Волонтерлік қызмет туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 42-VІ ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң волонтерлік қызметтің құқықтық негіздерін, мақсаттары мен міндеттерін, қағидаттарын, нысандары мен түрлерін, сондай-ақ оны қолдау шараларын белгілейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) волонтер – волонтерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;

      2) волонтерлер тобы – осы Заңда белгіленген нормалар қолданылатын, волонтерлік қызметті бірлесіп жүзеге асыру мақсатында құрылған жеке тұлғалардың тіркелмеген ерікті қоғамдастығы;

      3) волонтерлік акция – волонтерлік ұйым және (немесе) волонтерлер және (немесе) волонтерлер тобы орындайтын нақты әлеуметтік бағыттағы, қоғамдық пайдалы міндетті шешуге бағытталған іс-шара;

      4) волонтерлік бағдарлама (жоба) – волонтерлік ұйым және (немесе) волонтерлер және (немесе) волонтерлер тобы орындайтын іс-шаралар мен күтілетін нәтижелер көрсетіле отырып, әлеуметтік бағыттағы, қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге бағытталған жүйелі шаралар кешені;

      5) волонтерлік қызмет - өтеусіз негізде жүзеге асырылатын, әлеуметтік бағыттағы ерікті, ерік қалауымен орындалатын қоғамдық пайдалы қызмет;

      6) волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган – волонтерлік қызмет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      7) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімі – волонтерлер, волонтерлер топтары, волонтерлік ұйымдар, волонтерлік қызметті үйлестірушілер мен ұйымдастырушылар, волонтерлік бағдарламалар (жобалар), волонтерлік акциялар, олардың өткізілу орны мен уақыты, оларды өткізуге қойылатын талаптар туралы мәліметтер қамтылған деректер тізілімі;

      8) волонтерлік қызметті ұйымдастырушы – волонтерлерді өзі дербес не волонтерлік ұйымдар арқылы тартатын орталық және жергілікті атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, өзге де ұйымдар, сондай-ақ жеке тұлғалар;

      9) волонтерлік ұйым – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және волонтерлік қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым (діни бірлестіктерді, тұтыну кооперативтерін, сондай-ақ саяси партиялар немесе кәсіптік одақтар нысанындағы қоғамдық бірлестіктерді қоспағанда).

      10) корпоративтік волонтерлік – ұйым қызметкерлерінің өз ұйымының қолдауымен әртүрлі волонтерлік бағдарламаларға (жобаларға) және волонтерлік акцияларға ерікті ұжымдық қатысуы.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы

      Осы Заңда көзделген нысандар мен түрлерде өтеусіз негізде жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы қоғамдық пайдалы қызметті ерікті жүзеге асыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заңның реттеу нысанасы болып табылады.

3-бап. Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Волонтерлік қызметтің мақсаттары мен міндеттері, негіздері

      1. Волонтерлік қызметтің мақсаттары:

      1) жеке және заңды тұлғаларға көмек көрсету, азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және сақтау, дене шынықтыруды және спортты дамыту, сондай-ақ қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттар;

      2) қоғамда азаматтық ұстанымды, өзін-өзі ұйымдастыруды, әлеуметтік жауапкершілік, ынтымақ, өзара көмек және мейірімділік сезімін қалыптастыру болып табылады.

      2. Волонтерлік қызметтің міндеттеріне:

      1) қоғамға әлеуметтік міндеттерді шешуге көмектесу;

      2) волонтерлік қызметті ұйымдастыруға бағытталған азаматтық бастамаларды дамыту және қолдау;

      3) халықтың әртүрлі нысаналы топтарымен және санаттарымен өзара іс-қимыл жасауда волонтерлік қызметтің рөлін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;

      4) волонтерлерге консультация беруді, ақпарат беруді және әдістемелік сүйемелдеуді ұйымдастыру және жүргізу;

      5) волонтерлер топтарын - волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) және волонтерлік акцияларды орындаушыларды жасақтау;

      6) волонтерлік қызметке оқытуды ұйымдастыру жатады.

      3. Волонтерлік қызмет саяси партияларды және діни бірлестіктерді қолдауға бағытталмайды.

      4. Кез келген нысандар мен көріністердегі терроризмді, экстремизмді және сепаратизмді көздейтін волонтерлік қызметке тыйым салынады.

      5. Әскерилендірілген құрылымы, нысаны, арнаулы айырым белгілері, әнұрандары, жалаулары, жалаушалары, ішкі тәртіп пен басқарудың ерекше жағдайлары, қаруы, соның ішінде имитациялық қаруы бар әскерилендірілген құралымдар үлгісі бойынша волонтерлік ұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағында құруға тыйым салынады.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Волонтерлік қызметтің қағидаттары

      1. Волонтерлік қызмет:

      1) волонтерлер қызметінің өтеусіздігі, еріктілігі, тең құқықтылығы мен заңдылығы;

      2) осы Заңда белгіленген волонтерлік қызметтің мақсаттарын, нысандарын, түрлері мен әдістерін айқындаудағы, бағыттарын таңдаудағы еркіндік;

      3) волонтерлік қызмет туралы ақпараттың жариялылығы және жалпыға бірдей қолжетімділігі;

      4) волонтерлік қызметке қатысушы адамдардың ынтымағы, адалдығы мен ынтымақтастығы;

      5) өмір мен денсаулық қауіпсіздігі;

      6) осы саладағы тең құқылы және өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Волонтерлік қызмет мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы бойынша қызметін алмастырмайды.

6-бап. Волонтерлік қызметтің нысандары мен түрлері

      1. Волонтерлік қызмет:

      1) жеке-дара волонтерлік қызмет;

      2) волонтерлер тобы құрамындағы волонтерлік қызмет;

      2-1) корпоративтік волонтерлік;

      3) волонтерлік ұйым арқылы волонтерлік қызмет нысанында жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Волонтерлік қызметтің негізгі түрлері:

      1) әлеуметтік көмек, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына, арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға көмек көрсетуге қатысу;

      2) қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету, мүгедектігі бар адамдар үшін ортаның қолжетімділігін ұйымдастыру, жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу, интеграциялау және тәрбиелеу жөніндегі жұмысқа жәрдемдесу;

      3) дүлей зілзалалар, экологиялық, техногендік және басқа да апаттар, әлеуметтік шиеленістер, жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккен адамдарға, құқық бұзушылықтар құрбандарына, босқындарға және шарасыздан қоныс аударушыларға, сондай-ақ сырттан жасалатын көмек пен қолдауға мұқтаж адамдардың өзге де санаттары мен топтарына көмек көрсетуге қатысу;

      4) орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алуға және салдарларын жоюға жәрдем көрсету;

      5) хабарсыз кеткен адамдарды, Ұлы Отан соғысы мен оқшау соғыстарға қатысушылардың сүйектерін іздеуге қатысу;

      6) қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға, аумақтарды абаттандыруға қатысу;

      7) тарихи және мәдени мұраны сақтау, тарихи-мәдени мекендеу ортасын қалпына келтіру мен сақтау үшін мүмкіндіктер жасауға қатысу;

      8) білім беруді, ғылымды, мәдениетті дамытуға, білімді танымал етуге, инновацияларды дамытуға қатысу;

      9) дене шынықтыруды, спорт пен белсенді демалысты дамыту мен танымал етуге, өңірлік, өңіраралық, республикалық қоғамдық және халықаралық дене шынықтыру және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысу;

      10) саламатты өмір салтын насихаттау бойынша жұмыс жүргізу, әлеуметтік мәні бар аурулардың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі профилактикалық жұмысты ұйымдастыру және жүргізу;

      11) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, волонтерлік лагерьлер қызметін қоса алғанда, өңірлік, өңіраралық, республикалық және халықаралық мәдени, бұқаралық және басқа да ойын-сауық және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысу, археологиялық қазбаларға, тарихи ғимараттардың қасбеттерін қалпына келтіруге, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерьлерінің жұмысына, конгресс-көрме қызметіне қатысу;

      12) халықтар арасындағы татулықты, достық пен келісімді нығайтуға, әлеуметтік, ұлтаралық, конфессияаралық, этносаралық, діни шиеленістерді болғызбауға қатысу;

      13) волонтерлік қызметтің Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де түрлері болып табылады.

      3. Волонтерлік қызметті ұйымдастырушының волонтерлерді тарту кезінде немесе волонтерлік ұйымның волонтерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес шарт жасасуға құқығы бар.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-1-бап. Корпоративтік волонтерлік

      1. Ұйымдар корпоративтік волонтерлікті дамыту туралы шешім қабылдаған жағдайда волонтерлік қызметті жүзеге асыру жөніндегі ішкі құжаттарды әзірлейді.

      2. Корпоративтік волонтерліктің ішкі құжаттары корпоративтік волонтерлік қызметтің қағидаттарын, негізгі бағыттарын және оны жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      3. Корпоративтік волонтерліктің мақсаттары осы Заңның 4-бабына сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 1-тарау 6-1-баппен толықтырылды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. ВОЛОНТЕРЛІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің волонтерлік қызмет саласындағы құзыреті

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі волонтерлік қызмет саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады.

8-бап. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының волонтерлік қызмет саласындағы құзыреті

      1. Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:

      1) волонтерлік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) волонтерлік қызметті қолдау мен ынталандыру тетіктерін әзірлейді;

      3) волонтерлік қызмет саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға жәрдемдеседі;

      4) волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруға қатысуға және волонтерлік акцияларды өткізуге волонтерлік ұйымдар мен волонтерлерді тарту тәртібі жөнінде ұсынымдар әзірлейді;

      5) волонтерлік қызмет саласында жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      6) алып тасталды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      7) волонтерлік қызмет практикасын талдайды, жиынтықтау мен жинақтап қорытуды жүзеге асырады;

      8) алып тасталды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Алып тастау көзделген – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Волонтерлік қызмет саласындағы уәкілетті орган:

      1) волонтерлік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;

      1-1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың волонтерлік қызметті ұйымдастыру бөлігіндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      2) Қазақстан Республикасындағы волонтерлік қызмет туралы ақпаратты жиынтықтау мен жинақтап қорытуды жүзеге асырады;

      3) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидаларды әзірлейді және бекітеді;

      4) волонтерлік қызметті қолдау және волонтерлік ұйымдар мен волонтерлерді волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруға қатысуға және волонтерлік акцияларды өткізуге тарту тәртібі жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірлейді;

      5) алып тасталды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      6) волонтерлік қызмет саласында жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      7) алып тасталды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      7-1) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізеді;

      7-2) волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін өзінің интернет-ресурсында орналастырады;

      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті

      1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:

      1) волонтерлік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) волонтерлік қызмет саласында жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) алып тасталды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4) волонтерлік қызмет практикасын талдауды, жиынтықтау мен жинақтап қорытуды жүзеге асырады;

      5) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:

      1) волонтерлік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) волонтерлік қызмет саласында жеке, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

      3) алып тасталды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4) волонтерлік қызмет практикасын талдауды, жиынтықтау мен жинақтап қорытуды жүзеге асырады;

      5) волонтерлік қызмет жүйесін дамыту жөнінде шаралар қолданады;

      6) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының волонтерлік қызмет саласындағы өкілеттіктері

      Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының волонтерлік қызмет саласындағы өкілеттіктеріне:

      1) волонтерлік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысу;

      2) жастардың жаппай волонтерлік акцияларын қолдауды жүзеге асыру;

      3) волонтерлік ұйымдардың ақпараттық жүйесінде волонтерлік бағдарламалар (жобалар) волонтерлік және акциялар туралы ақпаратты орналастыру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған өзге де өкілеттіктер жатады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-тарау. ВОЛОНТЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ

12-бап. Волонтер

      1. Волонтерлік қызметті он сегіз жасқа толған жеке тұлғалар жүзеге асыра алады.

      2. Он сегіз жасқа толмаған жеке тұлғалар волонтерлік қызметті олардың денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жағдайда жүзеге асырады. Он төрт жасқа толмаған жеке тұлғалар волонтерлік қызметке ата-анасының (өзге де заңды өкілдерінің) жазбаша келісімімен немесе олармен бірге ілесіп жүруімен қатысады.

      2-1. Он сегіз жасқа толмаған волонтерлерді:

      1) дүлей зілзалалардың, экологиялық, техногендік және басқа да апаттардың, әлеуметтік жанжалдардың, жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шеккен адамдарға; құқық бұзушылық құрбандарына, босқындарға және мәжбүрлі қоныс аударушыларға көмек көрсетуге қатысуға; сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алуға және салдарларын жоюға жәрдемдесуге;

      2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 1) және 2) тармақтарының негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда, сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап жүрген немесе ұшыраған адамдарға көмек көрсетуге;

      3) ауыр жұмыстарға, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстарға тартуға болмайды.

      3. Волонтердің:

      1) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген талаптарды ескере отырып, волонтерлік қызметті жүзеге асыруға өзінің қатысуын еркін таңдауға;

      2) волонтерлік қызметті тоқтату.

      Волонтермен азаматтық-құқықтық шарт жасалған жағдайда, волонтерлік қызметті тоқтату осы шартқа сәйкес жүзеге асырылады;

      3) волонтерлік қызметтің мақсаттары, міндеттері және мазмұны туралы, волонтерлік қызметті ұйымдастырушы туралы, волонтерлік ұйым, оның басшылығы, қызметінің қағидаттары туралы және ұйымдық құрылысы туралы анық ақпарат алуға;

      4) волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) орындауға және волонтерлік акциялар мен волонтерлік қызметті жүзеге асыру үшін ұйымдастырылатын, бастама жасалатын немесе ұсынылатын өзге де іс-шараларды өткізуге;

      5) волонтермен жазбаша нысанда жасалған азаматтық-құқықтық шартта көзделген жағдайда, арнаулы киім алуға және жол жүруге, тұруға, тамақтануға, қажетті жеке қорғаныш құралдарын, құрал-саймандарды сатып алуға арналған шығыстарды және ауыр жұмыстармен, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстармен байланысты жұмыстарды орындау кезіндегі өзге де шығындарды өтетуге;

      6) волонтерлік қызметті ұйымдастырушыдан және волонтерлік ұйымнан ұсыным хаттарды алуға;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізілген жағдайда, ақпараттық ресурстарға өзі жүзеге асырған волонтерлік қызмет туралы, оның жүзеге асырылу орны мен сағат саны, көтермелеулер, өзі алған қосымша дайындық, қолдау және көтермелеу шараларын алу құқығы туралы мәліметтерді, өзге де мәліметтерді енгізуге;

      8) волонтерлік қызметті жүзеге асыру үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт ұйымдарына және табиғат қорғау мен орман мекемелерінің аумағына осы ұйымдардың басшылығымен келісу бойынша кіруге;

      9) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге қатысуға;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ балдары тең болған жағдайда жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде көрсеткен патриотизмі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісі болған кезде артықшылық алуға;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен азаматтық қызметке кірген кезде волонтерлік қызметінің есепке алынуына құқығы бар.

      Сондай-ақ азаматтық қызметке кірген кезде кандидаттың жеке қабілеттері мен кәсіби даярлығы ескеріледі;

      12) халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуге қатысуға құқығы бар.

      4. Волонтер:

      1) волонтерлерді үйлестірушіден алған тапсырмаларды адал орындауға, ал аяқталған соң олардың орындалғаны туралы волонтерлерді үйлестірушіні хабардар етуге;

      2) азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға, волонтерлік қызметті ұйымдастырушының өз құзыретіне сәйкес берген өкімдерін орындауға;

      3) волонтерлік қызметті қауіпсіз орындау қағидаттарын сақтауға, өзінің қызметімен үшінші тұлғаларға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге;

      4) волонтерлік қызмет процесінде волонтер қол жеткізетін ақпараттың құпиялығын сақтауға;

      5) волонтерлік қызметті жүзеге асыру бойынша өз міндеттерін орындауды волонтерлерді үйлестірушінің келісімінсіз өзге адамдарға бермеуге;

      6) волонтерлік қызметті жүзеге асыру процесінде өзіне берілген материалдық ресурстар мен жабдыққа ұқыпты қарауға және жұмыс аяқталғаннан кейін оларды қайтаруға;

      7) мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары лауазымды адамдарының өкілеттіктерінің іске асырылуына кедергі келтірмеуге міндетті.

      5. Волонтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, сондай-ақ азаматтық-құқықтық шартта көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыра алады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Волонтерлерді үйлестіруші

      1. Волонтерлерді үйлестірушіні волонтерлік қызметті ұйымдастырушы немесе волонтерлік бағдарламаны (жобаны) немесе волонтерлік акцияны іске асыруға жауапты волонтерлік ұйым тағайындайды не волонтерлер тобының құрамына кіретін волонтерлер өздерінің арасынан сайлайды.

      2. Волонтерлерді үйлестіруші волонтерлерге нұсқау береді, олардың арасында жұмысты бөледі, әр волонтердің жұмыс орны мен көлемін айқындайды, оның жұмысты орындауын бақылайды.

      3. Волонтерлерді үйлестіруші мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, волонтерлік қызметтің өзге де ұйымдастырушыларымен және өзге де волонтерлік ұйымдармен, сондай-ақ волонтерлер топтарымен өзара іс-қимыл жасайды.

      4. Волонтерлерді үйлестіруші жұмыстарды орындаудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне және жазатайым оқиғалардан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге волонтерлерді оқытуды қамтамасыз етеді.

14-бап. Волонтерлік ұйым

      1. Волонтерлік ұйым волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) әзірлейді және іске асырады және волонтерлік қызметті ұйымдастырушымен, басқа да волонтерлік ұйымдармен бірлесіп немесе волонтерлерді өзі дербес тарта отырып, волонтерлік акциялар өткізеді.

      2. Волонтерлік бағдарламаның (жобаның) мақсаты волонтерлерді пайдалана отырып іске асырылатын әлеуметтік маңызды міндеттерді шешуге бағытталған іс-шаралар кешенін бекіту болып табылады.

      3. Волонтерлік бағдарламаның (жобаның) негізгі міндеттері:

      1) волонтерлік қызметті дамыту;

      2) азаматтардың және волонтерлік ұйымдардың волонтерлік белсенділігін ынталандыру жүйесін дамыту;

      3) волонтерлерді және волонтерлерді үйлестірушілерді даярлау жүйесін жетілдіру;

      4) волонтерлік еңбекті пайдаланатын әртүрлі волонтерлік ұйымдар және өзге де қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар арасында әріптестік өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру болып табылады.

      4. Волонтерлік ұйым қызметін осы Заңның 13-бабына сәйкес жүзеге асыратын волонтерлерді үйлестірушіні тағайындайды.

      5. Волонтерлік ұйымның волонтерлерді арнайы семинарлар, тыңдаулар, жұмыс кездесулерін, волонтерлердің слеттерін өткізуге оқыту үшін білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды тартуға құқығы бар.

      6. Волонтерлік ұйым өзі белгілеген тәртіппен волонтерлерді көтермелеуді жүзеге асырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелеу және (немесе) наградтау үшін анағұрлым ерекшеленген волонтерлердің кандидатураларын волонтерлік қызметті ұйымдастырушыға, сондай-ақ волонтерлік қызметті ұйымдастырушылар болып табылмайтын мемлекеттік органдарға ұсынады.

      7. Волонтермен жазбаша нысанда жасалған азаматтық-құқықтық шартта көзделген жағдайларда, волонтерлік ұйым волонтерге арнаулы киім береді және оның нақты тұратын жерінен жол жүруіне, тұруына, тамақтануына, қажетті жеке қорғаныш құралдарын, құрал-саймандарды сатып алуға арналған шығыстарын және ауыр жұмыстармен, зиянды және (немесе) қауіпті жағдайлардағы жұмыстармен байланысты жұмыстарды орындау кезіндегі өзге де шығындарын өтейді.

      8. Волонтерлік ұйым Волонтердің әдеп кодексін әзірлейді және бекітеді.

      9. Волонтерлік ұйым өз ұйымында волонтерлердің есебін жүргізуге құқылы.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Волонтерлік қызметті ұйымдастырушы

      1. Волонтерлік қызметті ұйымдастырушы:

      1) волонтерлік бағдарламаларды (жобаларды) іске асыруды және волонтерлік акцияларды өткізуді ұйымдастырады;

      2) волонтерлік қызметті қолдау мен ынталандырудың мемлекеттік бағдарламаларын, егер бұл осы бағдарламаларда көзделсе, іске асыруға қатысады;

      3) волонтерлік ұйымға және (немесе) волонтерге жоспарланатын және жүзеге асырылатын волонтерлік бағдарламалар (жобалар) және волонтерлік акциялар, оларға қатысушылардың саны, олардың өткізілу орны мен уақыты, оларды өткізуге қойылатын талаптар туралы ақпаратты, соның ішінде өздерінің интернет-ресурстарына орналастыру арқылы береді;

      4) волонтерлік қызметті жүзеге асыру үшін волонтерге жағдай жасайды;

      5) волонтерлік ұйымға және (немесе) волонтерге ұсыным хат береді.

16-бап. Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімі

      1. Волонтерлік қызметті ұйымдастыруды ретке келтіру мақсатында Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімі жүргізіледі.

      2. алып тасталды – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Волонтерлік қызмет туралы мәліметтер жалпыға қолжетімді болып табылады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Волонтерлік қызметті қолдау және қаржылық қамтамасыз ету

      1. Волонтерлік қызметті қолдау шаралары қайырымдылық көмек түрінде мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:

      1) материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

      2) мүліктік қамтамасыз ету;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қолдау нысандары.

      2. Волонтерлік қызметті қаржылық қамтамасыз ету жеке және (немесе) заңды тұлғалардың меншікті немесе тартылған қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.

      3. Мемлекет волонтерлерді "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік наградалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда мемлекеттік наградалармен наградтау арқылы волонтерлік қызметті ынталандырады.

      4. Мемлекет волонтерлік ұйымдарға "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес коммуналдық мүлікті кейіннен сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен сенімгерлік басқаруға беру түрінде қолдау көрсетеді.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

18-бап. Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының волонтерлік қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

19-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады