      3-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін, дауыс беру күнін қоспағанда, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.";
      4-тармақтың екінші сөйлеміндегі "Тізімдерге" деген сөз "Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге" деген сөздермен ауыстырылсын;

      10) 27-баптың 7-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті.";

      11) 28-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.
      Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.";

      12) 33-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы "комиссияның мүшелеріне" деген сөздерден кейін ", электронды сайлау жүйелерінің пайдаланылуын қамтамасыз ететін мамандарға" деген сөздермен толықтырылсын;

      13) 34-баптың 3-тармағының 1) тармақшасындағы "сайлау округтері бойынша депутаттыққа" деген сөздер алып тасталсын;

      14) 38-баптың 1-тармағының төртінші сөйлеміндегі "дауыс беру күніне кем дегенде жеті күн қалғанда қабылданып, сайлаушыларға жеткізілуге тиіс" деген сөздер "сайлаушылардың назарына жеткізілуге тиіс" деген сөздермен ауыстырылсын;

      15) 39-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі "сайлау учаскесінде" деген сөздер "дауыс беруге арналған үй-жайда" деген сөздермен ауыстырылсын;

      16) 48-баптың 2-тармағының 3) тармақшасындағы "дауыс беретін күні" деген сөздер алып тасталсын;

      17) 50-5-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Электрондық сайлау жүйесін қосу Орталық сайлау комиссиясы белгілеген уақытта жүргізіледі.";

      18) 87-баптың 5-тармағының екінші бөлігінде:
      "он бес күн" деген сөздер "бір ай" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "он" деген сөз "жиырма" деген сөзбен ауыстырылсын;

      19) 89-баптың 8-тармағының екінші бөлігінде:
      "он" деген сөз "жиырма" деген сөзбен ауыстырылсын;
      "бес" деген сөз "он бес" деген сөздермен ауыстырылсын;

      20) 97-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "97-1-бап. Депутаттық мандаттарды партиялық тізімдер бойынша
                 дауыс берудің қорытындыларына қарай бөлу

      1. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының жеті және одан да көп процентін алған әрбір партиялық тізім үшін біртұтас жалпыұлттық округтің аумағы бойынша берілген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Жеті проценттік кедергіден өткен саяси партияны жақтап дауыс берген сайлаушылар дауысының жиынтығы бөлінетін депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады.
      2. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жеті процентін тек қана бір саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетілген саяси партияның тізімі, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының келесі көп санын жинаған партиялардың партиялық тізімі жіберіледі.
      Екі саяси партияға берілген сайлаушылар дауысының жиынтығы бөлінетін депутаттық мандаттар санына бөлінеді. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады.
      3. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысқан әрбір партиялық тізім алған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлінеді.
      Жеті проценттік кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысқан партиялардың тізімімен алынған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлінеді және 0,7 түзету коэффициентіне көбейтіледі.
      Санды бөлу нәтижесінде алынған тұтас бөлік партиялық тізім құрған тиісті саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.
      Жеті проценттік кедергіні еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысқан саяси партия кемінде екі мандат алады.
      4. Егер осы баптың 3-тармағына сәйкес жүргізілген іс-әрекеттен кейін бөлінбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргізіледі. Бөлінбеген мандаттар осы баптың 3-тармағына сәйкес бөлудің нәтижесінде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлігіне (қалдығына) ие болған партиялық тізімдерге бір-бірден беріледі. Ең көп қалдық тең болған жағдайда басымдық бұрын тіркелген партиялық тізімге беріледі.
      Осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлу кезінде бөлінбеген мандаттар дауыс беру қорытындысы бойынша жеті проценттік кедергіні еңсерген партиялық тізімге беріледі.
      5. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін саяси партияның басшы органы осы Конституциялық заңның 89-бабының 4-тармағына сәйкес партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасынан сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап он күннен кешіктірмей айқындайды.
      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде саяси партияның басшы органы алынған депутаттық мандаттарды бөлу кезектілігін айқындамаған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен партия алған депутаттық мандаттарды бөлу мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен тіркелген тізімдерге сай жүзеге асырылады.
      6. Депутат мерзімінен бұрын шығып қалған жағдайда, оның мандаты Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен саяси партияның тізіміне енгізілген кандидаттар арасынан саяси партияның басшы органы осы баптың 5-тармағына сәйкес айқындайтын келесі кандидатқа беріледі.
      Тиісті партиялық тізімде кандидаттар қалмаған жағдайда Мәжіліс депутаттарының келесі сайлауына дейін мандат бос қалады.
      Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтініш және саяси партияның басшы органы отырысының хаттамасынан үзінді көшірме бере отырып, кандидаттардың партиялық тізімдегі кезектілігін өзгертуге құқылы.";

      21) 101-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4. Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала және Республика астанасы) сайлау комиссиясы тағайындайды.
      Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау наурыздың соңғы жексенбісінде және (немесе) қазанның соңғы жексенбісінде бір мезгілде өткізіледі.
      Орталық сайлау комиссиясымен келісім бойынша мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары басқа күнге тағайындауы мүмкін.";

      22) 104-баптың 1-тармағының екінші бөлігіндегі "Орталық сайлау комиссиясының" деген сөздер "жергілікті атқарушы органдардың" деген сөздермен ауыстырылсын.

       2-бап . Осы Конституциялық заң, 2007 жылы 18 тамызда партиялық тізімдер бойынша сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін қолданысқа енгізілетін 1-баптың 20) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                  Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады