Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 8 ақпандағы № 222-VІ ҚРЗ.

      ПРЕСС-РЕЛИЗ

      2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда жасалған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы
КОНВЕНЦИЯ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Конвенцияның қатысушылары - Каспий теңізінің жағалауында орналасқан мемлекеттер - Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстан,

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының және халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын негізге ала отырып,

      Тараптар арасындағы ынтымақтастық, тату көршілік және өзара түсіністік ахуалын ескере отырып,

      Тараптар арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды тереңдету және кеңейту ниетін басшылыққа ала отырып,

      Тараптар үшін Каспий теңізінің өмірлік маңызды мәні бар екеніне және олар ғана Каспий теңізі мен оның ресурстарына қатысты егемендік құқықтарға ие екендігіне сүйене отырып,

      Каспий теңізіне қатысты мәселелердің шешімі Тараптардың айрықша құзыретіне жататынын атап көрсете отырып,

      Каспий теңізінің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени маңызын тани отырып,

      Каспий теңізінің сақталуы, өңірдің орнықты дамуы үшін қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып,

      осы Конвенция Тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне,

      Каспий теңізін бейбіт мақсаттарда пайдалануға, оның ресурстарын ұтымды пайдалануға, оның табиғи ортасын зерделеуге, қорғауға және сақтауға жәрдемдесетініне сенімді бола отырып,

      Каспий теңізінде өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ұмтыла отырып,

      Каспий теңізі өңірінде орын алған геосаяси және ұлттық деңгейдегі өзгерістер мен процестерді, Тараптар арасындағы уағдаластықтарды және осыған байланысты - Каспий теңізінің құқықтық режимін жетілдіру қажеттігін ескере отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін төмендегі терминдер мынаны білдіреді:

      "Каспий теңізі" - куәландырылған көшірмелері осы Конвенцияға қоса берілген және оның ажырамас бөлігі болып табылатын Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Навигация және мұхиттану бас басқармасының, Санкт-Петербург қаласы, 1998 жылы басып шығарылған, нөмірі 31003, 17.04.1997 жылғы архивтік басылымдағы; 1999 жылы басып шығарылған, нөмірі 31004, 04.07.1998 жылғы архивтік басылымдағы; 1998 жылы басып шығарылған, нөмірі 31005, 16.11.1996 жылғы архивтік басылымдағы, 1:750 000 масштабты теңіз навигациялық карталарына жағалаулары түсірілген Тараптардың құрлықтық аумақтарымен қоршалған су айдыны.

      "Бастапқы сызық" - бастапқы қалыпты және тік сызықтардан тұратын сызық.

      "Бастапқы қалыпты сызық" - Каспий маңындағы мемлекеттер ресми түрде таныған ірі масштабты карталарда көрсетілген, Каспий маңындағы мемлекеттің материктік бөлігінде немесе оның аралдарында орналасқан, 1977 жылғы Балтық биіктіктер жүйесінің Кронштад футштогының нөліне қатысты минус 28,0 метр белгісіндегі Каспий теңізінің орташа көпжылдық деңгейінің сызығы.

      "Бастапқы тік сызықтар" - жағалаулардың тиісті нүктелерін байланыстыратын және жағалау сызығы ирелеңдеген немесе жағалау бойлығы және оған тікелей жақын аралдар тізбегі бар жерлерде бастапқы сызықты құрайтын тік сызықтар.

      Бастапқы тік сызықтарды белгілеу әдістемесі барлық Тараптар арасындағы жеке келісіммен айқындалады.

      Егер жағалау мемлекетінде ішкі суларды белгілеу бөлігінде көрінеу тиімсіз жағдайда қалдыратын жағалау конфигурациясы бар болса, онда бұл мән-жай барлық бес Тараптың келісіміне қол жеткізу мақсатында көрсетілген әдістемемен жұмыста ескерілетін болады.

      "Ішкі сулар" - бастапқы сызықтардан жағалау жағына қарай орналасқан сулар.

      "Аумақтық сулар" - жағалау мемлекетінің егемендігі қолданылатын теңіз белдеуі.

      "Балық аулау аймағы" - жағалау мемлекеті су биологиялық ресурстары кәсіпшілігіне айрықша құқыққа ие болатын теңіз белдеуі.

      "Ортақ су кеңістігі" - балық аулау аймақтарының сыртқы шегінде орналасқан және барлық Тараптардың пайдалануындағы акватория бөлігі.

      "Сектор" - су түбі және жер қойнауы ресурстарын игеруге байланысты жер қойнауын пайдалану және басқа да құқыққа сыйымды шаруашылық-экономикалық қызмет мақсатында Тараптар арасында аражігі ажыратылған су түбі мен жер қойнауы учаскелері.

      "Су биологиялық ресурстары" - балықтар, молюскалар, шаян тәрізділер, сұтқоректілер және су жануарлары мен өсімдіктерінің басқа да түрлері.

      "Бірлескен су биологиялық ресурстары" - басқарылуын Тараптармен бірлесіп жүзеге асырылатын су биологиялық ресурстары.

      "Кәсіпшілік" - мақсаты су биологиялық ресурстарын өз табиғи мекендеу ортасынан алу болып табылатын кез келген қызмет түрі.

      "Әскери кеме" - Тараптардың қандай да бірінің қарулы күштеріне тиесілі, осындай кемелердің Тарап ұлтын ерекшелейтін сыртқы белгілері бар, осы Тарап үкіметінің қызметінде тұрған және тегі әскери қызметшілердің тиісті тізіміне немесе оған баламалы құжатқа енгізілген офицердің қол астындағы және тұрақты әскери тәртіпке бағынатын экипажы бар кеме.

      "Каспий теңізінің экологиялық жүйесі" - Каспий теңізі мен теңіздің жақындығы әсер ететін құрлық шегінде ауа, су және адамды қоса алғанда, биологиялық организмдердің өзара іс-қимыл жасасатын құрамдастары.

      "Ластану" - адамның Каспий теңізінің экологиялық жүйесіне тікелей немесе жанама түрде, оның ішінде жерүсті көздерінен биологиялық ресурстар мен теңіздегі тіршілікке зиян, адам денсаулығына қауіп сияқты қатерлі салдарға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін, теңіздегі қызметке, оның ішінде су биологиялық ресурстарының кәсіпшілігі мен теңізді пайдаланудың басқа да құқыққа сыйымды түрлеріне кедергі жасайтын, пайдаланылатын теңіз суының сапасын төмендететін және демалыс жағдайын нашарлататын заттарды, организмдерді немесе энергияны енгізуі.

2-бап

      1. Осы Конвенцияға сәйкес Тараптар Каспий теңізінде егемендікті, егемендік және айрықша құқықтарды іске асырады, сондай-ақ юрисдикцияны жүзеге асырады.

      2. Осы Конвенцияда Тараптардың Каспий теңізінің суын, су түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстарын және теңіз үстіндегі әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспий теңізін пайдалануға қатысты құқықтары мен міндеттемелері айқындалады және реттеледі.

3-бап

      Тараптардың Каспий теңізіндегі қызметі мынадай:

      1) мемлекеттердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, тәуелсіздігін, егемендік теңдігін құрметтеу, күш немесе күшпен қорқытуды қолданбау, өзара құрмет, ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау;

      2) Каспий теңізін бейбіт мақсаттарда пайдалану, оны бейбітшілік, тату көршілік, достық және ынтымақтастық аймағына айналдыру, Каспий теңізіне байланысты барлық мәселелерді бейбіт жолдармен шешу;

      3) Каспий өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету;

      4) Тараптардың Каспий теңізіндегі қару-жарақтарының тұрақты теңгерімін қамтамасыз ету, барлық Тараптың мүдделерін ескере отырып, ақылға қонымды жеткіліктілік шегінде әскери құрылысты жүзеге асыру, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу;

      5) өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту бойынша ортақ күш-жігерлерге сәйкес, оның ішінде барлық Тараптар арасында жасалған халықаралық шарттарға сәйкес болжамдылық және ашықтық рухында әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын сақтау;

      6) Каспий теңізінде Тараптарға тиесілі емес қарулы күштердің болмауы;

      7) қандай да бір Тараптың өз аумағын басқа мемлекеттерге Тараптардың кез келгеніне қарсы басқыншылық және басқа да әскери іс-қимылдар жасауға ұсынбауы;

      8) жағалау мемлекеттерінің егемендік және айрықша құқықтары және осыған байланысты олар Тараптар айқындаған қызмет түрлеріне қатысты белгілеген қағидалар сақталған кезде, әрбір Тараптың аумақтық суларының сыртқы шектерінен тыс теңізде жүзу еркіндігі;

      9) теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      10) халықаралық сауда мен экономикалық дамуды кеңейту мақсатында транзит Тарапының заңды мүдделерін ескере отырып, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары және тиісті Тараптардың уағдаластықтары негізінде Каспий теңізінен басқа теңіздерге, Әлемдік мұхитқа еркін шығу және олардан еркін қайтып кіру құқығы;

      11) Каспий теңізінде жүзуді, оған кіруді/одан шығуды тек Тараптардың әрқайсысының туы астындағы кемелермен ғана жүзеге асыру;

      12) бірлескен су биологиялық ресурстарының өсімін молайту және олардың пайдаланылуын реттеу бойынша келісілген нормалар мен қағидаларды қолдану;

      13) ластануға жол берген Тараптың Каспий теңізінің экологиялық жүйесіне келтірілген нұқсан үшін жауапкершілігі;

      14) Каспий теңізінің табиғи ортасын қорғау, оның биологиялық ресурстарын сақтау, қалпына келтіру және ұтымды пайдалану;

      15) Каспий теңізінің экологиясы, биологиялық ресурстарын сақтау және пайдалану салаларында ғылыми зерттеулер жүргізуге жәрдемдесу;

      16) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының қағидаларына сәйкес азаматтық әуе кемелерінің ұшу еркіндігі;

      17) жағалау мемлекеттерінің егемендік және айрықша құқықтары, сондай-ақ осыған байланысты олар зерттеулердің айқындалған түрлеріне қатысты белгілеген қағидалар сақталған кезде, Тараптар келіскен құқықтық нормаларға сәйкес әрбір Тараптың аумақтық суларынан тыс теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізу қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.

4-бап

      Осы Конвенцияға және онымен үйлесетін Тараптардың жекелеген келісімдеріне және олардың ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар Каспий теңізінде кеме қатынасы, кәсіпшілік, су биологиялық ресурстарын пайдалану және қорғау, оның су түбі мен жер қойнауының ресурстарын барлау және әзірлеу мақсатындағы қызметтерді, сондай-ақ өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

5-бап

      Каспий теңізінің акваториясы ішкі сулар, аумақтық сулар, балық аулайтын аймақтар және ортақ су кеңістігі болып бөлінеді.

6-бап

      Әрбір Тараптың егемендігі оның құрлық аумағы мен ішкі суларының шегінен тыс аумақтық сулар деп аталатын жанасып жатқан теңіз белдеуіне, сол сияқты оның су түбі мен жер қойнауына, сондай-ақ оның үстіндегі әуе кеңістігіне қолданылады.

7-бап

      1. Әрбір Тарап осы Конвенцияға сәйкес айқындалған бастапқы сызықтардан өлшенетін, ені 15 теңіз милінен аспайтын, аумақтық суларды белгілейді.

      2. Әрбір нүктесі бастапқы сызықтың ең жақын нүктесінен аумақтық сулардың еніне тең қашықтықта жатқан сызық аумақтық сулардың сыртқы шекарасы болып табылады.

      Аумақтық сулардың сыртқы шекарасын айқындау мақсаттары үшін порт жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатын, теңізге неғұрлым шығып тұрған тұрақты порт құрылысжайлары жағалаудың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Жағалау қондырғылары мен жасанды аралдар тұрақты порт құрылысжайлары болып есептелмейді.

      Аумақтық сулардың сыртқы шекарасы мемлекеттік шекара болып табылады.

      3. Жағалаулары шектес мемлекеттер арасында ішкі және аумақтық сулардың аражігін ажырату халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын ескере отырып, олардың арасындағы уағдаластық бойынша жүзеге асырылады.

8-бап

      1. Каспий теңізінің су түбі мен жер қойнауын секторларға бөлу іргелес және қарсы жатқан мемлекеттердің жер қойнауын пайдалануға және су түбі мен жер қойнауының ресурстарын игеруге байланысты құқыққа сыйымды басқа да шаруашылық-экономикалық қызметке егемендік құқықтарын іске асыру мақсатында, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормалары ескеріле отырып, олардың уағдаластықтары бойынша жүзеге асырылады.

      2. Жағалау мемлекетінің өз секторы шегінде жасанды аралдарды, қондырғылар мен құрылысжайларды салуға, сондай-ақ олардың құрылуына, қолданылуына және пайдаланылуына рұқсат беруге және оларды реттеуге айрықша құқығы бар. Жағалау мемлекеті кеме қатынасының, сондай-ақ жасанды аралдардың, қондырғылар мен құрылысжайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажет деп танылған жерде жасанды аралдардың, қондырғылар мен құрылысжайлардың айналасында аймақтарды белгілей алады. Қауіпсіздік аймақтарының ені осындай жасанды аралдардың, қондырғылар мен құрылысжайлардың сыртқы шетінің әрбір нүктесінен өлшенетін 500 метрден артық созылып жатпайды.

      Мұндай құрылысжайлардың географиялық координаттары және қауіпсіздік аймақтарының контурлары барлық Тараптарға хабарлануға тиіс.

      3. Барлық кемелер осы қауіпсіздік аймақтарын құрметтеуге тиіс.

      4. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жағалау мемлекетінің егемендік құқықтарын жүзеге асыруы басқа Тараптардың осы Конвенцияда көзделген құқықтары мен бостандығына қысым жасауға әкеп соқпауы немесе олардың жүзеге асырылуына өзін-өзі ақтамайтын кедергі жасалуына алып келмеуге тиіс.

9-бап

      1. Әрбір Тарап аумақтық суларға іргелес, ені 10 теңіз милі болатын балық аулау аймағын белгілейді.

      Жағалаулары шектес мемлекеттер арасында балық аулау аймақтарының аражігін ажырату халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын ескере отырып, олардың арасындағы уағдаластықтар бойынша жүзеге асырылады.

      2. Өзінің балық аулау аймағында әрбір Тарап осы Конвенцияға, оның негізінде қабылданған Тараптардың жекелеген келісімдеріне және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес су биологиялық ресурстары кәсіпшілігін жүзеге асыруда айрықша құқыққа ие.

      3. Тараптар осы Конвенцияның және халықаралық тетіктердің негізінде Каспий теңізіндегі бірлескен су биологиялық ресурстарын жалпы жол берілетін аулануын бірлесіп айқындайды және оны ұлттық квоталарға бөледі.

      4. Егер Тараптардың бірінің жалпы жол берілетін аулаудағы өз квотасын игеруге мүмкіндігі болмаса, ол ұлттық заңнамаға сәйкес екіжақты келісімдер жасасу және басқа уағдаластық арқылы басқа Тараптарға өзінің жалпы жол берілетін аулаудағы квотасының қалдығына қолжетімділік бере алады.

      5. Каспий теңізіндегі бірлескен су биологиялық ресурстары кәсіпшілігінің тәртібі мен шарттары барлық Тараптар арасындағы жеке келісімге сәйкес айқындалады.

10-бап

      1. Тараптар туларының астындағы кемелер Тараптардың аумақтық суларының сыртқы шегінен тыс теңізде жүзу еркіндігін пайдаланады. Теңізде жүзу еркіндігі Тараптардың осы Конвенцияда айқындалған егемендік және айрықша құқықтарына нұқсан келтірмей, осы Конвенцияның ережелеріне және онымен үйлесімді Тараптардың жекелеген келісімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Әрбір Тарап басқа Тараптардың тулары астындағы, жүк, жолаушылар және багаж тасымалдауды, сүйретіп жүзуді, сондай-ақ құтқару операцияларын жүзеге асыратын кемелерге осындай ұлттық кемелеріне Каспий теңізіндегі өз порттарына еркін кіруге, оларды жүктерді тиеу мен түсіру, жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін пайдалану, кеме алымдары мен басқа да порттық алымдарды төлеуге және кеме қатынасы мен қалыпты коммерциялық операцияларды іске асыруға арналған көрсетілетін қызметтерді пайдалануға қатысты ұсынатындай қарым-қатынас ұсынады.

      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген режим Каспий теңізіндегі Тараптар туларының астындағы кемелер үшін ашық порттарға қолданылады.

      4. Тараптар Каспий теңізінен басқа теңіздерге, Әлемдік мұхитқа еркін шығу және олардан еркін қайтып кіру құқығына ие. Осы мақсатта Тараптар транзит Тараптар аумақтары арқылы барлық көлік құралдарымен транзит еркіндігін пайдаланады.

      Осындай қолжетімділікті жүзеге асыру тәртібі мен шарттары мүдделі Тараптар мен транзит Тараптары арасында екіжақты келісімдер арқылы, ал ондай келісімдер болмаған жағдайда, транзит Тарапының заңнамасы негізінде келісіледі.

      Транзит Тарапының өз аумағына өзінің толық егемендігін жүзеге асыруда Тараптар үшін осы тармақта көзделген құқықтар мен мүмкіндіктер транзит Тарапының заңды мүдделеріне ешқандай да қысымшылық жасамауын қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға құқығы бар.

11-бап

      1. Тараптар туларының астындағы кемелер:

      a) ішкі суларға кірмей немесе ішкі сулар шегінен тыс рейдте немесе порттық құрылысжай жанында тұрмай, аумақтық суларды кесіп өту;

      немесе

      b) ішкі суларға кіру немесе олардан шығу немесе сондай рейдте не осындай порттық құрылысжай жанында тұру мақсатында аумақтық сулар арқылы өтуді жүзеге асыра алады.

      2. Әскери кемелердің, сүңгуір қайықтар мен басқа да су асты көлік құралдарының аумақтық сулар арқылы өтуінің тәртібі мен шарттары ту мемлекеті мен жағалау мемлекеті арасындағы келісімдер негізінде, ал ондай келісімдер болмаған жағдайда, жағалау мемлекетінің заңнамасы негізінде айқындалады.

      Егер әскери кеменің аумақтық суларға кіруі еңсерілмейтін күштің немесе зілзаланың салдарынан немесе зілзалаға ұшыраған адамдарға, теңіз және әуе кемелеріне көмек көрсету үшін қажет болса, аумақтық суларға жақындаған кезде әскери кеменің командирі жағалау мемлекетіне тиісті хабарлама береді, ал кіру жағалау мемлекетімен келісу арқылы кеме командирі айқындаған маршрут бойынша жүзеге асырылады. Көрсетілген мән-жайлардың әсері тоқтатылғаннан кейін әскери кеме тиісті аумақтық сулардан дереу кетеді.

      Еңсерілмейтін күштің немесе зілзаланың салдарынан немесе зілзалаға ұшыраған адамдарға, теңіз және әуе кемелеріне көмек көрсету үшін әскери кемелердің ішкі суларға кіруінің тәртібі мен шарттары ту мемлекеті мен жағалау мемлекеті арасындағы келісімдер негізінде, ал ондай келісімдер болмаған жағдайда, жағалау мемлекетінің заңнамасы негізінде айқындалады.

      3. Аумақтық сулар арқылы өту жағалау мемлекетінің бейбіт өмірін, ізгі тәртібін немесе қауіпсіздігін бұзбауға тиіс. Аумақтық сулар арқылы өту үздіксіз және жылдам болуға тиіс. Мұндай өту осы Конвенцияға сәйкес орындалуға тиіс.

      4. Бұған тиісті рұқсаты болған немесе бұл еңсерілмейтін күштің немесе зілзаланың салдарынан немесе зілзалаға ұшыраған адамдарға, теңіз және әуе кемелеріне көмек көрсету үшін қажет болған жағдайларды қоспағанда, осы баптың 2-тармағында белгіленген шарттар мен тәртіпке сәйкес аумақтық сулар арқылы өтуді жүзеге асыратын бір Тараптың әскери кемелерінің, сүңгуір қайықтарымен және басқа да су асты көлік құралдарының басқа Тараптың аумақтық сулары шегінде порттарға кіруге және зәкір тастап тұруға құқығы жоқ.

      5. Бір Тараптың сүңгуір қайықтары және басқа да су асты көлік құралдары басқа Тараптың аумақтық суларында су бетінде жүзуі және өз туын көтеруі тиіс.

      6. Егер аумақтық сулар арқылы өту кезінде мына қызмет түрлерінің кез келгені жүзеге асырылса, ол жағалау мемлекетінің бейбітшілігін, ізгі тәртібін немесе қауіпсіздігін бұзатын болып есептеледі:

      a) жағалау мемлекетінің егемендігіне, аумақтық тұтастығына немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысындағы халықаралық құқық қағидаттарын бұза отырып, қандай да бір басқа түрде күш қаупі не оны қолдану;

      b) кез келген маневрлер немесе кез келген түрдегі қару қолданылған оқу-жаттығулар;

      c) жағалау мемлекетінің қорғанысына немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтіре отырып, ақпаратты жинауға бағытталған кез келген акт;

      d) жағалау мемлекетінің қорғанысына немесе қауіпсіздігіне қол сұғушылық жасау мақсатындағы насихаттаудың кез келген актісі;

      е) кез келген ұшу аппаратын немесе әскери құрылғыны әуеге көтеру, қондыру немесе бортқа қабылдау және оны басқару;

      f) кез келген әскери құрылғыны суға, судың астына түсіру немесе бортқа алу және оларды басқару;

      g) жағалау мемлекетінің кеден, фискальдық, иммиграциялық немесе санитариялық заңдарына және қағидаларына қарамастан, кез келген тауарды немесе валютаны тиеу және түсіру, кез келген адамды отырғызу және түсіру;

      һ) осы Конвенцияға қарамастан, әдейі және қатты ластанудың кез келген актісі;

      і) кез келген балық аулау қызметі;

      j) зерттеу немесе гидрографиялық қызметті жүргізу;

      k) жағалау мемлекетінің кез келген байланыс жүйелерінің немесе кез келген басқа құрылыстарының немесе қондырғыларының жұмыс істеуіне кедергі жасауға бағытталған кез келген акт;

      l) аумақтық сулар арқылы өтуге ешқандай тікелей қатысы жоқ кез келген басқа қызмет.

      7. Тарап осы бапта аталған шарттарды бұзумен жүзеге асырылатын аумақтық сулар арқылы өтуге жол бермеу үшін қажетті шараларды өзінің аумақтық суларында қабылдай алады.

      8. Тарап осы Конвенцияның ережелеріне және басқа да халықаралық құқық нормаларына сәйкес аумақтық сулар арқылы өтуге, оның ішінде барлық төмендегі мәселелерге немесе олардың кейбіреулеріне қатысты заңдар мен қағидаларды қабылдай алады:

      a) кеме қатынасының қауіпсіздігі және кемелер қозғалысын реттеу;

      b) навигациялық құралдар мен жабдықты, сондай-ақ басқа құрылыстарды немесе қондырғыларды қорғау;

      c) кабельдер мен құбырларды қорғау;

      d) теңіздің биологиялық ресурстарын сақтау;

      е) жағалау мемлекетінің балық аулау заңдарын және қағидаларын бұзушылыққа жол бермеу;

      f) жағалау мемлекетінің қоршаған ортасын сақтау және оның ластануына жол бермеу, оны қысқарту және бақылауда ұстау;

      g) теңіздегі ғылыми зерттеулер мен гидрографиялық түсірулер;

      һ) жағалау мемлекетінің кеден, фискалдық, иммиграциялық немесе санитариялық заңдары мен қағидаларын бұзушылыққа жол бермеу;

      і) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

      9. Тарап аумақтық сулар арқылы өтуге қатысты барлық заңдар мен қағидаларды тиісті түрде жариялайды.

      10. Тараптар туларының астындағы кемелер аумақтық сулардан өтуді жүзеге асыра отырып, осындай өтуге қатысты жағалау мемлекетінің барлық заңдары мен қағидаларын сақтайды.

      11. Әрбір Тарап қажет болған жағдайда және кеме қатынасының қауіпсіздігін ескере отырып, аумақтық сулар арқылы өтуді жүзеге асыратын басқа Тараптар туларының астындағы кемелерден аумақтық сулар арқылы кемелердің өтуін реттеу үшін ол белгілеуі немесе алдын ала ұйғаруы мүмкін теңіз дәліздері мен қозғалысты бөлу схемаларын пайдалануды талап ете алады.

      12. Ішкі суларға бағыт ұстайтын немесе ішкі сулардың шегінен тыс порттық құрылыстарды пайдаланатын кемелерге қатысты жағалау мемлекеті де бұл кемелердің ішкі суларға жіберілуіне және порттық құрылыстардың пайдалануына негіз болатын шарттарды кез келген бұзудың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдауға құқығы бар.

      13. Тарап басқа Тараптар туларының астындағы кемелерге қатысты нысаны немесе мәні бойынша кемсітушіліксіз, егер мұндай тоқтата тұру оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айтарлықтай маңызды болса, өзінің аумақтық суларындағы белгілі бір аудандардан өтуді уақытша тоқтата алады.

      Мұндай тоқтата тұру тек бұл туралы тиісінше хабарланғаннан кейін ғана қолданыла бастайды.

      14. Егер коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын әскери корабль не мемлекеттік кеме жағалау мемлекетінің аумақтық сулар арқылы өтуге қатысты заңдары мен қағидаларын сақтамаса және оларды сақтау туралы оған жолданған кез келген талапты елемесе, Тарап одан дереу оның аумақтық суларынан кетуін талап ете алады.

      15. Ту Тарапы басқа Тарапқа қандай да әскери корабльдің немесе коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын басқа мемлекеттік кеменің жағалау мемлекетінің аумақтық сулардан өтуге, кіруге және зәкірге қоюға қатысты заңдары мен қағидаларын немесе осы Конвенцияның ережелерін немесе басқа халықаралық құқық нормаларын сақтамауы нәтижесінде келтірілген кез келген залал немесе шығын үшін халықаралық жауаптылықта болады.

      16. Тарап, осы Конвенцияның не оған сәйкес қабылданған заңдар мен қағидалардың негізінде әрекет жасаған жағдайларды қоспағанда, басқа Тараптар туларының астындағы кемелердің өзінің аумақтық сулары арқылы өтуіне кедергі жасамауы тиіс. Оның ішінде Тарап:

      а) басқа Тараптар туларының астындағы кемелерге практикада олардың аумақтық сулар арқылы өту құқығынан негізсіз айыруға немесе осы құқықты бұзуға әкелетін талаптарды қоюға;

      немесе

      b) басқа Тараптар туларының астындағы кемелерге қатысты немесе кез келген мемлекетке, одан немесе оның атынан жүктерді тасымалдайтын кемелерге қатысты не нысаны бойынша, не мәні бойынша кемсітушілікке жол бермеуге тиіс.

      Тарап оның аумақтық суларындағы кеме қатынасы үшін оған белгілі кез келген қауіп туралы тиісті түрде хабарлайды.

12-бап

      1. Әрбір Тарап Каспий теңізінің акваториясында өз туының астындағы кемелерге қатысты юрисдикцияны жүзеге асырады.

      2. Әрбір Тарап өзінің секторы шегінде жасанды аралдар, қондырғылар, құрылыстар, өзінің су асты кабельдері мен құбырларына қатысты юрисдикцияны жүзеге асырады.

      3. Әрбір Тарап өз егемендігін, жер қойнауын пайдалануға және су түбі мен жер қойнауы ресурстарын игерумен байланысты басқа да заңды шаруашылық-экономикалық қызметке егемендік құқықтарды, су биологиялық ресурстары кәсіпшілігіне айрықша құқықтарын жүзеге асыру үшін, сондай-ақ оларды сақтап қалу және оларды өзінің балық аулау аймағында басқару мақсаттарында басқа Тараптардың кемелеріне қатысты оның заңдары мен қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажет болуы мүмкін қарап-тексеруді, инспекциялауды, ізін суытпай қудалауды, ұстап алуды, қамаққа алуды және сот талқылауын қоса алғанда, шараларды қолдана алады.

      Осы тармақта көрсетілген шаралардың қолданылуы негізделген болуға тиіс. Мұндай шаралар негізсіз қолданылған жағдайда кемеге келтірілген кез келген залал мен шығындар өтеледі.

      Қарап-тексеру, инспекциялау, ізін суытпай қудалау, ұстап алу сияқты шараларды мемлекеттік қызметте тұратынын және осы мақсатқа уәкілетті екенін куәландыратын анық тану белгілері бар әскери корабльдердегі немесе әскери ұшу аппараттарындағы не басқа кемелердегі немесе ұшу аппараттарындағы Тараптардың құзыретті мемлекеттік органдарының өкілдері жүзеге асыруы мүмкін.

      4. Осы Конвенцияның 11-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл Конвенцияда ештеңе коммерциялық емес мақсаттарда қолданылатын әскери корабльдердің және мемлекеттік кемелердің иммунитетін қозғамайды.

13-бап

      1. Әрбір Тарап өз егемендігін жүзеге асыру үшін өзінің аумақтық суларында теңізде ғылыми зерттеулерді реттеудің, рұқсат берудің және жүргізудің айрықша құқығы бар. Тараптар туларының астындағы кемелер басқа Тараптың аумақтық сулары шегінде тек оның жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген шарттарда ғана теңізде ғылыми зерттеулер жүргізе алады.

      2. Әрбір Тарап өзінің юрисдикциясын жүзеге асыру үшін өзінің балық аулау аймағында су биологиялық ресурстарымен байланысты және өзінің секторында су түбі және жер қойнауы ресурстарын барлаумен және игерумен байланысты теңізде ғылыми зерттеулерді реттеуге, рұқсат беруге және жүргізуге айрықша құқығы бар. Тараптар туларының астындағы кемелер осындай зерттеулерді басқа Тараптың балық аулау аймағында және секторында тек оның жазбаша рұқсаты негізінде және ол белгілеген шарттармен жүргізе алады.

      3. Рұқсаттар берудің тәртібі мен шарттарын әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындайды және басқа Тараптардың назарына тиісті түрде жеткізеді.

      4. Осы баптың 1, 2-тармақтарына сәйкес теңізде ғылыми зерттеулерді жүргізуге рұқсат беру туралы шешімді қабылдау кезінде ақталмаған кідірістер немесе бас тартулар болмауы тиіс.

      5. Осы бапта жазылған теңіздегі ғылыми зерттеулер жөніндегі қызмет Тараптар өздерінің осы Конвенцияда көзделген егемендік және айрықша құқықтарын жүзеге асыру үшін жүргізетін қызметіне ақталмаған кедергілер келтірмейді.

      6. Теңізде ғылыми зерттеулер жүргізетін Тарап осы баптың 1, 2-тармақтарына сәйкес теңізде зерттеулер жүргізуге рұқсат берген Тарапқа зерттеулерге, әсіресе бұл іс жүзінде мүмкін болғанда, бірақ рұқсат берген Тараптың ғалымдарына ешбір сыйақы төлеусіз және оның зерттеулерді өткізу бойынша шығыстарды төлеуге қатысуға міндеттемесінсіз зерттеу кемелерінің бортында қатысуға немесе осы зерттеулерде өкілдік етуге құқығын қамтамасыз етеді.

      7. Осы баптың 1, 2-тармақтарына сәйкес теңізде ғылыми зерттеулер жүргізетін Тарап осындай зерттеулер жүргізуге рұқсат берген Тарапқа теңіздегі ғылыми зерттеулер аяқталғаннан кейін нәтижелер мен қорытындыларды, сондай-ақ осындай зерттеулер шеңберінде алынған барлық деректер мен үлгілерге қолжетімділікті ұсынады.

      8. Тараптың өзінің аумақтық суларында теңіздегі ғылыми зерттеулер бойынша жүргізіліп жатқан кез келген қызметті тоқтата тұруды немесе тоқтатуды талап етуге құқығы бар.

      9. Осы баптың 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын теңіздегі ғылыми зерттеулерді жүргізуге рұқсат берген Тараптың мынадай:

      a) зерттеу қызметі ол өзінің рұқсатын негіздеген мәлімделген ақпаратқа сәйкес жүргізілмеген;

      b) зерттеу қызметі ол белгілеген шарттар бұзыла отырып жүргізілген;

      c) зерттеу жобасын жүзеге асыру кезінде осы баптың кез келген ережелері сақталмаған;

      d) осындай тоқтата тұру немесе тоқтату оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айтарлықтай маңызды болған жағдайлардың бірінде оларды тоқтата тұруды және тоқтатуды талап етуге құқығы бар.

      10. Тараптар туларының астындағы кемелердің осы баптың 2, 3-тармақтары сақталған кезде аумақтық сулардың шегінен тыс теңізде ғылыми зерттеулер жүргізуге құқығы бар.

      11. Екіжақты және көпжақты теңіздегі ғылыми зерттеулер мүдделі Тараптардың уағдаластығы бойынша жүргізіледі.

14-бап

      1. Тараптар Каспий теңізінің түбі арқылы су асты кабельдері мен құбыржолдарды төсей алады.

      2. Тараптардың жобалары, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияны және оған тиісті хаттамаларды қоса алғанда, өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарда бекітілген экологиялық талаптар мен стандарттарға сәйкес келген жағдайда олар Каспий теңізінің түбі арқылы су асты магистральдық құбыржолдарды төсеуі мүмкін.

      3. Су асты кабельдері мен құбыржолдарды төсеу үшін трассаны айқындау су түбінің секторы арқылы су асты кабелі немесе құбыржолдар өткізілуі тиіс Тараптың келісімімен жүзеге асырылады.

      4. Зәкірге қою, су түбіне жететін аулау құралдарымен балық аулау, су асты және су түбіндегі тереңдету жұмыстары мен бос қойылған шынжыр зәкірмен жүзуге жол берілмейтін су асты кабельдері мен құбыржолдар трассаларының өту аудандарының географиялық координаттары секторлары арқылы төселген жағалау мемлекеті барлық Тараптарға хабарлануға тиіс.

15-бап

      1. Тараптар Каспий теңізінің экологиялық жүйесі мен оның барлық компоненттерін қорғауға және сақтауға міндеттенеді.

      2. Тараптар Каспий теңізінің биологиялық әралуандығын сақтау, биологиялық ресурстарын қорғау, қалпына келтіру, тұрақты және ұтымды пайдалану, кез келген көзден Каспий теңізінің ластануына жол бермеу, оны азайту және оған бақылауды қамтамасыз ету мақсатында өз бетінше немесе бірлесіп барлық қажетті шараларды қабылдайды және ынтымақтасады.

      3. Каспий теңізінің биологиялық әралуандығына нұқсан келтіретін әрекетке тыйым салынады.

      4. Тараптар Каспий теңізінің экологиялық жүйесіне келтірілген нұқсан үшін халықаралық құқық нормаларына сәйкес жауаптылықта болады.

16-бап

      Тараптардың осы Конвенцияның қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен Каспий теңізіндегі ынтымақтастығы осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

17-бап

      Тараптар халықаралық терроризмге қарсы және оны қаржыландыруға, қарудың, есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, браконьерлікке қарсы іс-қимыл жасау, теңіз арқылы көшіп-қонушыларды заңсыз әкелудің, сондай-ақ Каспий теңізіндегі өзге қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсаттарында өзара іс-қимыл жасайды.

18-бап

      1. Осы Конвенцияның ережелері барлық Тараптардың уағдаластығы бойынша өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.

      2. Осы Конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар оның ажырамас бөлігі болып табылады және Депозитарий олардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы бесінші жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.

19-бап

      Тараптар Конвенцияны тиімді орындау және Каспий теңізіндегі ынтымақтастыққа шолу жасау мақсаттарында жағалау мемлекеттерінің бірінде рәсімнің келісілген қағидаларына сәйкес, әдеттегідей, жылына кемінде бір рет кезекпен өткізілетін сыртқы істер министрліктерінің қамқорлығындағы жоғары деңгейдегі бесжақты тұрақты консультациялардың тетігін құрады.

20-бап

      Осы Конвенция қатысушылары болып табылатын Тараптардың басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап

      1. Осы Конвенцияны түсіндірумен және қолданумен байланысты келіспеушіліктер мен дауларды Тараптар консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес келісімге қол жеткізу мүмкін болмайтын, осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген дау, Тараптардың таңдауы бойынша халықаралық құқықта көзделген дауларды бейбіт жолмен шешудің басқа құралдарымен реттелуге берілуі мүмкін.

22-бап

      Осы Конвенция ратификациялауға жатады. Ратификациялау грамоталары Конвенция Депозитарийінің функциясын орындайтын Қазақстан Республикасына сақтауға тапсырылады. Осы Конвенция Депозитарий бесінші ратификациялау грамотасын алған күннен бастап күшіне енеді.

23-бап

      1. Депозитарий Тараптарды әрбір ратификациялау грамотасын сақтауға тапсыру күні және Конвенцияның күшіне ену күні туралы, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулардың күшіне ену күні туралы хабардар етеді.

      2. Депозитарий осы Конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркейді.

24-бап

      Осы Конвенция өзінің сипатына қарай мерзімсіз болып табылады.

      2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында бір төлнұсқа данада әзербайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдерінде жасалған әрі барлық мәтіндер бірдей теңтүпнұсқалы болып табылады.

      Келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Төлнұсқа данасы Депозитарийге сақтауға тапсырылады. Депозитарий осы Конвенцияның куәландырылған көшірмелерін барлық Тараптарға жолдайды.

      ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ИРАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН
      РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҮШІН
      ТҮРІКМЕНСТАН ҮШІН

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұдан әрі Келісімнің әзербайжан, түрікмен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіні берілген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады