Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар жағдайындағы өңірлік әзірлік, ден қою және ынтымақтастық туралы хаттаманы ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2016 жылғы 18 наурыздағы № 474-V ҚРЗ

      2011 жылғы 12 тамызда Ақтауда қол қойылған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар жағдайындағы өңірлік әзірлік, ден қою және ынтымақтастық туралы хаттама ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. Назарбаев

Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар
жағдайындағы өңірлік әзірлік, ден қою және ынтымақтастық туралы
ХАТТАМА

(2016 жылғы 25 шілдеде күшіне енді - Қазақстан Республикасының
халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 5, 87-құжат)

      Әзірбайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрікменстан (бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын) Каспий маңы мемлекеттері,
      2003 жылғы 4 қарашада Тегеранда жасалған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның (бұдан әрі «Конвенция» деп аталатын) Тараптары бола отырып, Иран Ислам Республикасы,
      Конвенцияның тиісті ережелерін орындауға әзірлігін растай отырып;
      Каспий теңізінің мұнаймен ластануы және теңіздің мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар теңіз ортасына қауіп төндіретінін мойындай отырып;
      кемелермен, құбыржолдармен, тұрақты және жүзетін платформалармен, қараусыз қалған ұңғымалармен және жербеті ластану көздерімен болатын, мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар жағдайында қажетті арнайы шараларды мойындай отырып;
      осындай тосын оқиғалар келтіретін залалды азайту мақсатында мұнаймен ластануға әкелетін теңіздегі тосын оқиғалар жағдайында жылдам әрі тиімді әрекет етуге батыл қадам жасай отырып;
      теңіздің мұнаймен ластануына әкелетін тосын оқиғалармен  күресуге ұлттық деңгейдегі әзірліктің маңыздылығын атап көрсете отырып;
      Уағдаласушы Тараптар арасындағы өзара көмек пен халықаралық ынтымақтастықты жолға қоюдың одан әрі маңыздылығын мойындай отырып;
      сондай-ақ Каспий теңізінің мұнаймен ластануына әкелетін тосын оқиғалардың қатерін азайту үшін жеке және бірлесіп қолданылатын шаралардың маңыздылығын атап көрсете отырып;
      мақсаты теңіздің мұнаймен ластануына әкелетін тосын оқиғалар жағдайында көмек көрсету болып табылатын әлемнің басқа жерлеріндегі өңірлік шарттарын назарға ала отырып;
      Уағдаласушы Тараптардың теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандарды мұнаймен ластанудан қорғау ниетін назарға ала отырып;
      сондай-ақ тиісті, атап айтқанда, мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға әзірлікті және ден қоюды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жауапкершілікке және ластанудан келтірілген залалды өтеуге байланысты халықаралық конвенцияларды назарға ала отырып;
      Каспий теңізінің мұнаймен ластауымен күресуде Уағдаласушы Тараптар арасындағы ынтымақтастық пен өзара көмекті одан әрі дамытуға ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бөлім. Жалпы ережелер

1-бап. Терминдердің пайдаланылуы

      Осы Хаттаманың мақсаттары:
      (а) «мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиға» «мұнаймен ластануға әкелетін аварияларды» қамтиды және мұнайдың төгілуіне әкелетін немесе әкелуі мүмкін, теңіз ортасына не жағалау сызығына қауіп төндіретін немесе төндіруі мүмкін және төтенше шараларды немесе басқа да шапшаң іс-әрекеттерді талап ететін оқиғаны немесе бірдей себебі бар бірқатар оқиғаларды білдіреді;
      (b) «мұнай» шикі мұнайды, сұйық отынды, тұнбаны, мұнай қалдықтарын және тазартылған өнімдерді қоса алғанда, кез келген нысандағы мұнайды білдіреді;
      (с) «кеме» теңіз ортасында пайдаланылатын кез келген үлгідегі кемені, оның ішінде ауа көпшігіндегі, су асты қанатындағы кемені, су асты кемелерін, тіркелген және өзі жүретін жүзу құралдарын білдіреді;
      (d) «теңіз қондырғысы» теңіздегі кез келген платформаларды және  көмірсутегі ресурстарымен не оларды тиеуге немесе түсіруге байланысты  барлау, өндіру немесе өндіріс үшін пайдаланатын басқа да қолдан жасалған тұрақты немесе жүзетін конструкцияларды білдіреді;
      (е) «теңіз порттары және мұнай өңдеуге байланысты объектілер» мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиға қатерін төндіретін құрылыстарды білдіреді және өзгелер қатарында теңіз порттарын, мұнай терминалдарын, құбыржолдарды және мұнай өңдеуге байланысты басқа да объектілерді қамтиды;
      (f) «құзыретті ұлттық орган» әр Уағдаласушы Тараптан тағайындалған мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға әзірлікке және ден қоюға жауапты, осы Хаттамада анықталған міндеттемелерді іске асыруға және жүзеге асыруға жауапты болатын ұлттық органды білдіреді.

2-бап. Қолданылу саласы

      Осы Хаттаманың қолданылу саласы оның деңгейінің ауытқуын ескере отырып, Каспий теңізінің теңіз аясына, теңізге жақындығынан оның әсеріне ұшырайтын құрлыққа және теңіздің жерүсті көздерден мұнаймен ластануына таралады.

3-бап. Мақсаты

      Осы Хаттаманың мақсаты Конвенцияның 8 және 9-баптарында санамаланған қызмет түрлерінен туындаған Каспий теңізінің мұнаймен ластануы және теңіздің жерүсті көздерінен мұнаймен ластануы жағдайында әзірлікті, ден қоюды және ынтымақтастықтың өңірлік шараларын қамтамасыз ету болып табылады.

4-бап. Жалпы ережелер

      1. Уағдаласушы Тараптар мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға әзірлікті және ден қоюды қамтамасыз ету мақсатында қажетті барлық тиісті шараларды жеке немесе бірлесіп қабылдайды.
      2. Уағдаласушы Тараптар бірлескен іс-қимылдың практикалық, жедел және техникалық аспектілері бойынша басшылықты бірлесіп әзірлейді және бекітеді.
      3. Уағдаласушы Тараптар өңірлік тетік жасайды. Мұндай тетіктің рәсімдері қарауға және кейіннен Уағдаласушы Тараптар Конференциясының қабылдауына жатады.
      4. Осы Хаттаманың жедел орындалуы үшін Каспий теңізінде төтенше жағдайлар болған жағдайда мұнаймен ластанумен күресудің өңірлік ынтымақтастық жөніндегі жоспары құрылады.

5-бап. Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалармен күресу
жөніндегі төтенше шаралардың ұлттық жүйелері мен жоспарлары

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап мұнаймен ластануға жедел ден қоюдың ұлттық жүйесін құрады. Бұл жүйе кемінде:
      (а) мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға әзірлікті және ден қоюды қамтамасыз етуге жауапты құзыретті ұлттық органды;
      (b) осы Хаттаманың 7-бабы 4-тармағында аталған мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар туралы хабарламаларды алуға және беруге жауапты ұлттық жедел байланыс пунктін;
      (с) көмек сұрай отырып немесе сұралатын көмекті көрсету туралы шешім қабылдай отырып, Уағдаласушы Тараптар атынан әрекет етуге құқығы бар құзыретті ұлттық органды тағайындауды қамтиды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға әзірлікті және ден қоюды қамтамасыз ету жөніндегі төтенше шаралардың ұлттық жоспарын әзірлейді және жүзеге асырады. Төтенше шаралардың ұлттық жоспары өзгелердің қатарында мыналарды:
      (а) әкімшілік құрылымдар және мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға әзірлік және олармен күресу кезінде өзара әрекет ететін әрбір орган жауапкершілігінің сипатын;
      (b) мұнай төгілуінің ықтимал көздерін айқындауда;
      (с) мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалармен күресу үшін жұмылдырылуы ықтимал жабдық пен адами ресурстардың тізбесін;
      (d) жиналған мұнайды уақытша сақтау және түпкілікті жою шараларын айқындауды қамтиды.
      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап мұнайды төгу кезінде пәрменді шараларды қамтамасыз ету үшін алдын ала анықталған орындарға орналастырылған жабдықтың ең аз санын құрады (қажет болған жағдайда мұнай өнеркәсібі және кеме қатынасы саласының кәсіпорындарымен және порт билігімен немесе кез келген басқа да тиісті ұйымдармен ынтымақтаса отырып) және әзірлік жағдайында ұстайды. Жабдық саны мұнаймен ластанудан күтілетін қатерінің деңгейіне сәйкес болуға тиіс.
      4. Әрбір Уағдаласушы Тарап жеке немесе екіжақты немесе көпжақты ынтымақтастық шеңберінде мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар кезіндегі іс-қимылға жауапты органдардың әзірлік жағдайын күшейту үшін персоналды оқыту және даярлау бағдарламаларын әзірлейді.

6-бап. Ақпарат тарату және алмасу

      Әрбір Уағдаласушы Тарап өзіне басқа Уағдаласушы Тараптарға не тікелей, не өңірлік тетік арқылы:
      (а) осы Хаттаманың 5-бабының 1-тармағында және 2-тармағының (а) тармақшасында сипатталған ақпаратты;
      (b) теңіздің мұнаймен ластануын болдырмауға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдер туралы және зерттеу бағдарламаларының нәтижелерін қоса алғанда, ластанулармен күресудің жаңа тиімді шаралары туралы ақпарат;
      (с) мұнаймен ластануға әкелетін, олар бойынша шаралар қабылданған ірі тосын оқиғалар туралы ақпаратты жіберу міндеттемесін алады.

7-бап. Ластану туралы хабарлау тәртібі

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз туының астында жүзетін кемелерге жауапты тұлғалардың өз кемелеріндегі мұнайдың төгілуіне, ағуына немесе шығарылуына әкеп соқтырған немесе кез келген ықтимал төгілуі, ағуы немесе шығарылуы туралы төтенше жағдай туралы тиісті құзыретті ұлттық органдарды дереу хабардар етуін қамтамасыз етеді.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің теңіз қондырғыларына, теңіз порттарына және мұнай өңдеу объектілеріне жауапты тұлғаларға өзінің құзыретті ұлттық органына олардың қызметі үдерісінде туындаған, мұнайдың төгілуіне, ағуына немесе шығарылуына әкеп соқтырған кез келген оқиға немесе кез келген ықтимал төгілу, ағуы немесе шығарылуы туралы тез арада хабарлау міндетін жүктейді.
      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап:
      (а) капитандарға немесе өз туының астында жүзетін кемелерге жауапты басқа да тұлғаларға;
      (b) өзінің теңіздегі инспекциялық кемелері мен ұшатын аппараттарына;
      (с) өзінің азаматтық ұшатын аппараттарының ұшқыштарына;
      (d) өзінің теңіз қондырғыларына, теңіз порттарына және мұнай өңдеумен байланысты объектілеріне жауапты тұлғаларға теңізде, теңіз портында немесе объектіде, мұнай өңдеуге байланысты, мұнайдың төгілуіне әкеп соқтырған кез келген байқалған оқиға туралы немесе кез келген байқалған жүзетін мұнай дақтары туралы құзыретті ұлттық органдарға тез арада хабарлауға нұсқаулар береді.
      4. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы баптың 13-тармақтарына сәйкес ақпаратты қоса алғанда, мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиға туралы ақпарат алғасын тосын оқиғаға қатысы бар болуы мүмкін барлық Уағдаласушы Тараптарды, оның ішінде өңірлік тетік арқылы тосын оқиға туралы және өзі қабылдаған немесе қабылдауды жоспарлаған кез келген іс-қимыл туралы дереу хабардар етеді.

8-бап. Жедел шаралар

      1. Мұнай төгілгенде әзірлікті және ден қоюды қамтамасыз етудегі өзінің ұлттық жүйесіне сәйкес әрбір мүдделі Уағдаласушы Тарап мұнай төгілген жағдайда өзіне:
      (а) мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалардың таралу саласын және ықтимал салдарын немесе мән-жайларға байланысты төгілген мұнайдың типін және шамамен көлемін және құйылу дрейфінің бағыты мен жылдамдығына, пайда болуына қажетті бағалауды жүргізуге;
      (b) мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалардың әсерін  болдырмау, азайту және барынша ықтималдығын жою үшін барлық іс жүзіндегі мүмкін шараларды қабылдауға;
      (c) мұнаймен ластануды бақылауды және басқа Уағдаласушы Тараптарды мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаға қатысты оқиғалардың дамуы, қабылданған және жоспарланған шаралар туралы хабардар етуге;
      (d) Каспий теңізінде төтенше жағдайлар болған жағдайда Мұнаймен ластанумен күресудің өңірлік ынтымақтастық жөніндегі жоспарының орындалуына жәрдемдесуге және оны қолдауға міндеттеме алады.
      2. Төтенше жағдайлардан туындаған ластанумен күресу бойынша шаралар қабылдау кезінде:
      (а) адамзат өмірін;
      (b) егер кеме немесе су қондырғысы мұнаймен ластануға байланысты төтенше жағдайға тап болса, қоршаған ортаға залалды болдырмау немесе азайту қажеттілігін есепке ала отырып, кеменің өзін немесе су қондырғысын құтқару үшін барлық ықтимал шараларды қабылдайды.
      Мұндай іс-қимылды қолданатын кез келген Уағдаласушы Тарап Халықаралық теңіз ұйымын тікелей немесе өңірлік тетік арқылы хабардар етеді.

9-бап. Кемелердің бортында, теңіз қондырғыларында, теңіз
порттарында және мұнай өңдеуге байланысты объектілерде мұнайдың
ластануымен күресу жөніндегі төтенше шаралар жоспарлары

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз туының астында жүзетін кемелердің борттарында 1990 жылғы Мұнаймен ластану жағдайына әзірлікті қамтамасыз ету, онымен күресу және ынтымақтастық жөніндегі халықаралық конвенциясына, атап айтқанда 3-бабы 1 (а)-тармағына, халықаралық қағидаларға сәйкес және 1978 жылғы Хаттамамен өзгертілген 1973 жылғы Кемелердің ластануын болдырмау жөніндегі халықаралық конвенцияға 1-қосымшаның 37-ережесінде көзделген мұнаймен ластанумен күресу жөніндегі төтенше шаралардың кеме жоспарының болуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз туының астында жүзетін кемелердің капитандарынан мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиға жағдайында төтенше шаралар жоспарында сипатталған рәсімдерді басшылыққа алуды және атап айтқанда, осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес қабылдануға тиіс іс-қимыл үшін және осы органдармен ынтымақтастық үшін қажетті кеме және оның жүгі туралы толық ақпаратпен құзыретті ұлттық органдарды қамтамасыз етуді талап етеді.
      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап өздерінің:
      (а) теңіз қондырғыларына жауапты операторлары;
      (b) теңіз порттарына жауапты органдары немесе операторлары; және
      (c) мұнай өңдеуге байланысты объектілерге жауапты операторлары мұнаймен ластанған жағдайда осы Хаттаманың 5-бабына сәйкес құрылған ұлттық жүйемен келісілетін және құзыретті ұлттық орган белгілеген рәсімдерге сәйкес мақұлданған төтенше шаралар жоспарларын дайындауды талап етеді.

10-бап. Көмек

      1. Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғамен күресуде немесе осындай тосын оқиғаның туындау қаупінде көмекті талап ететін Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тараптардан көмек сұрай алады. Көмек сұрайтын Уағдаласушы Тарап сарапшылық көмекті, мамандандырылған персоналды және ден қою командасын, жабдықты, материалдарды, кемелерді және ұшатын аппараттары қамтуы мүмкін талап етілетін көмектің түрін көрсетеді. Осы бап шеңберінде көмек сұралатын Уағдаласушы Тараптар осындай көмек беру үшін өздерінің ресурстары мүмкіндік беретіндей ең жақсы мүмкіндіктерін пайдаланады.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап:
      (а) өз аумағында мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғамен күресуде пайдаланылатын кемелердің, ұшатын аппараттардың және көліктің басқа да түрлерінің келуі мен пайдаланылуына және одан кетуіне немесе персоналды, жүктерді, материалдарды және осындай тосын оқиғамен күресу үшін талап етілетін жабдықты тасымалдауға;
      (b) осы баптың 2-тармағының а) тармақшасында аталған персоналды, жүктерді, материалдарды және жабдықты өз аумағына, аумағы арқылы, аумағынан жылдам өткізуге ықпал ететін қажетті құқықтық және әкімшілік шараларды қабылдайды.

11-бап. Көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтеу

      1. Егер мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалармен күресуде Уағдаласушы Тараптардың іс-қимылын реттейтін қаржы талаптары туралы шарттар осындай тосын оқиғаға дейін екіжақты немесе көпжақты негізде жасалмаса, Уағдаласушы Тараптар осы баптың 23 және 4-тармақтарына сәйкес ластанумен күресу бойынша өздерінің тиісті іс-қимылына байланысты шығыстарды көтереді.
      2. Бір Уағдаласушы Тараптың мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалармен күресуде басқа Уағдаласушы Тарапқа көмек көрсетуі жөніндегі іс-қимылы көмек алушы Уағдаласушы Тараптың жазбаша сұратуы негізінде қабылданады.
      3. Уағдаласушы Тарап басқа Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша қабылдаған мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалармен күресуде көмек көрсету жөніндегі іс-қимылға арналған шығыстарды осындай көмек сұратушы Уағдаласушы Тарап өтейді. Егер өтініш күшін жойса, сұратушы Уағдаласушы Тарап көмек көрсетуші Уағдаласушы Тарап шеккен немесе өзіне қабылдаған шығыстарды көтереді.
      4. Егер көмек көрсету жөніндегі іс-қимылды Уағдаласушы Тарап бастамасымен қабылдаған болса және басқа Уағдаласушы Тарап қарсы болмаса, онда көмек көрсетуші Уағдаласушы Тарап өзінің іс-қимылына байланысты шығыстарды көтереді.
      5. Егер мүдделі Уағдаласушы Тараптар әрбір нақты жағдайда өзге туралы уағдаласпаса, осы баптың 2, 3 және 4-тармақтарында белгіленген қағидаттар қолданылады.
      6. Егер өзгеше келісілмесе, басқа Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша Уағдаласушы Тарап қабылдаған іс-қимылға байланысты шығыстар осындай шығыстарды өтеуге қатысты көмек көрсетуші Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті түрде есептеледі.
      7. Көмек сұраушы Уағдаласушы Тарап және көмек көрсетуші Уағдаласушы Тарап қажет болған кезде шығыстарды өтеу туралы талаптарды реттеу жөніндегі іс-қимылды жүзеге асыруда ынтымақтасады. Осы мақсатта олар жауапкершілік және ластанумен келтірілген залалды өтеу саласында қолданыстағы құқықтық режимді тиісті түрде ескереді. Егер осылайша қабылданатын іс-қимыл көмек көрсету жөніндегі операцияға байланысты шеккен шығыстардың толық өтемін алуға мүмкіндік бермесе, көмек көрсетуші Уағдаласушы Тарапқа өтемақы сомасынан асып түсетін шығыстарды өтеуден бас тарту немесе осы баптың 6-тармағына сәйкес есептелген шығыстарды азайту өтінішімен жүгіне алады. Ол сондай-ақ мұндай шығыстарды өтеуді кейінге қалдыру туралы өтінішпен жүгіне алады.
      8. Осы баптың ережелері ешбір түрде Уағдаласушы Тараптардың мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалармен күресуде іс-қимылға немесе олардың ұлттық заңнамасы мен Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес мұндай тосын оқиғалар қаупіне байланысты шығыстарды үшінші тараптан өндіріп алу құқықтарына залал келтіретіндей ретінде түсіндірілмейді. Уағдаласушы Тараптар осындай іс-қимылдар кезінде келтірілген шығыстарды қайтаруда ынтымақтаса және өзара көмекті қамтамасыз ете алады.

2-бөлім. Ұйымдастырушылық құрылымдар

12-бап. Ұйымдастырушылық ережелер

      1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 22-бабы 10-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптар Конференциясы өзгелер қатарында:
      (а) осы Хаттаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      (b) осы Хаттаманың мазмұнына шолуды жүзеге асырады;
      (с) осы Хаттамаға немесе оның қосымшаларына кез келген түзетулерді қарайды және қабылдайды;
      (d) осы Хаттамаға байланысты мәселелер бойынша Хатшылық әзірлеген есептерді қарайды;
      (e) осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет болған жағдайда тиісті халықаралық органдар мен ғылыми институттарға техникалық және қаржылық қызмет көрсету үшін жүгінеді;
      (f) осы Хаттаманы орындау үшін қажет болуы мүмкін деп танылатын  қосалқы органдарды құрады;
      (g) осы Хаттаманың 4-бабы 3-тармағында көрсетілген міндеттерді орындайды;
      (h) осы Хаттаманың стратегиясын, іс-қимыл жоспарларын және орындау бағдарламаларын қарайды;
      (і) осы Хаттаманы орындау үшін талап етілуі мүмкін осындай басқа да функцияларды орындайды.
      2. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 23-бабы 4-тармағына сәйкес Хатшылық, өзгелер қатарында:
      (а) осы Хаттаманың ережелеріне сәйкес алынған хабарламаларды және басқа да ақпаратты дайындайды және Уағдаласушы Тараптардың қарауына ұсынады;
      (b) осы Хаттаманың орындалуына байланысты мәселелер бойынша есептер дайындайды және таратады;
      (с) Уағдаласушы Тараптардан алынатын мәселелер мен ақпаратты қарайды және осы Хаттаманың орындалуына байланысты мәселелер бойынша олармен консультациялар жүргізеді;
      (d) кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша осы Хаттаманы тиімді орындау үшін техникалық жәрдем көрсетуді және консультацияларды қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      (е) өңірлік және халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен тиісті түрде ынтымақтасады;
      (f) Уағдаласушы Тараптар Конференциясымен анықталуы мүмкін осындай басқа да функцияларды орындайды.

13-бап. Өңірлік тетік функциялары

      1. Өңірлік тетік Уағдаласушы Тараптарға мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға жылдам әрі тиімді ден қоюға жәрдемдеседі.
      2. Өңірлік тетіктердің функциялары мыналарды қамтиды:
      а) Уағдаласушы Тараптардың құзыретті ұлттық органдарымен, сондай-ақ қажет болған кезде мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалармен күресу жөніндегі іс-қимылға байланысты тиісті халықаралық және өңірлік үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен және органдармен тығыз жұмыс қатынастарын орнату;
      b) техникалық ынтымақтастық, оқыту, оқу-жаттығу бойынша өңірлік қызметті үйлестіру және төтенше жағдайлар кезінде сараптаманы қамтамасыз ету және осы салаларда ұлттық қызметке көмек көрсету;
      с) мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар туралы ақпарат жинау және тарату (сипаты, сарапшылардың пікірі, тосын оқиғалар туралы хабарламалар, төтенше шаралар жоспарларын жақсарту бойынша техникалық жетістіктер т.б.);
      d) мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғаларға қатысты мәліметтер мен ақпарат берудің жүйелік рәсімдерін дайындау;
      е) Каспий теңізінің мұнаймен ластануын тудыратын тосын оқиғаларды бақылауға арналған техникалық құралдар туралы ақпарат алмасу бойынша орталық пункт ретіндегі қызмет;
      f) Каспий теңізінде төтенше жағдайлар болған жағдайда мұнаймен ластанумен күресудің өңірлік ынтымақтастық жөніндегі Жоспарын жаңарту жөнінде ұсыныстар енгізу;
      g) Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы анықтауы мүмкін басқа  ұқсас функцияларды орындау.

3-бөлім. Жүзеге асыру және сақтау

14-бап. Хаттаманы қаржыландыру

      1. Осы Хаттаманың мақсатына қол жеткізу үшін Уағдаласушы Тараптар тиісті бағдарламалар, жобалар мен шаралар әзірлеуді және жүзеге асыруды қаржы ресурстарымен қамтамасыз етеді. Ол үшін Уағдаласушы Тараптар:
      а) қолда бар ішкі қаржы ресурстарын бөледі;
      b) гранттар мен несиелерді қоса алғанда, қаржыландырудың екіжақты және көпжақты көздерінің және тетіктерінің қаржы ресурстарын тартуға жәрдемдеседі;
      с) қорлардың, үшінші елдердің үкіметтік мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке сектор құрылымдарының қаражатын қоса алғанда, ресурстарды тарту және бағыттау үшін инновациялық әдістер мен ынталарды зерделейді.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптар басқа шешім қабылдамаған жағдайда  осы Хаттамаға Конвенцияның қаржылық қағидалары mutatis mutandis  қолданылады.

15-бап. Конвенциямен байланыс

      Егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше анықтамаса, осы Хаттамаға Конвенцияның 22-бабы 9-тармағының (с) тармақшасына сәйкес қабылданған рәсімнің қағидалары қолданылады.

16-бап. Дауларды реттеу

      Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе талқылауға қатысты кез келген дау Конвенцияның 30-бабына сәйкес реттеледі.

17-бап. Хаттаманың қабылдануы және күшіне енуі

      1. Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптар Конференциясының сессиясында Уағдаласушы Тараптардың бір ауызды шешімімен қабылданады.
      2. Осы Хаттама ________ қаласында _____ -нан дейін тек Каспий маңы мемлекеттерінің қол қоюы үшін ашық.
      3. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің ратификациялауына, қабылдауына немесе бекітуіне жатады және қол қою үшін жабылған күнінен бастап кез келген Каспий маңы мемлекетінің қосылуы үшін ашық болады.
      4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу туралы құжаттар Конвенцияның депозитарийіне сақтауға тапсырылады.
      5. Осы Хаттама барлық Каспий маңы мемлекеттері ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе оған қосылу туралы құжаттарды Конвенцияның депозитарийіне сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

18-бап. Хаттамаға түзетулер мен қосымшаларды және оның
қосымшаларына түзетулерді қабылдау

      Уағдаласушы әрбір Тарап осы Хаттамаға түзетулер мен қосымшаларды, сондай-ақ оның қосымшаларына түзетулерді қабылдау туралы ұсыныстар енгізе алады. Мұндай түзетулер мен қосымшаларды Уағдаласушы Тараптар қабылдайды және олар үшін Конвенцияның 24 және 25-баптарына сәйкес күшіне енеді.

4-бөлім. Қорытынды баптар

19-бап. Хаттаманың ұлттық заңнамаға әсері

      Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманы орындау жөніндегі неғұрлым қатаң тиісті ұлттық шараларды қабылдау құқығына әсер етпейді.

20-бап. Өзге де халықаралық шарттармен байланыс

      Осы Хаттамадағы ешнәрсе Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын өзге халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне зиян келтірмейді.

21-бап. Ескертулер

      Осы Хаттамаға ешқандай ескертулерге рұқсат етілмейді.

22-бап. Мәтіндердің дәлме-дәлдігі

      Осы Хаттаманың әзірбайжан, қазақ, орыс, түркімен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіндері бірдей дәлме-дәл болып табылады. Осы Хаттаманы талқылау немесе қолдану туралы даулар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.

23-бап. Депозитарий

      Конвенция депозитарийі осы Хаттаманың депозитарийі болып табылады.

24-бап. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі
келіссөздерге қатысы

      Осы Хаттаманың ешқандай ережелері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін алдын ала анықтайтындай түсіндірілмейді.

      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде осыған уәкілеттік берілген, төменде қол қойғандар осы Хаттамаға қол қойды.

      Ақтау қаласында 2011 жылғы 12 тамызда жасалды.

      Әзірбайжан Республикасы үшін
      Иран Ислам Республикасы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы үшін
      Түрікменстан үшін

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Хаттаманың әзірбайжан, түркімен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады