Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2021 жылғы 24 мамырдағы № 43-VII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б.қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөлім):

      1) 59-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі "жүзеге асыратын ұйымдарды" деген сөздерден кейін ", Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылатын коллекторлық агенттіктерді" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 64-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Толық серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.";

      3) 74-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Коммандиттік серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.";

      4) 78-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.";

      5) 328-баптың 2-1-тармағы мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Микрокредит беру туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін жасалған ломбардағы заттардың кепілі туралы шарт бойынша кепіл нысанасын өткізуге, сондай-ақ мұндай мүліктің кепіл ұстаушының меншігіне өтуіне "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен кепіл ұстаушы қарыз алушының берешекті реттеу жөніндегі өтінішін қарау кезеңінде жол берілмейді.".

      2. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім):

      718-баптың 5-тармағы "сыйақы" деген сөзден кейін ", егер "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе," деген сөздермен толықтырылсын.

      3. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 34-бап мынадай мазмұндағы 6-2-тармақпен толықтырылсын:

      "6-2. Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартын орындау талаптарын өзгерту немесе жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын өтеу мақсатында жаңа қарыз беру кезінде негізгі борыш сомасына капиталдандырылған (жинақтап қосылған) мерзімі өткен сыйақыға, тұрақсыздық айыбына (айыппұлдарға, өсімпұлдарға), қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге сыйақыны есепке жазуға жол берілмейді.";

      2) 34-1-бапта:

      7 және 8-тармақтар алып тасталсын;

      9-тармақта:

      бірінші бөлікте:

      "банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша" деген сөздер "банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "құқылы емес" деген сөздер "тыйым салынады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші бөлік алып тасталсын;

      3) 36-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "36-бап. Берешекті реттеу шарттары мен тәртібі және төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар";

      1-тармақтың бірінші бөлігінде:

      бірінші абзацтағы "міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі", "отыз" деген сөздер тиісінше "міндеттемені орындаудың өткізіп алынған мерзімі", "жиырма" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1) тармақшада:

      "мерзімі" деген сөз "банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімді өткізіп алудың туындағаны және" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "өткен" деген сөз "хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаның банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) өтініш жасау құқығы;";

      1-1-тармақта:

      бірінші абзацта:

      "Міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі" деген сөздер "Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "және" деген сөз "және (немесе)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) тармақшадағы "шартының қолданылу" деген сөздер алып тасталсын;

      6) тармақшадағы "күшін жоюға байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындаудың мерзімі өтуінің туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы жазбаша өтініш ұсынуға құқылы." деген сөздер ", банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің күшін жоюға;" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 7), 8) және 9) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7) "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-1-бабында көзделген тәртіппен кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өзі дербес өткізуіне;

      8) банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы бас тарту төлемін ұсынуға;

      9) сатып алушыға банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізуге байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша нысанда өтініш не банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен ұсынуға құқылы.";

      1-2-тармақта:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-2. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде банктік қарыз шартының талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және қарыз алушы-жеке тұлғаға:";

      3) тармақша "жазбаша нысанда" деген сөздерден кейін "не банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 1-3-тармақпен толықтырылсын:

      "1-3. Қарыз алушы-жеке тұлға банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) осы баптың 1-2-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеген кезде бір мезгілде банкті (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымды) хабардар ете отырып, уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.

      Уәкілетті орган қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін оның банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) өтініш жасауының дәлелдемелері ұсынылған және банкпен (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен) банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде қарайды.

      Уәкілетті органның "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы – жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы жөніндегі өтінішін қарауы кезеңінде кепілге қойылған мүлікке сотқа талап қоюды беру арқылы не соттан тыс тәртіппен өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талап уәкілетті орган өтінішті өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен астам қараған, сондай-ақ қарыз алушы – жеке тұлғаның бұрын қаралған мәселе бойынша өтініші қайта берілген жағдайларда қолданылмайды.

      Қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.";

      2 және 2-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талап қанағаттандырылмаған кезде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде қарыз алушы алатын ақшаны (электрондық ақшаны), Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен қарыз алушының талабы бойынша ашылған банктік шоттардағы алименттерді (кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларды күтіп-бағуға арналған ақшаны), сондай-ақ "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй төлемдерін, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй төлемдерін пайдалану есебінен жинақталған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы түрінде тұрғын үй құрылысы жинақ банктеріндегі банктік шоттардағы ақшаны, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу мақсатында жасалатын шарттар бойынша міндеттемелердің орындалмауы туралы істер бойынша сот шешімдері негізінде өндіріп алуларды қоспағанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған жинақтар түріндегі екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттардағы ақшаны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы және концессиялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаны, нотариус депозиті шарттарында енгізілген ақшаны, "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттардағы ақшаны, жеке сот орындаушыларының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоттарындағы ақшаны қоспағанда, қарыз алушының банктік шоттарындағы ақшаны даусыз тәртіппен, оның ішінде төлем талабын қою арқылы өндіріп алуды қолдануға (егер мұндай өндіріп алу банктік қарыз шартында ескертілген болса) құқылы.

      Банктік қарыз шарты бойынша берешекті банктік жинақ шоттарындағы, берілген банктік қарыздар бойынша кепіл нысанасы болып табылатын ақша есебінен осындай банктік қарыздар бойынша өтелмеген негізгі борыштың сомасы мөлшерінде төлем талабымен өндіріп алуға жол берілмейді.

      Инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаны алып қою бөлігіндегі шектеулер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге жататын талаптарға қолданылмайды.

      Төлем талабын қою арқылы банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу оның банктік шотындағы ақша сомасының және (немесе) кейіннен қарыз алушының банктік шотына түсетін әрбір ақша сомасының елу пайызы шегінде шектеледі және төлем талабын толық орындау үшін қажетті барлық соманың банктік шотқа түсуі күтілместен жүзеге асырылады. Бұл ретте жеке тұлғаның ағымдағы шотында сақталатын ақша сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінен аз болмауға тиіс. Көрсетілген шектеу қарыз алушы – жеке тұлғаның жинақ шотындағы ақшаға қолданылмайды.

      2-1. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талап қанағаттандырылмаған, сондай-ақ банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы-жеке тұлға осы баптың 1-1-тармағында көзделген құқықтарды іске асырмаған не қарыз алушы жеке тұлға мен банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) арасында банктік қарыз шартының талаптарын өзгерту бойынша келісім болмаған жағдайларда, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) осы баптың 2-тармағында көзделген шаралардан басқа:

      1) қарыз алушыға қатысты шаралар қолдану туралы мәселені қарауға құқылы.

      Шаралар қолдану туралы шешім қабылдау Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі кредиттік саясаты туралы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;

      2) берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы.

      Банктік қарыз шартында қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі.

      Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуда және реттеуде болған кезеңде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым):

      сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге;

      берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезең үшін сыйақыны, қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңде тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес;

      3) қарыз алушыда банктік қарыз шарты бойынша – қатарынан күнтізбелік тоқсан күннен асатын, жеке тұлғаға берілген ипотекалық қарыз бойынша қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күннен асатын міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу болған кезде банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) осы Заңның 36-1-бабының 4-тармағында аталған тұлғаға беруге;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген шараларды қолдануға, оның ішінде сотқа банктік қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікке соттан тыс тәртіппен ("Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда) не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдануға;

      5) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы – дара кәсіпкерді, заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.".

      4. "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      37-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі "қолданылуы мүмкін", "тиесілі немесе" деген сөздер тиісінше "қолданылуы мүмкін, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен асатын", "тиесілі және" деген сөздермен ауыстырылсын.

      5. "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      15-6-баптың 1-тармағының 17) тармақшасындағы "жүргізу арқылы жүзеге асырады." деген сөздер "жүргізу;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 18) тармақшамен толықтырылсын:

      "18) қаржы ұйымдары жарнамасының мониторингі арқылы жүзеге асырады.".

      6. "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 14-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Кредиттік бюро кредиттік тарих субъектісіне қатысты ақпараттың сақталуын ол туралы соңғы ақпарат алынған күннен кейін бес жыл бойы қамтамасыз етеді.";

      2) 17-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекет қатысатын кредиттік бюро осы баптың 1-тармағында көрсетілген міндеттерден басқа:

      1) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша кредиттік скоринг туралы ақпаратты және кредиттік скорингті есептеумен байланысты өзге мәліметтерді де беруге міндетті, бұл ретте алынған мәліметтер жария етуге жатпайды;

      2) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, банктік қарыз шарттарын, микрокредит беру туралы шарттарды жасасу күніне кредит бойынша номиналды және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелері туралы ақпаратты уәкілетті органға беруге міндетті.";

      3) 24-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 3-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-2) банктік қарыз шартын, микрокредит беру туралы шартты жасасу күніне кредит бойынша номиналды және жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелері туралы ақпарат;".

      7. "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 4-бапта:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген талаптар ескеріле отырып, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен микрокредит беру туралы шарт жасасу тәртібі, оның ішінде шарттың және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төлем сомасы, микрокредит нысанасы) туралы ақпаратты қамтитын бірінші бетінің мазмұнына, ресімделуіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптар, сондай-ақ микрокредитті өтеу кестесінің нысаны бекітіледі.";

      6-тармақта:

      "микрокредит беру" деген сөздер ", кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит беру туралы шартты орындау талаптарын өзгерту" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "микрокредитті өтеу мақсатында жаңа микрокредит беру туралы шартты орындау талаптарын өзгерту кезінде," деген сөздер ", кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредитті өтеу мақсатында жаңа микрокредит беру кезінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Жеке тұлғамен жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес және тұрғынжай және (немесе) тұрғынжай орналасқан жер учаскесі болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілмеген микрокредит беру туралы шартты орындау талаптарын өзгерту немесе жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес және тұрғынжай және (немесе) тұрғынжай орналасқан жер учаскесі болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілмеген микрокредитін өтеу мақсатында жаңа микрокредит беру кезінде негізгі борыш сомасына капиталдандырылған (жинақтап қосылған) мерзімі өткен сыйақыға, тұрақсыздық айыбына (айыппұлдарға, өсімпұлдарға) сыйақыны есепке жазуға жол берілмейді.";

      2) 5-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Микроқаржы ұйымы микрокредит бойынша сыйақы шамалары туралы ақпарат бар жарнаманы таратқан және (немесе) орналастырған кезде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін көрсетуге міндетті.";

      3) 6-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Осы Заңның 4-бабы 3-1-тармағының талаптарымен жасалған шартты қоспағанда, жеке тұлғамен жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит беру туралы шарт бойынша микрокредит сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткізіп алынған әрбір күн үшін мерзімі өткізіп алынған төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткізіп алынған әрбір күн үшін мерзімі өткізіп алынған төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ микрокредит беру туралы шарт қолданылатын әрбір жылға берілген микрокредит сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.";

      4) 7-баптың 3-тармағының 5) тармақшасындағы "тұрғын үй және (немесе) тұрғынжай орналасқан жер учаскесі болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредит" деген сөздер "қарыз алушы – жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредиті" деген сөздермен ауыстырылсын;

      5) 9-1-баптың 1-тармағының екінші бөлігі алып тасталсын;

      6) мынадай мазмұндағы 9-2-баппен толықтырылсын:

      "9-2-бап. Берешекті реттеу шарттары мен тәртібі және төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар

      1. Микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындаудың өткізіп алынған мерзімі болған кезде, бірақ ол басталған күннен бастап күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен және мерзімдерде қарыз алушыны:

      1) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау бойынша мерзімді өткізіп алудың туындағаны және хабарламада көрсетілген күнге мерзімі өткізіп алынған берешектің мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі;

      2) микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушы – жеке тұлғаның микроқаржы ұйымына өтініш жасау құқығы;

      3) қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы хабардар етуге міндетті.

      Микроқаржы ұйымы қарыз алушыны хабардар ету үшін коллекторлық агенттікті тартуға құқылы.

      2. Микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушы-жеке тұлға микроқаржы ұйымына баруға және (немесе) өзінің микрокредит беру туралы шарттың талаптарына, оның ішінде:

      1) сыйақы мөлшерлемесін не микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақы мәнін азайту жағына қарай өзгертуге;

      2) негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруға;

      3) берешекті өтеу әдісін немесе өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгертуге;

      4) микрокредит мерзімін өзгертуге;

      5) микрокредит бойынша мерзімі өткізіп алынған негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруге, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) күшін жоюға;

      6) тараптардың келісімімен белгіленген мерзімдерде кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізуіне;

      7) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындаудың орнына микроқаржы ұйымына кепілге қойылған мүлікті беру арқылы бас тарту төлемін ұсынуға;

      8) сатып алушыға микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өткізуге байланысты өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін, микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын жазбаша нысанда өтініш не микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен ұсынуға құқылы.

      3. Уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен микроқаржы ұйымы қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарайды және қарыз алушы-жеке тұлғаға:

      1) микрокредит беру туралы шарттың талаптарына ұсынылған өзгерістермен келісетіні;

      2) берешекті реттеу жөніндегі өзінің ұсыныстары;

      3) бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін көрсете отырып, микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тартатыны туралы жазбаша нысанда не микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен хабарлайды.

      4. Қарыз алушы-жеке тұлға микроқаржы ұйымының осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімін алған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеген кезде бір мезгілде микроқаржы ұйымын хабардар ете отырып, уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.

      Уәкілетті орган қарыз алушы – жеке тұлғаның өтінішін оның микроқаржы ұйымына өтініш жасауының дәлелдемесі ұсынылған және микроқаржы ұйымымен микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде қарайды.

      Уәкілетті орган "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушы – жеке тұлғаның тұрғынжай болып табылатын жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит беру туралы шарт жөніндегі өтінішін қарау кезеңінде кепілге қойылған мүлікке сотқа талап қоюды беру арқылы өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген талап уәкілетті орган өтінішті өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен астам қараған, сондай-ақ қарыз алушы – жеке тұлғаның бұрын қаралған мәселе бойынша өтініші қайта берілген жағдайларда қолданылмайды.

      Қарыз алушы жеке тұлғаның өтінішін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды.

      5. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген талап қанағаттандырылмаған, сондай-ақ микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушы-жеке тұлға осы баптың 2-тармағында көзделген құқықтарды іске асырмаған не қарыз алушы-жеке тұлға мен микроқаржы ұйымы арасында микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту бойынша келісім болмаған жағдайларда, микроқаржы ұйымы:

      1) қарыз алушыға қатысты шаралар қолдану туралы мәселені қарауға құқылы.

      Шаралар қолдану туралы шешім микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;

      2) берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге құқылы.

      Микрокредит беру туралы шартта қарыз алушы микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алуға жол берген жағдайда микроқаржы ұйымының коллекторлық агенттікті тарту құқығы болған кезде берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беруге жол беріледі;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) микрокредит беру туралы шартта көзделген шараларды қолдануға, оның ішінде сотқа микрокредит беру туралы шарт бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінуге, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікке соттан тыс тәртіппен ("Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда) не сот тәртібімен өндіріп алуды қолдануға;

      4) сотқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы – дара кәсіпкерді, заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы талап қоюмен жүгінуге құқылы.";

      7) 14-бапта:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға ниеті бар заңды тұлға уәкілетті органды, қаржы мониторингін жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды өзінің "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында микроқаржы ұйымы, кредиттік серіктестік, ломбард ретінде мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы осы тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде хабардар етеді.";

      6-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мынадай:";

      1) тармақшадағы "болып табылса" деген сөздер "болып табылатын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2) тармақшадағы "жері болса" деген сөздер "жері бар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) тармақшадағы "болып табылса" деген сөздер "болып табылатын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) тармақшадағы "болып табылса, дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама түрде иелене және (немесе) пайдалана және (немесе) оларға билік ете алмайды" деген сөздер "болып табылатын тұлға микроқаржы ұйымының ірі қатысушысы бола алмайды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8) 31-баптың 2-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін 2021 жылғы 1 маусымға дейін өтініш беруге құқылы кредиттік серіктестіктерді қоспағанда, 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін құрылған және 2021 жылғы 1 наурызға дейін уәкілетті органға микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін өтініш бермеген микроқаржы ұйымдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не таратылуға жатады.".

      8. "Коллекторлық қызмет туралы" 2017 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 3-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Коллекторлық агенттіктің құрылтайшылары құрылатын коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталының ең төмен мөлшерін оны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) кезінде толық төлеуге міндетті.

      Коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.

      Коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталы тек Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы ақшамен ғана қалыптастырылады.";

      2) 5-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасындағы "телефон" деген сөз "коллекторлық агенттіктің борышкерлермен байланыс жасауға арналған телефон нөмірлерінен телефон" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың бірінші бөлігінде:

      1) тармақшаның бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы "бастапқы" деген сөз "әрбір" деген сөзбен ауыстырылсын;

      5) тармақшадағы "коллекторлық агенттіктің берешекке қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктерін растайтын ақпарат пен құжаттардың көшірмесін" деген сөздер "берешек мөлшерін растайтын құжатты және коллекторлық агенттіктің берешекке қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттігін растайтын құжаттардың көшірмесін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) тармақшадағы "коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио- немесе" деген сөздер "аудио- немесе аудиотіркеуі бар" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Борышкермен жасалған банктік қарыз (микрокредит) шартында борышкердің орналасқан жерін және (немесе) байланыс деректерін анықтау шарты болған кезде осындай мақсатта коллекторлық агенттіктің осы баптың 1-тармағының бірінші абзацында аталған тұлға болып табылмайтын үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасауына жол беріледі.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасау кезінде коллекторлық агенттік мынадай ақпаратты:

      коллекторлық агенттіктің атауын;

      коллекторлық агенттік жұмыскерінің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымын;

      борышкердің тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) хабарлайды.";

      6-тармақтағы "бөлігінің бірінші абзацында" деген сөздер "бөлігінде" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) 7-баптың 2-тармағының 6) тармақшасындағы "мәліметтерді ұсынады." деген сөздер "мәліметтерді;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) коллекторлық агенттіктің борышкерлермен байланыс жасауға арналған телефон нөмірлері туралы мәліметтерді ұсынады.";

      4) 12-баптың 3-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімінің бар-жоғына қойылатын талаптар коллекторлық агенттіктің борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) үшінші тұлғалармен телефонмен сөйлесулер арқылы өзара іс-қимыл жасайтын жұмыскерлеріне қатысты қолданылмайды.";

      5) 15-баптың 1-тармағында:

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) коллекторлық агенттіктің борышкерлермен байланыс жасауға арналған телефон нөмірлері өзгерген жағдайларда, осындай өзгерiстер болған күннен бастап күнтiзбелiк үш күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органды хабардар етуге;";

      14) тармақшадағы "коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио- немесе" деген сөздер "аудио- немесе аудиотіркеуі бар" деген сөздермен ауыстырылсын.

      9. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      2-баптың 7-тармағының бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін 2021 жылғы 1 маусымға дейін өтініш жасауға құқылы кредиттік серіктестіктерді қоспағанда, 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін есептік тіркеуден өткен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға 2021 жылғы 1 наурызға дейін өтініш жасауға құқылы.".

      10. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      2-баптың 1-тармағының 8) тармақшасындағы "237) тармақшасының алтыншы – он бірінші абзацтарын" деген сөздер "237) тармақшасының алтыншы – сегізінші абзацтарын" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2-бап.

      1. Осы Заң:

      1) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 7-тармағы 7) тармақшасының төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтарын және 8) тармақшасын, 9 және 10-тармақтарын;

      2) 2021 жылғы 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 6-тармағының 2) және 3) тармақшаларын, 7-тармағы 1) тармақшасының бірінші, екінші және үшінші абзацтарын, 8-тармағы 2) тармақшасының алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші және он бесінші абзацтарын;

      3) 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 5) тармақшасын, 2 және 3-тармақтарын, 7-тармағы 1) тармақшасының төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарын, 3), 4), 5) және 6) тармақшаларын;

      4) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларын, 8-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Осы Заңның 1-бабы 1-тармағының 5) тармақшасы, 2, 3 және 4-тармақтары, 7-тармағы 1) тармақшасының төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтары, 3), 4), 5) және 6) тармақшалары бұрын жасалған шарттардан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады деп белгіленсін.

      3. 2021 жылғы 1 қазанға дейін төленген, жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткеннен кейін есепке жазылған, қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар), комиссиялар мен өзге де төлемдер, сондай-ақ жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес және жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредиті бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткеннен кейін есепке жазылған сыйақы, тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар) қайта есептеуге жатпайды.

      4. Жеке тұлғалармен жасалған, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит беру туралы шарттар бойынша 2021 жылғы 1 қазанға дейін төленген тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот шешіміне сәйкес төлеуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды.

      5. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін есептік тіркеуден өткен коллекторлық агенттіктер 2021 жылғы 1 тамызға дейін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға борышкерлермен байланыс жасауға арналған телефон нөмірлері туралы ақпарат беруге міндетті.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады