Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 14 қарашадағы № 252-V ҚРЗ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Конвенция 2015 жылғы 14 қазанда күшіне енеді.

      1954 жылғы 1 наурызда Гаагада жасалған Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

АЗАМАТТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОНВЕНЦИЯ
(1954 жылғы бірінші наурызда жасалған)

      Осы Конвенцияға қол қоюшы мемлекеттер;

      Қолда бар тәжірибені есепке ала отырып, азаматтық процесс мәселелері жөніндегі 1905 жылғы 17 шілдедегі Конвенцияны жақсартуға ниет білдіре отырып;

      Осы мақсатта жаңа Конвенция жасасуды шешті және осыған байланысты мына төмендегі ережелер туралы келісті:

I. СОТ ҚҰЖАТТАРЫН ЖӘНЕ СОТТАН ТЫС ҚҰЖАТТАРДЫ ТАПСЫРУ

1-бап

      Шетелде жүрген адамдарға азаматтық немесе сауда істері жөніндегі құжаттарды тапсыру сұрау салушы мемлекет консулының сұрау салынатын мемлекет көрсететін органға жіберілетін өтініші бойынша Уағдаласушы мемлекеттерде жүргізіледі. Жіберіліп отырған құжат шығатын органның, тараптардың аттары және олардың кім ретінде өкілдік ететіндігі, алушының мекенжайлары, айтылып отырған құжаттың сипаты көрсетілген өтініш сұрау салушы органның тілінде жазылуға тиіс. Бұл орган құжаттың тапсырылғанын растауды немесе оның болмай қалған себептері жөніндегі түсіндірмені консулға жібереді.
      Консулдың осындай өтінішіне байланысты туындайтын барлық қиындықтар дипломатиялық жолмен шешіледі.
      Әрбір Уағдаласушы мемлекет басқа Уағдаласушы мемлекеттерге хабарламасында бірінші абзацта көрсетілген деректерді қамтитын құжаттарды тапсыру туралы өтініштердің өзіне дипломатиялық жолмен тапсырылуын қалайтынын мәлімдей алады.
      Алдыңғы ережелерде екі Уағдаласушы мемлекеттің өздерінің тиісті органдары арасындағы тікелей байланыс туралы уағдаласуына ештеңе де кедергі келтірмейді.

2-бап

      Құжаттарды тапсыру сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасы бойынша құзыретті органның жәрдемдесуімен жүргізіледі. Бұл орган 3-бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, құжатты адресатқа, егер ол оны өз еркімен қабылдаса, соңғысына беру арқылы тапсырумен шектелуі мүмкін.

3-бап

      Өтінішке тапсырылуға арналған құжаттың екі данасы қоса беріледі.
      Егер тапсырылуға жататын құжат сұрау салынатын органның тілінде немесе ол туралы мүдделі екі мемлекет арасында уағдаластыққа қол жеткізілген тілде жасалса немесе егер осы құжатқа оның жоғарыда аталған тілдердің біреуіне аудармасы қоса берілсе, сұрау салынатын орган, егер өтініште ол туралы тілек білдірілген жағдайда, құжатты осындай жағдайлар үшін өзінің ішкі заңнамасында белгіленген тәртіппен немесе ол осы заңнамаға қайшы келмесе, ерекше тәртіппен тапсыра алады. Егер осындай тілек білдірілмеген болса, сұрау салынатын орган ең алдымен, құжатты 2-бапта көзделген тәртіппен, тапсыру бойынша шараларды қабылдайды.
      Өзге тәртіпті көздейтін уағдаластық болмаған жағдайда алдыңғы абзацта аталып отырған аударманы сұрау салушы мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілі немесе сұрау салынатын мемлекеттің алқаби аудармашысы куәландыруға тиіс.

4-бап

      12 және 3-баптарда көзделген сот құжатын, егер аумағында құжат тапсыру жүргізілетін мемлекет мұны өзінің егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтіру мүмкін деп санайтын болса ғана, тапсырудан бас тартылуы мүмкін. 

5-бап

      Тапсыруды растау адресаттың куәландырылған қолхаты түрінде күні көрсетіліп немесе сұрау салынатын мемлекет органының куәландыруы түрінде жасалады, онда тапсыру фактісі, тәсілі және күні атап көрсетіледі.
      Қолхат немесе куәландыру құжат көшірмелерінің бірінде немесе қосымша түрінде ресімделеді.

6-бап

      Алдыңғы баптардың ережелері:
      1. шетелде жүрген мүдделі адамдарға құжаттарды тікелей пошта арқылы жіберу мүмкіндігін;
      2. мүдделі адамдарға осы құжаттарды сот орындаушылары немесе құжатты тапсыру жүргізілетін мемлекеттің құзыретті лауазымды адамдары арқылы тікелей тапсыру мүмкіндігін;
      3. әрбір мемлекеттің шетелде жүрген адамдарға арналған құжаттарды өздерінің дипломатиялық немесе консулдық агенттері арқылы тікелей тапсыру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
      Осы тапсыру тәсілдерінің әрқайсысы, егер мүдделі мемлекеттер жасасқан келісімдермен рұқсат етілсе немесе келісім болмаған ретте аумағында тапсыру жүргізілетін мемлекет тарапынан кедергі болмаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Бұл мемлекет, егер осы баптың бірінші абзацының 3-тармағында көзделген жағдайларда, құжат сұрау салушы мемлекеттің азаматына мәжбүрлеу тәртібінсіз тапсыруға тиіс болса, тапсыруға кедергі жасай алмайды.

7-бап

      Сот құжаттарын тапсыру қандай да бір алымдарды немесе шығындарды өндіріп алу үшін себеп бола алмайды.
      Алайда, өзге тәртіпті көздейтін келісім болмаған жағдайда сұрау салынатын мемлекет сұрау салушы мемлекеттен лауазымды адамның қатысуына немесе 3-бапта көрсетілген жағдайларда ерекше тәртіпті қолдануға байланысты пайда болған шығыстарды өтеуді талап етуге құқылы.

II. СОТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

8-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің біреуінің сот билігі органдары өз заңнамасының ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарға азаматтық немесе сауда істері бойынша өз құзыреті шегінде жауап алуды не басқа да іс жүргізу әрекеттерін жүргізу өтінішін білдіретін сот тапсырмасымен жүгінуі мүмкін.

9-бап

      Сот тапсырмаларын сұрау салынатын мемлекет көрсеткен органға сұрау салушы мемлекеттің консулы береді. Бұл орган консулға сот тапсырмасының орындалуын куәландыратын немесе оның орындалуы мүмкін болмаған себептерді түсіндіретін құжатты жібереді.
      Осындай тапсыру кезінде туындауы мүмкін болған барлық қиындықтар дипломатиялық жолмен шешіледі.
      Әрбір Уағдаласушы мемлекет басқа Уағдаласушы мемлекеттерге хабарлай отырып, өзінің аумағында орындалуға жататын сот тапсырмалары оған дипломатиялық жолмен берілуін қалайтынын мәлімдей алады.
      Алдыңғы ережелерде екі Уағдаласушы мемлекеттің өздерінің тиісті органдары арасында сот тапсырмаларын тікелей тапсыруды шешуді келісуіне ештеңе де кедергі келтірмейді.

10-бап

      Өзге тәртіпті көздейтін келісім болмаған кезде сот тапсырмасы сұрау салынатын органның тілінде не мүдделі екі мемлекет арасында уағдаластыққа қол жеткізілген тілде жасалады немесе оған сұрау салушы мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілі немесе сұрау салынатын мемлекеттің алқаби аудармашысы куәландырған аталған тілдердің біреуіне аудармасы қоса берілуге тиіс.

11-бап

      Сот тапсырмасы жіберіліп отырған сот билігі органы сұрау салынатын мемлекеттің органдарының тапсырмаларын немесе мүдделі тараптардың өтінішхаттарын орындау кезінде рұқсат етілетін мәжбүрлеу құралдарын пайдалана отырып, оны орындауға міндетті. Тараптардың сотқа келуі туралы сөз болған жағдайларда, мәжбүрлеу шараларын қолдану міндетті болып табылмайды.
      Сұрау салушы орган, егер ол оны қаласа, бұл ретте мүдделі тараптың қатысуға мүмкіндігі болуы үшін сот тапсырмасының орындалу уақыты мен орны туралы хабарландырылуы тиіс.
      Сот тапсырмасы:
      1. егер құжаттың төлнұсқалылығы анықталмаған болса;
      2. егер сұрау салынатын мемлекетте сот тапсырмасын орындау сот билігі органдарының құзыретіне кірмейтін болса;
      3. егер аумағында ол орындалуы тиіс мемлекет, бұл өзінің егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп тапқан жағдайларда ғана орындалудан бас тартылуы мүмкін.

12-бап

      Егер сұрау салынатын орган іс бойынша құзыретті болмаған жағдайда, сот тапсырмасы сол мемлекеттің құзыретті сот органына оның заңнамасында белгіленген қағидаларға сәйкес автоматты түрде жіберіледі.

13-бап

      Сұрау салынатын орган сот тапсырмасын орындамаған барлық жағдайларда ол бұл жөнінде сұрау салушы органға 11-бап бар болған жағдайда сот тапсырмасын орындаудан бас тартылған себептерді және 12-бап жағдайында сот тапсырмасы жіберілген органды көрсете отырып, дереу хабарлайды.

14-бап

      Сот тапсырмасын орындайтын сот билігі органы сақталуға тиісті формальдылықтарға қатысты бөлігінде өз елінің заңнамасын қолданады.
      Алайда, егер сұрау салушы құзыретті органы ерекше нысанды сақтауды сұрайтын болса, мұндай өтініш, аталған нысан сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасына қайшы келмейді деген шартпен қанағаттандырылады.

15-бап

      Алдыңғы баптардың ережелері, егер мүдделі мемлекеттер арасындағы келісімдермен рұқсат етілсе немесе егер аумағында сот тапсырмасы орындалуы тиіс мемлекет оған қарсылық білдірмесе, әрбір мемлекеттің тікелей өздерінің дипломатиялық немесе консулдық өкілдері арқылы сот тапсырмаларын орындауды жүзеге асыру құқықтарын қозғамайды.

16-бап

      Сот тапсырмасын орындау қандай да бір алымдарды немесе шығындарды өндіріп алу үшін себеп болуға тиіс емес.
      Алайда, өзге тәртіпті көздейтін келісім болмаған кезде, сұрау салынатын мемлекет, сұрау салушы мемлекеттен куәгерлерге немесе сарапшыларға төлеген сомаларды, сондай-ақ, егер куәгерлер өз еркімен сотқа келмесе, сот орындаушысының нұсқауы бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты шығындарын, сондай-ақ 14-баптың екінші абзацын қолдануға байланысты ықтимал шығындарды өтеуді талап етуге құқылы.

III. "JUDICATUM SOLVI" КЕПІЛІ

17-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің біреуінің осы мемлекеттердің біреуінде тұрғылықты тұратын жері бар және осы мемлекеттердің біреуінің соттарына қуынушы ретінде қатысатын азаматтарынан немесе үшінші тұлғалардан олардың шетелдік болуы немесе осы елде тұрақты немесе уақытша тұрғылықты тұратын жерінің болмауы негізінде ешқандай кепіл немесе оны қандай да бір нысанда өзге де қамтамасыз ету талап етілмейді.
      Осы қағида қуынушылардан немесе үшінші тұлғалардан сот шығындарын қамтамасыз ету үшін талап етілуі мүмкін кез келген төлемдерге де қатысты қолданылады.
      Уағдаласушы мемлекеттер өз азаматтарын тұрақты тұрғылықты жеріне қарамастан, cautio judicatum solvi-ден немесе сот шығындарын төлеуден босатуға негіз болатын барлық конвенциялар өз күшін сақтайды.

18-бап

      Бір Уағдаласушы мемлекетте 17-баптың бірінші және екінші абзацтарына немесе сот талқылауы басталған мемлекеттің заңнамасына орай қамтамасыз етуден, кепілден немесе төлеуден босатылған қуынушыға немесе үшінші тарапқа қарсы шығарылған сот шығындары мен шығыстарын төлеу туралы сот шешімдерін әрбір екінші Уағдаласушы мемлекетте құзыретті органдар дипломатиялық тәртіппен жіберілетін өтініш бойынша тегін орындайды.
      Осы қағида кейіннен сот шығыстарын өндіріп алу туралы сот шешімдеріне де қолданылады.
      Алдыңғы ережелер Уағдаласушы екі мемлекеттің сот шешімдерін орындау туралы өтінішпен тікелей мүдделі тарапқа өтініш жасауына рұқсат етуге уағдаласуына кедергі келтірмейді.

19-бап

      Сот шығындары мен шығыстарын өндіріп алу туралы шешімдер өндіріп алу жүргізілетін тараптың орындалу сұратылатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес кейіннен шағымдану құқығы бар деген шартпен тараптар тыңдалмастан орындалуға жатады деп жарияланады.
      Орындау туралы өтініш қарау жөніндегі құзыретті орган мынадай:
      1. Шешімнің көшірмесі көшірменің түпнұсқалылығына қатысты оны шығарған ел заңнамасының талаптарына сай келе ме;
      2. Шешім аталған заңнамаға сәйкес заңды күшіне енді ме;
      3. Шешімдердің қаулысы сұрау салынатын органның тілінде немесе мүдделі екі мемлекет арасында уағдаластықпен қол жеткізілген тілде жазылған ба немесе құжатқа аталған тілдердің бірінде аудармасы қоса берілген бе және өзге де тәртіпті көздейтін келісім болмаған кезде, оны сұрау салушы мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілі немесе сұрау салынатын мемлекеттің алқаби аудармашысы куәландырған ба деген сұрақтарды қараумен шектеледі.
      Екінші абзацтың 1 және 2-тармақтарында көзделген шарттарды орындау үшін не сұрау салушы мемлекеттің құзыретті органдарының шешімінің заңды күшіне енгенін растайтын мәлімдемесі немесе тиісті шешімнің заңды күшіне енгенін куәландыратын тиісті түрде куәландырылған құжаттарды ұсыну жеткілікті. Өзге тәртіпті көздейтін келісім болмаған кезде, жоғарыда аталған органдардың құзыреттілігін сұрау салушы мемлекеттің әділет органдарына басшылық ететін жоғарғы лауазымды адам куәландырады. Жоғарыда аталған мәлімдеме және куәлік екінші абзацтың 3-тармағында жазылған қағидаларға сәйкес жазылуға немесе аударылуға тиіс.
      Сот шешімін орындау туралы өтінішті қарауға құзыретті орган екінші абзацтың 3-тармағына сәйкес куәландыру, аудару және растау жөніндегі шығындардың жалпы сомасын бағалауды, ол туралы тарап бір мезгілде сұраған жағдайда, жүргізеді. Осындай шығындар істі жүргізу бойынша шығындар мен шығыстар ретінде қаралатын болады.

IV. ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ

20-бап

      Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысының азаматтары барлық басқа Уағдаласушы мемлекеттерде азаматтық және сауда істері бойынша тегін құқықтық көмек талап етілетін мемлекеттің заңнамасына сәйкес осы соңғы мемлекеттердің азаматтары ретінде тегін құқықтық көмекті пайдаланатын болады.
      Алдыңғы абзацтың ережелері әкімшілік істер бойынша құқықтық көмек көрсетілетін мемлекеттерде құзыретті соттар қарайтын істерге қолданылады.

21-бап

      Кез келген жағдайда дәрменсіздігі туралы куәлікті немесе өтінішті шетелдіктің қалыпты тұрғылықты жері бойынша құзыретті органдар немесе ондай болмаған кезде, оның іс жүзінде тұрғылықты жері бойынша құзыретті орган беруге немесе қабылдауға тиіс. Егер осы соңғы органдар Уағдаласушы мемлекетке жатпаса және осы түрдегі куәліктерді немесе өтініштерді қабылдамайтын немесе бермейтін болса, шетелдік тиесілі елдің дипломатиялық немесе консулдық өкілі берген немесе қабылдаған куәлік немесе өтініші жеткілікті болады.
      Егер қуынушы өтініш берген елде тұрғылықты жері болмаса, дәрменсіздігі туралы куәлікті немесе өтінішті құжат ұсынылуы тиіс мемлекеттің дипломатиялық немесе консулдық өкілі тегін куәландырады.

22-бап

      Дәрменсіздігі туралы куәлікті беруге немесе өтінішті қабылдауға құзыретті органдар өтініш берушінің қаржылық жағдайына қатысты ақпарат жөнінде басқа Уағдаласушы мемлекеттердің органдарына жүгіне алады.
      Тегін құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті қарауға жауапты органдар өз құзыреті шегінде өздеріне ұсынылған куәліктерді, өтініштерді және ақпаратты тексеруге және басқа да қажетті кез келген қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.

23-бап

      Егер табысы аз адам тегін құқықтық көмек көрсету сұратылатын елде тұрмаған жағдайда, осындай адамның құқықтық көмек көрсету туралы өтінішін өз елінің консулы дәрменсіздігі туралы куәлікпен немесе өтінішпен және қажет болған жағдайда, өтініштің қаралуы үшін қажетті құжаттармен бірге аталған өтінішті қарауға құзыретті органдарға немесе өтініш қаралуға тиіс мемлекет белгілеген органдарға жіберуі мүмкін.
      9-баптың екінші, үшінші және төртінші абзацтарының және 10 және  12-баптардыңсот тапсырмаларына қатысты ережелері тегін құқықтық көмек көрсету туралы өтініштерді және оларға қоса берілген құжаттарды жіберуге де қолданылады.

24-бап

      Егер құқықтық көмек Уағдаласушы мемлекеттердің біреуінің азаматына көрсетілсе, осындай азаматтың ісі бойынша құжаттарды екінші Уағдаласушы мемлекетте тапсыру, оны жүргізу тәсіліне қарамастан, сұрау салушы мемлекеттің сұрау салынатын мемлекетке шығындарды өтеуі үшін себеп болмайды.
      Осы жағдай, сарапшыларға төленетін сыйақыны қоспағанда, сот тапсырмаларына да қатысты болады.

V. АЗАМАТТЫҚ ХАЛ АКТІЛЕРІНЕН ҮЗІНДІ
КӨШІРМЕЛЕРДІ ТЕГІН БЕРУ

25-бап

      Табысы аз адамдар – Уағдаласушы мемлекеттердің біреуінің азаматтары жергілікті азаматтармен бірдей негіздерде азаматтық хал актілерінен үзінді көшірмелерді тегін беруді талап ете алады. Оларға неке қию үшін қажетті құжаттарды Уағдаласушы мемлекеттердің дипломатиялық немесе консулдық өкілдері тегін заңдастырады.

VI. БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ

26-бап

      Бас бостандығынан айыру азаматтық немесе сауда істері бойынша орындау құралы немесе қамтамасыз ету шарасы ретінде ол жергілікті азаматтарға қолданылмайтын жағдайларда, Уағдаласушы мемлекеттердің бірінің азаматы болып табылатын шетелдіктерге қолданыла алмайды. Осы елде тұрғылықты жері бар азаматтың өзінің босатылуы үшін дәлел ретінде пайдалануы мүмкін факт, тіпті егер осындай факт шет елде орын алса да, сонымен бірдей Уағдаласушы мемлекет азаматының пайдасына да куәландырады.

VII. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

27-бап

      Осы Конвенция Халықаралық жеке құқық жөніндегі конференцияның жетінші сессиясында өкілдік еткен мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.
      Конвенция ратификациялануға жатады және ратификациялық грамоталар Нидерланд Сыртқы істер министрлігіне сақтауға тапсырылады.
      Ратификациялық грамоталарды сақтауға әрбір тапсыру туралы хаттама жасалады, оның куәландырылған көшірмесі Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.

28-бап

      Осы Конвенция төртінші ратификациялық грамотаны 27-баптың екінші абзацына сәйкес сақтауға тапсырған күннен бастап есептегенде алпысыншы күні күшіне енеді.
      Конвенцияға қол қойған, оны осыдан кейін ратификациялайтын әрбір мемлекетке қатысты Конвенция оның ратификациялық грамотасын сақтауға тапсырған күннен бастап есептегенде алпысыншы күні күшіне енеді.

29-бап

      Конвенцияны ратификациялаған мемлекеттер арасындағы қатынастарда осы Конвенция 1905 жылғы 17 шілдеде Гаагада қол қойылған Азаматтық процесс мәселелері жөніндегі конвенцияны ауыстырады.

30-бап

      Осы Конвенция Уағдаласушы мемлекеттер метрополийлерінің аумақтарына толық көлемде қолданылады.
      Егер Уағдаласушы мемлекет Конвенция барлық басқа аумақтарда немесе халықаралық қатынастары үшін өзі жауапты аумақтарда күшіне енгенін қалайтын болса, бұл мемлекет осындай ниеті туралы Нидерланд Сыртқы істер министрлігін сақтауға тапсырылуға тиіс актімен хабардар етеді. Соңғысы аталған құжаттың куәландырылған көшірмесін әрбір Уағдаласушы мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
      Егер мемлекеттер осындай хабарламаны алғаннан кейін 6 ай ішінде қарсылықтарын білдірмесе, Конвенция олардың және сыртқы қатынастары үшін тиісті мемлекет жауапты болатын аумақтың немесе аумақтардың арасындағы қатынастарда күшіне енеді.

31-бап

      Конференцияның жетінші сессиясында өкілдік етпеген кез келген мемлекет, егер оны ратификациялаған бір ғана немесе одан көп мемлекет Нидерланд Үкіметі осындай қосылу туралы хабардар еткен күннен бастап есептегенде, алты ай ішінде оған қарсылық білдірмесе, осы Конвенцияға қосыла алады. Қосылу 27-баптың екінші абзацында көзделген тәртіппен ресімделеді.
      Мұнда Конвенция 28-баптың бірінші абзацына сәйкес күшіне енгеннен кейін ғана қосылу орын алу мүмкін болатындығы болжанып отыр.

32-бап

      Әрбір Уағдаласушы мемлекет осы Конвенцияға қол қойғаннан немесе ратификациялағаннан немесе оған қосылғаннан кейін Уағдаласушы мемлекеттер аумағында тұрақты тұратын жері бар өз азаматтарының 17-бапты қолдануын ескертпе арқылы шектей алады.
      Алдыңғы абзацта көзделген құқықты пайдаланатын мемлекет соттарында қуынушылар немесе үшінші тұлғалар ретінде қатысатын Уағдаласушы мемлекеттің аумағында тұрақты тұрғылықты жері бар өз азаматтарына қатысты ғана 17-баптың ережелерін басқа Уағдаласушы мемлекеттердің қолдануына үміткер бола алады.

33-бап

      Осы Конвенция 28-баптың бірінші абзацында көрсетілген күннен бастап есептегенде бес жыл бойы күшін сақтайды.
      Конвенцияның қолданылу мерзімі Конвенцияны ратификациялайтын немесе оған кейін қосылатын мемлекеттерге де қатысты аталған күннен бастап есептелетін болады.
      Конвенцияның қолданылуы, егер ол күшін жоймаса, әрбір бес жыл сайын үнсіз келісім берумен қайта жаңартылатын болады. Күшін жою туралы хабарлама Нидерланд Сыртқы істер министрлігіне Конвенцияның қолданылу мерзімі өткенге дейін кемінде алты ай бұрын жасалуға тиіс, ол бұл туралы барлық басқа Уағдаласушы мемлекеттерді хабардар етеді.
      Күшін жою барлық немесе 30-баптың екінші абзацына сәйкес хабарламада аталған тек белгілі аумақтарға ғана қатысты болуы мүмкін.
      Күшін жоюдың ол туралы хабарлама жасаған мемлекетке ғана қатысты күші болады. Конвенция басқа Уағдаласушы мемлекеттер арасында күшінде қалады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ үшін өзінің тиісті Үкіметтері тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Конвенцияға қол қойды.

      1954 жылғы 1 наурыздағы Гаагада бір данада ЖАСАЛДЫ, ол Нидерланд Үкіметінің мұрағаттарында сақталатын болады. Осы Конвенцияның расталған көшірмесі дипломатиялық арналар арқылы Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясының Жетінші сессиясында өкілдік еткен мемлекеттердің әрқайсысына жіберілетін болады.

                                                  (Қолдар)

      Осымен 1954 жылғы 1 наурыздағы француз тіліндегі Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі Конвенцияның қазақ тіліндегі аудармасы Конвенцияның мазмұнына сәйкес келетінін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Әділет министрлігінің
      Халықаралық құқық және ынтымақтастық
      департаменті директорының орынбасары            А. Айтқалиева

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Конвенцияның француз тіліндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады