Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 12 наурыздағы № 292-V ҚРЗ

      2012 жылғы 2 шілдеде Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының
Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты
қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға
жол бермеу туралы
келісім

(2015 жылғы 27 сәуірде күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2015 ж., № 4, 34-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі,
      Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім жасасуға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Келісім қолданылатын тұлғалар

      Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де резиденттері болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2-бап
Келісім қолданылатын салықтар

      1. Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттің немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын табысқа салынатын салықтарға оларды алу әдісіне қарамастан қолданылады.
      2. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті иеліктен айырудан алынған табыстарға салынатын салықтарды, кәсіпорындар төлейтін қызметақының немесе жалақының жалпы сомасынан алынатын салықтарды қоса алғанда, табыстың жалпы сомасынан немесе табыстың жекелеген элементтерінен алынатын салықтардың барлық түрлері табысқа салынатын салықтар болып есептеледі.
      3. Осы Келісім қолданылып жүрген салықтар, жекелей алғанда:
      а) Қазақстанда:
      (і) корпоративтік табыс салығы және;
      (іі) жеке табыс салығы (бұдан әрі «Қазақстан салығы» деп аталатын);
      b) Македонияда:
      (і) жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы және;
      (іі) пайдаға салынатын салық;
      (бұдан әрі «Македония салығы» деп аталатын) болып табылады.
      4. Осы Келісім заңды күшіне енген күннен кейін қолданыстағы салықтарға қосымша немесе олардың орнына алынатын бірдей немесе мәні бойынша ұқсас кез келген салықтарға да осы Келісім қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары өз мемлекетінің салық заңнамасындағы кез келген елеулі өзгерістер туралы бір-бірін хабардар етеді.

3-бап
Жалпы анықтамалар

      1. Егер мәнмәтіннен өзгеше туындамаса, осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      а) «бір Уағдаласушы Мемлекет» және «екінші Уағдаласушы Мемлекет» терминдері түпмәтінге байланысты Қазақстанды немесе Македонияны білдіреді;
      b) «Қазақстан» термині Қазақстан Республикасын білдіреді және географиялық мағынада пайдаланылған кезде өзінің ұлттық заңнамасына және ол қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік аумағын және Қазақстанның өз егемендік құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын аймақтарын қамтиды;
      с) «Македония» термині ішкі юрисдикцияға және халықаралық құқыққа сәйкес табиғи ресурстарды барлау, өңдеу, сақтау және басқару мақсаттары үшін юрисдикция немесе егемендік құқықтар жүзеге асырылатын Македония Республикасының аумағын білдіреді;
      d) «ұлттық тұлға» термині:
      (і) Уағдаласушы Мемлекеттің азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны;
      (іі) Уағдаласушы Мемлекеттің қолданыстағы заңнамасы негізінде осындай мәртебені алған кез келген заңды тұлғаны, серіктестікті немесе қауымдастықты білдіреді;
      е) «тұлға» термині жеке тұлғаны, компанияны және тұлғалардың кез келген басқа да бірлестігін қамтиды;
      f) «компания» термині салық салу мақсаттары үшін корпоративтік құрылым ретінде қарастырылатын кез келген корпоративтік құрылымды немесе кез келген ұйымды білдіреді;
      g) «кәсіпкерлік қызмет» термині кәсіби қызметтер көрсетуді  және тәуелсіз сипаттағы басқа да қызметті орындауды қамтиды.
      h) «кәсіпорын» термині кез келген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қолданылады;
      і) «бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны» және «екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны» терминдері тиісінше Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті басқаратын кәсіпорынды білдіреді;
      j) «халықаралық тасымал» термині теңіз немесе әуе кемесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттегі пункттер арасында ғана пайдаланылатын жағдайлардан басқа, тиімді басқару орны Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан кәсіпорын пайдаланатын теңіз немесе әуе кемесімен кез келген тасымалды білдіреді;
      k) «құзыретті орган» термині:
      (і) Қазақстанда: Қаржы министрлігін немесе оның уәкілетті өкілін;
      (іі) Македонияда: Қаржы министрлігін немесе оның уәкілетті өкілін білдіреді;
      2. Уағдаласушы Мемлекет осы Келісімді кез келген уақытта қолданған кезде, онда айқындалмаған кез келген термин, егер түпмәтіннен өзге мағына туындамаса, осы Келісім қолданылатын салықтарға қатысты осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша сол кезде қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады, осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес кез келген мағына осы Уағдаласушы Мемлекеттің басқа заңдары бойынша терминге берілетін мағынадан басым болады.

4-бап
Резидент

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін «Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті» термині осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша өзінің тұрғылықты жері, резиденттігі, тіркелген жері, басқару орны немесе ұқсас сипаттағы кез келген басқа критерий негізінде онда салық салынуға тиіс кез келген тұлғаны білдіреді және Уағдаласушы Мемлекет пен оның кез келген әкімшілік-аумақтық бөлімшесін, орталық немесе жергілікті билік органын да қамтиды. Алайда бұл термин осы Уағдаласушы Мемлекеттегі көздерден алынатын табысқа қатысты ғана осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуға жататын кез келген тұлғаны қамтымайды.
      2. Егер осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, онда оның мәртебесі мынадай түрде айқындалады:
      а) ол өзінің иелігіндегі тұрақты тұрғын жайы орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі; егер оның иелігінде Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінде де тұрақты тұрғын жайы болса, ол неғұрлым тығыз жеке және экономикалық қатынастары (тіршілік ету мүдделері орталығы) бар Уағдаласушы Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі;
      b) егер оның тіршілік ету мүдделер орталығы бар Уағдаласушы Мемлекетті айқындау мүмкін болмаса немесе оның Уағдаласушы Мемлекеттердің ешқайсысында өзінің иелігіндегі тұрақты тұрғын жайы болмаса, ол өзі әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі;
      с) егер ол әдетте Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінде де тұратын болса немесе олардың біреуінде де тұрмаса, ол ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі;
      d) егер жеке тұлғаның резиденттігі мәртебесін осы тармақтың а), b), және с) тармақшаларының ережелеріне сәйкес айқындау мүмкін болмаса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы мәселені өзара келісуі бойынша шешеді.
      3. Егер осы баптың 1-тармағының ережелеріне сәйкес жеке тұлғадан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің екеуінің де резиденті болып табылса, ол оның тиімді басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттің ғана резиденті болып есептеледі.

5-бап
Тұрақты мекеме

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін «тұрақты мекеме» термині кәсіпорынның кәсіпкерлік қызметі толық немесе ішінара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын білдіреді.
      2. «Тұрақты мекеме» термині, жекелей алғанда:
      а) басқару орнын;
      b) филиалды;
      с) кеңсені;
      d) фабриканы;
      е) шеберхананы;
      f) шахтаны, мұнай немесе газ ұңғымасын, карьерді немесе табиғи ресурстарды өндіретін кез келген басқа орынды; және
      g) табиғи ресурстарды барлау үшін пайдаланылатын қондырғыны, құрылысты, бұрғылау қондырғысын немесе табиғи ресурстарды барлау үшін пайдаланылатын теңіз кемесін немесе осыған байланысты көрсетілетін бақылау қызметтерін қамтиды.
      3. «Тұрақты мекеме» термині, сондай-ақ:
      а) құрылыс алаңын немесе құрылыс, монтаждау немесе құрастыру жобасын немесе 6 айдан астам кезең шегінде осындай алаңға немесе жобаға байланысты көрсетілетін бақылау қызметтерін;
      b) егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе оған байланысты жоба үшін) Уағдаласушы Мемлекеттің шегінде кез келген 12 айлық кезең ішіндегі 6 айдан астам мерзімге немесе мерзімдерге жалғасса, кәсіпорын осындай мақсаттар үшін жалдаған қызметшілер немесе басқа персонал арқылы кәсіпорынның консультациялық қызметтер көрсетуін қоса алғанда, қызметтер көрсетуін қамтиды.
      Осы тармақшаның мақсаттары үшін, егер екінші Уағдаласушы Мемлекетте қызметтер көрсетуді ұсынатын Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны белгілі бір уақыт мерзімі ішінде осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте болатын және дәл осындай қызметтер көрсететін бір немесе одан да көп жеке тұлғалар арқылы осындай немесе онымен байланысты жобалар үшін осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте осыған ұқсас қызметтер көрсететін екінші кәсіпорынмен байланысты болса, онда алғашқы аталған кәсіпорын екінші Уағдаласушы Мемлекетте осындай немесе онымен байланысты жобалар үшін екінші кәсіпорынның тұлғалары арқылы қызметтер көрсетеді деп есептеледі. Алдыңғы сөйлемнің мақсаттары үшін, егер олардың біреуін екіншісі тікелей немесе жанама немесе екі кәсіпорынды да тікелей немесе жанама сол бір тұлғалар бақылайтын болса, осындай тұлғалардың Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылуы немесе табылмауына қарамастан, екінші кәсіпорынмен байланысты болып есептеледі.
      4. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, «тұрақты мекеме» термині:
      а) құрылыстарды кәсіпорынға тиесілі тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жеткізіп тұру мақсаттары үшін ғана пайдалануды;
      b) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорларын сақтау, көрсету немесе жеткізіп тұру мақсаттары үшін ғана ұстауды;
      с) кәсіпорынға тиесілі тауарлар немесе бұйымдар қорларын басқа кәсіпорынның қайта өңдеу мақсаттары үшін ғана ұстауды;
      d) тұрақты қызмет орнын кәсіпорынға арналған тауарларды немесе бұйымдарды сатып алу мақсаттары үшін немесе ақпарат жинау үшін ғана күтіп-ұстауды;
      е) тұрақты қызмет орнын кәсіпорын үшін тек дайындық немесе көмекші сипаттағы кез келген басқа қызметті жүзеге асыру мақсаттары үшін ғана күтіп-ұстауды;
      f) осындай комбинация нәтижесінде туындайтын тұрақты қызмет орнының жиынтық қызметі дайындық немесе көмекші сипатта болған жағдайда, тұрақты қызмет орнын тек осы тармақтың а) - е) тармақшаларында санамаланған қызмет түрлерінің кез келген комбинациясын жүзеге асыру үшін ғана ұстауды қамтымайды.
      5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, егер оған осы баптың 6-тармағы қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға кәсіпорынның атынан әрекет етсе және оның кәсіпорын атынан келісімшарттар жасасуға өкілеттіктері болса және оны әдетте Уағдаласушы Мемлекетте пайдаланса, егер осындай тұлғаның қызметі осы баптың 4-тармағында көрсетілген қызметпен ғана шектелмесе, егер оны тұрақты қызмет орны арқылы жүзеге асырса да, бұл тұрақты қызмет орнын осы тармақтың ережелеріне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмаса, онда мұндай кәсіпорын осы тұлғаның кәсіпорынның пайдасына жүзеге асыратын кез келген қызметіне қатысты осы Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылады.
      6. Кәсіпорын кәсіпкерлік қызметін осы Уағдаласушы Мемлекетте брокер, комиссионер немесе тәуелсіз мәртебесі бар кез келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшін ғана, мұндай тұлғалар өздерінің әдеттегі қызметі шеңберінде әрекет жасаған жағдайда, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі бар кәсіпорын ретінде қарастырылмайды. Алайда, мұндай агенттің қызметі осындай кәсіпорынның атынан толық немесе толық дерлік орындалған кезде және кәсіпорын мен агенттің арасында олардың коммерциялық және қаржылық өзара қатынастарында тәуелсіз кәсіпорындар арасында орнатылуы мүмкін болатыннан өзгеше жағдайлар жасалса, онда ол осы тармақ бойынша тәуелсіз мәртебесі бар агент болып есептелмейді.
      7. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, қайта сақтандыруды қоспағанда, егер ол екінші Уағдаласушы Мемлекеттің аумағында жарна жинаумен айналысса немесе онда болып, осы баптың 6-тармағының ережелері қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға арқылы тәуекелдерді сақтандырса, бір Уағдаласушы Мемлекеттің сақтандыру ұйымы екінші Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемеге ие болады.
      8. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компания екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компанияны бақылайтын болса немесе оның бақылауында болса немесе осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса (не тұрақты мекеме арқылы не өзге түрде), осы компаниялардың бірі екіншісінің тұрақты мекемесі болып табылмайды.

6-бап
Жылжымайтын мүліктен түсетін табыс

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекет резидентінің (ауыл немесе орман шаруашылығынан алатын табысты қоса алғанда) екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен алатын табысына осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. «Жылжымайтын мүлік» термині қарастырылып отырған мүлік орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша айқындалады. Мұндай термин кез келген жағдайда жылжымайтын мүлікке қатысты қосалқы мүлікті, мал мен ауыл және орман шаруашылықтарында пайдаланылатын жабдықты, жер меншігіне қатысты заңнаманың ережелері қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлік узуфруктын және минералдық шикізат кен орындарын, көздерін және басқа да табиғи ресурстарды өңдеуге немесе өңдеу құқығына берілетін өтемақы ретіндегі ауыспалы немесе тіркелген төлемдерге арналған құқықтарды қамтиды. Теңіз және әуе кемелері жылжымайтын мүлік ретінде қарастырылмайды.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелері жылжымайтын мүлікті тікелей пайдаланудан, жалға беруден немесе оны кез келген басқа нысанда пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
      4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелері кәсіпорынның жылжымайтын мүлкінен алынатын табысына да қолданылады.

7-бап
Кәсіпкерлік қызметтен түсетін пайда

      1. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекетте онда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаса, осы кәсіпорынның пайдасына осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсіпорын кәсіпкерлік қызметті жоғарыда көрсетілгендей жүзеге асырса, онда кәсіпорынның пайдасына екінші Уағдаласушы Мемлекетте, бірақ тек:
      а) осындай тұрақты мекемеге;
      b) осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға ұқсас немесе бірдей тауарлардың немесе бұйымдардың сатылымына; немесе
      с) осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын, өз сипаттамасы бойынша осындай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметке ұқсас немесе бірдей басқа кәсіпкерлік қызметке қатысты бөлігіне ғана салық салынуы мүмкін.
      2. Осы баптың 3-тармағының ережелерін ескере отырып, егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекетте онда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, онда әрбір Уағдаласушы Мемлекетте, егер ол оқшауланған және жеке кәсіпорын болып, осындай немесе ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе ұқсас қызметпен айналысып, өзі тұрақты мекемесі болып табылатын кәсіпорыннан толық тәуелсіз әрекет жасағанда алуы мүмкін пайда, осындай тұрақты мекемеге жатқызылады.
      3. Тұрақты мекеменің пайдасын анықтау кезінде олардың тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте немесе басқа жерде жұмсалғанына қарамастан, басқару және жалпыәкімшілік шығыстарды қоса алғанда, тұрақты мекеменің мақсаттары үшін жұмсалған шығыстарды шегеруге жол беріледі.
      4. Егер кәсіпорын пайдасының жалпы сомасын оның әртүрлі бөлімшелері арасында тепе-тең бөлу негізінде тұрақты мекемеге жататын пайданы анықтау Уағдаласушы Мемлекетте әдеттегі практика болып табылса, онда осы баптың 2-тармағында ешнәрсе де осы Уағдаласушы Мемлекетке салық салынатын пайданы әдеттегі практика негізінде осындай етіп бөлу арқылы анықтауға тыйым салмайды, алайда таңдалған бөлу әдісі осы бапта қамтылған қағидаттарға сәйкес нәтижелер беруге тиіс.
      5. Тұрақты мекеменің кәсіпорын үшін тауарлар немесе бұйымдар сатып алуының негізінде ғана осы тұрақты мекемеге қандай да бір пайда ретінде есепке жатқызылмайды.
      6. Егер қолжетімді немесе Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органындағы ақпарат тұрақты мекеменің пайдасын анықтауға жеткіліксіз болып табылса, пайда осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес, пайданы анықтау осы баптың қағидаттарына сәйкес болған жағдайда, есептелуі мүмкін.
      7. Осы баптың алдыңғы тармақтарының мақсаттары үшін тұрақты мекемеге жататын пайда, егер осындай тәртіпті өзгерту үшін жеткілікті және дәлелді себептер болмаса, жыл сайын біркелкі тәсілмен анықталады.
      8. Егер пайда осы Келісімнің басқа баптарында жеке көрсетілетін табыстардың түрлерін қамтыса, онда осындай баптардың ережелері осы баптың ережелерінде қозғалмайды.

8-бап
Теңіз және әуе көлігі

      1. Теңіз немесе әуе кемелерін халықаралық тасымалдауда пайдаланудан түскен пайдаға кәсіпорынды тиімді басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. Егер кеме жүзу кәсіпорнының тиімді басқару орны теңіз кемесінің бортында орналасқан болса, онда ол теңіз кемесін тізімге алу порты тұрған Уағдаласушы Мемлекетте немесе осындай тізімге алу порты болмаса, теңіз кемесін пайдаланушы тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан болып есептеледі.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелері пулға, бірлескен кәсіпорынға немесе көлік құралдарын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйымға қатысудан түсетін пайдаға да қолданылады.

9-бап
Қауымдастырылған кәсіпорындар

      1. Егер:
      а) бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
      b) сол бір ғана тұлғалар бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын  және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнын басқаруға, бақылауға немесе олардың капиталына тікелей немесе жанама түрде қатысса,
      және кез келген жағдайда екі кәсіпорынның арасында олардың өзара коммерциялық немесе қаржылық қатынастарында тәуелсіз екі кәсіпорынның арасында орын алуы мүмкін болатыннан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда кәсіпорындардың біріне есептелуі мүмкін, бірақ осындай жағдайлардың болуына байланысты оған есептелмеген кез келген пайда осындай кәсіпорынның пайдасына қосылуы және оған тиісінше салық салынуы мүмкін.
      2. Егер бір Уағдаласушы Мемлекет осы Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының пайдасына екінші Уағдаласушы Мемлекет кәсіпорнының осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынатын пайдасын қосса және оған тиісінше салық салса және осылайша қосылған пайда алғашқы аталған Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорнына екі кәсіпорынның арасындағы шарттар тәуелсіз кәсіпорындардың арасындағы шарттардай болғанда есептелетін пайда болып табылса, онда осы екінші Уағдаласушы Мемлекет осындай табыстан есептелген салық сомасының тиісінше түзетуін енгізеді. Осындай түзетуді айқындау кезінде осы Келісімнің басқа ережелері ескерілуге тиіс және қажет болған кезде Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары бір-бірімен консультация жүргізіп отыруға тиіс.

10-бап
Дивидендтер

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компания екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төлейтін дивидендтерге осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Алайда резиденті дивидендтер төлейтін компания болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес осындай дивидендтерге салық салынуы мүмкін, бірақ егер дивидендтердің іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық:
      а) егер іс жүзіндегі иесі дивидендтерді төлейтін компания капиталының кемінде 25 пайызына тікелей иелік ететін компания (әріптестіктен өзге) болып табылса, дивидендтердің жалпы сомасының 5 пайызынан;
      b) қалған барлық жағдайларда дивидендтердің жалпы сомасының 15 пайызынан аспауға тиіс.
      Осы тармақтың ережелері одан дивидендтер төленетін компанияның пайдасына салық салуды қозғамайды.
      3. «Дивидендтер» термині осы бапта қолданылған кезде акциялардан немесе пайдаға қатысуды беретін борыштық талаптар болып табылмайтын басқа құқықтардан түсетін табысты, сондай-ақ пайданы бөлуші компания резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес акциялардан түсетін табыс сияқты салықтық реттеуге жататын басқа корпоративтік құқықтардан түсетін табысты білдіреді.
      4. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын дивидендтердің іс жүзіндегі иесі дивидендтерді төлейтін компания резиденті болып табылатын екінші Уағдаласушы Мемлекетте кәсіпкерлік қызметті сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырса және өзіне қатысты дивидендтер төленетін холдинг шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарның ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда 7-баптың ережелері қолданылады.
      5. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын компания екінші Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алатын болса, онда осы екінші Уағдаласушы Мемлекет осындай компанияның төлейтін дивидендтерінен осындай дивидендтер осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін немесе өзіне қатысты дивидендтер төленетін холдинг осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемемен шын мәнінде байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, кез келген салықты ала алмайды және егер төленетін дивидендтер немесе бөлінбеген пайда толығымен немесе ішінара осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте туындаған пайдадан немесе табыстан құралса да, компанияның бөлінбеген пайдасынан бөлінбеген пайда салығы алынбайды.
      6. Осы Келісімде ешнәрсе Уағдаласушы Мемлекетке осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тұлғасы болып табылатын компанияның пайдасына есептелетін салыққа қосымша, осылайша есептелген кез келген қосымша салық осындай пайда сомасының 5 пайызынан аспайтын жағдайда осы Уағдаласушы Мемлекеттегі тұрақты мекемеге жататын компанияның пайдасына салық салуға кедергі болады деп түсіндіріле алмайды. Осы тармақтың мақсаттары үшін пайда одан тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте алынатын, осы тармақта көрсетілген қосымша салықтан өзге барлық салықты шегеріп тастағаннан кейін анықталады.

11-бап
Пайыздар

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін пайыздарға осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте, егер осындай резидент пайыздардың іс жүзіндегі иесі болып табылса, салық салынуы мүмкін.
      2. Алайда осындай пайыздарға олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ егер пайыздардың іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық пайыздардың жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс.
      3. Осы баптың 2-тармағының ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын пайыздар, егер:
      а) пайыздарды төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің Үкіметі, оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы немесе Орталық банкі болып табылса; немесе
      b) пайыздардың іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің Үкіметі, оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы, Орталық банкі немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің Үкіметіне толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі болып табылса, осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылады.
      4. «Пайыздар» термині осы бапта қолданылған кезде кепілмен қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, борышкердің пайдаға қатысу құқығын беретін немесе бермейтін борыштық талаптардың кез келген түрінен алынатын табысты және атап айтқанда, үкіметтік бағалы қағаздардан алынатын табысты және осындай бағалы қағаздар, облигациялар немесе борыштық міндеттемелер бойынша төленетін сыйақылар мен ұтыстарды қоса алғанда, облигациялардан немесе борыштық міндеттемелерден алынатын табысты білдіреді.
      5. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын пайыздардың іс жүзіндегі иесі пайыздар пайда болатын екінші Уағдаласушы Мемлекетте кәсіпкерлік қызметті сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырса және өзіне қатысты пайыздар төленетін борыштық талабы шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда 7-баптың ережелері қолданылады.
      6. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, пайыздар Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер пайыздарды төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі болып, оған байланысты пайыздарды төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын және осындай пайыздар бойынша шығыстарды тұрақты мекеме төлейтін болса, онда осындай пайыздар мұндай тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
      7. Егер төлеуші мен олардың іс жүзіндегі иесі арасындағы немесе сол екеуі мен қандай да бір басқа тұлғаның арасындағы арнайы қатынастардың болу себебінен оның негізінде төленетін борыштық талапқа қатысты пайыздар сомасы осындай қатынастар болмаған кезде, төлеуші мен олардың іс жүзіндегі иесімен өзара келісілген жағдайдағы сомадан асып кетсе, осы баптың ережелері тек соңғы көрсетілген сомаға ғана қолданылады. Осындай жағдайда төлемдердің артық бөлігі осы Келісімнің басқа ережелерін ескере отырып, әрбір Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салуға жатады.

12-бап
Роялти

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетін роялтиге осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте, егер осындай резидент роялтидің іс жүзіндегі иесі болып табылса, салық салынуы мүмкін.
      2. Алайда осындай роялтиге, ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салынуы мүмкін, бірақ, егер роялтидің іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидің жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиіс.
      3. «Роялти» термині осы бапта қолданылған кезде радио немесе теле хабарлар үшін пайдаланылатын кинематографиялық және өзге де фильмдерді, магниттік жазбаларды, кез келген патентті, сауда таңбасын, дизайнды немесе модельді, жоспарды, құпия формуланы немесе процесті қоса алғанда, әдебиет, өнер шығармаларына немесе ғылыми жұмыстарға, бағдарламалық қамсыздандыруға кез келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшін немесе пайдалануға бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми тәжірибеге қатысты ақпарат үшін сыйақы ретінде алынған төлемдердің кез келген түрін білдіреді.
      4. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын роялтидің іс жүзіндегі иесі роялти туындайтын екінші Уағдаласушы Мемлекетте кәсіпкерлік қызметті сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырса және оған қатысты роялти төленетін құқық немесе мүлік шын мәнінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Келісімнің 7-бабының ережелері қолданылады.
      5. Егер төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі. Алайда, егер роялти төлеуші тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі болып, оған байланысты роялти төлеу міндеттеме туындаған және осындай роялти жөніндегі шығыстарды тұрақты мекемеге төлейтін болса, онда осындай роялти тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
      6. Егер роялти төлеуші мен оның іс жүзіндегі иесі арасында немесе сол екеуі мен қандай да бір басқа тұлғаның арасындағы арнайы қатынастардың болу себебінен оның негізінде төленетін пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидің сомасы осындай қатынастар болмаған кезде төлеуші мен оның іс жүзіндегі иесімен келісілген жағдайдағы сомадан асып кетсе, осы баптың ережелері тек соңғы көрсетілген сомаға ғана қолданылады. Осындай жағдайда төлемдердің артық бөлігі осы Келісімнің басқа ережелерін ескере отырып, әрбір Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасына сәйкес салық салуға жатады.

13-бап
Мүлік құнының өсімінен түсетін табыстар

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті осы Келісімнің 6-бабында белгіленген және екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлікті иеліктен шығарудан алатын табыстарға осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекетте иеленіп отырған тұрақты мекеменің кәсіпкерлік мүлкінің бөлігін құрайтын жылжымалы мүлікті иеліктен шығарудан алынатын табыстарға осындай тұрақты мекемені (жеке немесе бүкіл кәсіпорынмен бірге) иеліктен шығарудан алынған табыстарды қоса алғанда, осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      3. Халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңіз немесе әуе кемелерін немесе осындай теңіз немесе әуе кемелерін пайдалануға байланысты жылжымалы мүлікті иеліктен шығарудан алынған табыстарға кәсіпорынды тиімді басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      4. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүліктен өз құнының 50%-нан астамын тікелей немесе жанама түрде алатын компания капиталындағы қатысу үлесін немесе оған теңестірілген бағалы қағаздарды иеліктен шығарудан алған табыстарға осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      5. Осы баптың 123 және 4-тармақтарында көзделгендегіден өзге кез келген мүлікті иеліктен шығарудан алынатын табыстарға мүлікті иеліктен шығарушы тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

14-бап
Жалдамалы жұмыстан түсетін табыстар

      1. Осы Келісімнің 1517 және 18-баптарының ережелерін ескере отырып, бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті жалдамалы жұмысына байланысты алған қызметақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақыға, егер жалдамалы жұмыс екінші Уағдаласушы Мемлекетте орындалмаса, осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалдамалы жұмыс осылайша орындалса, осыған байланысты алынған сыйақыға осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті екінші Уағдаласушы Мемлекетте орындалатын жалдамалы жұмысына байланысты алған сыйақыға салық, егер:
      а) алушы тиісті салық жылы басталатын немесе аяқталатын кез келген он екі айлық кезеңде жалпы жиынтығы 183 күннен аспайтын мерзім немесе мерзімдер ішінде осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте болса;
      b) сыйақыны екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылмайтын жұмыс беруші төлесе немесе жұмыс берушінің атынан төленсе; және
      с) сыйақы төлеу жөніндегі шығындарды жұмыс берушінің екінші Мемлекеттегі тұрақты мекемесі төлемесе, тек алғашқы көрсетілген Уағдаласушы Мемлекетте салынады.
      3. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңіз немесе әуе кемесінің бортында орындалатын жалдамалы жұмысқа байланысты алынған сыйақыға кәсіпорынды тиімді басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.

15-бап
Директорлардың гонорарлары

      Директорлардың гонорарларына және екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын директорлар кеңесінің немесе соған ұқсас компания органының мүшесі ретінде бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алған басқа да осыған ұқсас төлемдерге осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.

16-бап
Әртістер мен спортшылар

      1. Осы Келісімнің 7 және 14-баптарының ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті театр, кино, радио немесе телевидение әртісі немесе музыкант сияқты өнер қызметкері ретінде немесе спортшы ретінде екінші Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзінің жеке қызметінен алған табысына осы екінші Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      2. Егер өнер қызметкері немесе спортшы жүзеге асыратын жеке қызметінен алатын табыс өнер қызметкерінің немесе спортшының өзіне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа осы Келісімнің 7 және 14-баптарының ережелеріне қарамастан, өнер қызметкерінің немесе спортшының қызметі жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекет резидентінің өнер қызметкері немесе спортшы ретіндегі өзінің жеке қызметінен алған табысына, егер осындай қызмет екінші Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекеттің екеуі де мақұлдаған мәдени немесе спорттық бағдарлама алмасуы шеңберінде жүзеге асырылса, осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

17-бап
Зейнетақылар

      Осы Келісімнің 18-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне жалдану арқылы бұрын жүзеге асырған жұмысы үшін төленетін зейнетақылар мен басқа да осыған ұқсас сыйақыға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

18-бап
Мемлекеттік қызмет

      1. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы жеке тұлғаға осы Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы үшін жүзеге асыратын қызметі үшін төлейтін қызметақыға, жалақыға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      b) Алайда осындай қызметақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақыға, егер қызмет осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылса және осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын жеке тұлға:
      (і) осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тұлғасы болып табылса; немесе
      (іі) осындай қызметті жүзеге асыру мақсатында ғана осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болмаса, екінші Уағдаласушы ғана Мемлекетте салық салынады.
      2. а) Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы құрған қорлардан жеке тұлғаға осы Уағдаласушы Мемлекет немесе әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы үшін жүзеге асыратын қызметіне төленетін зейнетақыға және басқа да ұқсас сыйақыға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      b) Алайда осындай зейнетақыларға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға, егер жеке тұлға осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті және ұлттық тұлғасы болып табылса, екінші Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      3. Осы Келісімнің 141516 және 17-баптарының ережелері Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметпен байланысты қызметке қатысты қызметақыға, жалақыға, зейнетақыларға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға қолданылады.

19-бап
Студенттер немесе тағылымдамадан өтушілер

      Бір Уағдаласушы Мемлекетке нақты келгенге дейін екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылатын немесе болып табылған және бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекетке білім алу, тағылымдамадан өту мақсатында ғана болатын студент немесе тағылымдамадан өтуші өзін-өзі қамтамасыз ету, білім алу, тағылымдамадан өту мақсатында алатын төлемдерге осындай төлемдер осы Уағдаласушы Мемлекеттен тысқары жерлердегі көздерден жүргізілетін жағдайда осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынбайды.

20-бап
Басқа да табыстар

      1. Туындау көзіне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет резидентінің осы Келісімнің алдыңғы баптарында көзделмеген табыстарының түрлеріне осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. Осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүліктен алынатын табыстан өзге табысқа, егер мұндай табысты алушы бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті бола тұра, екінші Уағдаласушы Мемлекетте онда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса және оларға қатысты табыстың төленуі жүргізілген құқық немесе мүлік іс жүзінде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1-тармағының ережелері қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Келісімнің 7-бабының ережелері қолданылады.

21-бап
Қосарланған салық салуды жою

      1. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін табысты алса, бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекет осындай резиденттің табысына салынатын салықтан осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте төленген табыс салығына тең соманы шегеруге рұқсат береді.
      Осындай шегерім кез келген жағдайда осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте табысқа салық салынуы мүмкін болатын табысқа шегерім берілгенге дейін есептелген салық сомасынан аспауға тиіс.
      2. Егер осы Келісімнің кез келген ережелеріне сәйкес Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алған табыс, осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылған болса, осындай Уағдаласушы Мемлекет дегенмен де осындай резиденттің табысының қалған бөлігіне салынатын салық сомасын есептеу кезінде салық салудан босатылған табыс сомасын есепке алуы мүмкін.

22-бап
Кемсітпеу

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тұлғалары екінші Уағдаласушы Мемлекетте дәл сондай жағдайларда, атап айтқанда, резиденттікке қатысты осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық тұлғалары салынатын немесе салынуы мүмкін салық салудан немесе сонымен байланысты міндеттемелерден өзге немесе мейлінше ауыртпалық түсіретін кез келген салық салуға немесе сонымен байланысты кез келген міндеттемеге ұшырамайды.
      2. Бір Уағдаласушы Мемлекеттің екінші Уағдаласушы Мемлекеттегі кәсіпорнының тұрақты мекемесіне салық салу осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің осыған ұқсас қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындарына салынатын салыққа қарағанда, осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттегіден қолайлылығы кем болмауға тиіс. Осы ереже Уағдаласушы Мемлекетті екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденттеріне олардың азаматтық мәртебесі немесе отбасы жағдайы негізінде салық салу мақсаттары үшін ол өзінің резиденттеріне беретін кез келген жеке салықтық жеңілдіктер, жеңілдетулер мен шегерімдер беруге міндеттейтіндей болып түсіндірілмеуге тиіс.
      3. Осы Келісімнің 9-бабы 1-тармағының, 11-бабы 7-тармағының немесе 12-бабы 6-тармағының ережелері қолданылатын жағдайларды қоспағанда, бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорны екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне жүргізетін пайыздар, роялти және басқа да төлемдер осындай кәсіпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсаттары үшін бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне төленетіндей жағдайларда шегерімге жатқызылады.
      4. Капиталы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің бір немесе бірнеше резидентіне толық немесе ішінара тиесілі немесе олардың тікелей немесе жанама түрде бақылауында болатын бір Уағдаласушы Мемлекеттің кәсіпорындары бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекетте бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекеттің осыған ұқсас басқа кәсіпорындарына салынатын немесе салынуы мүмкін салық салу мен сонымен байланысты міндеттемелерден өзге немесе мейлінше ауыртпалық түсіретін кез келген салық салуға немесе сонымен байланысты кез келген міндеттемелерге ұшырамайды.
      5. Осы баптың ережелері осы Келісімде көрсетілген салықтарға да қолданылады.

23-бап
Өзара келісу рәсімі

      1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердің бірінің немесе екеуінің де іс-әрекеттері өзіне қатысты осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға әкеп соғуда немесе әкеп соғады деп есептесе, ол осы Уағдаласушы Мемлекеттердің ұлттық заңнамасында көзделген қорғау құралдарына қарамастан, өзі резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының қарауына немесе егер оның ісі осы Келісімнің 22-бабы 1-тармағының қолданысына түссе, онда өзі ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органының қарауына өз ісін бере алады. Өтініш осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін салық салуға әкеп соғатын іс-әрекеттер туралы алғашқы хабарлама берілген кезден бастап үш жыл ішінде ұсынылуға тиіс.
      2. Бір Уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органы, егер ол мұндай өтінішті негізді деп есептесе және егер өзі қанағаттанарлық шешімге келе алмаса, осы Келісімге сәйкес келмейтін салық салуды болдырмау мақсатында істі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органымен өзара келісім бойынша шешуге ұмтылады. Кез келген қол жеткізілген келісу Уағдаласушы Мемлекеттердің ұлттық заңнамасында көзделген уақыттағы кез келген шектеулерге қарамастан орындалады.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісімді түсіндіру немесе қолдану кезінде туындайтын кез келген қиындықтарды немесе күмәнді өзара келісу бойынша шешуге ұмтылады. Сондай-ақ, олар осы Келісімде көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою мақсатында бір-бірімен консультация жүргізе алады.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары бір-бірімен, оның ішінде осы баптың алдыңғы тармақтарына сәйкес келісімге қол жеткізу мақсатында олардың өздерінен және олардың өкілдерінен тұратын бірлескен комиссиялар арқылы тікелей байланысқа түсе алады.

24-бап
Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердің құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе Уағдаласушы Мемлекеттердің немесе олардың әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан осы Келісімге қайшы келмейтін мөлшерде салық салу алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты ұлттық заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпаратпен алмасады. Ақпарат алмасу осы Келісімнің 1 және 2-баптарымен шектелмейді.
      2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпиялы болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндіріп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен және жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкімшілік органдарды қоса алғанда) ғана жария етіледі. Осындай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшін ғана пайдалана алады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешімдерін қабылдаған кезде жария етуі мүмкін.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармағының ережелері Уағдаласушы Мемлекетке:
      а) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы мен әкімшілік практикасына қайшы келетін әкімшілік шараларды қолдану;
      b) осы немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің заңнамасы бойынша немесе әдеттегі әкімшілендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;
      с) қандай да бір сауда, кәсіпкерлік, өнеркәсіптік, коммерциялық немесе кәсіби құпияны немесе сауда процесін ашуы мүмкін ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттік саясатқа (ordre public) қайшы келуі мүмкін ақпаратты ұсыну міндеттемесін жүктейтіндей мағынада түсіндіріле алмайды.
      4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекет сұратса, осындай ақпарат тіпті осы екінші Уағдаласушы Мемлекетке өзінің жеке салықтық мақсаттары үшін қажет болмаса да, екінші Уағдаласушы Мемлекет сұрау салынған ақпаратты жинау жөніндегі шараларды қабылдайды. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме осы баптың 3-тармағының шектеулеріне түседі, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсіндіріле алмайды.
      5. Осы баптың 3-тармағының ережелері ақпарат иесі банк, басқа қаржы мекемесі, қор, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат тұлғада немесе қорда меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болу себебінен Уағдаласушы Мемлекетке ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсіндіріле алмайды.

25-бап
Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің қызметкерлері

      Осы Келісімде ешнәрсе де дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер қызметкерлерінің халықаралық құқықтың жалпы нормаларымен немесе арнайы халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес берілген салықтық артықшылықтарын қозғамайды.

26-бап
Күшіне енуі

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім:
      а) төлем көзінен, осы Келісім күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін төленген табыстардан ұсталатын салықтарға қатысты;
      b) басқа салықтарға қатысты, осы Келісім күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын салық салу кезеңінде салынатын салықтарға қолданылады.

27-бап
Қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердің бірі оның қолданысын тоқтатқанғанға дейін күшінде қалады. Кез келген Уағдаласушы Мемлекет осы Келісім күшіне енген күннен бастап бес жылдық кезең өткеннен кейінгі кез келген күнтізбелік жылдың аяқталуына дейін алты айдан кешіктірмей, оның қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.
      2. Осы Келісім:
      а) төлем көзінен, оның қолданысын тоқтату туралы хабарлама берілген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін төленген табыстардан ұсталатын салықтарға қатысты;
      b) табысқа салынатын басқа салықтарға қатысты, оның қолданысын тоқтату туралы хабарлама берілген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын салық салу кезеңінде салынатын салықтарға өз қолданысын тоқтатады.
      Осыны куәландыру үшін, тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      2012 жылғы 2 шілдеде Астана қаласында қазақ, орыс, македон және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімді түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда Уағдаласушы Мемлекеттер ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының        Македония Республикасының
             Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің македон және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады